Қаратаудағы құлпытас

494

0

Жаңақорған ауданының «Жайылма» ауылдық округіне қарасты Қаратаудың ішінде Айымбет ата Құдабайұлының мазарына жаңартылып құлпытас орнатылды. Бастама қалай болды?

Әлі есімде, 2022 жылдың 7 қазаны күні әйгілі Сайид Бұрханиддин Қылышты ата басында үлкен ас берілді. Содан шыққан соң қасымдағы Ержан Исаханов, Біржан Ибрагимов, Арыстан Амангелдіұлы есімді достарыма мына Қаратаудың ішін жағалауымыз қажет, онда Айымбет әулие бабамыз жатыр. Есті ұрпақтың қамын жасайық, уақыт зымырап өтіп жатыр, әлі қандай заман болады, кітапта бар деректің ізімен аралап көрелік деп қолқа салдым. Ертесіне арнайы сол бағытқа жолға шықтық.

Белгілі шежіреші, жазушы Шайдарбек Әшімұлының «Сыр ғұламалары» атымен жарық көрген кітапты басшылыққа алып, онда жазылған тың мағлұматтар ізімен «Жайылма» ауылына бардық. Сондағы ел-жұрттан сұрастырып, осы өңірдің жер-су, тарихын жақсы білетін Бөкеевтер отбасына ат басын тіредік. Асылжан Төлешұлы ағамыз сауапты іске болысып, мазарға апаруға келісті. Содан Қаратауға тарттық. Тау етегіндегі су қоймасынан 20 шақырым жүрдік. Небір асу, шатқалдардан өтіп, Шатырабат өзенін өрлей Кендім деген таудың жотасында тау тастарынан өрілген, бүтінінде күмбез болғандай ескі мазарға келіп тоқтадық.

Басына барғанша Асылжан ағамыз бұл мазарды үлкендер «Айымбет ата әулие» деп атайтынын әрі бала кезден көріп өскен жер екенін әңгімелеп берді.

Бүгін ғана танысқан Асекеңнің батыр тұлғасынан, әңгімелерінен нағыз қазақ жігітіне тән сырлы да сабырлы мінез байқалып тұрды, көпшілдігі мен бауырмалдығы бізге ерекше әсер қалдырды.

Неше ұрпақ үзіліп қалған үмітіміз қайта жанғандай болып, әулие бабамыздың басында айналшықтап, қайта-қайта Құран оқып, маңайды бақылап, суретке түсіріп, 1-2 сағаттай еркін жүрдік.

Елге орала сала, түн қатып, Айымбет бабамыздың ұрпақтарының ұялы телефон нөмірлерін жинап, барлық аудио, сурет, бейнежазбаларды ортаға салып, қызу әңгіме, талқылау басталып кеткен еді.

Араға жыл салмай, 2023 жылдың шілде айында сол қасиетті орынға тағы да Асылжан ағамыздың көмегімен арнайы бардық. Бұл жолы Сәдірбек, Мырзабек ағаларымды алып бардым, олар да өз көзімен көріп, ел ішіндегі әңгімелерді тыңдап, көңілдері жайланды.

Кітап авторы Шайдарбек Әшімұлының бабалар рухы өшпесін, ұрпақтарын жебеп жүрсін деген ізгі ниетпен әулие, абыз, тарихи тұлғалардың өмірі мен қасиеттері жайлы мағлұматтарды жинап, өңдеп шығарғаны, расында нағыз үлгі тұтарлық жағдай болды. Сол кітапта бір жапырақ мәлімет бар. «Айымбет ата» деген тақырыппен ұрпағы Әбиұлы Әуелбек қарияның айтуынша деп бастап, қай жерде сүйегі жерленгенін, қандай қасиеттері бар екенін жазған. Өткен жылы ол кітап «Әзиз әулиелер» деген атаумен қайта басылыпты.

Мектеп бітірер шамамда болар, әкемнің немере інісі болып келетін марқұм Әуелбек қария үйге келгенде шай үстінде бабаларымыз туралы айтып отыратын. Әуелбек көкем айтқан естеліктер сол сипатта кітаптағыдай дәлме-дәл келіп тұр.

Деректерге сүйенсек, шежіре бойынша Айымбет (айтылуы – Әйімбет) ата деген есіммен ел есінде сақталған әулие – біздің төртінші атамыз, әкеміз Қорғанбек, оның әкесі Әбілбашар, оның әкесі Әлқожа болса, оның әкесі сол бабамыз, азан айтып қойылған есімі – Айтмұхаммед. Айымбет ата кім болған деген сұраққа келсек, бізден жоғары аға ұрпақтардың айтуынша, ертеде Сырдарияның күнбатыс жағалауында күріш алқаптары, егістік жерлер мен шаруашылық ауылдар әлі картаға түспей тұрғанда, бабаларымыз Қаратаудың бөктері мен қазіргі Сырдарияның арасын мекендеген екен. Мал ұстап, егін салған, аңшылық жасаған, атакәсібіне сәйкес сол кездегі қазақ даласының тіршілігімен өмір кешкен.

Елдің ішкі-сыртқы жағдайына қанық рубасылары өзінің ізденісімен, білгірлігімен көзге түскен діни сауаты бар жас жігіттерді қазақ даласына бала оқытып, медресе ұстауға, сондай-ақ ел арасында діни жоралғыларды (бала сүндеттеу, неке қию, жаназа оқу және т.б.) жүргізуге жіберіп отырған. Сол мақсатта Айымбет бабамыз қазіргі Ұлытау облысына қарасты Қарсақбай деген елді мекенге барған, сол жерде жергілікті рулармен біте қайнасып, ғұмыр кешкен. Қажылық сапарға жаяу барған.

Уақыт өте келе, елге дін-шариғат тұрғысында уағыз айтып, имандылыққа тәрбиелеумен қатар, әулиелік қасиеттерімен жергілікті халыққа танылған, мешіт-медресе ұстаған, бала оқытқан, теріс жолдағы адамдарды емдеген. Ел аузында сақталған әңгімелердің барлығын теріп жазсақ, кітап шығаруға тура келер.

Өмірінің соңында өзінің өсиетіне сәйкес, туған жеріне, бабаларымыз жатқан киелі жерге – Тотықұс аралына, бабасы Сайид Бұрханиддин Қылышты ата қорымына апарып жерлеуді аманат еткен болса керек.

Сол Қарсақбайдан сүйегін әкеле жатып Сарысу өзенінен аман-есен өткізіп, Қаратаудың ішінде, жоғарғы жағында Кендім тауының маңында жерлеген. Баласы Сыздық Сырға қарай төмен жаққа жеткізуге қыстың күні қардың, судың қалың болуына байланысты Шатырабат өзенінен алып өту мүмкін болмай, әулиенің сүйегін аманат деп қалдырған көрінеді.

Әулиенің үлкен ұлы Әлқожа 33 жасында өмірден өткен. Оның тарихи тұлғасына қарап, әкесі Айымбеттің де тәрбиесінің тегін болмағанын білу қиын емес. Өте алғыр, орысша сауатты, зерек болған ол Перовск губернаторының хатшысы (писарь) болған. Әлқожаның алғырлығы туралы әңгімелерді осы әулеттің үлкен қызы Үміш апамыз кешегі 2005 жылдары айтып отырушы еді, сол әңгімені мен де өз құлағыммен естідім.

Өз кезегінде Әлқожаның ұлы Әбілбашар (ел аузында – Башар) Жаңақорған ауданының «Миялы» ауылдық округін (кейінірек КОКП-ның 23-съезі атындағы кеңшар, қазіргі Қожакент ауылын) құру кезінде тұңғыш басқарма бастығы болғаны ұмытылып барады.

Әлқожаның немере інісі Сыздықұлы Әбдінәби кейін сол қызметті атқарған, яғни, Айымбет әулиенің немерелері де ел мүддесіне қызмет етіп, ата жолын жалғастырып, туған жерінің өркендеуіне үлес қосқан жандар болған. Шөберелері де түгел жоғары білім алып, әр салада елге танылды.

Айымбет әулиенің шөпшегі Әлқожаев Қыдырбек Қорғанбекұлы ғылымға үлес қосып, «Абай эстетикасы және Ислам» деген тақырыпта кандидаттық еңбек жазып, қорғаған болатын. Ғылыми жетекшісі қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай болды. 2007 жылы осы ғылыми еңбегі кітап болып жарыққа шықты. Кейін осы кітабын қолыма алып зерттеп қарасам, қасиетті Құраннан 16-сүреден 21 аят, көптеген хадис келтіріпті.

2022 жылдың жазында «Кенжебек, биыл күзде ауылда Сайид Бұрханиддин Қылышты ата басында ас береді, сен зейнетке шығып жатырсың, қолың босайды, барып қатыс, мен жұмыстан шыға алмаспын, сол сапарыңда кітапта жазылғандай сипаттармен арнайы іздеп Айымбет атамыздың басына бар, алдағы уақытта құлпытас орнатуымыз қажет» деді. Үлкен шаңырақта бұрыннан келе жатқан қолжазбаларды төте жазудан аударту қажет, осы Әлқожа бидің немесе Айымбет атаның сөздері, шығармасы, тәфсірі болуы мүмкін деп, үлкен идеялар айтып тапсырған еді. Марқұмның соңғы қамқорлық ниеті екенін білмедік, сол жаздың соңында кенеттен бақилық болды. Ағамның аманатын орындағандай болып, мен де иығымнан қара тас түскендей жеңілдеп қалдым.

Қыдырбек ағамның тағы бір өшпес еңбегі қалды, 2022 жылы «Абай дүниетанымы және қазақ руханияты» ғылыми- зерттеу еңбегі кітап болып басылып, ел назарына ұсынылды.

Мамыр мерекесі қарсаңында әулиенің басында одан тараған ұрпақтары Астана, Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларынан және Жаңақорған ауданынан түгел жиналып, арнайы ас беріліп, Құран бағышталды.

Бабалардың ел есінде сақталған қасиеттерін, тектілік пен имандылықты өз қолымен жаңғыртып жазған Шайдарбек Әшімұлы мен туған жер тарихын терең білетін Асылжан Бөкеевке құрмет көрсетілді.

Ата жолымен өмірі елге өнеге болған аға ұрпақтың аманаты мен елге жасаған ізгі істері жайында ғылым докторы, профессор Әбиев Сардарбек Әбиұлы ағамыз тереңнен сөз қозғап, жастарға жақсылық тілеп, батасын берді.

Қаншама ғасырлар өтсе де әулие бабалардың батасымен көгеріп келе жатқан халқымыздың бейбіт заманда өмір сүруі де – Алла тағаланың үлкен нығметі. Сол игілікті қолдан шығармай ұстап қалу қазіргі ұрпақтың бағдары болып қала бермек.

Кенжебек ӘЛҚОЖАЕВ,

әділет полковнигі.

Астана қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<