Қамысқаладан Қызылордаға дейін екі ғасырдың шежіресі тоғысқан жер

733

0

Тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін Сыр өңірінде мыңжылдықтар тоғысынан мол мағлұмат беретін жер бар. Ол –дарияның сол жағалауында орналасқан Қала тарихы музейі.  2018 жылы облыс әкімінің бастамасымен ашылған мекеме бүгінде келушілерге қызмет етеді. Ондағы құнды жәдігерлер мен тарихи тұлғалар тұтынған заттар ерекше көзге түседі.

Бізді экспозициялық залда орналасқан дүниелермен музей қызметкері Алтын Кәрбозова таныстырды. Мұндағы 3 экспозициялық залдың әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Алғаш ашылғаннан бастап мамандар тобы құрылып, жаңашыл жобаларды қалыптастыру жолға қойылған. Бүгінде халықаралық деңгейде тойланатын тарихи күндер мен белгілі тұлғалардың мерейтойына арналған іс-шаралар, отандық суретшілердің көрмесі жиі ұйымдастырылады.

Қазір музей қорында 345 жәдігер бар. Бұрынғылар тұтынған тұрмыстық заттар, керамикалық ыдыс-аяқтар, әшекейлер, қолжазбалар мен көне дәуірдегі құнды дүниелер арнайы залдарға топтастырылып, көпшілік назарына ұсынылып келеді. Бұл бағытта музей мамандары ғылыми ізденіс жұмыстарымен айналысып, түрлі деңгейдегі республикалық, облыстық семинарларға қатысып, өз тәжірибелерін бөлісуде.

Музейдің бірінші залына ежелгі заманғы адамдардың тұрмыстық заттары, көне жазбалар, еңбек құралдары және зергерлік өнер туындылары қойылған.

Екінші залда қаланың Қамысқаладан Қызылордаға дейінгі тарихы көрсетілген. Сондай-ақ, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы мен Бұқарбай батыр көрсеткен ерлік, Хиуа және Қоқан хандықтарымен күрес, «Орынбор-Ташкент» теміржолының салынуы жайлы толыққанды ақпарат бар. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда ХХ ғасырдың басында ұлт үшін еңбек еткен зиялы қауым өкілдеріне арналған бұрыш әзірленген. Ақ қағазға жазу жазып отырған Алаш қайраткерлерінің жиынтық бейнесі өткен күннен сыр шерткен тарих толғанысы секілді.

Үшінші залда келушілерді бейжай қалдырмайды. Онда ел тарихындағы маңызды құжаттар, тәуелсіздік жылдарында түрлі салада жеткен жетістіктер жөнінде мағлұматтар жинақталған. Мұнан бөлек, басты құндылықтарымыз – мемлекеттік рәміздер де осы залда. Ел өнерпаздары мен спортшыларының жеткен жетістіктеріне арналған витриналар да бірден көзге түседі. Келушілер тәуелсіздік жылдарындағы айтулы күндер мен маңызды оқиғаларға көз жүгірте алады.

Сонымен бірге музейде қазақ халқының ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы бастан кешкен қиындығы, жанқиярлық ерлігі және еңбегімен толық танысуға мүмкіндік бар. Айтулы тұлғалар жайлы деректер, ел ішінен жиналған қымбат жәдігерлер өткен күннің белгісіндей сақтаулы.

Музейді аралағанда Сыр елі шежіресімен толық танысқандай күй кешесің. Қаланың тарихы, ауыл-аймақ, елді мекендер орналасқан карта, көрнекі орындар, қылқалам шеберлері салған суреттер, аң, құс бейнесі… Мәдени тегімізді танытатын төл мұралар, шашауы шықпай жеткен жауһар жәдігерлер сақталған музейдің жаңарған экспозициясы Алаштың асқақ рухын баяндап, Сыр елінің тарих тағылымын кейінгі жас ұрпаққа таныта беретіні сөзсіз.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<