Осыдан 20 жыл бұрын Қорқыт ата атындағы университет профессорлары А.Айдосов пен М.Кереевтің, мемлекет және қоғам қайраткері Ы.Қалиевтің «Қызылорда» атты жинағы жарыққа шыққан. Кітапқа университет ғалымдары жинақтаған Санкт-Петербург, Орынбор, Алматы, Ташкент, Қызылорда архивтеріндегі құжаттар мен музейлердегі деректі материалдар пайдаланылған.
Біз бүгін осы кітаптағы «Қазақстан астанасының Орынбордан Ақмешітке көшірілуі» атты тарауын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Түркістан республикасын ұлттық белгілері бойынша бөлу қажеттігі туындады. Түркістан АКСР 1918 жылы құрылып, Кеңес ұлттық мемлекетінің Орта Азиядағы негізін қалаған болатын. Осы уақытта Бұқара және Хорезм халық республикалары қалыптасқан еді. Бірақ бірде-бір республика халықтың құрамы жағынан өздерін ұлт республикасы деп атай алмайтын. Олардың барлығы өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік және қарақалпақ халықтарының ұлттық мемлекетін құру үшін негіз қалайтын көшпелі тұрпаттағы республикалар болатын.
Осындай процестер 1920 жылы құрылған Қазақ АКСР-інде жүріп жатты. Әкімшілік-аумақтық жағынан ол Орал, Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей, Ақмола, Семей және Адай аудандарына бөлінді. Жетісу және Сырдария облыстарының қазақ аудандары, оның ішінде Перовск және Қазалы уездері Түркістан АКСР-інің құрамында қалды. Орта Азияның ұлттық-аумақтық шекарасын межелеу туралы мәселе 1924 жылдан талдана бастады. Сол жылдың наурыз айында Ташкентте арнайы кеңес өткізілді. Онда Түркістан Коммунистік партиясы өлкелік комитетінің хатшысы А.Рахымбеков баяндама жасады. Кеңеске қатысушылар Түркістанның ұлттық-аумақтық межеленуін қызу қолдады.
Ұлттық межелеу туралы мәселені талқылау республикаларда одан әрі жалғасты. Түркістан АКСР-ін ұлттық-аумақтық межелеуді бүкіл халық болып талқылау барысында қарақалпақ еңбекшілері Хорезм Республикасы Ходжейлі облысының қарақалпақтарымен қосылуға, Қазақ АКСР-інің құрамында Қарақалпақ Автономиялы облысын құруға тілек білдірді.
1925 жылдың басында Төрткөлде болған Қарақалпақ Автономиялық облысы кеңестерінің І съезінде қожалық құрылысы және жергілікті кеңес аппараты жұмыстарын жақсарту, басқа мәселелер қарады. Қарақалпақ Автономиялық облысына Төрткөл, Шымбай, Ходжейлі және Қоңырат округтері кірді. Осы съезде Қызылорда қаласында болатын Бүкілқазақстандық кеңестердің V съезіне 40 адамнан тұратын делегат сайланды. Олардың ішінде А.Досназаров, И.Бегімбетов, Қ.Әуезов, Ж.Аташев, Ә.Құдабаев және басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері бар еді.
Межелеу нәтижесінде Қазақстанға Перовск, Қазалы, Түркістан, Шымкент уездері, Әулиеата уезінің бірқатар бөлігі, Сырдария облысының Ташкент және Мырзашөл уездерінің бір бөлігі, Самарқан облысы уезінің алты көшпелі болысы қарады. Жетісу облысынан Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Бішкек уезінен Георгиев, Шу, Қарақұм облыстары қосылды. Осының нәтижесінде Қазақстан аумағы үштен біріндей кеңейіп, 2,7 миллион шаршы шақырымға, ал халқы 5230 мың адамға жетті, қазақтар тұңғыш рет республика халқының 61,3 пайызын құрады. Осы кезеңде Орта Азия республикаларының ұлттық-аумақтық жағынан бөлінуі мен қазақ жерлерінің бірігуіне байланысты 1924 жылы болған қайта сайлаулар үлкен бұрмалаушылық жағдайда өткізілді. Сайлау өткізілмей-ақ кеңес мүшелері жалпы жиналыстарда тағайындалды. Сайлаушылардың барлығы бірдей сайлауға қатыспады. Әйелдер, әсіресе қазақ әйелдері сайлауға тартылмады. Аз ұлттар мүлдем ұмыт қалдырылды. Кей жағдайларда өкілеттік норма туралы заң бұрмаланып, үш адамнан тұратын «Селолық атқару комитеті» дейтін құрылды. Сайлау жұмыс уақытында, қолайсыз үйлерде, екі шаруашылық ауылында бір сайлау жиналысы өткізілді. Жиналыс туралы хабар әрбір сайлаушыға жеткізілмеді.
Депутаттыққа кандидаттар ұсыну тізім бойынша әкімшілік қысыммен жүргізілді. Жиналысқа келушілер санының дәл анықталмауы, сайлау мен оның қорытындысы туралы жалған есеп беру саяси науқанға тән болды. Сондықтан көптеген губерния мен уезде бұрынғы сайлау қорытындысын дұрыс емес деп тауып, 1925 жылдың көктемінде қайта сайлау өткізілді.
Қоғамдық ұйымдардың жұмыстары біршама жандана түсті. Мысалы, Перовск комсомол ұйымы 24 комсомол ұясын біріктірді. Оларда Жастар одағының 480 мүшесі мен 165 мүшелікке кандидат есепте тұрды. Комсомол мүшелерінің басым көпшілігі білімі төмен, ал олардың жартысы мүлдем сауатсыз еді. Перовск қаласы комсомол ұйымдарының бастамасы бойынша 5 комсомол клубы, 7 саяси клуб, 2 драма үйірмесі, 2 спорт секциясы ұйымдастырылды. Комсомол 270 баланы қамтыған 5 пионерлер отрядын құрды.
Қазақстанға бай экономикалық ресурстары бар жерлердің қосылуы, малдың көп болуы, оның өндіргіш күштерін дамытуға қолайлы жағдай туғызды. Мысалы, Қазақ АССР-інің құрамына енген тек Қазалы уезінде бай балық өнеркәсіп базасы, Арал теңізі, Сырдария өзенінің көп бөлігі, 46 ірі көл, жүзден астам жергілікті маңыздағы көл болды.
Сөйте тұра, Арал теңізі аймағы мен Сырдария өзені РСФСР Халық комиссарлары кеңесінің қарауында қалып, балық инспекциясы мен бақылау инспекциясы арқылы басқарылды. Олар бар болғаны балық аулау үшін билет сатумен қанағаттанды. Маусым бойы әрқайсысы 15 сомнан небәрі 160 билет сатылды. Арал мен Сырдарияны республикалық балық аулау базасына айналдыру мақсатында Қазалы уездік атқару комитеті Қазақ өкіметіне балық саласын өз қолына алуға немесе өз байлығын жергілікті өнеркәсіп арқылы игеру үшін оны тікелей уездік атқару комитетіне беруге ұсыныс жасады. Атап айтқанда, республика үкіметіне мынадай шараларды жүзеге асыру жөнінде нақты ұсыныстар жасалды:
1. Егер аудан РСФСР құзырында қалатын болса, онда күллі өнеркәсіпке зиян келтіріледі.
2. Егер ол Қазалы уездік атқару комитетіне немесе республика қарауына беріліп, табыстың 50 проценті жергілікті бюджетке аударылса, болашақта одан мынадай нәтижелер күтіледі:
– таяудағы екі жыл ішінде балық өндіру көлемін 1200 вагонға дейін жеткізуге болады;
– учаскелер мен көптеген артельдерді жеке балық аулаушыларға жалға беріп, ол үшін олардан ауланған балықтың 25 процентін алу республикаға бір маусымда 250 вагон балық алуға мүмкіншілік туғызады;
– сазанның, қаяздың, шортанның бір пұтына қазір белгіленіп жүрген 3 сом 20 тиын орнына нарықтық баға белгіленуі қажет.
3. Қазалы уездік атқару комитетінің есебі бойынша табыс молайып, ол 400 мың сомға жетуі тиіс. Бұл жергілікті бюджетке және республикаға 200 мың сомнан астам қаржы түсіреді, ал, РСФСР Жер Халық Комиссариатының кезінде ол небәрі 1200 сом болатын.
4. Тұзды көлдер Қазалы уезі үшін қосымша байлық көзі болып есептеледі. Бұл жерде 18 тұзды көл болатын, бірақ бар болғаны бір өзеннің жалға берілгені болмаса, қалғандары Ташкенттің иелігінде қала берді. Келісім-шарт үш жылға жасалып, ол бойынша әрбір ондық үшін 1 сомнан, жылына 206 ондық есебінен 300 пұт тұз өндіріліп, оның 25 процентін жергілікті жерге қалдыру, қалған 75 пұтын мемлекетке өткізу көзделді. Бұл есеп бойынша жылына уезге 37 мың пұт, осынша мөлшерде Өзбекстан республикасына қалдырылуы тиіс болатын.
5. Қазалы уезі атқару комитетінің есебі бойынша, балық өнеркәсібін тұз өнеркәсібімен біріктірген жағдайда республика өнеркәсібі мен уезд үшін де дамудың жаңа сатысына көтерілу мүмкіндігі ашылды. Нақты деректерге қарағанда, Сапақ станциясынан 3 ай ішінде 62 мың пұт тұз жөнелтілді. Акционерлер осы үшін 6820 сом қаржыға иелік жасады, ал жергілікті бюджетке 11 мың сом қаржы түсті. Бұл бір ғана көлден түскен табыс көзі екенін ескерсек, болжам шын мәнінде дұрыс екендігін дәлелдейді.
Жергілікті атқару органының мемлекет алдына қойған бұл ұсыныстары, өкінішке орай, ескерусіз қалдырылды. Оларда орталықтан басқару жаңа мемлекеттің іс тәжірибесінде тұрақты орын ала бастады. 1925 жылдың сәуірінде Қырғыз өлкелік комитеті, Түркістан және Сырдария губерниялық комитеті мен Жетісу ұйымдарының қатысуымен ІІ ұйымдастыру бюросының мәжілісі болып өтті. Онда Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік бөлінісі мен қазақ жерлерінің бірігуінің қорытындысына арналған мәселе қаралды. РК(б) Орта Азиялық бюросының мүшесі, Түркістан обкомының хатшысы С.Асфендияров баяндама жасап, ол: «Қырғыз АКСР-інің (Қазақ. – ред.) мүддесі толығымен қорғалды, бірақ біз көптеген мәселелер бойынша өзіміздің айрықша пікірімізде қалдық. Даулы мәселелерді Москва шешетін болды. Бөлінуге байланысты бізге тиісті нақты капитал Өзбекстанда қалып, осы уақытқа дейін қолымызға тиген жоқ. Жалғыз ғана мәселе бойынша таяу уақытта есеп айырысу аяқталып, Қазақстан мен Қарақалпақстан үлесі үшін 213 463 сом 44 тиын қаралған. Алдын ала жасалған баланс бойынша «Средазхлеб» мекемесінен алатын Қазақстан үлесі 110 мың сом. Ауыл шаруашылығы халық комиссариатының берешегі 99 мың сом. 1921-1922 жылдары құрылған Түркістан республикасы бойынша есептелген 4 миллион қарыз мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр» деп нақты жағдайдан мағлұмат берді.
Перовск және Қазалы уездері сексеуіл, қамыс, басқа да өсімдіктерге өте бай өлке болатын. Бірақ осы байлықтың барлығы «Барсакелмес» және «Возрождение» аралдарын қосқанда Түркістан дайындау министрлігінің қарауында қала берді. 1924-1925 жылдары Түркістан орталық атқару комитетінің тапсырмасы бойынша 500 мың пұт сексеуіл дайындалып, жөнелтілді. Перовск және Қазалы уездерінің мал саны көп болғанына қарамастан, оларға мал дәрігерлік бақылау Ташкент тарапынан жүргізілді. Орта Азияның бөлінуі және қазақ жерлерінің бірігуі барысында болыстар ірілендірілді.
Қазақ АССР РСФСР-дің құрамында қала отырып, орыс пен қазақ халқының арасында жаңа сапалық қатынастар орнықты. Ұлттық-аумақтық қайта бөлу кезінде Орынбор губерниясы РСФСР құрамына енді.
Қазақ жерінің бірігуі, біртұтас мемлекет құру Қазақстан астанасын Орынбордан көшіру міндетін алға қойды. Мемлекеттік комиссия астана ретінде Ақтөбе, Ақмола, Шымкент, Әулиеата, Ақмешіт қалаларын атады. Бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында республика астанасы ретінде Ташкент қаласы да ауызға алынды.
Республиканың астанасына Ақмешіт қаласы ұсынылғанда, ең басты дәлел ретінде онда Орынборға қарағанда қазақтардың көп тұратыны тілге тиек етілді. Орынбор-Ташкент теміржолы республиканың жаңа астанасын Ресей орталығымен, Қазақстанның батыс, оңтүстік аудандарымен және Орта Азия республикаларымен байланыстыратын еді. Оның үстіне Ақмешіт болашағы үлкен үміт күттіретін суармалы егістің орталығына орналасты. Бүгінгі көзқарасқа қарағанда республика басшылары С.Қожанов, С.Сәдуақасов астананы көшіру мәселесіне ұлттық мүдде тұрғысынан келген деген деректер бар.
(Жалғасы бар)





