Қазақтың тұңғыш ұшқышы

739

0

сурет ашық дереккөзден

Авиация – адамзат қоғамындағы ең жаңа саланың бірі. 1903 жылдың 17 желтоқсанында америкалық ағайынды Райттар әлемде бірінші рет ұшу аппаратымен аспанға көтеріледі. Тура 30 жылдан соң аспан әлеміне қазақтың алғашқы ұшқышы Жолдасбек Нұрымов самғаған екен.

Жолдасбек Нұрымов – Сыр елінің перзенті. 1912 жылдың ақпанында Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте жетім қалып, әкесінің інісі Қалмұхамедтің тәрбиесінде болған. Жастайынан білімге, жаңалыққа құштарлығымен ерекшеленген ол аспандағы ұшақты алғаш 1918 жылы көріпті. Осы оқиға оған қатты әсер етіп, көкірегінде ұшқыш болсам деген арман оянған.

Бір жарым жыл жергілікті молдадан оқыған ол сегіз жасында қала мектептерінің біріне түсіп, сауат ашуға кіріседі. Сабақтан бос уақытында теміржол вокзалына жиі барып, паровоздарды көріп, жұртпен әңгімелесетін. Сөйтіп, бірте-бірте орыс тілін өз бетімен үйренді.

1929 жылы ағасы Қалмұхамед қатты науқастанып, Жолдасбек теміржол депосына жұмысқа орналасады. Еңбекқор, ақылды ол жұмысты жауапкершілікпен атқарып, көп ұзамай машинист көмекшісі қызметіне ауысады. 1930 жылы КСРО Халық комиссарлар кеңесінің қаулысымен елімізде Бүкілодақтық азаматтық әуе флоты бірлестігі құрылды. Бір жылдан кейін Батайск, Тамбов, Балашов қалаларында ұшқыштар мен техниктер дайындайтын мектептер ашылды. Бұл хабарды естіген Жолдасбек оқуға жолдама аламын ба деген үмітпен Қызылорда қалалық комсомол комитетінің есігін қағады. Оған өзі қызмет еткен вокзал ұжымы да көмек көрсеткен. Осылайша ол 1931 жылы Балашов қаласындағы азаматтық авиация ұшқыштарын дайындайтын училищеге оқуға түсті. Қарапайым ауыл жігітінің көк аспанда самғасам деген арманы ақиқатқа айналды.

1933 жылы жас авиаторлардың алғашқы бітіру кеші өтті. Түлектердің ұшу шеберлігін тексерген Мәскеуден келген инспектордың ұсынысы бойынша мемлекеттік комиссия Ж.Нұрымовқа екінші дәрежелі ұшқыш біліктілігін берді. КСРО Азаматтық авиация бас басқармасының 1933 жылғы 22 қыркүйектегі бұйрығымен осы оқу орнына нұсқаушы ұшқыш болып тағайындалып, жұмыс істейді.

Отызыншы жылдардың ортасында Ж.Нұрымовтың Қазақстанға оралу мүмкіндігі болды, Алматы мен Ақтөбеде әуе флотының басқармалары құрылды. Алайда басшылық түрлі себептермен жерлесімізді туған жерге жібермей, Новосібірдегі Батыс Сібір азаматтық флот басқармасында ұшқыштық шеберлігін одан әрі шыңдады. Кейін  Петропавлға ауыстырылды. Ол жақта жаңадан 230-авиациялық отряд құрылды.

Қазақтың тұңғыш ұшқышы туралы фотосуреті бар алғашқы материал «Пропеллер» газетінде 1936 жылы 18 тамызда жарияланыпты. Ол соғысқа дейін алыс-жақын елдерді аралап, басшылардың құрметіне бөленді. 1937 жылы Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қырқыншы жылдардың басында ұшқыштың кеудесінде «300 000 шақырымды ұшып өткені үшін» деген белгі болған. Осыншама қашықтықты қысқа мерзімде бағындыру үлкен жетістік деп саналды.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Оған Ж.Нұрымов Оңтүстік-Батыс майданы құрамында әскери-көлік авиациясының командирі болып қосылды. 1942 жылдың сәуіріне дейін Киев, Харьков, Ворошиловград түбіндегі шайқастарға, Сталинградты қорғауға қатысып, кейін Волхов шебіне жіберілді. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде екі рет жараланған. Бірақ күш тауып, күресті жалғастырды. Капитан Нұрымов ол кезде отряд командирі, сонымен бірге нұсқаушы ұшқыш болды, яғни, жауынгерлік тапсырмалармен қатар, жас ұшқыштарды дайындаған.

Ұлы Отан соғысының қатысушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ибраһим Шәмшатұлы «Соқпақты өмір» атты естелігінде қызылордалық ұшқышпен 1943 жылдың қыркүйек айындағы алғашқы кездесуін суреттейді. «Айбарлы түрі Қобыланды батырды еске салды» деп жазған. Дегенмен, Ж.Нұрымов 23 орден-медаль алса да, сол кездегі солақай саясаттың кесірінен Сыр елінің батыр ұлына «Кеңес Одағының батыры» атағы берілмеді. Жауынгерлік тапсырмалардың бірінде ауыр жараланады. Госпитальда ұзақ емделгеннен кейін, 1944 жылы екінші топтағы мүгедек ретінде Қызыл Армия қатарынан демобилизацияланады.

Одан кейін де Қызылордаға оралған жоқ. Отыз үш жастағы қайратты жігіт өзінің мүгедектігіне көндікпей, қалай болса да авиацияға қайта оралуды мақсат етіп қойды. Дәрігерлердің ұсынысымен оңалту курстарынан өтіп, денсаулығы қалпына келе бастады. 1945 жылдың аяғында Мәскеуде медициналық тексеруден сәтті өтіп, ұшуға жарамдылығы туралы куәлік алды. Ал 1946 жылы 1 ақпанда Алматы қаласында орналасқан №7 авиациялық эскадронның ЛИ-2 ұшағында ұшқыш болды.

Содан 1952 жылға дейін ұшақ тізгінінен қол үзген жоқ, отандық авиацияның дамуына үлкен үлес қосты. Бірақ уақыт өте ескі жара қайта сыр беріп, ұшуды тоқтатуға мәжбүр болды. Авиатор бірнеше жыл бойы Шымкент әуежайында диспетчер болып жұмыс істеді.

Ол 1966 жылы наурызда 54 жасында көше бұзақыларының қолынан қаза тапты. Соғысты басынан өткерген, өліммен талай мәрте бетпе-бет келген адамның өмірі мұншалықты ақылға сыймайтын жағдайда қиылғаны өкінішті. Тәжірибелі ұшқыш өмірінде он бестен астам ұшақ түрін меңгеріп, 7783 сағаттан астам ұшқан.

Ж.Нұрымов Шымкентте жерленген. Шымкент қалалық әкімдігінен хабарланғандай, оның есімі қалалық мәслихат шешімімен облыс орталығындағы көшелердің біріне берілді. Сонымен қатар, өзі тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Бірақ өкініштісі, аймағымызда Ж.Нұрымов туралы қалың жұртшылық біле бермейді. Өзінің туып-өскен жерінен де атына көше берілсе, құба-құп болар еді. Қалай болғанда да, Сыр елінің даңқты перзентін қызылордалықтар ұмытпауы керек. Оның есімі өлкеміздің тарихында мәңгі қалуы тиіс.

Уәлихан ӘШЕКОВ,

Қазақстан Республикасының Құрметті авиаторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<