Қазалыда 117 жыл бұрынғы станок жұмыс істеп тұр

1048

0

Білесіз бе, 1903 жылы Германияда жасалған, «Niles» станогы әлі күнге жұмыс істеп тұр. Қайда десеңіз, Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының шеберханасынан көре аласыз. Бұл туралы «Қазақстан теміржолшысы» газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі Сабырхан Нәдірбаев хабарлайды.

Қолданысқа енгеніне бір ғасырдан асқан станоктың музей қорынан орын алуына құқы бар. Тарихи жәдігер ғой. Дистанция алғаш ашылғанда осында орналастырылған станоктың әлі жұмысқа жарамды болуының бас­ты себебі – күтімді ұсталуында. Соның арқасында, ескі болғанмен, осы қарапайым темір бұ­йым арқылы шеберлер өндіріске қажетті қосалқы бөлшектерін жасап алып жүр.

«Niles» станогының «тілін тапқан» токарь Қуат Нәбидің айтуынша, көне құрылғымен әлі күнге кез келген темірден қажетті затыңды оп-оңай жонып алуға болады. Дистанцияның электроматор және электрожетек жөндеу цехында құрылғыларды жөндеуші болып еңбек етіп жүрген қазалылық жігітті қарапа­йым станок та әлі ұятқа қалдыра қоймапты.

– Маған берілген тапсырма бойынша үлкенді-кішілі бөлшектерді әзірлеймін. Алдымен бөлшекті жасайтын темір таңдап алынған соң станоктың өлшемдерін қолмен ретке келтіремін. Ескі станок болғандықтан кейде жұмыс кезінде сәл-пәл ауытқу болғаны байқалады. Ондай сәтте құрылғыны бастапқы өлшем бабына қайта келтіріп аламын. Негізінен бекітпе бұрандаларды дайындауға көп тапсырыс беріледі. Қазір станоктың жұмысын толық меңгердім. Жыл өткен сайын тәжірибе жинақтап, темірден заттарды жонып шығаруға ізденіс жасап, әріптес­терімнің тапсырысын аз уақыт ішінде жасауға дағдыланып жүрмін. Әзірге тапсырыспен жасалған бөлшектерге қатысты ескерту алмаппын, – дейді темір ұстасы Қуат Нәби.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<