Қайта жаңғырту қалай болмақ?

575

0

Наурыздың қазақтың дәстүр-салтын есіне түсіретін этнографиялық тойға айналып кеткені рас. Әркім өзінің есінде қалғанын, білгенін істеп жүр. Біреулер келін түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың тұсаукесерін өткізеді деген сияқты. Наурыз – жаңа жылдың басы, бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді.

Менің ойымша Наурыз біздің ұлттық жаңғыруымыздың, ұлт құндылықтарына көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың көрсеткіші. Мен бұл жерде бір адамды, немесе халықты кіналайын деп отырған жоқпын. Шамасы Ресей отаршылдығы, Совет үкіметінің қырып-жою саясаты қазақтың рухын, өзіндік санасын осындай деңгейге жеткізген. Ұлттық жаңғыру ауыр жүріп жатыр. Қазақ этнографиясын білетін ғалымдарды үкіметтің пайдалануы да кем болып тұр. Нағыз ғалымдар отыратын жерді «атаңнан мал қалмасын, тал қалсын» деп өтірік мақал ойлап тапқыш қулар билеп алған. Қазақ бірінен бірі амандық сұрағанда «мал-жаның аман ба?» дейтін халық. Атадан қалған малдан «жоқ, маған тал керек» деп безген қазақтың моласын көргем жоқ.

Осы уақ мысал өз тарихымызды, өз этнографиямызды білмейтінімізді көрсетеді. Сонда да Наурыздың енді ұмытылмайтынына сенемін. Наурыз түбінде Қазақстанның ең басты мейрамына айналатыны сөзсіз.

Егер қазақтың байырғы дәстүрлеріне келсек, Мәшһүр Жүсіп шежіресінде қызықты деректер бар екенін айтқан жөн. «Наурыздың келген сәтін жандыда балық біледі» дейді шежіреші: «Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» деп.

Қазақтың «Наурыздың келгенін жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі» деген сөзінің шешімі осы. «Самарқанның көк тасы» Мәуреннахр өлкесінде хан тағына иелік жасаймын деген патшаларды ақ кигізбен көтергеннен кейін, әдейілеп алып келіп отырғызатын қасиетті тас. Қазақтың хандарының ішінен бұл тасқа Тәуекел отырған. Наурыз туғанда хандар мен сұлтандар тұтқындарға кешірім жасайды, зынданда отырғандарды босатады, құлдар азаттық алады, сол себепті «Самарқанның көк тасы жібіді» делінеді.

Біз бүгінгі күні Наурыз мейрамының бұрынғы салтын қайта жаңғырта алмай жүрміз ғой, кезінде Түркістандағы алтын тақта отырған қазақтың хандары қолданған керсен толы суға балық жіберу, Наурыз тұсында ұсақ қылмыс жасаған адамдарға кешірім жасау, т.б. дәстүрлерді неге пайдаланбасқа?!

Түркістанда базбір ағайындар Наурыз тойында қарнайларын тартып, даңғыраларын ұрып қаланы азан-қазан қылады. Олар – қазақтың отырықшы қоңсысы, саудасын, өнеркәсібін жүргізетін субэтникалық топ. Олардың ішінде көшке ере алмай отырықшы тұрмысқа көшкен қазақ көп, қазақтың ішінде саудамен келіп кейін қаласына қайта алмай қалғандар көп. Ертеде Әзіреті Сұлтан мешіті ішіндегі құжыраларды мекен қылған қаптаған дуаналар әлем-жәлем киініп, аса таяқтарын салдыратып тойдың қызығына олар да қосылады. Нағыз карнавал деуге келеді. Қызық думан кезінде жастар қазақтың мүшел деген он екі жылдық есебіне сәйкес кеб киіп шығады. «Кеб» қазіргі маска деп жүргеніміз, яғни бет-жүзін жасырып киіп алатын жасанды түр. Қозы Көрпештің Баян сұлу ауылына келгенде Тазшаның кебін киетінін есіңізге алыңыз. «Маска-шоудың» орнына бәріміз он екі мүшелдің бейнесінен костюм жасап, кеб киіп «Наурыз-шоу» неге өткізбеске?! Наурыз келгенде он екі жылға ие болған жануардың біреуі таққа мінеді, біреуі тақтан түседі, өзгелері де орнынан бір-бір саты жылжиды. Наурыз тойында шығырды алып келіп алаңның ортасына орнатып он екі жылға ие болған жануарлардың кеб-маскасын киген адамдардың бәрін сол шығырға отырғызады. Осының бәрі үлкен карнавалға айналады. Әрине, той мереке өзінен-өзі басталып, әнші-күйшілер ортаға шығып жаз бен қыстың айтыстарын жасайды, бишілер тойды қыздырып жатады.

Наурызда арнайы наурызнама жасап құрбы-құрдас, бастас-сыйлас азаматтар бір-бірінің ауылына барады. Наурызнама жасап арнайы келген адамға деген құрмет шексіз болады. Дәулеті жеткендері «тоғыз» деп тоғыз мал байлайды, орта шаруалар ат мінгізіп, шапан кигізіп жатады. Әйтеуір Наурызнама жасап келген адам құр қол қайтпау керек, тіпті бір көйлектік деп мата береді.

Қазақ – қызықшыл халық. Наурыз мейрамы күндері қызды-қыздымен, жігіт-желеңнің ұйымдастыруымен қызықты іс-шаралар өтіп жатады. Даланың бала сияқты аңғалақ халқы әр әдемі қимыл, әр маңызды сөзге бола той-мереке жасайды. Осының бәрі елді көңілдендіріп, бәрін де мәз-мейрам етеді, қыстың ызғары той мерекемен естен шығады, қыстың шығыны, қиындығы ұмытылады. Наурыз мейрамы осы үшін керек. Қазіргі күні Наурыз мейрамы заманға бейімделуі қажет-ақ. Ол үшін жастарға ұнамды болуы, яғни жастар іліп алып кететіндей дүниелерді ұсынуымыз керек.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

тарихшы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<