Қазіргі кезеңдегі ұлтымыздың төл тарихына деген ынтасының өсуі – заңды құбылыс. Отандық тарих ғылымы еліміздің тәуелсіздігімен бірге келген терең түбегейлі өзгерістер мен жаңаруларды басынан өткеруде. Бүгінде қазақ тарихы Түркі өркениетінің ажырамас бөлігі ретінде зерттеліп, дала тарихындағы көшпелілердің орны айқындала түсуде.
Сонымен бірге ол – халқымыздың материалдық мәдениетінің маңызды айғағы. Қолжазбалардың құндылығы хатқа түскен шығарманың мәнділігімен, бағалылығымен шектелмейді, олардан көптеген мәлімет, құнды деректер алуға болады. Халықтың ұлылығын, даналығын, тарихын танытатын көне мұралардың бірі де бірегейі ол – қолжазба деректері.
Жоғарыда аталған руханияттық қызметті жалғастыруда Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығын ерекше атап өтуімізге болады. Еліміздің ерте тарихынан сыр шертетін қолжазбалар мен сирек кітаптар мұрасын жинақтап, ғылыми айналымға енгізуді мақсат еткен орталық 2017 жылы ашылған. Бұл – Қазақстандағы және шетелдердегі еліміздің тарихына қатысы бар құнды жазба деректерді бір орталыққа жинау, сақтау, зерттеу, аудару және ғылыми айналымға қосу арқылы болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында ашылған тұңғыш орталық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев (ол кезде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы) орталық ашылған жылы арнайы келіп, жинақталған құнды мұралармен танысты. Көнеден келе жатқан рухани мұраларымызды көріп, атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірді. «Болашақта ұлтымыздың асыл мұраларын өз деңгейінде сақтап, келер ұрпаққа жеткізер жолда атқарар еңбектеріңіз орасан» деп орталық жұмысына сәттілік тілеген болатын.
Ұлттық орталықтың қорында тоғыз мыңнан астам сирек мұра сақтаулы. Солардың ішінде, Әс-Сарахсидің (Қарахан дәуірінің тұлғасы, XII ғасыр), Қожа Ахмет Яссауидің (сопылық поэзияның негізін салушы, XII ғасыр), Әлішер Науаидың (өзбек халқының ұлы ақыны, ойшыл, XV ғасыр), Шахабуддин Маржанидың (XIX ғасырдың белгілі татар ғалымы) араб, парсы және шағатай тілдерінде жарық көрген XIX-XX ғасырға тиесілі қайта көшірілген қолжазбалары баршылық.
Мұнда өз саласының білікті мамандары жұмыс істейді. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының докторлары, араб ғалымдары, көне тілдегі лингвистер, реставрация бойынша үздік мамандар (шетелдік жетекші орталықтарда білім алған). Ұлттық орталық халықаралық аренада өз беделін қалыптастырды. Оның базасында саланы сақтауға және насихаттауға бағытталған ғылыми іс-шаралар (конференциялар, дөңгелек үстелдер, көрмелер, семинарлар, шеберлік сабақтары, материалдарды жариялау және т.б.) өткізіледі. Орталықта 5 бөлім жұмыс атқарады: ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімі, реставрация және консервация бөлімі, есепке алу, сақтау, көрме және оқу залдарының жұмыстарын ұйымдастыру бөлімі, жариялау-баспа бөлімі, әкімшілік-қаржылық бөлім.
Реставрация және консервация бөлімі көне қолжазбалар мен сирек кітаптарға тазалау, дезинфекция және дезинсекция, қалпына келтіру, түптеу, консервация жұмыстарын атқарады. Зертхана жұмысы 2018 жылы 15 қарашадан бастау алды. АҚШ, Ұлыбритания, Корея, Италия, Жапония, Алмания сияқты мемлекеттерде шығарылған озық технологиямен жабдықталды. Соның нәтижесінде Астанада алғаш рет жазба құжаттарды қалпына келтіру зертханасы жабдықталып, іске қосылды. Реставраторлар заманауи материалдарды пайдалана отырып, қағаз құжаттарға реставрация жұмыстарын жүргізеді. Мұнда қолданылатын материалдар да шетелдерден алынады. Мысал ретінде айтар болсақ, реставрацияға арнайы жапон қағазы Жапон елінен әкелінеді. Метилцеллюлоза деп аталатын желім Алманиядан, кітап түптейтін тері мен форзац қағаздары Италиядан, қылқаламдар Франциядан, тіпті картонның өзі Голландиядан алынады. Бұл жұмысты сапалы орындауға және қағазға жасалған реставрацияның ұзақ уақытқа шыдамды болуына кепілдік береді.
Бүгінде зертхана реставрация және консервация жұмыстарының толық циклын атқара алады. Қызметкерлер қазақстандық және халықаралық ұйымдарда біліктілік көтеріп, конференциялар мен семинарларға әрдайым қатысып, баяндама жасайды. Осы қысқа мерзім ішінде мамандар қазақстандық және шетелдік кітапханалар мен архивтерде қалпына келтіру бойынша біліктілік көтерді. Қазір олар кітапты қалпына келтірудің толық циклын жасап шыға алады. Мамандар Түркия, Ресей, Иран, Армения, Кореядан алған білім мен тәжірибесін отандық әріптестеріне де бөлісуде. Осы бағытқа арналған «Қазақстандағы жазба мұралардың реставрациясы және сақтау мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинары екі жылдан бері өткізіліп келеді. Семинарға республикалық және халықаралық ұйымдардың мамандары қатысады.
Қордағы арабографиялық қолжазбалар мен сирек кітаптардың әлемдік ғылыми стандартына сай жасалған «Каталог книжного собрания на арабском шрифте фонда Национального центра рукописей и редких книг» атаулы басылымы жарыққа шықты. Бұл жоба ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығымен (Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Түркия) бірлесіп жүзеге асырылды. Каталогты Қазақстандағы сирек қорларды сақтайтын ұйымдар, сала мамандары, шығыстанушылар, тарихшылар, зерттеушілер жұмыс барысында көмекші құрал ретінде пайдалануына болады.
Ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері қорға Қазақстан тарихына қатысты жазба мұраларды жинақтау барысында іздеп табудың әртүрлі жолдарын қарастырып, жүзеге асыруда. Қазақстан тарихына қатысты маңызды көне қолжазбалар мен сирек кітаптардың, карталардың электронды нұсқалары сақталған шетелдік мекемелерден (Франция Ұлттық кітапханасы, Британ мұражайы, Санкт-Петербургтың шығыстану қолжазбалар институты, Нидерландының Лейден кітапханасы және Германия, Түркия, Өзбекстан, Иран, Индия елдерінен) іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Мамандар араб, парсы, түркі тілдерін меңгерген. Бүгінде Қазақстан тарихына қатысты бағалы жазба деректер анықталып, кітаптардың 20-дан аса көшірмесі жасалып, орталықтың өз баспасынан басылып шықты. Бөлім мамандарының атсалысуымен «Ұлы дала мұрасы» ғылыми-танымдық журналы орталықтан шығады.
Ұлттық құндылықтардың рухани көзі болып саналатын құнды қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау, келешек ұрпаққа жетуін қамтамасыз ету – өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда 2023-2025 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары жасалған. Жоспар аясында еліміздегі сирек қорлар мен қолжазбалардың саны мен мазмұнын анықтау және сақталуын қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуы тиіс. Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің қолдауымен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы еліміздегі архив, кітапхана, музей және жеке қорларда сақтаулы аса құнды қолжазбалар мен сирек кітаптар туралы ақпараттарды бір орталыққа жинастыру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар сирек қорлардың бірыңғай мемлекеттік қор есебін құру және сирек жазба мұраларды арнайы тіркеу жүйесін (реестр) кеңінен дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Терең тарихы мен кең байтақ жері бар елімізде рухани байлық мол, оның ішіндегі ең маңыздысы – қолжазбалар мен көне сирек кітаптар.
Қазіргі басты міндет – еліміздің әрбір ірі қаласынан бастап әр шеткі ауданға дейін барлық кітапхана, музей, архив және жеке қорлар мен адамдардан тарихымызға қатысты барлық қолжазбаларды және көне кітаптарды бір орталыққа жинау. Жеке қорларда және жеке адамдардың қолында бар қолжазбалар мен көне кітаптардың түпнұсқаларын жинау (сатып алу жүйесін бекіту) жұмысын ұйымдастыру. Бұл іс-шараны ұйымдастыру Үкімет тарапынан үлкен қолдауды қажет етеді. Арнайы Жол картасы бекітіліп соған сәйкес жұмыстар атқарылуы тиіс.
Бүгінгі күнге дейін анықталмаған және қараусыз жатқан көне деректерде тарихымызға қатысты көптеген ақпарат бар, бұл – біздің өткен, қазіргі және болашағымыздың рухани байлығы мен ақиқаты.
Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы күллі түркі жұртының тарихи астанасы – Түркістан қаласында өткен еді. Құрылтайда екі күн бойы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаған қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері мен БАҚ басшылары және сарапшылар ұсыныстарын жеткізді. Нәтижесінде халыққа қажетті ұсыныстар көтеріліп, тың шешімдер қабылданғанына куә болдық.
Құрылтайда Мемлекет басшысы әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылғаны және оның елге оралғаны жайында мәлім еткен болатын. Кітап XVIII ғасырда жарық көрген. Бет саны – 744, көлемі – 6х23 сантиметр. Кітаптың ортасындағы қолжазба бетке Кенесары хан мен Марал ишанның аты-жөні жазылып, мөрі басылған. Ғалымдар Құранның бұл нұсқасы қазақ халқының тарихи жәдігері екенін растап, оның тарихи және музейлік құндылығы өте жоғары деп бағалап отыр. Реставрация жасау үшін Құран кітабы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына табысталды. Жұмыстар (тазалау, дезинфекция, дезинсекция, түптеу, сканерлеу) жүргізіліп, 4 дана көшірмесі жасалады. Құнды мұра қалпына келтірілген соң Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылды.
Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым болғай. Бұл Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік!
Гүлсім БИСЕНОВА,
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<