Құмиян

531

0

Археолог ғалымдар Сыр бойында көне қалалардың көптігін айтады. Оған дәлел боларлық құтты мекендер баршылық. Соның бірі – Жаңақорған ауданы аумағындағы Құмиян немесе Мейрамтөбе шаһары.

Бірқатар ғылыми кітаптарда Құмиян ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген қала екені айтылады. Көне шаһардың солтүстік-батыс жағындағы бұрышта шағын ғана төбенің орны көзге түседі. Әзірге ғалымдар онда не болғаны жөнінде нақты тұжырым жасай қойған жоқ. Ол қала ішінде құрылыс жүйелері болуы әбден мүмкін дегенді көлденең тартып жүргендер бар.

Құмиянның өмір сүру кезеңі Сыр бойындағы өзге де көне шаһарлармен сәйкес келеді. Сол бір кезеңде дария бойына жағалай қонған қалалар өзара бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста өмір сүргені тарихта айтылады. Себебі, қайсыбір көне қаладағы сәулет өнері бір-біріне өте ұқсас.

Құмиян атауы қайдан шықты? Оны зерттеушілер құм деген тіркеске қарай отырып, «құмдағы қала» дегенді айтады. Ал оның Мейрамтөбе деген екінші атауы жөнінде ешқандай болжам жоқ.

Ендігі әңгіме ауанын аңызға бұра кеткеніміз артық болмас. Құмиян немесе Мейрамтөбеде бір қария өмір сүреді. Сол қарияның жалғыз ұлы бар екен. Әлгі кейуана ішерге ас, киерге киім таппай жүрген кедей болған көрінеді. Қолында жар дегенде жалғыз ешкісі болған дейді. Бұл отбасы сол ешкінің сүтін қорек етеді екен. Қалған сүтті ыдысқа құйып, басқа бөлмеге сақтап қояды. Дегенмен кейуана күндердің күнінде мынадай жағдайды бастан өткізеді. Белгісіз біреу ыдыстағы сүтті ішіп, оның орнына бір ділдәдан қалдырып кетеді. Кейуана бұл құбылысқа таңғалып, осы жағдайдың себебін біле алмай, дал болады. Бұл көрініс күнделікті қайталана береді. Бұрын қоңыртөбел тұрмыста өмір сүрген отбасы көп ұзамай-ақ байып шыға келеді.

Осылайша күндер өтеді. Кейуана жұмбақ сырдың құпиясына үңілуге тырысады. Сол арқылы көңілдегі сауалдың түйіні шешіледі. Жұмбақ құбылыстың басты кейіпкері  кәдімгі жылан екен. Қарияны көргеннен кейін жыланға тіл бітіп, өзі жайында ешкімге тіс жармауын сұрайды. Егер бұл құбылысты басқа адамдар сезіп қойса, бүкіл шаһар жыландар шабуылына ұшырайтынын айтады.

Дәулетті өмір сүре бастаған қарияның жағдайынан шаһар басшысы да хабардар болады. Оны арнайы шақыртып алады. Баю себебін сұрайды. Кейуана жыланның айтқаны есіне түсіп, жауап бермей, сытылып шығуға тырысады. Өкініштісі, шаһар басшысы нақты жауап алмайынша, қарияны босатпайтынын айтады. Осыдан кейін қысым көрген кейуана болған оқиғаны баяндап береді. Содан соң жылан да көрінбей кетіпті.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін қалаға жыландар шабуылы басталып кетеді. Әркім қарақан басының қамын күйттейді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей күй кешеді. Соның салдарынан Құмиянда тұратын халық қынадай қырылады. Бұл шабуылдан екі адам тірі қалып, қаладан қашып шығады. Алайда олардың соңынан бір жылан шығады. Екі кісі Бұқараға мал айдаған адамдарға қосылады. Болған оқиғаны оларға баяндап береді. Әлгі екі адамның бірінің қолында кетпен, екіншісінің қолында жеті таба нан бар екен. Оқиғаны естіген азаматтар оларға соларды бастарына қойып тұруға кеңес береді. Олар дәл солай жасайды. Ысылдап келіп, төбеден төнген жылан кетпен мен алты нанды тесіп өтіп, жетіншісіне келіп тоқтаған екен.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<