Қала тарихы музейі: Екі ғасырдың  дерегі

510

0

Қазақ АКСР-нің астанасын Қызылорда қаласына көшіру туралы шешім қабылданған соң  жаңа астанада өткен Кеңестік Қазақстанның V съезінің қаулысымен, 1925 жылдың 19 сәуірінде қырғыз-қазақ атауы Қазақ болып өзгертілді. Сонымен қатар, осыған дейін Перовск аталып келген қаланың атауы Қызылорда болып ауысты. Әсіресе, халқымызға Қазақ атауының қайтарылуы – ұлт тарихындағы аса маңызды саяси шешімнің бірі. Айта кетейік, алдағы жылы осынау тарихи сәт – Қызылорда қаласының алғаш астана мәртебесін алғанына және ұлтымызға Қазақ атауының оралғанына 100 жыл толады.

Біле білсек, Сыр елінің Алаштың анасы атануының өзіндік терең сыры бар. Өйткені Сыр өзенінің төменгі ағысының бойында сонау Сақ тайпасынан бері әр кезеңде астана болған тарихи төрт шаһардың ізі жатыр. Алғашқысы сақ тайпасының астанасы болған Шірік Рабат қаласы болса, одан кейін оғыздар мемлекетінің астанасы Жанкент қаласы, Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласы және 1925 жылы Қазақ АКСР-нің астанасы болды. Сол заманнан бері шаһар тарихынан сыр шертетін құнды құжаттардың көшірмелері мен жаңа дәуірге дейінгі жәдігерлер қала тарихы музейінде жинақталған. Айта кетейік, қала тарихы музейі ғасырға таяу уақыт бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының сызбасы негізінде салынған. Бұл Ақмешіттің астана болған тұсында Алашқа қызмет еткен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов сынды ұлт қайраткерлерінің жасампаз еңбектеріне бағытталған жоғары құрметтің көрінісі деп білеміз.

Ақмешіт – Перовск – Қызылорда

Халқымызға Қазақ деген тарихи атауды қайтару туралы қабылданған қаулының көшірмесі музейдегі ең бағалы құжаттың бірі десек болады. Музейдің бірінші залы «Ақмешіт-Перовск қаласының тарихы және «Алаш» партиясының құрылуы» тақырыбына сай жабдықталған.

Мазмұнына бойласақ, Сырдарияның жоғары ағысында Қоқан хандығы, төменгі ағысында Хиуа хандығы қазақ жеріне жиі-жиі шапқыншылық жүргізіп отырған. Түркістанды қоқандықтар жаулап алғаннан кейін, яғни, 1814-1817 жылдары «Шымқорған», «Күмісқорған», «Жөлек», «Жаңақорған» бекіністері салынады. Осы бекіністердің басты орталығы – «Ақмешіт» бекінісін шамамен 1817 жылы сала бастайды. Алғашқы кезде мұндағы құрылыстардың көпшілігі қамыстан салынғандықтан, бекіністің әуелгі атауы «Қамысқала» болса, кейінірек қала аумағы ұлғая келе «Ақмешіт» аталады.

Ресей империясы әу бастан Сыр бойындағы «Ақмешіт» бекінісін оның төңірегінде мекендеген қазақтарды өзіне бағындыру арқылы Орталық Азияға жол ашуды мақсат еткені белгілі. Осылайша ХІХ ғасырдың ортасында Ресейдің толық отарына айналды. 1853 жылы І Николай патшаның бұйрығымен осы өңірді жаулауға басшылық еткен Орынбор генерал-губернаторы А.Перовскийдің құрметіне «Ақмешіт» бекінісі «Перовск форты» деп аталды. Сол ХІХ ғасырдың 40-жылдары Қоқан және Хиуа билігіне қарсы жергілікті халық тарапынан ірі толқулар орын алады. Осы кезеңде Сыр өңірі қазақтарының көтерілісіне Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы және Бұқарбай батыр Естекбайұлы басшылық еткен. Бұл көтерілістер кейін Ресей империясына қарсы қозғалыстарға ұласты.

Нақты деректерге сүйенсек, Ресей императоры ІІ Александр 1867 жылы 11 шілдеде «Жетісу мен Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ережеге», ал 1868 жылы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығын басқарудың уақытша ережесіне» қол қойды. Сыр өңірі алғашында Орынбор генерал-губернаторлығы, кейін Түркістан генерал-губернаторлығы, Сырдария облысының құрамына енді.

Айта кетейік, 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылған кезде «Перовск форты» уезд орталығы болып, қала статусын иеленді. Осылайша Перовск уезі 2 бөлімше 23 болыс, 186 ауылдан қалыптасты. 1896 жылғы мәлімет бойынша Перовск уезінің аумағы 105725 шаршы шақырым болған. Тұрғылықты халық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысқан.

Деректерде осы кезеңде ресейлік билік ықпалымен қазақ қоғамында ертеден қалыптасқан билер институты жойылып, оның орнын ереже арқылы сайланған билер басқаны, сол кезеңде Сердалы би Бекшорин, аға сұлтан Дәулет Бушаев сынды билік тізгінін ұстаған қазақ азаматтары Ресей үкіметіне қызмет ете отырып, халықтың мүддесін қорғағаны айтылады.

Ресей империясының Орта Азиядағы саяси мүддесін жүзеге асыруына байланысты ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында Ресей мен Орта Азияны жалғаған «Орынбор-Ташкент» теміржолы салынды. Еліміздің бірнеше аймағымен қатар, Сыр өңірі арқылы өткен бұл жолдың салынуы Перовск қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпал етті. Ал Қызылорда астана болған жылдары  «Түркістан-Сібір» теміржолы салынды. Бұл теміржол Қазақстанда ғана емес, жалпы кеңес одағы аумағындағы ірі құрылыстардың бірі болды. Бүгінде теміржолдың қызмет етіп келе жатқанына ғасырдан астам уақыт өтті.

Қызылорда 1924 жылға дейін Түркістан АКСР-нің құрамында болған. Осы жылы ұлттық-аумақтық межелеу нәтижесінде Түркістан АКСР-нен Қазақ АКСР-нің құрамына өтеді. Музейде көңілімізді аударған құжаттың бірі – 1937 жылы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының алғашқы Конституциясының жобасы. Бұл құжат 1937 жылы Алматы қаласында, Кеңестік бүкілқазақтық Х съезінде қабылданған екен.

«Алаш» партиясы және оның қайраткерлері 

Музейде Алаш қайраткерлеріне арналған зал бар. Айталық, XX ғасырдың басындағы елдегі аласапыран кезеңде халық қамын, ұлт мүддесін  ойлаған саяси күш «Алаш» қозғалысы болатын. Бұл қозғалыстың басында саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев сынды тұлғалар болды. «Алаш» қозғалысының орыс билігінің отаршылдығына қарсы, яғни, ұлтымыздың төл мәдениетін, тілін, ділін,  дәстүрін сақтап қалуға, одан әрі дамытуға, елдегі саяси-әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған айқын идеясы сол кездегі биліктің үнемі қарсылығына ұшырап отырды. Десек те осы идеяның ізінде Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, тағы басқа тұлғалар да қызмет етті.

Тарихшылардың дерегіне сүйенсек, 1928 жылдан басталған сталиндік репрессия кезінде елімізде 120 мыңдай адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы атылып кеткені айтылады. Оның ішінде Сыр өңірінде 4 мыңнан астам адам айыпталып, 300-дей адам ату жазасын тартқан.

XX ғасыр кезеңінде Түркістан халқын кеңес одағының диктатурасынан қорғауға күш салған, осындай батыл әрі өміршең идеясымен жалпы түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қоғамдағы қайраткерлік ұстанымына қатысты деректер де – музейдің құнды құжаттары.

Қызылорда астана болған кезең

Музейдің екінші залында Қызылорданың астана болған 1925-1929 жылдардағы маңызды деректер, қаланың 1938-1990 жылдар аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндалады.

1925-1927 жылдары Халық ағарту комиссариаты халыққа білім беру ісін дамытып, қазақ қоғамында сауатсыздықты жою, мектептер мен интернаттар жүйесін ұлғайту бағытында Қазақ мектептері, жоғары оқу орындары ашыла бастады. Алғашқы қызметі Орынбор қаласынан бастау алған Қазақ Халық ағарту институты 1925 жылы Қызылорда қаласына көшірілді. Институтта 1927-1928 жылдары А.Байтұрсынов бірқатар пәннен дәріс оқыған. Одан кейінгі жылдары С.Мұқанов, Т.Жүргенов, Т.Шонанов, А.Жұбанов сияқты қоғам қайраткерлері осы оқу орнында оқытушылық қызмет атқарған.

1925-1926 жылдары жаңа аурухана пайдалануға берілген. Өлкелік ауруханадан бөлек, 45 төсегі бар қалалық аурухана жұмыс жасаған. Ал 1927 жылы Қазақстан дәрігерлерінің бірінші өлкелік съезі өтті. Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында қалада 9 тыл госпиталі ашылып, халыққа қызмет көрсетсе, 1970 жылдары құрамында 70 төсектік гинекология бөлімшесі бар 150 төсектік облыстық перзентхана іске қосылды.

Қазақтың кәсіби театры 1926 жылдың 13 қаңтарында Қызылорда қаласында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» қойылымымен ашылды. Оның директоры және көркемдік жетекшісі Ж.Шанин болды.

Жаңа облыстың орталығы

1938-1939 жылдары еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрғыда ауыр кезеңді басынан өткеріп жатты. Сталиндік репрессияның қысымы тек қоғамға емес, халықтың тұрмыстық әлеуетіне де кері ықпал етті. Соған қарамастан, осы жылдары жаңа облыстар құрылды.

1938 жылдың 15 қаңтарында Қызылорда облысын құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек, Сырдария, Жаңақорған аудандары және Қызылорда қаласы енді. Облысқа қарасты 8 әкімшілік аудан, 3 қала, 12 қала үлгісіндегі қыстақ, 99 ауылдық кеңес болды.

Ұлы Отан соғысынан кейін қалада жаңа өнеркәсіп орындары бой көтере бастады. Осы кезеңде Қазақстанда индустрияны дамыту мәселесін жедел шешу қажет болды. Атап айтқанда, 1958 жылы целлюлоза-картон зауытының құрылысы салынса, одан кейінгі жылдары күріш зауыты, құрылыс материалдары және конструкция комбинаты, ТЭЦ, ФНМ және жергілікті өндіріс материалдары мекемелері, локомотив және вагон жөндеу зауыты сияқты ірі өнеркәсіп кешендерінің іргетасы қаланды. Осылардың қатарында «Ақмешіт», «Мерей», «Сәулет» шағын аудандары бой көтерді.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыруда аяқ киім және тігін фабрикаларының орны айрықша болды. Фабрика ұжымы барлық өнімді тек бірінші категориямен немесе мемлекеттік сапа белгісімен шығаратын. Сондықтан аталған өнімдер он жыл бойы халықаралық көрмелерден орын алды. Бұдан бөлек, қалада ет, сүт комбинаттарының, күріш өңдеу зауытының іске қосылуы да аймақ өнеркәсібінің өрлеуіне айтарлықтай ықпал етті.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, яғни, 1946 жылы «КСРО халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру және дамытудың 1946-1950 жылдарға арналған төртінші бесжылдық жоспары туралы заң» қабылданған. Осы  жоспар бойынша өзге өңірлермен қатар, Қызылорда қаласында да қарқынды құрылыстар бастау алды. Қуаты 500 квт дизельді электр станциясы салынды. Тағы бір ірі жоба – «Қызылорда» су торабы құрылысы. 1940 жылы басталып, тоқтап қалған құрылыс 1956 жылы жалғасып, ұзындығы 200 шақырымнан астам сол жаға бас жармасының бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде өңірде егін шаруашылығының өріс алуына оң әсер етті. Айталық, 1937 жылы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы ретінде құрылса, 1972 жылы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты болып құрылды. Осы ғылыми мекеме жүргізген сан алуан тәжірибелер мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде облыс көлемінде егілетін күріш дақылының сапасы артып, мол өнім алуға қол жетті. Бүгінде өз өнімін ел аумағынан бөлек, бірнеше шетелге экспорттап отырған Сыр өңірі күріш дақылын өндіруден көш бастап тұр.

Тарих. Таным. Тәуелсіздік

Музейдегі үшінші зал Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі тақырыбында жабдықталған. Ғасырлар бойы халқымыздың арманы болған азаттыққа қол жетіп, қазақ елінің тәуелсіз ел болуы, егемен елдің Тұңғыш Президентінің сайлануы, Ата Заңның, Мемлекеттік рәміздердің қабылдануы, елорданың Астанаға көшірілуі туралы мәліметтер орналастырылған.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қол қойған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялау туралы» ресми құжатының көшірмесі Тәуелсіздік тарихын әйгілейтін басты құжаттардың бірі екені белгілі.

Ал 1997 жылы 20 қазанда ел Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Осы Жарлық негізінде 1997 жылдың 10 желтоқсанында Ақмола қаласы қазақ елінің астанасы құқығына ие болды.

Жалпы зал экспозициясында Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің әлемдік қарым-қатынастағы саяси маңызды шешімдері, оның ішінде Қызылорда облысының Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері, әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалады. Бұл тақырып аясында музей экспозициясына 1000-ға жуық экспонат орналастырылған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<