Саяси қуғын-сүргін қазақ халқының тарихындағы ең қасіретті кезең саналады. Қаншама мыңдаған адам сияқты менің де туған-туыстарымды жүк вагонына тиеген күйі Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударды.
«Қазақстан. КСРО-дағы 1917-1991 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы толық деректер базасы» сайтында Ким Моисей Семенович жайында ақпарат бар. Ол маған немере туыс (әжем Ким Татьяна Семеновнаның туған ағасы) болып келеді, 1906 жылы Қиыр Шығыс өлкесі Покровский ауданының Синельников ауылында дүниеге келген.
М.Ким 1927 жылы Иосиф Уншлихт атындағы Мәскеу жаяу әскер мектебінің курсанты атанған. Оқуды бітірген соң 1930 жылдың 15 шілдесі мен 1937 жылдың 1 ақпаны аралығында Қызыл әскердің жұмысшы-шаруа ротасында взвод командирі болды. Соңғы жұмыс орны – 147-атқыштар полкінде (Мәскеу қаласы) зениттік рота командирі. Ол 1932 жылдың 27 наурызынан 1935 жылға дейін Бүкілодақтық коммунистік большевиктер партиясының (БК(б)П) мүшесі болды. Өз сөзінде Кремльдің күзет гарнизонында қызмет еткенін, жөнелтілім орнында кремльдік аурухананың бұрынғы дәрігерін кездестіргенін, ол лагерьде өмірін сақтап қалғанын айтқан.
Моисей 1937 жылы сәуірде тұтқындалып, «тыңшылық және контрабандалық қызметі» үшін РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-6-бабымен 5 жыл мерзімін еңбекпен түзеу лагерінде өтеуге сотталды. Ол 1937 жылдың сәуірінен маусымына дейін «қатты соққыдан қабырғасы түгел сынып, тісі түсіп қалғанын» еске алған. Есінен танып қалғанда үстіне су құйып, өз-өзіне келгесін ұрып-соғуды жалғастырған. «Жапонияға тыңшылық жасады» деп айыптамақ болған. Айыпты мойындаса, атып тастайтынын, егер бар азапты көтеріп, мойындамаса, атып өлтірмеуі мүмкін екенін түсінген. Өзіне тағылған айыпты мойындамағасын, нақақтан-нақақ бес жылға лагерьге жіберілді. Бірақ ақыр соңында бұл мерзім 19 жылға созылды.
Ол 1956 жылы 10 сәуірде босатылып, сол жылдың 15 қазанында ақталды. Мәскеу әскери округі әскери трибуналының анықтамасымен, КСРО ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) жанындағы ерекше жиналыстың 1937 жылғы 14 шілдедегі қаулысымен М.Кимге қатысты іс жойылып, қылмыстық құрамның болмауына байланысты өндірістен қысқартылды.
Туыстары мен жақындары 19 жыл бойы оның өлі-тірісінен бейхабар болды. 1957 жылы ол ғайыптан пайда болды. Ұзақ жылдан кейін ағасынан хат алғанда әжем есінен танып қалған. Мектептен үйге оралған балалары үстінен түсіп, соның арқасында өз-өзіне келген. Моисейдің айтуынша, ақталып шыққасын оған Мәскеуге оралуды ұсынып, атағы мен үй-жайы қайтарылатынын жеткізген. Бірақ ол мұның бәрінен бас тартқан. Біз, туыстары ол 1959 жылы Қазақстанда, Үштөбе қаласында ауырып қайтыс болды деп болжаймыз. Жерленген орнын әлі іздестіріп жатырмыз.
1937 жылғы корейлерді жер аудару тарихы Қиыр Шығыстан көшіру ғана емес, бұл – сонымен қатар бейтаныс қазақ өлкесіне, жаңа ортаға, жаңа өмірге бейімделу кезеңі.
Жұбайым Ким Трофим Петровичтің отбасы жер аударылғаннан кейін Шиелі ауданына қоныстанды. «Кызылординские вести» газетінде жазылғандай, 1937 жылы Шиелі ауданына корей отбасылар көшірілді. Олардың қоныс аударуымен бірге жергілікті халық егін шаруашылығымен айналыса бастады. Бар ауыртпалықты қазақ отбасыларымен бірге көтеріп, болашақты бірге құрып, елдің дамуына үлес қосты.
Жолдасымның әкесі Ким Хи Хак (1908-1978) 1941 жылдан бастап Шиелі ауданының «Октябрь жолы» колхозында, 1945-1958 жылдар аралығында «Гигант» (қазіргі «Ақмая» ауылдық округі) колхозының күріш өсіретін звеносында еңбек етті. Осы орайда «Ақмаядан» 16 Социалистік Еңбек Ері шыққанын атап өтуге тиіспіз. Соның бірі – Ким Хи Хак. 1950 жылы ол күріш шаруашылығындағы жоғарғы көрсеткіші үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағын алды.
Ол еңбек еткен күріш өсіру звеносы 1949 жылы 5,1 гектар аумақтан гектарына орташа есеппен гектарынан 80 центнерден өнім жинады. Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысып, күміс және қола медаль иеленді. 1959 жылдан бастап Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал колхозында звено жетекшісі болды.
Арада талай уақыт өтті. Бүгінде 1937 жылы жер аударылған корейлердің балалары да, немере-шөберелері де есейді. Олар қиын-қыстау кезеңде аяққа тұруға көмектескен қазақ халқының қонақжайлылығы мен мейірімділігін тебіреніп еске алады. «Қазақтың пейілі қандай болса, дастарқаны да сондай кең» дейді бәрі бірауыздан.
Ирина КИМ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<