Қолданыстан шыққанмен, көзге ыстық

933

0

Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған құралдарының бірі диірмен – ас арқауы бастау алар құрал. Технологияның қарыштап дамыған тұсында диірмен тасы қажеттіліктен тысқарылап қалғаны рас. Дегенмен, ата-әжелеріміздің қажеттілігін қамтамасыз еткен құралды біз ұмытпауымыз қажет.

Өскелең ұрпаққа музей арқылы тарихты ұғындыру мен олардың құндылығын насихаттап отыру міндетіміз. Өте әріге кетпей-ақ, тоқсаныншы жылдардың бас кезеңінде елде тоқырау болғаны бәріміздің есімізде. Сол уақытта әсіресе, ауылдық жерлерде диірменмен ұн, талқан тартқан отбасылар көп болғанын көзіміз көрді. Табиғи өнімнің дәмін татқанымыз әлі де есімізде. Сондықтан диірмен тасының киесі мен қасиетін өскелең ұрпаққа насихаттау – аға буын бізге тиесілі міндет.

Сөзімізге тұздық болар келесі бұйым –  келі-келсап. Халқымызбен бірге жасасып келе жатқан келінің атқарар қызметі алдыңғы айтқан диірмен тасының қызметімен ұқсас. Келі дақылды ұсақтап майдалап берсе, диірмен ұн етіп тартып шығарады. Бірі бірінсіз дәнді дайын өнімге айналдыра алмайды. Осы екі құралдың қызметіне қарап отырып осы күнгі ұн зауыттарының тұтас бір қызмет жасау механизмінің түп тамырын аңғару қиын емес шығар. Естеріңізде болса, тары түйген кезде дақыл бірден майдаланып кетпес үшін келі түбіне тұтқыш салынатын. Тұтқыш киіз қиындысынан қиып жасалып, келі түбіне салынады. Қызметі жаңа айтқандай дақылды жұмсақ күйінде қауызынан ажыратуда қолданылады. Тұтқышпен түйілген дақыл жарақатсыз әдемі күйінде пайдалануға ұсынылады. Міне, екі бірдей құралдың бір-бірімен үйлесімді қызметі осындай. Бүгінгі ұрпақ мұны да біле жүргені абзал.

Жайлауына қараша үй тіккен халықтың отау маңына сән келтірген құралдардың бірі – күбі. Күбіні жасауда дана халқымыз өте мұқияттықпен қатар астың сапасын жоғалтпауды басты назарда ұстаған. Бұл сүт өнімдерін дайындау құралы болғандықтан оны таза ағаш материалдарынан жасаған. Ағаш ыдыстағы ас көп аса бұзыла бермейтіндіктен күбіні де, астау тегештерді де малдың іш майымен майлап, таза жерде сақтаған. Күбіні қазіргі сепаратор құралының алғашқы нұсқасы десек қателеспейміз. Піспек арқылы ішіндегі қатықты шайқау тәсілімен айран дайындалады. Сонымен қатар бір мезетте сары майын айырады.

Піспек – күбі бойынан шамамен 40-50 сантиметр ұзынша келген жұмыр ағаш. Қолға ұстауға ыңғайлы, әрі жеңіл, басына крест тәріздес кесе ағаш орнатылған арнайы құрал.

Ал айран бетіне түскен сары майды реттеп алу үшін аттау деп аталатын құрал пайдаланылған. Аттау – ұршық тәріздес жіңішке ағаш басына ірі қара малдың мүйізінен кесіп орнатылған кесіндісі бар арнайы құрал. Қызметі – екі қолдың алақанымен ысқылау арқылы ыдыс ішіндегі айран бетінен майын айыру. Қарап отырсақ, осындай құралдар арқылы  сүттен жасалатын түрлі өнімдерді дайындау – түсінген жанға өз алдына бір ғылым. Халықтың ой-өресінің биіктігін, ақыл-ой парасатының тереңде жатқанын, жан тазалығымен бірге өмір сүру дәстүріндегі тазалықтың айна қатесіздігін аңғару қиын емес.

Халқымыздың мәдениетін айшықтайтын құралдардың және бірі – шоқ үтік. Хан-қаралар, би-болыстар, ақын-жыраулар, бір ауызбен айтқанда дала данышпандары ұлттық мәдениеттің айнасы болды. Азаматы зерлі шапан,  қамқа тон киген, әйелдері келісті кимешек пен оқа зерлеп, қамзол жамылған халықтың мәдениетін өзге жұрттан төмен санай алмаймыз. Күнделікті тұрмыс-тіршілігінде шоқ үтікті көп пайдаланған. Шоқ үтік сол дәуірдегі темір ұсталарының қолынан шыққан. Үстіңгі беті ашылып, ішіне сексеуіл шоғын салып қыздыру арқылы киімдерін сәнге келтірген. Шоқ үтіктің де түр-түрі болғаны бізге мәлім. Біріншісі – таза темір металдан құйылған үтік болса, бертін келе ұсталар оны екі ашпалы, ішіне шоқ салу арқылы қызатын етіп жетілдірген түрін ойлап тапты. Ал құйма үтік жанып тұрған отқа қою арқылы қыздырылып пайдаланылды. Екі ашпалы шоқ үтіктің өзін жасауда ұсталар ішіндегі шоқ ұзақ уақыт жанып тұруы үшін жанынан ауа кіретін арнайы тесіктер қалдырған. Міне, осындай ой-өре биігіндегі халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі тұрмыстық бұйымдарды ұлттың құндылығы деуге толық негіз бар.

Ақзира Сармантай,

Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<