Қожа Ахмет пен Әмір Темір хикаялары

2867

0

Қазақ халқының байырғы мәдениеті мен тарихында ерекше орны бар түркістандық ғұлама, әулие Қожа Ахмет Ясауи (1103-1166) «Диуани хикмет», «Мират ул-Қулуб», «Пақырнама» секілді адамзат құндылығына айналған дүниелер қалдырған.

Қожа Ахмет 63 жасында қылуетке түсіп, жер астында ұзақ өмір сүреді және өзінің ғұмырында көптеген ғажайыптар жасайды. Оның қанша жасағаны анық емес, сондықтан туған жылы мен қайтқан жылын ешкім дөп басып айта алмайды.

Қожа Ахметтің қайтқаннан кейінгі даңқын асырған түркі тектес тайпаларға жататын Барлас руынан шыққан атақты билеуші Әмір Темір (1336-1405) болатын.

Қорасаннан медет сұраған

Ел ішіндегі әңгіме бойынша, кезінде Қожа Ахмет Ясауидің өзі ораза, құрбан айт намаздарын Қорасан ата басында өткізіп жүріпті. Әзірет Сұлтан Ясыдан шығып, Сауран арқылы Аққұм бекетінің тұсындағы Сырдариядан тас өткел арқылы өтіп, Көкжидедегі Шәмші Қылауыз ауылына бір қонады екен. Қорасан атаға барғанда баба аруағына арнап:

– Бабам Қорасан, келдім арасан,

Зиярат етейін деп, ісімді сұрасаң.

Мүшкіл ісімді қылғайсың асан,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Аршының үстінде сұхбат құрарсың,

Әзіреті Қызыр ила ұлпат қыларсың.

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан, – деп жалбарынып дәремет сұрайды екен. Қорасан бабаның басынан сан ғасырлар бойы қаншама ниеті таза жандар келіп түнеп, біреулер ауру-кеселінен айықса, бірі бала сұрап, перзентті болатынын бәріміз де жақсы білеміз.

Құдай көріп тұр

Аппақ деген ғұлама түс көріп, оған Ахмет Ясауи аян беріпті: «Сенің шәкірттеріңнің ішінде дінді қатты сыйлайтын әрі келешекте ел билеуші болатын бір бала бар», – депті. «Мен оны қалай білемін?» – дегенде: «Балалардың бәрін жинап алып, әрқайсына бір тауықты ешкімге көрсетпей сойып әкел деп бұйыр, сонда білесің», – депті.

 Ғұлама аян бойынша шәкірттерін жинап алып, тапсырма береді. Балалардың бәрі жан-жаққа кетіп, ұстаздарының айтқанын орындайды. Бір бала ғана тауықты соймай, тірі күйінде алып келеді. Ғұлама одан:

– Сен неге тауықты сойып әкелмедің? – деп сұрайды. Сонда ол:

– Ешкім көрмейтін жер жоқ екен, қай жерді тасаласам да Құдайдың көріп тұрғанын сездім, – дейді ол.

Сол бала кейін әлемге әйгілі болған Әмір Темір екен.

Ақынның айтқанымен жүрген әмір

Әуелде Қожа Ахметтің басына кесене орнату Әмір Темірдің ойына келмеген жайт. Бұған әсер еткен сарай ақыны Кермани екен. Басқалар азуы алты қарыс Әмір Темірге бір ауыз сөз айта алмайтын. Ал, Кермани мен әмір емін-еркін сөйлескен.

Бірде көңілі тасып, ойы шалқып отырған Әмір Темір оған:

– Кермани, егер мен сатылатын болсам, сен қанша құн берер едің? – деп сұрайды. Сонда ол:

– Жиырма бес мың әскер, – деп жауап беріпті.

– Мынау не дейді! Бұл менің белбеуімнің ғана құны емес пе? – деп бұған қатал әмірші ашу шақырады.

– Мен сенің белбеуіңді ғана ойлап отырмын. Ал, өзің түкке де тұрмайсың. Сен өлген соң ұрпақ белбеуіңді сақтап қоюы мүмкін, бірақ олар сенен басқа не нәрсе қалғанын да білмей, атыңды ұмыта бастайды, – дейді Кермани.

Осыдан кейін Әмір Темір артында ұрпағы ешқашан ұмытпайтын бір іс қалдыруды ойлайды.

 Кесене салу хикметі

Керманидің айтқаны Әмір Темірдің еш есінен шықпайды. Күндердің күнінде ол ел билеуші болып, жорыққа шыға бастайды. Сол кезде Қожа Ахмет Ясауи аян беріпті. «Менің басыма ғимарат тұрғыз, аруағым сені демеп жүреді, жорықтарда жолың болады», – депті. Сонда Ақсақ Темір: «Мен сені қайдан табамын?», – дейді. Әулие оған: «Жолды мен өзім көрсетіп отырамын», – деп жауап береді.

Бір күні Қожа Ахмет тағы да түсіне кіріп, жатқан жерін айтады. Ол жер өзі тұратын аймақта екен. Айтқан белгілерімен барса, кішкене ғана мазаратты көреді. Құран оқып, ертесіне іс бастапты. Кешке дейін біраз дуал қалап қойған екен, бірақ, таңертең барса, бұзылып жатқанын көреді. Сенің құрылысың қанша мықты қылсаң да төрт аяғынан тұрмайды, менің ұстазым Арыстан баптың аруағы разы болмайынша. Алдымен оның басына ғимарат тұрғыз. Содан соң маған қайта келерсің», – депті. «Мен оны қалай табамын?» – дегенде: «Өзім жол сілтеп отырамын», – деп жауап береді.

Сонымен ерте тұрып, Отырарға бет алады. Кешке сонда жетіп, ұйықтап жатқанда, түсінде Қожа Ахмет аян беріп, ұстазының жатқан жерін көрсетеді. Таң ата, ерте басына барып, Құран оқып, құрылысты салуға кіріседі.  Құрылыс аяқталған соң, демалып жатқанда және түсінде аян беріп: «Енді келіп менің басыма ғимаратыңды салдыра бер», – дейді.

Осылайша, қазір күллі әлемге әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі өмірге келген.

Барлық әйелдің заты бір

Темір Қожа Ахмет Ясауи қабірінің үстіне мешіт салдыруға Ұрымнан, Үндіден, Шамнан, тағы басқа жерлерден асқан шебер ұсталар алдырады.

Солардың ішінен ең білгірін бас ұста қылып сайлайды.  Сол ұста қанша адам, қанша қаржы керек десе, бәрін де тапқызып береді. Кейін жұмыстың барысын өзі мезгіл-мезгіл барып қарап жүреді.

Бас ұстаның әйелі жас, аса сұлу екен дейді. Темір бір келгенінде келіншекке көзі түсіп, соған көңілі ауады. Ойына алғанын істеп қалған Темір бір күні ұстаны алыс сапарға жұмсап жіберіп, өзі оңаша қалған келіншектің үйіне қонаққа барады.

Қонағына алдымен шай берген келіншек Темірдің алдына бірі қызыл, бірі ақ екі жұмыртқа қояды. Сонан соң:

– Тақсыр ием, осы екі жұмыртқаны жеп, дәмін байқап көріңізші дейді. Ойы аласұрып отырған Темір келіншектің сөзін қайтармай екі жұмыртқаның қабығын аршып жеп алады. 

– Тақсыр, екеуінің  қайсысы тәтті екен? – деп сұрайды келіншек.

– Маған ешқандай айырмасы жоқ, екеуі де бірдей сияқты көрінді, – деп Темір шынын айтады.

– Тақсыр, әйелдер де сондай. Олардың бетінің ақ-қызылына қарамаңыз.Сырты өзгеше болғанымен, заты бір, – депті сонда келіншек.

Темір әйелдің ақыл-айласына таңданып әрі өзінің сөз таба алмай жеңілгеніне ұялып, үйден шығып жүре беріпті.

Көрдіңіз бе, Әмір Темір сияқты сұсты хандар да сөзге тоқтаған.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<