«Қазақ» атауы қайтқан күн

1825

0

Осыдан тура 96 жыл бұрын, яғни 1925 жылдың 15 сәуірі күні  Қызылордада Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі басталды. Съезде ең маңыздысы және бастысы халқымызға өзінің тарихи «қазақ» аты қайтарылып, жаңа астананың Ақмешіт атауы Қызылордаға ауыстырылды. Осы тарихи датаға орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры, тарих ғылымдарының  кандидаты Нұрлыбек Мыңжастың мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

1924 жылы Кеңес өкіметінің шеші­мімен Орта Азия респуб­ликаларын ұлттық-территориялық жағынан меже­леу саясаты қолға алынғаны белгілі. 1926 жылы аяқталған осы мемелекеттік межелеудің нәтижесінде Сырдария мен Жетісу облыстары, Қара­қалпақ авто­номиялық облысы Қазақстанға қосылды. Бұл ұлттық біртұтас мемлекет жасауға бағытталған маңызды қадам болатын. Ендігі кезекте елдің іргесін бекіте түсу үшін алдымен орталық қаланы анықтау келелі міндеттердің бірінен саналды. Қазақ автономиясының жаңа астанасы болуға лайық қалалар қатарында Ақтөбе, Ақмола, Шымкент, Әулиеата, Ақмешіт қалалары аталды. Бұған дейінгі болған Сырдария губерниясының І партия конференциясында Ташкент қаласы да астана ретінде ұсынылған еді.  Ташкентке қатысты Қожанов бастаған топ оны қазақтарға қалдыруға тырысып-ақ бақты. Алайда, астана қылмақ тұрмақ ежелден қазақтардың ірі орталықтарының бірінен саналатын Ташкент жарты жылдан астам талас-тартыстан соң РКП(б) Орталық Комитетінің біржақты шешімімен 1924 жылдың қараша айында өзбектерге біржола беріліп кетті.

Орталықты Орынбордан басқа қала­ға ауыстыру туралы мәселе 1925 жылдың 9 ақпанында Қырғыз Орталық атқару комитетінің президиумында қарал­ды және қорытындысында жаңа қазақ астанасын Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылданды. Қазақ Респуб­ликасының бас қаласын ауыс­тыруға бұдан 2 ай  бұрын, яғни, 1924 жылдың 29 желтоқсанында сол кездегі Қазақ обко­мының екінші хатшысы, республика Ор­талық Атқару комитетінің төралқа мүшесі С.Қожановтың  Ресей Коммунистік пар­тиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Сталинге жазған хаты түрткі болды.

Тәжірибелі саясаткер ол хатында «…Тереңдеу керек, қазақ бұқарасына дендеп ену керек, шынайы реңкі бар партиялық қоғамдық пікір туғызу ләзім, қажет кезде тек «бастыққа» емес, бұқараға жүгінуді дәстүрге айналдырған жөн», − деген міндет қойылуын көтерді. өйткені, қазақтың 20-жылдардағы пар­тия­лық ортасына негізсіз егес, ұрыс-қағыс, саясатшылдану мен ұшы-қиырсыз ру мүддесін күйттеу жолында терісті жан­таласа  қостай кету әдеттері тым дендеп сіңіп кеткенін» ашық жазған болатын.

«Лениншіл жастың» 1925 жылғы 1-2 нө­мірлерінде «Қазақстан аста­насы – Ақ­мешіт» тақырыбымен Аймақ­тың партия комитетінің хатшысы С.Қожановтың сұхбаты жарияланды. Сол сұхбатында Сұлтанбек Қожанұлы «Ақмешітті неге орталық қылып сайлады?» деген сұраққа былайша жауап береді: «Қазақстанның Бөкей, Қостанай және Семей губернияларынан басқа, былайғы 5 губерния үшін, сонсоң Қарақалпақ облысы үшін тұрған орны дәл орталыққа қолайлы осы – Ақмешіт (Перовск). Ақме­шіттің ауданы, төңірек-айналасы-қаза­ғы көп (75-90 процент) жерлер, екінші, ол Ташкент темір жолының үстінде, Сырдария өзенінің жағасында. Бұл ара­ларда келешекте су жолын, су қатынасын жасап, жер сонылау (суғару), тағы да қазақтың ауыл шаруашылығын көркейтіп, мәдениет жолына түсуге табиғат байлығы алақандағыдай, мейлін­ше пайдалан. Ақмешітте осы күннің өзінде-ақ сол жолға ептеп түскендер жоқ емес.

Бұрынғы Қазақстанның Ақмешітке жуық, қоныстас жатқан губернияларын санамай-ақ, Ақмешіттің өзінің ғана бет-жүзіне қарап отырған қарақалпағы, қара қазағы барлығы 2 миллионнан астам. Одан соң қазақтың ішінде орталық болуға лайық жалғыз қазақ қаласы жоқ. Міне, осы жоғарғы айтылған себептердің күштілігімен Ақмешіт қазақ мемлекетінің астана жері болып белгіленбей бол­майтын болды. Үкіметтің орталық шәрі қылып Ақмешіттің белгіленуіне себеп болған тағы бір үлкен себеп – Сыр­дария өзенінің жағасынан мақта егіп, өсіру жұмысына қолайлы жердің бар­лығы» деп жауап берген. (С.Қожанов   Шы­ғар­ма­лары. Құрастырушы: профессор А.Шәріп. «Арыс» баспасы», Алматы, 2009 ж).

Қызылорда қаласының 180 жыл­дығына орай С.Қожановтың өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеген ғалым А.Шәріптің «Қожановтың Қызылордасы» деген мақаласында, сондай-ақ, белгілі жорналшы М.Жетпісбаевтың осы тақырыпта Абай.kz сайтындағы сараптамалық шолу мақаласында да Қазақ автономиясының болашағын бәрінен терең бағамдай білген сол кездегі бірден-бір қарымды қайраткер С.Қожановтың «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес,   қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек!» деген жігерлі кесімі, тегеурінді шешімі орынды келтірілген. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. 

Орынборда Қазақ автономиясының болашағы жайлы басқосулар ұйым­дастырылып, партиялық мәжіліс-жиын­дар жиі болып тұрды. 1925 жылғы 9-11 сәуірде Ресей Компартиясы Қазақ өлкелік комитетінің үшінші пленумы болып өткен-ді. Алайда, қолда бар құжаттарда алдағы Ақмешітте өтетін съезге қатысты мардымды мәселе  қойылмаған секілді.

Сол пленумда Казкрайкомның бірінші хатшысы Виктор Нанейшвили өлкелік ко­митеттің ұйымдық баяндамасын оқыған күннің ертеңіне барып, ашылуына бес күн қалған Бесінші Қазақстан Кеңестер құрылтайының мәселелері туралы С.Қожанов арнайы баяндама жасады. Кеңес­­тердің 5-Бүкілқазақ құрыл­тайының жұ­мысы мен ондағы комфракцияны бас­­қару үшін Ақмешітке  жүретінін хабарлады.

«Егемен Қазақстан» газетінің сайтында 2020 жылдың 20 сәуірінде жария­ланған  мақаласында   Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсти­туты­ның бөлім меңгерушісі, тарих ғылым­дарының кандидаты Сәбит шілдебай съездің қандай мәселелер қарағанын таратып жазады:

«1925 жылы 15-19 сәуір аралығын­да Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің бесін­ші бүкілқазақ съезі Ақмешіт қаласында өтті. ҚазОАК төрағасы С.Меңдешев сәрсенбінің сәтті күні кешкі сағат 21:00-де съезді салтанатты түрде ашық деп жариялап, бір республика құрамына біріккен қазақ халқын құттықтады. Съездің күн тәртібінде төмендегідей мәселелер қарастырылды: 1) Қазатком мен Қазхалкомның есептік баяндамасы; 2) ҚАКСР-дегі халық ағарту ісінің кезекті міндеттері туралы; 3) ҚАКСР-дегі жерге орналастыру мен суару туралы; 4) Сауда мен кооперация туралы; 5) ҚАКСР-дегі қаржы жағдайы; 6) Қазатком құрамын және Кеңестердің Бүкілресейлік съезіне делегаттар сайлау. Съезге барлығы 394 делегат шешуші және 52 делегат кеңес беруші дауыспен қатысты. Съезге жер-жерден сайланып келген 394 делегат шешуші дауыспен, 52 делегат кеңесші дауыспен қатысты. Делегаттардың 284-і РКП(б) мүшесі, 41-і мүшелікке кандидат, 4-еуі комсомол болса, 65-і партияда жоқтар еді. Съезд делегаттарының 258-і (65,5%) жергілікті ұлттар (қазақ, өзбек, қырғыз және т.б. түркі халықтары) болса, 136-сы (34,5%) еуропалық ұлт өкілдері болды. Жыныстық құрамы бойынша 29 әйел болса, 365-і ерлер болды» дейді автор.

Съезде орнықты баяндамалар жа­салды. Ұлттық-мемлекеттік мүдде тұрғы­сынан маңызды пайымдар білдірілді. Талқы­лаулар болды. Тек қозғалмағаны – автономиялық республиканың Ресей Федерациясы құрамынан шығып, басқа да ортаазиялық көршілері тәрізді, тәуелсіз республика дәрежесіне көте­рілу, сөйтіп, одақтық мәртебемен, Кеңес­тік Республикалар Одағына тең құқық­пен, келісімшарт негізінде ену  ниеті. Бұлар жөнінде өкілетті жиын өз сөзін айтпады. Дұрысында, ондай мәселені делегаттар қозғамады. Әрине, ұйымдастырушылар тарапынан күн тәртібіне де шығарылмады. Сөйтіп, бұл мәселе жөнінде бұдан бұрын, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 1924 жылғы қыркүйекте өткен сессиясы қабылдаған қарар құдды болмаған секілді ұмыт қалдырылды.

Құрылтайды ашқан сөзінде Қазатком төрағасы: «Қазақ Республикасы Кеңестерінің 5-съезі екі маңызды сәтке байланыстырылып отыр», – деген еді. Бұл құрылтайдың «барлық қазақ халқының бір республикаға, бір мемлекеттік құрылымға біріктірілгенінен кейінгі және Қазақ Республикасының орталығын Ақмешіт қаласына көшіруден кейінгі бірінші съезд» екеніне  екпін  беріп, соған байланысты құрылтай алдында «төтенше маңызы бар ұйымдық мәселелер» тұрғанын айтқан. Алайда, республиканы одақтық дәрежеге көтеру қажеттігін сол мәні ерекше мәселелер қатарына  қоймады. Аса маңызды мәселелер ретінде «Қазақ Республикасын одан әрі жағдайластыру»  жайы бірінші аталған. Осы мәселе ішкі мағынасы жағынан сол проблемаға назар аударту керек еді, бірақ іс жүзінде олай болмады.

Батыс Еуропада эмиграцияда жүрген М.Шоқай сол жылдары «Түркістандағы Кеңес билігі іс жүзіндегі орыс билігі.Кеңес Үкіметінің табиғатында ұлттық мәселе құндылыққа жатпайды» деп жазды. Расында К.Маркс пен Ф.Энгельстің «Манифестіндегі» «Жұмысшыларда Отан жоқ» деген ұранына елтіп, билеуші коммунистік партия үйреткен таптық мүддеге ұлттық мұраттарды құрбан ету дағдыға айналған нәрсе болатын-ды.

Орыс пролетариаты диктатурасын орнық­тырушы өкіметтің өкілі Толо­концев қазақ құрылтайында жасаған баяндамасынан кейін, өзіне қойылған сұраққа байланысты: «Қазақияның ашар­шылыққа ұшыраған жерлеріне, егер ол дәлелденер болса, орталық жәрдем көрсетеді», – деп жауап берді. (Назар аударыңыз – аштық бары  дәлелденер болса  ғана  өкімет тарапынан көмек беріледі!)  Артынша: «…бұл мәселені, шамасы, жергілікті ЦИК (Орталық Атқару Комитеті) көтерді, ыңғайына қарағанда – пікірталастар да болған шығар», – деп қосты. Ал «жергілікті ЦИК-тің» төрағасы С. Меңдешев сол орайда: «Орталық алдында (яғни Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің алдында) әлдебір жер ашығып жатыр деп дәлелдеп-негіздеу – қиынның қиыны, – деді. Сосын былай жұмсартты: – …Кейінгі кезде бізде мынандай  дерек бар – республикамыздың жекелеген аудандарындағы ауыр жағдай туралы біздің мәліметтеріміз, дегенмен, орталықты иландырыпты, енді қажет жәрдем көрсетілетін болады».

КирЦИК (ҚазОАК)  төрағасы С.Мең­дешев үкімет атынан жасаған баян­дама­сында Ақмешіттің астана болға­нын айта берді. Ал бұған дейін  ас­тана етуді көздеген Ташкентті неге ала алмағандарын айтпады. Сондай-ақ, КирЦИК-тің 1924 жылғы екінші сес­сиясында Ташкентке балама нұсқа ретімен белгіленген Шымкентті, сөйтіп үкіметке астананы шұғыл түрде сонда ауыстыру жайында тапсырма берілген қарарды ауызға алмады. Шымкентке қалайша көшпегендерін ақпарат ретімен де қозғамады. Есесіне, жоғарыдан оқы­ғанымыздай, Ақмешіт жайын дәйектеді.

«Революциядан кейін қазақ халқы азамат соғысының аса төтенше күйзелтулеріне душар болды, сөйтіп Кирреспублика құрылысы 1919–20 жылдары түк жоқ дерлік бос жерде басталды. Содан, міне, 5 жыл ішінде, артта қалудың, талқандалып, күйзелтілудің, стихиялық ашаршылық апаттарының айтып жеткізгісіз ауыр жағдайында, Қаза­қия­ның еңбекші бұқарасы да­мыл­дамастан тасқа тас қалап, өз рес­публикасын құрды.  …Осы 5 жыл ішінде біз Қазақ Республикасының бекем іргетасын салып үлгердік деп батыл айтуға болады. …Есеп беріп отырған кезеңдегі біздің республика өмірінің аса маңызды сәті – барлық қазақ жерін бір республикаға біріктіру  –  Қазақ Ұлттық  Республикасын рәсімдеу   болып табылады» деген сияқты жалпылама сөздермен баяндама жасады. Сондай-ақ, бесінші съездегі үкімет баяндамасында: «Бізде халық тұтынатын тауарлар жасайтын фабрикалар мен зауыттар жоқтың қасы. Біздің өнеркәсібіміз негізінен кен қазушылық сипатта – мұнай көздерін, тас көмір, тұз, металл кендерін және с.с. ашып өндіру. Біздің өнеркәсіп қалың халық бұқарасына қызмет көрсетпейді, сондықтан өнеркәсіптің дамуы тікелей күллі Кеңес Одағы өнеркәсібінің дамуына тәуелді», – деген мойындау жария болды.

Дегенмен, осы съезде ұлттық мемлекет үшін күрестің жанданғаны, оның басты бағыты айқындалғаны  ашық айтылды. Ең маңызды сұрақтың бірі қазақтарды жерге орналастыру мәселесі болатын. Бұл бойынша С.Меңдешевтің «қазақ халқы жерге орналастырылып болғанша басқа халықтарға жол бер­меудің қажеттігін»  баяндағаны маңызды  жаңалық болды десек, артық етпес.

Бұл жөнінде Наркомземнің – республиканың жер жөніндегі халық комиссары Ғалиасқар Әлібековтің баяндамасында жер-су жайы кеңірек және жан-жақты талданды.  Баяндамашы проблеманың тарихи тамырын жүйелеп ашты. Ол қазақ өлкесінің отарлануында: а) өз еріктерімен қоныстануға орыс жерінен келген қилы бақ іздеушілер мен қашқындар жасаған отарлау, бұл ХVI ғасырдан басталды; ә) орыс үкіметінің  сауда-өнеркәсіп мүддесін көздеген әскери-әкімшілік жолмен отарлауы, бұл ХVIІІ ғасырдан басталды; б) ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басынан бері, орыс шаруаларын көшіріп-қоныс аударту жолымен отарлау  іспетті үш басты дәуір  болғанын ашық мәлімдеді.

Жер комиссариатының мәліметі бойын­ша сол кездегі Қазақстандағы «бар­лық жер аумағы 202.962.345 деся­тина, оның ішінде жарамды жер көлемі 38.170.000 десятина». Солай бола тұра  «Переселен толқынының қысымымен қазақ бұқарасы  шөбі жұтаң, суы аз, құм­дауыт жерлерге ығысуға мәжбүр болды. Осы апатты  саясат өлке экономикасын тез құлдыратты.  Егер өткен ғасырдың 70- жылдары бір қазақ шаруашылығына 59 бас малдан келсе, 1914-1915 жылдары переселен қозғалысының артуымен бұл цифр 25-26 басқа шейін төмендеді», – деп көрсетті наркомзем Ғ. Әлібеков.

Осы орайда Жер комиссариаты  орындалуы қажет шаралар ретінде мыналарды атады (олар съезд қара­рымен заңдастырылды): а) жаппай жерге орналастыру аумағына барлық переселен учаскелерін қосу, бұл ретте олардың көш жолында жатқандарының қоныстанушыларға толған-толмағанына қарамау; ә) 1924 жылғы 17 сәуір Ережесінің күші жүрмейтін переселен учаскелерінде отырған тұрғындарды өз учаскелерінің 1917 жылға дейін белгіленген шегінде, қосымша жер кесіп бермей  орналастыру; б) сырттан көшіп келушілердің және ҚКСР-дегі ішкі қоныс аударушылардың «қазақтың пайдалануына жататын жақсы жерлерді және казак-орыс территориясын» өз беттерімен басып алуларынан сақтану үшін – өз беттерінше қоныстануды доғарту, 1922 жылғы 31 тамыздан кейін  өз бетімен  келгендерді жер-қожалық беру шараларымен қамтымау; в) ҚКСР-дің барлық аудандарындағы қазіргі кезде қолда бар, сондай-ақ  анықталған бос және артық жерлердің бәрін 1924  жылғы 17 сәуір Ережесімен әрекет етуге жататын,  жерге орналастырудың біртұтас қоры деп есептеу. Сосын баяндамашы осы қорды жоспарлы түрде пайдалану  реттерін баяндады.

Алайда, Бесінші құрылтай тұжы­рымдаған ұлттық-мемлекеттік мүддені қорғауға бағытталған бұл шешім де орындалған жоқ. Тағы бір өзекті мәселе Қарулы күштерді қалыптастыру болатын. Бұл мәселеде съезде мардымсыз талқыланды, сол себептен түсініксіз түйін­делді. Бұл жөнінде Б.Қойшыбаев «баян­дамашының ұлттық әскери құрамалар туралы» сөзін қазақтардың Қызыл Армия қатарына азын-аулақ өз еріктерімен кірген сәттері болғандығымен сабақтады. Бірақ «Алашорда» Халық Кеңесі құрған іс жүзіндегі ұлттық құрамалар жайында жұмған аузын ашпады. Ол, әрине, мүмкін емес те жәйт еді. Себебі, «Алаштың Ойылдағы атты полкы» туының 5-съезд сахнасына ілінуін (мұны әйгілі «Өмір мектебінде» С. Мұқанов куәландырады) аңғарып қалған қазақ большевиктері құрылтай ашылардың алдында  үлкен дүрбелең туғызған. Содан да болар, тек «қазақ ұлттық бөлімшелерінің Кеңес Одағы қарулы күштері құрылысының жалпы жүйесіне кіретінін» айтты. Сосын «18-ші жаяу әскер командалық құра­мының мектебі өзгертіліп, Қызыл Армия­ның командалық құрамының КирЦИК атындағы 8-ші ұлттық  мектебі» болғанын, оған 119 жас қазақ қабылданғанын, қазақ бөлімшелерін одан әрі де құра беру жөніндегі жұмыс жалғаса беретінін баян етті» деп әділ бағалайды.

 Бір қызығы, съездің күн тәртібінде қазақ халқына тарихи «қазақ» атауын қайтару мәселесі болмаған.  19 сәуірде таңертең өткен съездің 8-соңғы мәжілісінде тек Қазатком құрамы мен Бүкілресейлік Кеңестер съезіне делегаттар сайлау мәселесі қалған еді. Бірақ қазақ қайраткерлерінің бейресми жиынында қабылданған ортақ шешімге сәйкес (кейбір естеліктерде С.Қожановқа осындай ұсынысты дастарқан басында Қ.Қожықов айтты деп көрсетіледі), күтпеген жерден сөз алған РКП(б) Қазөлкекомының екінші хатшысы С.Қожанов «киргиз» атанған қазақ халқына тарихи дұрыс атауын қайтару, республиканы «Қазақстан» деп атау және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту туралы ұсыныстарды біртіндеп жариялады. Съезд делегаттары бұл ұсыныстарға орындарынан тік тұрып, қызу қол шапалақтап, осы арқылы қолдау көрсетті. Осылайша 1925 жылы 19 сәуірде қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылдап, шешімді бекіту үшін Бүкілресейлік ОАК қарауына ұсынды. БОАК бұл шешімді 1925 жылғы 15 маусымда ресми түрде мақұлдаған декрет қабылдаған соң, шешім заңды күшіне енді. Осылайша қазақ халқы өзінің тарихи атауын қалпына келтірді.

Съездің күн тәртібіне кірмесе де, С.Қожановтың халқымыздың кейінгі өмірі үшін батыл да сәтті бастама көтергені туралы белгілі алаштанушы Б.Қойшыбаев «Сұлтанбек Қожанов» атты жинағында нақты атап өтеді. Съезд аяқталар күні бірнеше рет сөз алып,  мінберге шыққан саясаткер ой-орамдары мынадай:

«…Айтпақшы тағы мынандай жәйт бар. Қырғызды, яғни нағыз қырғызды кара киргиз, бізше қара қырғыз деп те атайды. Бірақ бұл қара киргиз емес, оларға орыстар сондай ат қойған. Біз жәй ғана қазақтармыз, бізді өз казактарынан ажырату үшін киргиз деп, ал қырғыздарды қазақтардан ажырату үшін оларды қара-киргиз деп атаған. Осы шатастыруларды енді түзеген жөн, болашақта киргизді қазақ деп, ал елді Қазақтыкі, яғни Қазақстан деп атауды заңдастыру керек. Мен осы атауды бекітіп, соншалықты әдемі емес таңбаны жауып тастауды ұсынамын. Кеңестердің Бесінші бүкілкиргиз съезі «қазақ» атауын киргиз халқының аталымына және «Қазақстан» атауын Киргиз Республикасына беруді заңдастырсын».         Ұсыныс ду қол соғумен қарсы алынды. Қолшапалақ дыбысы басылғанда, құрылтай төрағасы алдымен Қожанов сөйлердің алдында жария етілген құжат жобасын − съездің үндеуін дауысқа қояды. Үндеу бір ауыздан қабылданды. Келесі ұсыныс: «Киргиз Республикасын  да Қазақ  Социалистік Кеңестік Республикасы деп қайта ат қою», −дей  бергенінде жұрт ду ете  түсіп қол соғып жібереді. «Мен бұл қол шапалақтауды осы ұсыныстың бірауыздан қабылдануы ретінде ұғамын,−деді де, төрағалық етуші келесі мәселеге көшті. 

Тағы да мінберге көтерілген Қожанов: «Кеңестердің  Бесінші съезін біз Қазақ Республикасы ғұмырындағы күрт бетбұрыс деп санаймыз. Бұл съезді біз бірінші съезд деп атаймыз. Бірінші съездің мәнін оның Қазақ Республикасының жаңа орталығы  Ақмешітте өтуі де күшейтіп, арттыра түседі.  Сөйтіп, жұпыны Ақмешіт қалашығы Қазақ Республикасының орталығына айналып отыр. Қаланың  мән-мағынасы ауысуына байланысты мен осы қаланың атын таза қазақты атауға өзгертсек деген ұсыныс енгіземін. Бұрын хандық құрылымдарының орталықтары болатын, мысалы, Ақ Орда дейтін,  атақты хан өз орталығын Көк Орда деп атаған, ал біз өз орталығымызды Қызыл Орда деп атай аламыз. Мен қазақ елінің астанасына, орталығымызға айналып отырған Ақмешітті бұдан былай Қызыл Орда деп атауды ұсынамын. Сте­но­граммада «Қожанов жолдасының ұсы­нысы бірауыздан қабылданды» деп көр­сетілген». Ұсыныс айту, сірә,  съезд сце­нарийінен тысқары болса керек. Орталықтан келгендер саяси сер­келер  бұл ұсыныстарды қалай қабыл­дарын да білмеген сыңайлы. Съездің стенограммасында Қожановтың съез­дің жұмысына қатысты айта келіп, ұлт­тық мемлекеттік үшін күрестің маз­мұнын: Кирреспублика  орталығын жаңа астанаға ауыстыру арқылы біз Ұлт Республикасын құру жолындағы күре­сімізді аяқтағанымызды атап өтеміз. Біз, баяғыда жарияланғанына қарамастан, ұдайы Ұлттық Республика үшін күресуге мәжбүр болдық. Ұлттық Республика үшін күрестің соңы−оның біткені ғана емес, сонымен бірге осы Республиканы жасау мақсатындағы жұмыстың басталғаны» деп қорытады. (Б.Қойшыбаев «Сұлтанбек Қожанов» Алматы, «Қазақстан» баспа үйі» ЖШС, 2007 ж).

   Осы автордың әлеуметтік желілердің бірінде жариялаған мақалаларында аталған съездің барысы, ондағы көте­рілген мәселелердің талқылану жағдайы, маңызы жөнінде айтқан төмендегідей пікірін келтіре кету артық болмас. Ол: «Кеңестердің 5-Күлліқазақ съезі жақсы өтті, республиканың негізгі халқын өз тарихи деңгейіне көтеріп, ұлттық мемлекеттілікті шын мәнінде, күллі бергі нышан, атрибутымен орнық­тыруды көздейтін маңызды қарар­лар қабылданды. Алайда, олардың бір­­қатарын, әсіресе, ел-жұртты жерге ор­наластыру халқындағы  аса маңызды шешімді орталық билік орындатпады» деген баға береді. Бұған сол кез­дегі қазақтың саяси элитасының «сейфуллинщина», «смагуловщина», «кожа­новщина», «мендешевщина» деген секілді түрлі ағымдарға бөлініп, жікшіл­дікке жол беруі басты себеп болатын. Өзара саяси бірлікке қол жеткізе алмаған­дықтан да қазақ республикасын басқаруға Мәскеудегі Орталық Ко­митеттің ше­шімімен қандықол Ф.Голо­щекин бекітілген еді. Сол сияқты Л.Мирзоян да алаш қайраткерлерін ату жазасына кесу үшін Сталиннен қосымша квота сұрап, қазақ қайраткерлерін қан жоса еткені белгілі. Бұл ұлт тарихында осылайша жиі көрініс табатын алауыздықтың салдары деп ойлаймыз.

Нұрлыбек Мыңжас,

тарих ғылымдарының  кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<