Қоқанның от қаруы

912

0

ХІХ ғасырда Ресей империясының Қазақ даласына ықпалының күшеюі Қоқан хандығының Сырдария бойына әскери бекіністерін салуын жеделдетті.

Өзен бойына тізбектеле орналасқан Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт, Күмісқорған бекіністері Сыр өңірінде уақытша болса да қоқан билігін нығайта түсті. Алайда ХІХ ғасырдың ортасында сол кезеңдегі озық қарумен жабдықталған және жергілікті қазақтардың қолдауына ие болған Ресей  әскері жоғары да аталған қоқан бекіністерін біртіндеп бағындырып, өңірдегі қоқандардың ықпалын жойды. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары Ресейдің қазақ даласын толық бағындырып, Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтарын тәуелді етуі, Орталық Азияның геосаяси картасының да өзгеруіне әкеп соқты.  

Тарихи деректерге сүйенсек Сыр өңірінде орыс әскеріне қарсы шайқастарда қоқандықтарда отқару болып табылатын зеңбіректі пайдаланған екен. Сол кезеңде пайдаланылған зеңбіректің қоқандық нұсқасы қазіргі таңда музей залының экспозициясында орналасқан.

Зеңбіректердің жасалу тарихына тоқталсақ, жарылғыш дәрімен атылатын қаруды ХІІ ғасырда алғаш рет арабтар ойлап тапты. Бұл қарудың түрі арабтардан мұсылман әлеміне тарады. Осы арқылы оның бірнеше түрі пайда болып, соғыстарда кеңінен пайдаланылды. Тіпті кейбір тарихи деректерде ХІІІ  ғасырда арабтар от қаруды моңғолдарға қарсы қолданғаны туралы айтылады. Алғашында тас ататын механизмдер арқылы пайдаланылған от қарудың дамуы тарихы бірнеше кезеңнен тұрды. Соңғы кезеңінде оқпаны жіңішкелеу, кішкене металл снарядтармен ататын артиллериялық отты қарудың жеңіл түрі зеңбірек қолданысқа енді. «Зеңбірек» (парс. занбурак) сөзі қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан.  Зеңбіректі ХҮІІІ-ХІХ ғғ. парсылар, қытайлар, түріктер, ортаазиялық халықтар пайдаланды.   

         Музей қорындағы зеңбіректі Ақмешіт бекінісін  орыс әскері басып алған уақытта қолға түсірген. 1958 жылы музей қорына қабылданған. (Түгендеу нөмірі КЗМ КП 70). Зеңбіректің ұзындығы – 110 см. Қару қоладан құйылып жасалған, екі конструктивтік бөліктен – дәріханадан және оқпаннан тұрады. Кенесары ханның әскерінде түйеге артылған зеңбіректі болғаны туралы орыс жазба деректерінде нақты айтылғандықтан, бұл зеңбіректі де көлеміне қарап, көшіп-қонуға ыңғайлы етіп, қоқандықтар түйеге артып пайдаланған деуге негіз бар. Зеңбірек жасау күрделі технологиялық жетістіктерді қажет ететін болғандықтан қазақтардың бұл қаруды жасауға мүмкіндігі болған жоқ. Қазақтар зеңбіректі көбіне шығыс халықтарынан Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтарынан сатып алып отырған. Қазіргі таңда музейдің құнды экспонаты болып саналатын  қоқан зеңбірегіне келушілердің қызығушылығы толастаған емес. 

Г.ӘУБӘКІР,

Ақмешіт музейі филиалының

қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<