Қара Жүргенұлы тартқан тауқымет
Алғы сөз
Қара Жүргенұлы қазанында қара су ұйыған өте ауқатты,ел-жұртына қамқор, мешіт салдырған, Қара би атанған зиялы адам болған.Қазақстан үкіметінің Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің әкесі.
Сырдария облысы Қазалы уезіндегі «Қуаңдария» болысын басқарған. Түркістан генерал-губернаторлығының бірінші генерал-генерал губернаторы, генерал-адъютант К.П. фон Кауфман Ташкентке барар-қайтар жолында Қара бидің Ырғыз өңіріндегі «Жабасақ» қыстауына, Қарақұмдағы «Қоңыртөбеге» («Қараның құмы» атанған) арнайы сәлемдесіп, келіп тұрған. Ол қазақ даласының қасиетіне, оны мекендейтін халықтың мәрттігіне, тұрмыс-тіршілігіне, табиғатпен тұтастығына тәнті екенін жасырмаған. Бір кездесуінде «Қара мырза, сіз өткен жолы «… сүтке көп қарасаң қан көрінеді деген едіңіз», соны көп ойланып қорыта алмадым, іс жүзінде қалай, сөз жүзінде қалай, түсіндіруіңізді өтінемін» депті. Қараның сол тағылымды, сөзбен өргеніне және бір қазан түйе сүтінен бір тостаған қанды қалай алғанына таңғалып, бас иген екен. Бірде «Орынбор-Ташкент» сапарында Қара биге соғып, алтын самаурын сыйға тартқан.
Кәмпескеленіп 1929 жылдың күзінде Қарқаралыға жер аударылып бара жатқанда (Арқаға сол бағытпен көшкен) жолай «Қоңыртөбе», қасындағы «Ұябайдың үй тамы» арқылы Ерімбетжағада (Киров колхозы) отырған Төртқараның қожасы саналатын Айқожа ахунның ауылына соғып, әрі қарай аттанған.
Шағын ауыл қиын кезеңде, жоқтықтан әлсіреп отырса да Қара биге құрмет көрсетіп, мал сойып, әрбір үйден уыстап бидай жинап екі қанар қапты толтырып, жол азығын қоса түйеге артып шығарып салған еді. Елдің пейіліне риза болған Қара бидің көзіне жас іркіліп, кәмпескеден қалған, қысталаңда кажет болар деп алып шыққан алтын самаурынды Айқожа абызға ұсынып: «Айеке, мына бір қауым елдің қорегіне қажет болар, айырбастап азық етерсіңдер, самаурынды алып қалыңыз» дейді. Сонда, Айқожа ахун: «Қареке, о не дегеніңіз, біз елдеміз, мына құмның көсігі мен құмаршағы бізді өлтірмес, ол сіздің отбасыңыздың нан пұлына қажет болады» деп алтын самаурынды қайтарып береді.
Таң рауандаған алагеуімде Қараның көші жал-жал құм арасына бір батып, бір шығып қара ноқаттай алыстай берді, алыстай берді.
Қара Жүргенұлы 1937 жылдың 25 қыркүйегінде, Темірбек Жүргенов 1938 жылдың 25 ақпанында атылды. Балалары Қосжан, Досжан, інісі Ысқақ 1930-1931 жылдары «Қарақұм көтерілісінің» басшылары ретінде атылды, туыстары 5-8-10 жылға Сібірге жер аударылды.
1. Қоштасу
(Жаз жайлау мекені «Қоңыртөбемен», қасындағы «Ұябай төбеде» жерленген Ақжан әулиемен жер ауып бара
жатқан қоштасуы)
… Қанаттасып қазымен қарашаның,
Туған жерім соңғы рет таң асамын.
Алдым тұман, артым құз, ей Жаратқан,
Бұйыра ма намазы жаназаның?
Ұлт мәйегін ірітіп, іркіттеген,
Дүлей кері қан жұтқан замананың.
Ел-жерім, ұрпағыма от ойнатып,
Жиғаны тәркіленді би Қараның.
Шідермен, қамыт киіп барам деп пе ем,
Арқаның алтын тәжі – Қарқаралым…
***
… Қасиет қонған дәулетім – ғайып-нұрдан,
Қасірет шеккен нәубетім – «қызыл құлдан»,
Жазықсыз жайсаңдардан артық пе едім,
Ар-рухқа, жаным мен малым құрбан.
Қайғының уын шашқан жендеттерге,
Кезең әлі, келеді аруақ ұрған.
Қоштасып кеше кеште «Жабасақпен»,
Ей, Ақжеке, жайым бар, келіп тұрған.
Телқоңырың қасыңда «Қоңыртөбем»,
Қуат беріп, жанымды айықтырған.
Мойнын толғап барады «Ақсарыбас»,
Қанатынан қан тамып, мынау қырдан.
Қасқалдағың қан сығып бағыт алды,
Алдым Арқа, қан жұтқан «Қалмаққырған».
«Құлжұмыр-Қасқа төбе» күрсінеді,
Мың дананың кешегі ізі қалған.
«Қараүңгір-Тұздақ» мекені боздақтардың,
Сүйектері көмілмей, ар жамылған.
Рухтары кезеді «азаттық» деп
Елестетіп ақ туды қан малынған.
«Қоңыр төбем», «Бестөбем», «Ақжантөбем»,
Жайлаудың жайсаңы еді, мал ықтырған.
Жер кіндігі, жарықтық осы жерде,
Құманыңда қара су ұйып қалған.
Менің де анау тұрған «Қоңырымда»,
Қазан суы екі ұйып, қарық қылған.
«Айсыз түнгі құс жолы» ғашық болып,
Ұябайды бұл жерде жұтып тынған.
Түпсіз терең ғарышты кіндік орап,
Жұлдыздардың нұрына қарықтырған.
Әуеге ең жақын жер осы нүкте,
Тылсым түйіп, ғылымды шалықтырған.
Жер биігі жаһаннан зейін тартып,
Бұл төбеге қасиет, Қыдыр қонған.
Киелі мекеніммен қоштасамын,
Қайта айналып көру жоқ, енді маған.
Қара би атанғаным ел-жұртымның,
Құрметі, ең бағалы сыйы болған.
Ырғыз бен Қармақшының түрмелері,
Жонымнан таспа тіліп, төзім жонған.
Жер-суым, ел тілегін тілеп барам,
Кезім жоқ рухым түсіп, сағым сынған.
«Тағдыр да – Тәңір ісі», өтті дәурен,
Дүние кележағың, затың жалған.
Қан қосып, туыс болған әзиз аға,
Жайым бар ырзалыққа келіп тұрған.
Жазмышқа шара бар ма, бұйырыпты,
Ініңе де тауқымет осы жолдан.
2. Қарқаралы сапары
Буырқанған толқынмен күй кешемін,
Алыс қалған жылдармен тілдесемін,
Тіршілік керуенімнің қөшін тартқан,
Құба жонға бір қонып таң кетемін.
Шылбырымды сүйретіп отбасыммен
Айқожа ахун ауылына түн жетемін.
Қоржынымда бір уыс жусаным бар,
Тар қапаста кеудемді сергітемін.
Түйіп алған киелі топырақты,
Бұйыртса, сүйегіммен бірге етемін.
Кешегі дәуірлеген ақ боз үйдің,
Мәңгі жауып барамын ергенегін.
Серігім – Құрандарды көмдім бүгін,
Аманаттап басына дөңтөбенің.
Бірінші орам – шым қара құрым киіз,
Соңғы орамы – құзыры «көн төренің».
Қанымды сорып бітпей түсері жоқ,
Жауырыннан қадалған тас кененің.
«Үштік» деген үмітсіз айла тапты,
«Мұқалтам» деп қазақтың ақ беренін.
Құлақ естіп, көз көрді көшкен елдің,
Аза даусы жер-көкті кернегенін.
Самалы жетер ме екен қоңыр белдің,
Маған тұрақ – тұрқына жеркепенің.
Қош елім, «Қарақұмым», жеркіндігім,
Үркер қонып, қажайтын ай қорегін.
3. Айқожа ахунның ауылына келуі
Сәске түсте қоштасты қоңыр белмен,
Кешегі қылқұйрықты құлан желген.
Жер ауып отбасымен бара жатыр,
Түйе қоршау, жұпыны екі теңмен.
Өркешіне байланған қоржынында,
Алтындатқан самаурын, күміс зерен.
Кауфман мырза құйдырып Орынборда,
Сәлемдесе келгенде сыйға берген.
Белдіксіз боз шекпеннің өңі кеткен,
Құпия қыртысы бар өңірленген.
Алдағы қарекеттің қамы үшін,
Қуысына қыстырған тиын-тебен.
Өзегіме түсетін астығым жоқ,
Көңіл шерлі, дариға-ай, жүрек шемен.
Даламның аң-құстары арман болды,
Жұлындарын жойқын жұт жебір жеген.
Ұлтымның ұлы тінін қырқып жатқан,
Бұл зауалдың ақыры тынар немен.
Айқожаның ауылы алыс емес,
Алдымда «Көкдомбағым» күн көктеген.
Осы маңда мерт болған жайын жұтып,
Асан қайғы баласы Абат мерген.
Ой өріп, өрмек тоқып әлі келем,
Ұлы далам, ет-жүрек елжіреген.
Саумалдай самалыңнан айналайын,
Сүйек-қанды тасытып, көкірек керген.
Маңдай тіреп, ат басын бұрдым аға,
Жөн сұрап, бата алуға сіздей ерден.
4. Ұлылық
«Ерімбетжаға» ен жайлау кенім дейтін,
Жабайы сәбіз, құмаршық күз дәндейтін
Құмында өсіп-өніп Сейітқұлдың,
Сегіз арыс ұрпағы мекендейтін.
Қосым қожа ұрпағы Айқожаны,
Төртқара-Дүйсенейлер пірім дейтін.
Кешқұрым келіп жетті Жампозымен,
Жүрісі майда, бұйдасы іркілмейтін.
Айқожа ахун қарсы алып, қонақ етті,
Шақыртып жігіттерді жөн білетін.
Ашаршылық, жанкешті мезгіл еді,
Бір-біріне септесіп күн көретін.
Көбеген би Қараға сәлем берді,
Тілге шешен, сөзімен қуды ілетін.
Жігіттердің алыстан кіре тартқан,
Астықтарын уыспен тең бөлетін.
Сол күні ауыл үйдің дастарқаны,
Бос аяқпен ағытты түннің кілтін.
Көтермей қазандарын ошақтағы,
Жолаушының жандырды жол үмітін.
Өзінің аш құрсағын ойламастан,
Асыл ерлер көрсетті ақ ниетін.
Әр ошақтан уыстап бидай жинап,
Келтірді қос қанардың берекетін.
Ақыраптың айтулы бір күні болды,
Аштыққа алақаннан сеп тиетін…
***
Межелі уақыт жетіп, таң да атты,
Жан жылуы жебеді дегдар затты,
Мәрт мінезі «жауырды жаба тоқып»,
Елемеген түр берді жарақатты.
Дегенмен көңіл толқып, ризалықтан,
Көзден тамшы құлдилап бара жатты.
Айнала мөлдіреген таңғы шықтар,
Қимай-қимай Қараны құмға батты.
***
… Ей, Айеке, тілектес, асыл ерлер,
Қытымыр мезгіл алда, жара меңдер.
Қуғын-сүргін, зобалаң, жойқын жұттан,
Мезгілсіз үзіледі талай демдер.
Мендегі жалғыз бұйым самаурынды,
Нан пұлға жаратыңдар енді сендер.
Жазаңды Алла берсін, басқа не айтам,
Ұлтты қырып, қанымды сіміргендер.
Тілегін тілеп барам ел-жұртымның,
Елге тұтқа болыңдар асыл есіл ерлер.
***
… Қарекем-ай, Қарекем текті тұлғам,
Деген едің, ұлтымнан жаным құрбан.
Залым заман, ОГПУ қарғыс атқыр,
Шырағымда нең бар ед, жанып тұрған.
Самаурынды алмаймыз, қоржынға сал,
Қажетке керек болар жерде барған.
Дұға етемін, Алладан пәрмен сұрап,
Зарықтырмай ісіңді етсін оңнан.
Ел-жұртың еңірейді, амал барма,
Ей, ардағым, қайыр қош, қалма жолдан.
Балапан Даража,
заңгер,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,
Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<