Қарамолда әулие

640

0

Өткен ғасырдың 80-жылдары болатын. Жарты әлемді билеген Кеңес өкіметінің дүрілдеп тұрған шағы. Ол кезде Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшарда қоймашы болып жұмыс істеймін. Көктем мезгілі. Совхоз директоры Шынтас Жалғасбаев маған Қарақұм беткейінде орналасқан қой қырқым пунктін, шопанның тұрғын үйі мен қора-жайын жөндеуден өткізетін құрылысшылар бригадасын бастап баруды тапсырды. Жекен Мұсаев ағамыздың «МТЗ-80» маркалы тракторының тіркемесіне мініп, жолға шықтық. Бас-аяғы оншақты күнде совхоз директорының тапсырмасын тап-тұйнақтай қылып орындап, ауылға бет алдық.

Жол-жөнекей шағыл құм ішіндегі жалғыз үйге аялдадық. Осы үйде атақты Қарамолда әулие тұратынын, бабаға сәлем беріп шығатынымызды естігенде денем қалтырап кетті. Бала кезімізден атақты әулие Қарамолда атаның даңқына қанығып өскендіктен молда атаның дидарын көріп, қолын алуға асықтық. Жарықтық Қарамолда әулие өте жылы жүзді адам екен. Біздің имене ұсынған қолымызды ілтипатпен алып, дастархан басына шақырды. Тракторист Жекен ағамыздың белгілі зергер Мұсаның ұлы екенін естігенде әкесінің хал-жағдайын сұрады. Шай үстінде жүзіне ұрлана қарап, бәріміз толқып отырдық. Сол кездесу арада қаншама жылдар өтсе де, санамда әлі сайрап тұр.

Атақты әулиемен бір мәрте болса да жүздесіп, қолын алғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Менің Мақсым Майлыбаев есімді кластасым бар. Мектеп қабырғасында жүргенде сабаққа үлгерімі де өте жақсы болды. Мінезі салмақты, жалғандықты жаны сүймейтін адал азамат. Қара күшке де мығым. Өздігінен ешкімге соқтықпайтын, намысына тисе, ешкімге есесін жібермейтін мәрт мінезді досымды танитындар ерекше бағалайды.

Бала кезімізде біздің ауылдағы Күлжан ақсақалдың ұлы Өтеу көкеміздің үйіне жиі келуші еді. Сол Мақсым досымның Қарамолда әулиенің немересі екенін жақсы білетінмін. Жақында Мақсым досыма қоңырау шалып, әулие атасы туралы дерек сұрадым. Құрдасым көңілімді қалдырмады. Енді көпшілік назарына оның Қарамолда ата туралы жазған деректерін ұсынып отырмын. Мақсым өзінің жазбасын ата-тегі туралы шежіреден сыр шертетін деректен бастапты:

– Мөңке атамыздан үш ұл  туады: Майлыбай, Қалдыбай, Сайын. Майлыбайдан Ермағамбет, Баймағамбет Қалдыбайдан Әл-Мұхаммед (Қарамолда). Сайыннан ұрпақ жоқ.

Ермағанбет пен Әл-Мұхаммед екеуі қатар туады. Әл-Мұхаммед атамыздың шешесі көп ұзамай қайтыс болады. Майлыбай атамыздың кемпірі Оралша әжеміз екеуін егіз қылып емізеді. Үлкендердің әңгімесінде Әл-Мұхаммед атамыз 1892 жылы дүниеге келген. Атамыз сонау 1917 жылы революцияның о жақ, бұ жағында (қазір дәл уақыты белгісіз) Өзбекстанның Бұқара маңындағы Көгілташ жерасты медресесін бітіріп келіп, ауылда молдалық жасайды. Сөйтіп жүргенде Кекіл деген әжемізге үйленеді. Бір күні Кекіл әжеміздің жеңгелері күйеу баласын көргісі және сынамақшы болып үйіне келеді. Сол кезде атамыз есіктің алдында жатқан кебісті көз алдына дәу бақа қылып көрсетеді. Мұнан соң жеңгелері бұлайша ойнамайтын болады.

Молдаларды қыспаққа алған заманда Қарамолда атамыз Дауылкөл маңында Ленин колхозының жылқысын бағып, Ақирек Қарақуысты мекендеген. Соғыстан кейін Қарақұм беткейіндегі «Жетімшағыл» деген жерде қоныстанған. Ол кезде колхоз басшылары жұмысқа ат мінеді екен. Молда атамыз жылқының жайылып жүрген жерінен құрық салмай небір асауды ноқталап берген дейді.

Мен 6-сынып оқып жүрген кезімде Жақсылық ағама еріп атамның ауылына барғанмын. Бір көргенім – түскі ас ішкенде дастарханда шыбын көп болатын. Бәрі дастархан басынан тұрып кетісімен ауылдағы әдетіммен шыбынұрғыш істеп алып, қарүйдегі шыбынды ұра бастадым. Осы мезетте Бибі әжем келіп, «Атаң көрсе ұрсады» деп шыбынұрғышымды тығып тастады. Сөйтсем ол кісі тіршілік иесінің бәріне тиіспейді екен. Есейген кезімде көп адам атамды арнайы іздеп барып, дертіне ем алғанын көрдім. Қарамолда атамыз туралы ел арасында көптеген әңгімелер бар. Мен болсам өзімнің көрген, естігенімді жаздым. Атамыз  дүниеден қайтқан соң қасиетті қара орнында ұзақ жылдар бойы Жақсылық ағамыз отырды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Жәкеңнің дүние салғанына 2-3 жыл болды. Құдайға шүкір, қазір қара орнында Айжамал жеңгем және ұл-келіндері бар, – дейді Мақсым Майлыбаев.

Қолымыздағы деректе ол Бұқарадағы Көгілташ медресесінде тәжіктің атақты ғұламасы Садриддин Айни, белгілі шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен бірге оқығандығы туралы айтылған. Ал төменде келтірілген мәлімет Қарамолда әулиенің кереметінен сыр шертеді.

Қарамолда атамыздың алдына ем алуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан адамдар жиі келетінге ұқсайды. Тіпті болгариялық көріпкел Ванганың «Қазақстанда, құмның арасында бір қария кісі тұрады. Науқастарыңның емі сол кісіден» деген нұсқауымен алыс шетелден келген сырқаттардың құлан таза айығып кеткені әлі күнге ел ішінде айтылып жүр.

Қарамолда атамыз жас балаларды пышақсыз сүндеттейтін болған. Сол балалардың бәрі де азамат атанды. Кезінде молда ата отырған қос бөлмелі жер үй қазір киелі орынға айналған.

Қарамолда әулиенің аруағына сыйынып барушылар легі толастаған емес. Ата қоныстанған мекеннен алынған топырақты емге пайдаланушылар жиі кездеседі.

Шәкен ауылының тұрғыны Амантай Сейталиев – осы елді мекендегі игі істерді ұйымдастырушылардың бірі. Мұнан бірнеше жыл бұрын Амантайдың, өзге де ел ағаларының бастамасы, молда ата ұрпақтары және халықтың демеушілігімен Шәкен ауылынан еңселі мешіт салынды. Имандылық үйіне әулие, ғұлама Әл-Мұхаммед Қалдыбайұлының есімі берілді. Бұл абыз бабаға деген өзі барша ғұмырын арнаған ел-халқының шексіз құрметі болатын. «Халық – Құдайдың бір аты» деп тегін айтылмаса керек. «Жақсыдан – шарапат» ғұмыр бойы халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, мәңгілік дүниеге аттанғаннан кейін де ел-жұртына шарапатын тигізіп жатқан әулие Әл-Мұхаммед Қалдыбайұлы (Қарамолда) бабамыздың есімі «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізіліп, Қазалы ауданы орталығынан көше атауы берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<