Қазақтың құт мекені

315

0

Қызылорда облысының 70, Қызылорда қаласының 190 жылдық мерекесіне орай жарық көрген «Алаштың Ақмешіті» атты кітапта қалың қатпарлы тарихтың куәгері болған қаланың өткені туралы мол мағлұмат жинақталған. Бүгін сол кітаптың «Астана болған Ақмешіт» атты тарауынан үзінді жариялап отырмыз.

Патшаны тақтан тайдырған боль­­­шевиктер ұлттар мәселесіне ба­са на­зар аударуға тырысты. 1918 жы­лы қа­был­данған тұңғыш Консти­ту­­ция­да әр халықтың дербестігі сақ­та­­латыны негізі ұстаным ретінде қа­­рас­тырылған. Алайда кейінгі та­ри­хи тәжірибе көрсеткендей, ұлт­тар­­дың өзін-өзі басқару және қажет жағ­дайда Одақ құрамынан шығу құ­қығы сөз жүзінде ғана қалып, ке­ңестік саяси билік бір орталыққа шо­ғырланды. Сол жылдың 20-30 сәуір аралығында Ташкент қаласында Түр­кістан кеңестерінің төтенше съезі шақырылды. Съезд РСФСР құрамында Кеңестік социалистік Түркістан ав­то­номиясының құрылғанын жа­рия­лады. Автономия құрамына қазіргі Қы­зылорда облысы да енді.

Жаңа үкімет орнасымен ел ішінде азамат соғысы етек алды. Тұтас бір мемлекеттің басына төнген зоба­лаң­ның жалғыз-ақ жауабы бар еді. «Төң­керіс қантөгіссіз болмайды!» Кеңес үкіметінің алғашқы аяқ алысындағы ағаттықтарды жуып-шаю үшін ай­тыл­ған осы сөз кейін колхоздастыру, «халық жауларын» әшкерелеу секілді үлкен саяси науқан кездерінде тағы қайталанды.

1920 жылдың тамызында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Жаңа респуб­лика құрамына Орал, Орынбор, Қоста­най, Бөкей, Ақмола, Семей және Адай аудандары енгізіліп, Қазалы мен Пе­ровск уездері Түркістан АССР-інде қалып қойды. Түркі халықтарының бас біріктіруін қаламаған орталық ұлт мәселесін оңтайлы шешу деген же­леумен АССР аясындағы өзбек, тәжік, түрікмен халықтарын өз алдына бөлек республика жасады.

Бұл өзгеріске қазақ қайраткерлері, әсіресе, Сұлтанбек Қожанов жан-тәнімен қарсы болды. Түркі дүниесін дүр сілкіндірген бұл өзгерістің бары­сында талас-тартыс, қарама-қайшылық көп кездесті. Бөліну мен бірігу про­цестері қым-қиғаш жүріп жатты. Та­рихы мен тағдыры жақын ұлттардың арасына сына қағылды. 1924 жылғы 10 наурызда Ташкентте өткізілген ке­ңесте Түркістан КП ор­талық ко­митетінің хатшысы А.Ра­хым­­баев «Түр­кістанның ұлттық-тер­риториялық ме­желенуі туралы» деген тақырыпта баяндама жасап, Орта Азияны ұлт республикаларына жік­теуді бірден-бір дұрыс жол деп бағалады. Оны Н.Ай­тақов, Қ.Атабаев се­кілді қайраткерлер сөйлеген сөзде­рін­де қолдады. Ал Ортаазиялық эко­­­но­­микалық кеңестің төрағасы М.Пас­­куц­ский мен Сұлтанбек Қожан­ұлы екеуі межелену ісін мақұлдамады. Олар экономи­калық және саяси-әкім­шілік жағынан біртұтас Орта Азия фе­дерациясын құруды жақтады. Сұл­танбек «түркі тайпалары бірыңғай түр­кі тектес халықтарды құраған», «олар­ды жасанды түрде айыруға болмайды» деп дәлелдеп бақты. Бірақ Паскуцский мен Қожанұлының жоспарлары жүзеге аспай, қолдаусыз қалдырылды. Орта Азия республикаларын межелеу жө­ніндегі территориялық комиссияның 1924 жылғы 17 тамыздағы пленумында да, одан кейін Түркістан республика басшы ұйымдарының сол жылғы 14 қыркүйекте болған біріккен пле­нумында да Сұлтанбектің Орта Азия федерациясы туралы талап-тілектеріне тойтарыс берілді. Кейінгі басқосуда РК(б)П ОК Орта Азия бюросының пікірін білдірген ТКП орталық коми­тетінің хатшысы И.Варейкис: «Қазір жұрттың бәрінің көңіл-күйі бірігуге емес, бөлінуге бейім тұр» деп кесіп тас­тады. Сөз жоқ, мұнан кейін Сұл­танбек Қожанұлы қайраткер ретінде, ең алдымен, өз жұртының жайын қам­дап, жоғын түгендеуді қолға алды. Ол сол тұста жазылған «Дау тоқтап, іс басталсын!» атты мақаласында: «Осы күнге дейін бір болып келген, шаруа жа­ғынан жігі ашылмаған Түркістан енді тозып, төрт-бес мемлекет болып отыр. Басқалар Орта Азия шаруа бірлігін жасап, бірден бөлініп кетпестен, шар­уа істерін бір жөнмен жүргізбек бо­лып отырғанда, Орта Азиядан қазақ об­лыстары шықты саналып отыр. Же­тісу мен Сырдария шаруа жағынан, әлі де болса, Қазақстаннан гөрі, Орта Азия мемлекеттеріне байланысты» («Ақ жол», 1924, 14 қараша), – деп, қазақ жұр­тының әрі-сәрі күй кешіп отыр­ғаны­на қамықты.

ХХ ғасырдағы Қазақстанның тұң­ғыш астанасы Орынбор қаласы болға­ны тарихтан белгілі. Ұлт мәселесін ұдайы талқылап отырған кеңестік билік Бү­кілресейлік жұмысшы-шаруа қызыл армия депутаттарының ХІІ съезінде республиканың орталық қаласын қазақ жерінің ішкі аймақтарына ауыстыру мәселесін көтерген-ді. Астананы анық­­тау жөнінде құрылған арнаулы ко­миссия Қазақ Автономиялық Ке­ңес­тік Республикасының астанасы болуға лайық қалалар қатарында Ақ­мола, Әулиеата, Шымкент, Ақтөбе, Ақмешіт қалалары аталды. Бірінші Сырдария губерниялық партия кон­ференциясында Қазақстанның астана­сы ұлттың ежелгі қонысы – Ташкент қаласы болсын деген ұсыныстар да делегаттар тарапынан көп айтылды.

Астананы Сыр бойына көшірудің тарихи негізі де болды. Ежелден қазақ ұлты үшін Сарысу мен Шу өзендерінің атырабы, Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойы атақоныс, өр­кениет ошағы болып келген-ді. Орта­ғасырлардағы оғыз мемлекетінің аста­насы Жанкент, Ақ Орда мемлекетінің орталығы Сығанақ та осы өлкеде орын тепкен. Жібек жолы бойымен жүріп өтетін трансұлттық сауда кер­уен жолдары да Сырдың бойында тоғысатын. Әрі қарай сауда керуендері Ақмешіт маңынан Торғай, Орал, Ембі өзендері арқылы теріскей-батысқа жол тартса, келесі тармағы Тобыл мен Ертісті бойлай теріскейге, Шу бо­йымен Балқаш көлін басып шығыс ба­ғытқа қарай өтетін. Ең басты се­беп, тарихтың көне парақтарында таң­ба­ланған Ақмешіт қазақылықтың қай­мағы бұзылмаған құт мекен еді.

Тарихи қисыны қиысып тұрға­нымен Ақмешіттің астана болуына да Алашшыл һәм аршыл азамат Сұл­танбек Қожанов қыруар еңбек сіңірді.

Ол 1924 жылғы қазанның 11-ін­де өткен РК(б)П ОК саяси бюро­сы­ның мәжілісінде (бұл жиынға Қа­зақ­станнан С.Меңдешов те қатыс­қан) Қазақ­станның КСРО құра­мына шарт­тық негізде кіргізілуін және Қа­зөл­кекомның Қазақстан ком­му­­нис­тік партиясы болып өзгер­тілуін ұсы­ныс етіп енгізіпті. Бірақ мәжі­лісте мы­на мазмұндағы қаулы қабыл­дан­ды: «Қырғыз (Қазақ) республи­касы­ның КСРО құрамына шарттық негізде кіргізілуіне қарсылық жоқ бол­ға­нымен, бұл мәселенің іс жүзін­дегі шешімін Қырғыз (Қазақ) рес­публикасының жаңа бастамалар мен жаңа шекаралар жағдайында жұмыс тәжірибесі айқындалғанға дейін ше­гере тұру қажет деп саналсын және Қазобкомға кеңес органдары арқы­лы осыған сәйкес қаулыны өткізу ұсы­нылсын. Қазобкомға бұл мәселені пар­тия ұйымдарында да, партияда жоқ бұ­­қараның арасында да әрі қарай тал­­қылауға жол бермеу жүктелсін. Аталған мәселенің РК(б)П ОК-нің алдын ала мақұлдауынсыз кеңес жолы арқылы талқыға түсуі мен шешілуіне мүлде тыйым салынатынын ескере отырып, бұл істің кеңес бағыты бойынша қалай өріс алып кеткені тексерілсін және кінәлілер партиялық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылсын. Тап осы мезгілде РК(б)П-ның Қырғыз (Қазақ) ұйымының атын Қырғыз (Қа­зақ) коммунистік партиясы деп өзгерту қисынсыз деп табылсын».

Осының бәріне қарамастан, 1924 жылғы 27 қарашада Сұлтанбек Қо­жанұлы Қазобкомның, ал 1925 жыл­ғы 19 ақпанда Қазөлкекомның жа­уап­ты хатшысы (республикадағы екін­ші дәрежелі лауазым) болып таға­йын­далды. Ұлт қайраткерінің сол кез­дегі бір үлкен еңбегі – астананың Ақ­мешітке көшуіне мұрындық болуы. Ол Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұр­ған уақытында – 1922 жылғы 12 сәуірде арнайы қаулы шығарып, өзі тарихи атауын қайтарып берген Ақ­мешіт қаласын ел кіндігі етуге күш салды. «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ ұлт мем­ле­кетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қа­мына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын», деп жазды. Ол өз заманы үшін ең тиімді көрінген осы ойларын мәжіліс мінберлерінен сөйлеген сөз­де­рінде де, баспасөз беттерінде де қайта-қайта қозғады. Сұлтанбектің бұл пікірі қылп еткенді қағып түсер тар заман қалыбына сыймас үлкен ерлік еді.

Сұлтанбектің осындай қайраткерлі­гінің арқасында астана Ақмешітке ауысты. Бақалықопада бой көтерген қала осылайша Қазақ елінің астанасы атанды. Қазақ ордасы атанғанмен ор­мандай орыс ортасы Орынбордан Ақ­мешіттің айырмашылығын Қожа­нов­тан асырып айтамыз деу айып болар. Ұлтының бағына туған аза­маттың ар­қасында қазақтың қай­мағы ұйыған Қы­зылорда қаласы ба­қандай төрт жыл ел ордасы атанды. Қазақ үшін қай бай­тағының да бағасы бөлек, әйтсе де Алатау баурайындағы Алматы мен Арқа төсіндегі Астананың алдын­да Ақ­мешіт тұрғанын әсте естен шығар­мауымыз керек.

1925 жылғы 15-19 сәуір аралығында Қазақ кеңестерінің V съезі болып өт­ті. Оған төрағалық еткен Сұлтанбек Қожанұлы күн тәртібіне екі мәселе енгізді де, біріншіден, делегаттардың бірауызды шешімімен ұлтымыздың «қазақ» деген шын атауы қайтарылды, екіншіден, сол кісінің ұсынысы бо­йынша Ақмешіт қаласының аты «Қы­зылорда» болып өзгертілді.

 Осы жылдары қала халқының саны 22 мыңға жетті. Алаш қайраткерлері жаңа астанада қоғамдық-саяси һәм мәдени орта қалыптастыруға барын салды. Кейінірек ақын Сырбай Мәу­леновтің Алаштың Ақмешіті жайлы «Сәкен бәтеңкесінің ізі қалған» деп жазатыны да осы кезең оқиғалары еді. Жалғыз Сәкен емес, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабиден, Ғабит секілді қаламгерлердің ұлт әдебиетінің қорын байытқан жауһар шығармаларының не­гізі осы Сыр бойында қаланды. Бас-аяғы төрт жыл ішінде жаңа ордада үл­кен рухани орта қалыптасты. Қызылор­даға елдің әр түкпірінен жиналған өнер­паздар 1926 жылы Мұхтар Әуезов­тің «Еңлік-Кебек» пьесасын тұңғыш рет сахналады. Осылайша Ақмешіт театр өнері тұңғыш шымылдық түр­ген қалаға айналды. Сол күні көрер­мен алдына шыққан Әміре, Құрман­бек, Серке, Жұмат уақыт өте келе ұлт руханиятының қабырғалы қайрат­кер­леріне айналды. Ұлттық сананы қа­лып­тастыруда төрт ғасырға бергісіз төрт жыл қисық көшелі шағын шаһарға үлкен өзгеріс әкелді.

Жаңа астананың жер жағдайы жан-жақты зерттелді. Қаланың архитек­туралық жоспарын жасау үшін білікті архитектор И.Рянгин шақырылды. Білікті маман жасаған қала халқының алдағы 40 жылғы өсу болжамы қазіргі нақты мәліметтермен сәйкес келіп тұр.

Комиссияның техникалық жағын қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхаметжан Тынышпаев бас­қарды. Ұлт зиялыларына зобалаң төн­ген жылдары жазықсыз атылып кеткен Тынышпаевтай тұлғаның қазақ тарихына қатысты да құнды мұра қал­дырғанын айта кеткеніміз орынды болар.

Астана атанған қалада жаңа өмір арнасы ашылды. Қалалық атқару ко­митеті 1925 жылы 30 мамырда бар­лық мемлекеттік мекемелерге, коо­перативтік және басқа да ұйым­дарға мөр, мөртабан, мекеме маңдайша­ла­рындағы атауын 1 ай көлемінде «Қы­зылорда» деп өзгертуді міндеттеді. Көп ұзамай Қазақстанның жаңа астанасы Қызылорданы абаттандыру жұмысы басталды.

Алғашқы жаңалықтардың қатарын­да әуе қатынасы мен байланыс жүйе­сі іске қосылды. 1926 жылы мау­сым айында аспанға тұңғыш рет Қы­­зылорданың құмды алаңынан ұшақ кө­теріліп, Мәскеу қаласына бет алды. Бұл ұшақ Қазақ Республикасының ас­танасы Қызылордадан Мәскеуге әуе жолын ашты. Бұл халыққа жа­ңалық, қуаныш болды. Екінші үл­кен оқиға сол жылы тамыз айында теміржол клубынан басталды. Осы күні қала­да тұңғыш рет радио жүйесі іске қо­сылды. Қаладағы алғашқы электр стансасы 1925 жылы салынып, келесі жылы пайдалануға берілді. Сол жылы 45 орындық қалалық аурухана, сыра зауыты, жазғы парк пен кинотеатр іске қосылып, қаланың ирригациялық жүйесі қалпына келтіріліп, ағаш егілді.

1925-1926 жылдары Қызылордада өндіріс орындары іске қосыла бастады. Кілем тоқитын фабрика, макарон жә­не кондитер өнімдерін шығаратын «Трудовик» артелі, қалаіргелік ауыл шаруашылығы коммунасы пайда бол­­ды. Білім беру институты, кеңес-пар­­тия мектебі, медицина, қаржы, кө­лік-механикалық, геоботаникалық сала мамандарын дайындайтын техни­кум­дар ашылды. Тұңғыш театрмен қа­тар «Еңбекші қазақ», «Советская степь» республикалық басылымдары шы­ға бастады.

Екі съездің арасындағы төрт  жыл Қызылорданың қалыптасу кезеңі бол­­ды. Алайда Орталық Азия мен Қа­­зақстан арасындағы саяси-эконо­ми­калық, тарихи аражіктің ажы­ра­уы­на байланысты 1927 жылдың 29 сә­уірінде Бүкілодақтық Халық Комис­сарлар Кеңесі Қазақстан астанасын Қызылордадан Алматыға көшіру тура­лы Жалпықазақстандық VІ съезінің шешімін бекітті.

Көрген көзді тойдырар Іле Алата­уының теріскей бөктерінде сонау ор­та ғасырдың басында атырабында ал­­маның иісі аңқыған Алмалық атты қала болған. ХІХ ғасырда Ал­малық­тың ежелгі қонысына орыс отар­шы­лары Верный атты әске­ри бекініс сал­ды. Ендігі астана – 1921 жылдың 14 наурызында Кеңестік Түркістан Авто­номиялық Республикасы атқару коми­тетінің шешімімен тарихи атын қайтып алған Алматы қаласы. Съезд шешімі 1929 жылдың мамыр айында ресми түрде іске асырылды.

Қазақтың құт мекені Қызылорда бұдан былай округ орталығына ай­налды.

ҒАСЫР СЫРЫН САҚТАҒАН ҒИМАРАТ

Қызылорда қаласындағы дария жағалауында орналасқан ерекше нысан – бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы саналатын Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы.

Бұл ғимарат XIX ғасырдың сәу­лет өнері дәстүрінен сыр шертеді. Күй­дірілген кірпіштен тұрғызылған, таспалы тастармен бекітілген, талай тарихи кезеңнің куәсі. 1884-1920 жыл­дары әскери казарма қызметін атқарса, кейін ұзақ жылдар бойы әскери ко­миссариаттың шақыру пункті бол­ған. Уақыт ағымымен түр­лі өзге­ріс­терді бастан өткерген ғима­рат 2005 жылы «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында қайта жаңғыр­тылып, жаңа тынысы ашыл­ды. 2005-2014 жылдары облыстық мә­дениет, тілдерді дамыту, қала құры­лысы және сәулет бас­қар­масы орналасты.

2014 жылы күрделі жөндеуден өтіп, көркемсурет галереясы ретінде есігін қайта ашты. 2019 жылы оған еліміздің әйгілі суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді. Қазір жал­пы аумағы 466,6 шаршы метр бола­тын ғимарат – өнер мен тарих тоғыс­қан қасиетті мекен. Бүгінде Қызыл­орда облыстық тарихи-мәдени мұраны қор­ғау жөніндегі мемлекеттік мекеме­сінің теңгерімінде.

Ішіне енсеңіз, өткен дәуірдің лебі еседі, әр бұрышынан тарих сыры шер­тіледі. Бірінші қабатта төрт көрме за­лы, екінші қабатта суретшілер мен қолөнершілерге арналған бес шығар­машылық шеберхана бар.

– Галереяның басты мақсаты – өнер арқылы рухани құндылықтарды насихаттау, отандық суретшілердің шығармашылығын кеңінен таныстыру және жас ұрпақты әсемдік пен ізгілікке баулу, – дейді галерея меңгерушісі Кенже Ахметова.

Мұнда түрлі бағыттағы кескіндеме, графика, мүсін және қолданбалы өнер туындыларының көрмелері ұйым­дас­тырылып, халықаралық, респуб­лика­лық және облыстық деңгейде сим­позиумдар, шеберлік сыныптары мен шығармашылық кездесулер өтеді. Ба­лаларға арналған тегін изостудия жұ­мыс істеп, бейнелеу өнерінің қыр-сы­рын үйретеді.

Галерея қорында Ә.Қастеев, Г.Хлу­дов, Г.Исмаилова, А.Ғалым­баева, С.Сен­чихин, Қ.Қожық­ов сынды қазақ бейнелеу өнері­нің саң­лақ­тары мен жергілікті қылқа­лам шеберлерінің мыңнан аса туын­дысы сақталған. Со­нымен қатар қолөнер­шілердің бұйым­дары мен ағаштан жа­салған кәде­сый­лар сатылатын арнайы бұрыш та бар.

Қызылорданың астана болғанының ғасырлық мерейтойына орай гале­рея қабырғасында «Кеме» атты жыл­жымалы көрме, «Жауһар жәдігер» бай­қауы, сондай-ақ суретші Аманкелді Кененбаевтың 70 жылдығына арнал­ған «Сырдария» отбасылық шығарма­шылық көрмесі өтті.

Алдағы уақытта жас суретші Ер­лен Дарханның «Қызыл­орда. Кеше. Бүгін» атты көрме­сі мен облыстық суретшілердің «Дәуір бейнелері» топ­тық көрмесі көпшілік назарына ұсы­нылмақ.

Тарихтың тамырынан нәр алған бұл ғимарат – Қызылорданың  мәдени мұрасы. Бұрынғы әскери казарма бүгін­де өнердің ұясына айналып, өңір­дің рухани өміріне жаңа леп, жаңа ты­ныс сыйлап отыр. Ғасыр  сырын сақ­таған ғимарат  Қызылорданың өткенін бүгінмен жалғаған алтын көпір іспетті.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»