Жалпы тарихтың негізі әрбір өлке тарихынан бастау алатыны бесенеден белгілі. Мысалы қазіргі тарихи орындармен уақыт кезеңдеріне қарасақ, елдің санасын селт еткізген жағымды немесе жағымсыз оқиғалардың айтылып жүруінен тарих қалыптасады. Көне қоныстар мен тарихи орындарды анықтау, суретке түсіру, зерттеу жұмыстарына қажетті қосымша сипаттама жасау мақсатында музей қызметкерлері және жергілікті өлкетанушылардың қатысуымен «Қарақұм» тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды.
Экспедиция барысында Қармақшы ауданының солтүстік, солтүстік-батыс даласында орналасқан «Нұралық» және «Қарақұм» алқабының бір бөлігіндегі көне қоныстар, құдықтар, тақырлар, төбелер, қорымдар бағдарланып, суретке түсіріліп, музей аудиториясының сұранысына сай жүйелеу жұмыстары жүргізілді.
Жергілікті халықтың ауданның солтүстік бағытындағы қырқалы дала «Нұралықты» жалпылама «Қарақұм» даласы деп түсінуінде де үлкен мән бар. «Қарақұмның» қалың ыспа құмы секілді кұмды төбелер мен шұрайлы шүйгін шөбінің, салқын самал ауасының лебі сезіліп тұрғандықтан солай аталады. Негізінде «Қызылқұм» мен «Қарақұмның» арасы «Нұралық» арқылы қалың құмға жалғасады.
«Қарақұм» алқабының тарихи деректерге негіз болған біршама тұстарына, тоқталып өтсек, жоспарлы тарихи-танымдық экспедицияның қаншалықты маңыздылығы көрінері анық.
XVIII ғасырдың басында Сыр бойындағы «Қарақұм» алқабында өткен ұлы жиын ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде халқымызды азаттық жолындағы күреске ұйыстырған маңызды оқиға болды. Сондықтан қазақ халқының тарихындағы аса киелі де қастерлі мекендердің қатарында аталады. Себебі 100 жылға созылған қазақ-жоңғар соғысындағы шешуші кезең дәл осы арада өткен бүкілқазақтық халық құрылтайынан бастау алып, жоңғар шапқыншылығына қарсы тойтарыс беруге айтарлықтай септігін тигізді. Бұл құрылтай тарихта «Қарақұм құрылтайы» деп таңбаланды. Бейбіт Қойшыбаевтың 2015 жылдың 8 қарашасында «Abai.kz» ақпараттық порталына жариялаған материалынан алынған деректерге сүйенсек «Қарақұм» алқабының қаншалықты тарихи маңыздылығын ұғамыз.
Қазақ жеріндегі Сырдарияның төменгі ағысында Қызылорда облысының кең байтақ, жалпақ жерін алып жатқан ұшы-қиыры жоқ құмды өлкені байлық қоймасы деп түсінген ата-бабаларымыз бұл даланы кеңінен жайлаған екен.
Кезінде бұл төңіректі жайлаған қалың елдің «Қарақұм дегенше, қарағым десеңші» деген келелі сөзіне қарап, тіршілікке жайлы болғанын аңғарамыз. Климаттық ерекшелігі самалды түні мен салқын ауасы жанға шипа деседі.
Сыр халқының күні бүгінге дейін жаз жайлауы – «Қарақұм» да, қыс қыстауы – Сыр бойы. Көктем айының басталуымен Сырдың бойындағы малшылардың үдере тартып бәрінің құмға көшуі, ерте заманнан қалыптасқан үрдіс болған. Жаз шықса мал жайын білетін қазақ шаруасы көкорай шалғын, өзен-су бойын жайласа, Сырдың төменгі ағысын мекендеген халық өзеннен қашып, құмға көшкен.
Көбіне «құм» десе, «бір тамшы суы жоқ, шөл» деген сөз ойымызға келеді. Бірақ «Қарақұмда» кез келген ойпаңды қолыңмен тырнасаң, қарыс сүйем жерден су шығады екен. Себебі бұл кең өлке бетін құммен жауып қойған шалқыған теңіз секілді. Жерінің берекелілігі сонша, небір құнарлы шөптер өседі. Атап айтар болсақ еркек, алабота, жантақ, сағыз, ебелек секілді майса шөптер кездеседі. Күзде малды Сырға айдағанда жылқы, түйе сияқты жүрдек жануарлардың кейін тарта беретіні де содан болуы керек деседі шаруалар.
Жалпы «Қарақұм» жайылымының құнарлығы мен кеңдігі сонша Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының жүз мыңдаған малы қыстаудан жайлауға арып келіп, семіріп қайтады екен.
Ел бар жерде тіршілік бар, тіршілік бар жерде тарих бар. Алқаптың Қармақшы ауданының аумағына тиесілі жерінде тарихи орындарда оқиғалар өткені көпшілікке белгілі.
Сондай тарихи орындарды көзбен көріп, ел аузындағы аңыз әңгімелерді, деректерді толықтыру мақсатында бірнеше көне қыстау, құдық, зират, үйтам, тарихи атауы бар орындарға арнайылап бардық.
– Жүйткейсің жолды түзеп Жүзқұдыққа,
Қоштасып жол ортада Шоңқарада.
Көрінер Жиделінің жер белесі,
Тасқұдық қалып қояр бір шығанда.
Қасында Алтықұдық мұнартады,
Суы бал Сарықұдық қалар ол да.
Морсайда мейірленіп су ішерсің,
Қымыздай бойға сіңіп сусағанда.
Тебіздің өткелінен көктей өтіп,
Жетерсің Тышқан атты мұнараға.
Жолаушым өзіңе де мәлім болар,
Адам жоқ қонбай кеткен бұл араға
– деген ҰОС ардагері Д.Жылтыровтың естелік дәптерінен, тілші Р.Жарылқасыновтың архивтік жинақтарынан, 1948-1956 жылдары Қармақшы ауданының прокуроры болып қызмет атқарған Дүйсебек Сәулебековтің «Қарақұм» жыр-шежіресінен жер атауларын тізімдеп, жоспарымызға сай солтүстік, солтүстік-батыс даласын жүріп қайттық.
Мақсат қойсаң жолға түс, жолға түссең жетерсің дегендей, «Қарақұмның» оңтүстік шетінен мәңгілік мекен тапқан, заманының белгілі тұлғасы Шөмекей Есбол Сарықасқаның айтулы тұлғасы Тышқан деген кісінің үйтамын межелеп, жол-жөнекей құлақпен естіп, оймен шолып жүрген тарихи орындарды, көзбен көріп, әрбірінің қазіргі жайын қағазға түртіп отырдық. Сондағы көргендеріміз – табиғи үлкен биік төбелер, «Үлкен Көкиық», «Бала Көкиық», «Қаспай скважинасы», «Әбіләкім», «Қуандық», «Шылбыр» бұрғылау бұлақтары, аудан орталығынан 100 шақырым шамасында орналасқан ауданның ең биік нүктесі «Тарғыл тауы», «Қалданның үйтамы», одан әрі «Құсмұрын тауы», «Молдиман», «Бәйбішенің тауы», «Жиделі», «Жүзқұдық», «Бәйелі», тағы да басқа атауы белгілі орындар.
Бұл жерлерде кешегі кеңес заманының «шаш ал десе бас алатын» солақай саясатына қарсылық көрсеткен «Қарақұм көтерілісінің» іздері бар. Әлемге әйгілі «Байқоңыр» ғарыш айлағының осы тұста екеніне қарап, бұл жай ғана меңіреу дала емес тарихқа тұнып тұрғанын байқауға болады.
Экспедиция барысында көзімізбен көргенімізді айтар болсақ, даладағы оттың молдығы сонша, астыңдағы атыңды бір жерге байлап қойсаң бір күн жайылып жүре беретіндей шөбі баршылық екен.
Бұл жердің табиғатын, малға жайлы екенін тағы да тілге тиек етіп отырған себебім, жер-су атауларының көбі кезіндегі малшылардың тұрағы еді. Отар-отар қоймен, қора-қора малмен бір аумақты бір малшы жайлап отырған жер сол кісінің атымен аталып қала берген. Аты қалатындай себеп те болған, малының жайын жасап құрылыс пен жол салдырған, құдық қаздырып су шығарған, ал мұндай игі істер, ми даладағы жолаушылардың бағыт-бағдары мен басқа да игіліктеріне жараған.
Өзімізден мысал келтірер болсақ, бір бұлақтың басына келіп тоқтағанымызда жолсерігіміз бұл «Қуандықтың бұлағы» деп, кезінде үлкендерден естіп-білген қысқаша тарихын айтып берді. Бізге де керегі сол еді, экспедиция күнделігіне түртіп алдық, мақсатымыз – ертеңгі күні бұл ақпаратты жан-жақты зерттеп толықтыру. Бұлақ біраздан бері қолданылмағасын құдығы көміліп, мал су ішетін астаулары тозған екен. Сонда да жолсерігіміздің әңгімесіне қарап, қазір қаңырап тұрғанмен кезінде құж-құж қайнаған тіршіліктің орны болғанын сезіндік. Себебі сол қайнаған тіршіліктің ортасында жүрген адамның аты мен жердің аты тарих болып сақталған. Естігенімізді жазып, көргенімізді фотоаппаратқа түсіріп болғанымызда, жолсерігіміз тұрған жерімізден батысқа қарай, бір төбеден аса бере Қуандықтың бейітінің тұрғанын, одан әрі суы ағып тұрған «Шылбырдың бұлағы» бар екенін айтып бағытымызды бағдарлады. Жоғарыдағы айтылған әңгімеміздің айғағы осы болды. Жоспарлы межемізге жеткенге дейін, атауы белгілі орындарға аялдай отырып, жұмысымыз жалғасын таба берді.
Сонымен қатар еліне елеулі батырлар мен билердің де атымен аталған жер-су атаулары да бар. «Тарғыл тауының» батысында үлкен төбенің басында орналасқан Талқанбайұлы Қалдан батырдың үйтамы жер-су атын иемденіп, белгілі орындардың бірі болып тұр.
Қалдан батыр 1820-1913 жылдар аралығында өмір сүрген. Батыр ел билеген, би, болыс болған адам. Қазақ даласын отарлаған орыс патшалығының саясатына қарсы уәжін айту үшін патша үкіметінің аймақтық губернаторы алдына қарусыз бару керек деген елдің сөзіне қарамай, қару-жарағымен, сән-салтанатымен барып, патша атынан берген сыйлықты алып, сый-сияпатын көріп елге оралған. Сол сапарында «Дала генералы» деген атқа ие болған. Содан болар 1914 жылы Қалдан батырға «Тарғыл тауы» деген жерде үйтам тұрғызып, жылдық ас берілген кезде ұрпақтарын салт атқа мінгізіп арнайы шерудің ұйымдастырылуы елдің көңілін селт еткізген айтулы оқиғалардың бірі болған.
1902-1903 жылдары Қазалы уезінің оязы болған Мерей деген кісіге ел болып ас берген екен. Сол аста елдің ұйғарымымен асаба Қалдан батыр болған. Оның сондағы асты жүргізу әдісі де ел алдындағы беделінің ерек екенін көрсеткен. Бірін-бірі жыға алмаған екі палуанға ел тарихында бірінші рет бас бәйге берілген. Ат бәйгесінде жалы тоқпақтай айғыр мінген жігіттер жолдың екі жағын жауып тұрғанда, жолдың оң жағымен қамшысын бұлғап шауып шығып, сол жағымен қайта шапқанда Қалдан батырдың айбаты жолбарыс болып көрініп, көтермеде тұрғандар, шылбырын ұстап, атынан түсіп тізерлеп төмен қарап отырған деседі. Ертеректе ат бәйгесінде шабандоздар көтерменің кесірінен соқтығысып мерт болған екен. Сол көтермені Қалдан батыр тоқтатқан деген ел аузында әңгіме айтылады.
Он екі ата Байұлы Алтын ру
ы ішіндегі Айдар аталығы мен Найман елінің арасында құдық суына таласып, Айдар елі жағынан адам мерт болады. Құдық Найман елі қоныстанған жерде болған соң теңдік бермеген. Сол кезде ел басқарған Қаратамыр руынан шыққан Ағытай биден ара ағайындыққа жүруін өтінген. Ағытай бір өзі бармай қасына Қалдан батырды бірге баруға шақырған. Дауда екі жақ келісімге келе алмай билердің сөзі сиырқұйымшақтанып бара жатқанда, Қалдан батыр насыбай атып отырып, «Тәйт, тәйт, тәйт» деп үш рет айқайлап жіберіпті. Сонда сөзі көпке «Дөйт» деп естіліп, отырғандар ұрандатып жатыр ма деп қалғанын байқаған Ағытай би «кәне, ағайын, ай ортақ, күн ортақ, жер ортақ, су ортақ қолдарыңды жайыңдар, Қалдеке, батаңды бер!» деп дауды шешіп екі елді татуға келтірген екен. Бұл – аудандық ішкі істер бөлімінің ардагері Асанбек Асқарбаевтың ел аузынан естіген әңгімесі.
Мән-жайын байқап-бағдарлайтын «Әлен-Қодар», «Тәшімтай», «Көмбе», «Жіңішке құм», «Жауқашты», «Жапақ» секілді тағы да басқа тарихи жерлер туралы толық ақпараттарды музей қор дерегі қажет етеді.
Алдағы уақытта айтулы тарихи-танымдық экспедициясының далалық зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, тарихи орындар туралы деректер жинақтап, нәтижесі көпшіліктің игілігіне ұсынылады.
Әзірбек ІЛИЯСБЕКҰЛЫ,
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<