Құжаттар қалай сөйлейді?

709

0

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының еркіндікке ұмтылған алғашқы қадамы десек болады. Кезінде оған тоталитарлық режимнің берген бағасы тым қатал болды. Қазақ халқы ұлтшыл деп айыпталды. Студент жастар қамалды, зиялы қауым өкілдері қудаланды. Уақыт өте келе, 1994 жылы Тәуелсіз Қазақстанның Конституциялық соты осы оқиғаға тікелей қатысы бар, бейбіт шеруді зорлықпен басып, тұншықтырған лауазымды қызмет иелерінің әрекетіне халықаралық құқық тұрғысынан баға беру үшін олардан жауап алған еді. Осыған қатысты деректерді газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.

ҚР Конституциялық сотына бұрынғы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Саламат Мұқашевтің берген түсінігінен үзінді: «…Барлық партия-кеңес органдары, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары Мұхтар Шаханов КСРО халық депутаттарының 1-съезінде сөйлегенге дейін Г.Колбиннің пленумдарда, ЦК-ның Бюро мәжілістерінде, кеңестерде, баспасөзде, радио мен теледидарда сөйлеген сөздері мен сұхбаттарында айтылған фактілерді, онда келтірілген пікірлер мен тұжырымдарды басшылыққа алуға мәжбүр болып келді. Ол кезде оған сенбеуге ешкімнің негізі болмады. Осының нәтижесінде Г.Колбиннің оқиға кезінде және одан кейін берген бағасы, оның жеке нұсқауы, шешімі, қорытындысы барлығы үшін Орталық Комитеттің басшылыққа алатын практикалық ұстанымы ретінде қабылданды.

…Егер шын мәнінде шеруді күшпен тарату жөнінде бұйрық болса, оны тек қана Колбин біледі, мүмкін ол осындай бұйрықтың берілуіне қол жеткізген немесе келісімін берген шығар. Колбиннің сол күндері өзіне сенімді болғаны соншалық билік жауапкершілігін өзіне толық алғанын атап өткім келеді. Жаңа адам ретінде ол екінші хатшыға немесе Министрлер кеңесінің төрағасына тапсыруына болатын еді, бірақ бұлай етпеді. Сол уақытта дағдылы нәрсе – штабтарды, оперативтік топтарды құрмады, бюро мүшелеріне нақты тапсырмалар бермеді, олар жөнінде Мәскеумен келіспеді. 17 желтоқсан күнінің екінші жартысында ол мүлдем тарс жабылып алып, бірде мәскеуліктермен, енді бірде ВЧ арқылы Мәскеумен байланысып келіссөздер жүргізді. Кейін ол тұрақты түрде Горбачевті хабардар етіп, онымен кеңесіп отырғаны мәлім болды.

…Ол республиканың өзге басшыларына сенбеді, бізбен кездесуден жалтарды».

Қазақстан Республикасының Конституциялық сотының судьялары С.Қасымов пен Г.Ким Мәскеуге арнайы барып КСРО-ның 1986 жылғы Ішкі істер министрі В.Власовтан түсінік талап еткенде, ол сол оқиғаларды былайша баяндап берген еді: «Оқиғаның алғашқы күні Алматымен байланыс тұрақты болды. Мен Г.Колбинмен сөйлестім. Негізгі ақпаратты Г.Князовтен (Қазақ КСР ішкі істер министрі) алып, қалыптасқан жағдай туралы М.Горбачевке хабарлап отырдым. Кешкілік Колбин менімен хабарласып, алаңда берекесіздік орын алып, спирттік ішімдік пен есірткіге мас болғандар дүкендерді қиратып жатқанын, жағдайдың бақылаудан шыққанын, шұғыл шара қолданбаса болмайтынын баяндап, көмек сұрады. Кешке Горбачев үйіме телефон шалды. Жағдайдың ушығып бара жатқанын айтып, тобырды қуып, тарату үшін өрт сөндіру машиналарын қолдануға келісімін берді.

18 желтоқсанда СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мәжілісінде Алматыдағы оқиға арнайы қаралды. Мәжілісті Горбачев жүргізді. КГБ төрағасы, Қорғаныс министрі сөйледі. Алматыға арнайы мақсаттағы әскери құрамаларды жіберу мәселесі талқыланды. Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Рыжков менен «арнайы әскерлерді ұшақтармен Алматыға бірнеше сағат ішінде жеткізу мүмкіндігі бар ма?» деп сұрады. Мен «көлік ұшақтарының елдің әртүрлі аймақтарынан болғаны дұрыс» дедім. Сол жерде Қорғаныс министріне тиісті нұсқаулар берілді.

Алматыда әскер құрамаларын қолдану операциясына Г.Колбин, Қазақ КСР Бас прокуроры Г.Елемесов, КСРО Ішкі істер министрлігінің ішкі істер әскерінің штаб бастығы В.Дубняк басшылық жасады. Ертеңіне 18 желтоқсан күні Колбин маған телефон шалып: «Рахмет. Операция сәтті аяқталды» деді. Әскерлер 2-3 күннен кейін өздерінің шоғырланған жерлеріне қайтарылды. Олардың әрекеттеріне қатысты МВД тарапынан ешқандай шешім қабылданбады, тек қана ауызша нұсқаулар берілді.

Қонаевтың төңірегіндегілер туралы айтарым, оларды түрмеге бекер отырғызды. Бұл туралы мен сол кезде де ашық айтқан болатынмын. Өкінішке қарай, үлкен саясатта компромат әдіс-тәсілдерін қолдану сол уақыттың қалыптасқан дағдысы болатын…»

Г.Колбин түсінік беру үшін Ресейдің Конституциялық сотына шақырылды. Бірақ ол бас тартты. Үйінде әңгімелесуге келісім бермеді. Конституциялық сот судьялары С.Қасымов пен Г.Кимге телефон арқылы былайша түсінік беруге мәжбүр болды. Мазмұны бұрмаланбас үшін Қазақстанның бұрынғы басшысының сөзін орыс тілінде жариялауды жөн көрдік:

«Я уже неоднократно заявлял вам, что я давно гражданин другого государства. Я не подчиняюсь законам вашего государства. Не хочу иметь никаких дел с Казахстаном. Участвовать в вашем судебном процессе в любом качестве не желаю. Мне глубоко безраличны ваши судебные процессы. Стройте свое государство, наслаждайтесь своей независимостью. Братайтесь, целуйтесь друг с другом. Поощряйте национализм. Все это теперь ваши проблемы. Вы теперь независимы – можете делать все, что хотите. Что вы хотите от меня? Отстаньте от меня. Больше не звоните ко мне. Категорически отказываюсь встречаться с вами. Я отказываюсь получать от вас какие-либо материалы. Я не то чтобы встречаться с вами – я вас видеть и слушать не хочу».                

Желтоқсан оқиғасы кезінде КСРО Бас прокурорының орынбасары болған Д.В. Сорока былайша жауап берді:

«Орын алған жағдайға байланысты 1986 жылдың желтоқсанында мені Алматыға жіберді. Мен жалпы бақылауды жүзеге асырып, жергілікті прокуратура органдары қызметкерлерінен Қазақ КСР және КСРО Конституциясы негізінде іс-қимыл жасауды талап еттім. Менде ешқандай айрықша өкілеттік болған жоқ. Әрбір мәжілісте заңдылықты қатаң сақтауды талап еттім.

…Мен үшін қазір Ғ.Елемесовтың (Қазақ КСР Бас прокуроры), А.Мызниковтың (Қазақ КСР Бас прокурорының орынбасары) жауапкершіліктен жалтарып, барлығын бізге жапқысы келетіні түсініксіз. Өздеріңіз қараңыздар, қандай да бір нақты адамның құқығы бұзылғандығын айғақтайтын бірде-бір құжатта менің қолым бар ма екен? Мен бірде-бір қылмыстық іс қозғаған, бірде-бір адамды тұтқындаған жоқпын. Бірде-бір адамды қамауға нұсқау бергенім жоқ. Тіпті мен заңсыз нұсқау бергеннің өзінде Елемесов пен Мызниковтың оларды орындамауға құқы бар болатын. Менің ештеңеге қатысым жоқ. Сіздердің соттарыңызға мен келмеймін.

ҚР Конституциялық сот судьялары С.Қасымов пен И.Ким медицина ғылымының докторы, Алматы диагностикалық орталығы иммунология институтының зертхана меңгерушісі Ирек Ғазизұлы Даурановтан түсініктеме алды.

– Сіздің Үндеу жариялауыңызға нендей жағдайлар себеп болды?

– Желтоқсан оқиғасынан екі-үш күн өткен соң жаздым. Қызмет орныма Фурманов көшесінің жоғары жағына қарай кетіп бара жатқанмын. Қолдарындағы шоқпарымен студент жастарды ұрып-соғып, оларды мұзды сумен қуып жүрген көздері қанталаған солдаттарды көрдім.

…Түнде шошып ояндым. Күндізгі оқиғаның жантүршігерлік көріністері көз алдыма келді. Мен бұл оқиғадан шет қала алмадым. Үндеуде барлық ұлт өкілдеріне Мәскеудегі коммунистік лидерлердің арандатуына иланып қалмай, бір-біріңе қол ұшын беріп, өз халқын ұрып-соғып жатқан Үкіметпен қалай бірге өмір сүруге болатынын ойлану қажеттігін айттым. Үндеуді екі жерге ілдім.

…Қамауға алындым. КГБ қызметкері А.Нарманбетов және басқалар үйімде, қызмет орнымда, саяжайда тінту жүргізді. КГБ-ның тергеу абақтысында 4 ай жаттым. Психологиялық қысымның сан түрі жасалды. Туыстарыммен жолықтырмады. Тағам алдыртпады. Ауырғаныма, өтініш білдіргеніме қарамастан дәрігер шақыртпады. Ақыр соңында әрекетімде қылмыстық белгі жоқ деп босатты. Босағаннан кейін 2-3 ай өткенде КГБ-ға қайта шақырды. Подполковник Закревский еткен әрекетіме өкініш білдірген мақала жазуымды талап етті. Бас тартып едім, алдыма алдын ала жазылған мақаланың мәтінін көрсетті. «Жазбасаң, осы мазмұнда бүкіл Кеңес халқының қарғысына ұшыраған адам кейпінде өзіміз жариялаймыз» деді. Мұндай арандатушылыққа төзбедім, ақыры өкініш білдірген мақала жазуға амалсыздан келісім бердім.

…КГБ-мен келісім бойынша партия ұйымының хатшысы Б.Хабибжанов, педиатрия институтының директоры А.Машкеев жиналыстарда маған орыс халқына қарсы шықты деп күйе жақты. Ал мен жазған үндеуде орыс халқына қатысты бірде-бір сөз жоқ болатын. «Казахстанская правдада» менің қолыммен шыққан мақаланы әрбір қызметкердің институт кітапханасынан оқуын талап етіп, олардың маған деген жиіркенішті көзқарасын қалыптастырды. Осындай қорлыққа 5 жыл бойы төзуге тура келді. Ақыр соңында қызметімді ауыстыруға мәжбүр болдым… 

Қазақ КСР Бас прокурорының бұрынғы орынбасары Анатолий Ефимовтың берген жауабы: «…Оқиға кезінде науқастанып жаттым, алдымен үйде, кейін 4-басқарманың жансақтау бөліміне жатқызылдым. 1987 жылдың 2 қаңтарында жұмысқа шықтым. Жұмыста КСРО прокуратурасының қызметкерлері сапырылысып жүр. Бақылау қатаң. Олар әрбір үкімді Мәскеуге жіберіп отырды. Қазақ КСР прокуроры Ғ.Елемесов маған: «Ұсталғандардың ішінде оқиғаға қатысқанымен елеулі заң бұзушылыққа бармағандар болса, оларды тездетіп босату немесе тиісті шара көру қажет» деді. Ол заңдылықты барынша сақтауға назар аударып отырды.

Барлық нұсқау Орталық Комитеттен түсіп отырды. Оған ЦК-ның әкімшілік органдары бөлімінің меңгерушісі В.Ефимов басшылық жасады. Істерді барынша жылдам қарауға тапсырма берілді.

…Көшелерде, алаңдарда жүздеген, мыңдаған адам ұсталып, қамалды. Оларға әкімшілік жаза ретінде хаттама толтырылды, тіпті кейбіреулері бойынша ешқандай құжат толтырылмады. Азаматтарды ұстап, қамау заңдылығына Қазақ КСР бас прокурорының орынбасары А.Мызников жауап беретін. Сонымен бірге ол оқиғаға орай құрылған тергеу бойынша штаб жұмысын басқарды.

– Бірқатар қылмыстық істерді өз бақылауыңызға алғаныңызды немен түсіндіресіз? Қарамағыңыздағы прокурорға істер бойынша тек қана қоғамдық айыптаушы болу қажеттігі, еркінен айыру жазасының мерзімін тағайындау, заңсыз сотталғандардың шағымдарын қараудан бас тарту туралы тікелей ауызша немесе жазбаша нұсқаулар беріпсіз.

– …Бас прокурор Ғ.Елемесовтен мен сотта тек қана қоғамдық айыптаушы болу керектігі туралы нұсқау алдым… Бірақ жазаның мерзімі туралы нұсқау бергенім жоқ. Прокурорлардың менің осындай нұсқау бергенім туралы неліктен айтқанын білмедім.

…Иә, Хасен Қожа-Ахметтің ісі бойынша прокурор Сүйіндіков маған оның құрамында қылмыстың белгісі жоқ деп баяндады. Іс айрықша бақылауда болғандықтан шешім қабылдамай оны Елемесовке және Мызниковке жібердім.

…Мен шағымдарды қараудан неге бас тарттым? Бұл істерге сол кезде осындай көзқарас болды. Оларды қайта қарауды ешкім ойлаған емес. Елемесов ЦК-дан 34 адамның тізімін әкеліп, сотталғандарға жақсы мінездеме берілгенін айтып, істі қайта қарау қажеттігін ескертті. Мен бұл тізімнің КГБ-дан түскенін білдім. Біз қарсылық білдірілген 15 іске қол қойдық. Сол-ақ екен, мені шұғыл түрде ЦК-ның әкімшілік органдары бөлімінің меңгерушісі В.Ефимов шақыртып: «Сен неліктен жаппай қол қойып жатырсың? Сен немене қайта құруға қарсысың ба?» деді. Жұмысқа келдім. Мән-жайдан хабардар Елемесов: «Қарсылық білдірілген 15 істі бірден топырлатып апармай, бір-бірлеп ұсыну керек еді ғой» деді.

– Жекелеген қарсылық білдірілген істер неліктен кері қайтарылды? Рысқұлбековтың сотында болған прокурор Баймұханбетов сіздің барлығы үш азаматқа, оның ішінде Рысқұлбековке ату жазасын талап еткеніңізді айтады.

– Жоғары сот төрағасының орынбасары Пушечников, мүшелері Колповская, Башаримова, Юрченко, тағы басқаларының ұстанымдары осындай болды. Олар алдын ала байбалам салып, қарсылықтардың өтпейтінін айтатын. Біздің прокурор маған баяндап, оларды кері қайтаратын. Рысқұлбековтің ісі бойынша прокурор маған баяндап, мәселелерді Елемесов және Мызниковпен бірге шешіп отырды…

Желтоқсан оқиғасының құжаттары осылай дейді. Оқиға салдарынан көптеген адам жазықсыз жазаланды. Бірақ тарих барлығын орнына қойып берді. Арада небәрі 5 жыл өткенде Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<