Қазанғаптың бейіті мемлекет қорғауына алынды

1554

0

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мен облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы бірлесе отырып, Жем, Шалқар, Бозой, Ырғыз жеріне экспедицияға шықты.


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Қазақстан даласын зерттеуге және Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын «Тарих естелігі — ұрпақтар сабақтастығы» атты жоба дайындаған болатынбыз.

Мақсатымыз — жиналған мәліметтерді кітапхананың сайтына салып, оқырмандар үшін қолайлы жағдай туғызу.
Әуелі Шалқар ауданына қарайтын бұрынғы «Айшуақ» кеңшарының Қосқақ елді мекенінен төрт-бес шақырым жерде Ақбауыр қыстағының баурайынан мәңгілік мекен тапқан, қазақтың ұлы күйшісі Қазанғап Тілепбергенұлының басына бардық. Аруағына Құранымызды бағыштап, күйші туралы толық мәлімет беретін QR-код тақтайшасын орнаттық.


Қос ғасырдың куәгері болған күйші — өз заманының қоғамдық болмысын, жан тебіренісін домбыраның үні арқылы шеберлікпен бере отырып, соңына өшпес мол мұра қалдырған аса дарын иесі.
Кеңес үкіметі кезінде ұлы күйшінің шығармалары үлкен сахналарда орындалып жүргенімен, моласының қайда екені белгісіз болып келді. 1989-1990 жылдары іздестіру барысында ауыл үлкені Мұқат ақсақал күйшінің жатқан жерін көрсетіпті.


1965-1966 жылдар шамасында, Мұқаттың жастау кезі, Дәде ақсақал екеуі аттылап келе жатып, құм басқан бір бейітке тоқтайды. Дәде ата аттан түсіп Құран оқиды. Мұқат кімнің моласы екенін сұрағанда, «Қазанғап күйші жатыр» деген екен. Күйшінің басын қарайту жұмыстарына 1983 жылдан өмірінің соңына дейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ректоры болған, ғалым Мұхтар Арынов көп еңбек етіпті. Содан бері 30 жылдан аса уақыт өтсе де, мемлекет қорғауына биыл ғана алынған. Тозығы жеткен бейітті көріп, көңіл құлазыды. Сыртқы қоршаулары құлап жатыр. Айналасы — жайылған малдың тезегі. Сүйкенген мал бір күні құлатып тастамай ма екен?


Бізге күйшінің жатқан жерін тауып бару да оңайға соқпады.Тарам-тарам жолдардан адасып әрең жеттік. Исі қазаққа ортақ бабамыздың бейітін атына сай етіп, қайта көтеріп, биік төбенің басына алыстан мен мұндалап тұратын белгі қойса, басына келушілердің саны артар еді деген ой түйдік.


Осы сапарымызда Жем қаласынан батысқа қарай жеті шақырым жердегі Жалмұқан ишанның зиратына аялдадық. Ишан 1904 жылы мешіт салып, шәкірт тәрбиелепті. Мешіт 2000 жылы қайта жөндеуден өткен.
Шалқар қаласынан 65 шақырым жерде ХІХ ғасырда өмір сүрген халық батыры Есет Көтібарұлына алғашқы кесене 1890 жылы төртбұрышты шикі және күйген кірпіштен күмбезделіп өріліп, қабырғалары әшекейленіп тұрғызылады.


Алайда уақыттың әсерінен және табиғи факторлардың салдарынан бұрынғы кесене құлап қалған. Оның орнына екінші рет қазіргі заманның сәулет өнерінің талаптарын ескере отырып, ұлттық нақыштағы кесене 1993 жылы қайтадан тұрғызылады. Құбылаға қарағанда кесененің оң жағындағысы — інісі Дәрібай, ал сол жағындағы — Есет Көтібарұлының кесенесі, екі кесененің ортасында биік шырақ мұнара бар.


Сондай-ақ 1796-1856 жылдары өмір сүрген Шектінің Жанғылыш тайпасынан тараған Жабағыұлы Қалдыбай батыр кесенесі Бозой ауылынан 40-50 шақырым жерде жатыр.
Қайнар кесенесі Шалқар ауданы Текелі ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым жерде орналасқан. Қайнар кесенесі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына жатады. Кесене қоңыр блок тастардан саз балшықпен араластырылып тұрғызылған екі камералы болып келеді.

Жоғарғы жағы шағын сүйірленген төртқырлы шаршы қабырғаға аласа цилиндрлі барабан орнатылған, оның үстіне конус тәрізді күмбез қойылған. Ескерткішті алғаш көргенде кесене тұрғызған сәулетші Қобда өзені бойындағы бірегей Абат-Байтақ кешеніне сапар жасаған ба дерсің.


Ақпарат берушілердің мәліметінше, кесене қазақтың Төртқара руына — Ақкиізге тиесілі. Қайнар кесенесі туристер үшін қызықты және Солтүстік-Арал аймағындағы Кіші жүз қазақтарының тас қашау өнеріндегі ерекше ескерткіш.
Балғасын діни кешені Шалқар ауданы Талдықұм ауылынан 15 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан.

Қысқаша анықтамасы: Бұл кешенді тамашаламаған саяхатшы жоқ деуге болады. И.Матовтың салған суреті мен баяндауы бойынша бірнеше қатарлап көтерілген, сан қырлы төбесі көк шатырлы теңдесі жоқ құрылыс талайдың таңдайын қақтырды. 1901 жылы И.Хохлов Балғасынның сипаттамасын жазғанда, оның құлағанын жазады. Жиһанкездердің назарын қатты аударған ерте заман ескерткіштерінің бірі — Балғасын кешеніндегі XVII-XVIII ғасырдағы Оңалбек ата мавзолейі. Кіреберісі оңтүстікке бағытталған күмбезді-шеңбер кесене. Кесененің кеңістік құрылымы екі байланысты көлемнен тұрады: төрт қабырға және 28 қырлы барабанда орналасқан күмбез. Ішкі көрінісінің беті балшықпен сыланып әктелген. Кесененің биіктігі — 8,80 м.


Матығұл мазары Ырғыз ауданы Коминтерн ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 48 шақырым жерде орналасқан. Қазақ даласында Матығұл мазары секілді құрылыстың пайда болу себептерінің бірі — ислам дінінің мистикалық-аскеттік ағымы — сопылықтың таралуы. Солтүстік қабырғаның екі бұрышында мұнара құрылымдары бар, тас дуал және оңтүстік қабырғадағы үш күмбезді ерекше мазар. Мазар қабірдің және мешіттің қызметтерін атқарған. Матығұл мазары — Солтүстік-Арал өңіріндегі қазақ мемориалдық-ғибадат архитектурасының генезисі бойынша сирек кездесетін ескерткіштің бірі.


Ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов, архитектор Абат Алпысбаев, оператор Абылайхан Балмұхан, көлік жүргізушісі Бекет Нұржігітпен бірлесіп жасаған жұмыс өз нәтижесін берді.


Ескерткіштердің сызбасын сызып, құжаттарын дайындап, мемлекет қорғауына алуға белсене кіріскен жігіттердің ісіне көңіліміз толып қайтты.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми
кітапханасының қызметкері.
Aqtobegazeti.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<