Қылышты ата тағылымы

889

0

Қазыналы Қаратау алқабы мен сұлу Сырдың бойы шежіреге тұнып тұр. Олай дейтініміз, қазақ халқының басын құраған Ақ Орданың астанасы Сығанақ жатыр. Мұнда атақты Барақ, Әбілхайыр, Тоқтамыс хандық құрған. Әулие Қылышты мен Төлек ата, Хорасан ата, Үш ата, Қылауыз ата және көптеген бабаларымыз жатқан киелі жер. Мұнда Хисамеддин әл-Сығанақи өмір сүрген. Алпамыс батырдың әйелі Гүлбаршын сұлудың күмбезі «Көккесене» де Төменарық жерінде. Сондай-ақ Сауран, Өзгент, Аққорған, Ордакент сияқты құм астында қалған көне қалалардың да тыңдағанға сыры мол, зерттегенге тарихы жетерлік.

Қазақ жерінің түрік тайпаларының дүниетанымы VІІI ғасырға дейін үш түсінікке жақын болатын: аспан (жоғарғы), орта (жер) және төменгі (жер асты), бұл Тәңір, Жер Су, Ұмай және зороастризм, түркі тәңіршілдігі ежелгі наным-сенімдерінен алынған түсініктерге сәйкес келетін. Олар адамның қоршаған әлемдегі барлық басқа тіршілік формаларымен байланысына сенді және сол кездегі негізгі дін зороастризм (тәңіршілдік) болды.

Қазақстанды исламдандыру толқыны VIII-XVII ғасырлар аралығында басталды. Ол кезде Саманидтер, Селжұқтар мен Қараханидтер мемлекетінің құрамында, яғни Орта Азия тұратын жергілікті тайпаларға енді. Сол үш мемлекет басшыларын түркі тайпаларының тумаларынан құралған әскер қорғады. Ғылым мен әдебиеттің дамуына ықпал ету арқылы өнерді ынталандырды, осылайша ас-Сагани, әл-Кухи, әл-Худжанди, Рудаки, Фирдоуси және Али ибн Сина (Авиценна) сияқты ғалымдарды тартты. Осы үш мемлекетте де Аббас халифаты сияқты басып алған жерлерде Ислам идеясы ханафи мазхабын тарата бастады. Мысалы, Селжұқтың үш ұлы сұлтаны Тогрул-бек, Альп-Арслан және Мелик-шах өздері жауынгер болып өмір сүрді. Ал рухани басқаруды, ішкі істерді халифқа, арабтарға берді, ал азаматтық білімді парсыларға тапсырды.

Шығыстанушы, философ Л.Гумилев «Тысячелетие вокруг Каспия» кітабында өзінен бұрынғы жазбаларға сілтеме жасай отырып, «рухани басшылар (халифтер, сайидтер, ақсүйектер), имамдар мен пірлер ұстаздық жасап, халыққа білім таратқан» деп жазады. Осы сөйлемде үлкен мағына бар сияқты, яғни Ханафи дінтанушыларының (қазіргі сөзбен айтқанда теологтар) исламның жергілікті мәдени дәстүрлермен, бейімделуімен, экономикасындағы, мәдениетіндегі, әдет-ғұрыптарындағы және наным-сенімдеріндегі өзара әрекеттесуіндегі шешуші рөлі көрсетілген. Арабист-исламтанушы ғалым А.Муминовтың монографиясында VIII-XV ғасырларда Орталық Азия тарихындағы ханафи мазхабы теологтарының рөлі туралы айқын жазылған.

Сырдария бойындағы қалалар арабтарға 840-845 жылдары ғана бағынып, ислам дінін қабылдады. Белгілі араб тарихшысы ибн әл-Әсірдің келтірген мәліметтері бойынша 961 жылы Сыр бойындағы түркілерден 200 мың шатыр (үй) мұсылман дініне енген. Жайық бойын жайлап, Ыстықкөл маңын қыстап жүрген түркілер исламды тек 1043 жылы ғана қабылдай бастады. Осыған Ахмет Ясауи құрған «Сұлтания» бауырластық тобының мүшелері атсалысты.

Тағы бір бағытқа тоқтала кетейін, VІІІ ғасырда Омар ибн Абдул-азиз (Хазірет Омар (р.а.) екінші халиф) басқарғанда Ислам дінінің күштілігін және пайғамбардың ұрпақтарын Сайидтердің (ақсүйектердің) рухани басқару рөлін көтерді. Ол қаржылық реформасын жасады: «…кімде-кім Ислам дінін қабылдаса хараджадан (жер салығынан) босатамын және саудадан түскен пайданы қазынаға төлеуді азайтам» деп бұйрық береді. Осы тапсырманың орындалуын қадағалау үшін Мауераннахр жеріне өзінің баласы ІІ Омарды рухани патша ретінде жіберді. Осындай қаржы реформасы жергілікті халық арасында қатты қолдау тапты және пайғамбардың ұрпақтарына деген көзқарас жақсы жағына өзгерді, ханафи мазхабы теологтарының рөлі үстем бола бастады.

Сайид Бурханиддин Қылышты бабамыз ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында өмір сүргені жайында тарихта жазылған. ХІІ-ХІV ғасырлардағы тарихи кітаптарда Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.), асыл патшаның ұрпағы, әулие кісі, дінтанушы-теолог, патша, жауынгер билеуші, құрметті адам және т.б. нұсқада аталған.

Ресей тарихшысы, тарих ғылымдарының докторы, этнолог және антрополог С.Абашин: «Бурханаддин – (араб тілінде  «сенім, дәлел» деген мағынаны берген) оның лақап есімі. Бұл рухани есімдер беделді адамдарға берілген. Ислам дінінің ханафизм бағытын ұстағандар, сондай-ақ мұрагерлік бойынша имам, шейх, садр-Джехан және т.б. қызметтерді атқарған. Шамасы, бұл лақап есім ХІІ және ХІV ғасырларда өте танымал болған сияқты» деп жазады.

А.Якубовский өзінің «ХІІІ ғасырдағы Тараби көтерілісі» туралы кітабында: «Ферғана алқабын Илек хан басқарды, шын мәнінде ірі қалаларда ешқандай билігі жүрген жоқ. Сол кездегі үлкен қалаларда билік рухани әулеттердің қолында, яғни Бурханиддин әулеттерінде болды» деп жазады. Бурханиддин есімі  сол кездегі Мауераннахр жерінде атақты династиядан шыққан адамдарға берілетін қосымша атақ деп есептелген.

«Тазкира-йи хаджаган» атты Шығыс Түркістандағы қожалар мен ишандар туралы жазылған кітапта «Бурханиддин-Кылыч Өзгенттегі билікті, яғни патшалықты тастап Ходжент жеріне сопылық жолына түседі» деп жазады. Осылайша әртүрлі тарих көздерінде оның түрлі бейнелерін береді. Әрине, бұл тарихи жазбалардың әрқайсысы нақты тұлғаның болғаны туралы айтады. Сонымен, жазылған барлық ұсыныстар мен мәліметтерді ешкім де жоққа шығара алмайды, яғни өміршеңдік құқығы бар. Біздің бабамыздың бейнесі сол кезде өмір сүрген дәуір мен белгілі бір әлеуметтік ортаны, тұрғылықты жерді, халықты ислам дініне табындыру жұмыстарын жүргізгенін көрсетеді. Бұл дегеніміз – тарих ғылымы үшін құнды ақпарат және Қылышты атамыздың шынайы өмірбаяны.

Сайид Бурханиддин Қылышты ата мен Қожа Ахмет Ясауидің көзқарастары сәйкес келген. Өйткені сол кездегі бағыты ханафия мазхабын ұстайтындар арасында (сопы) басымдықта болған. ХІ ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. X ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Ясы, Сауран, Сығанақ, Шаш, Сүткент, Өзкент (Сырдағы қаласы), тағы да басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған. Қожа Ахмет Ясауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабта исламдық фикһ (құқық) мектебі, ханафи мазхабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Ясауи ілімі осы саяси-әлеуметтік, тарихи шарттарға байланысты қалыптасты.

Фуат Көпрулу өз сөзінде «Мутасаууфтардың (сопылардың) өмірбаяны жайлы еңбектерде Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген сопылардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Ясауи тарихатының шейхтары еді» дейді. Олар Орталық Азияда кең тараған сопылық, діни-тақуалық идеялардың ірі насихатшысына айналды.

Сайид Бурханиддин Қылышты ата ежелгі тарихта жазылған мәліметтерге сәйкес «Сұлтания–Яссауия» бауырластық тобында болған. Сонда біздің бабамыз сопылық бағытын ұстанған және осы туралы ешкімге тіс жармаған деп Ашрафиддин сопы жеткізеді. Осы әңгіме туралы Әхмад Өзгенти өзінің ғылыми кітабында былай деп жазады: «Сайид Бурханиддин Қылышты ата бабамыз үш күн ішінде ғажайып түрде Ашрафиддиннің Құдайға деген көзқарасын өзгертті. Құдайды түсінудің даналығын үйретті». Қылышты атаның құдіретін, ғажайып ісімен, өткір сөзімен (қылышпен кескендей) дәлелдегенін жазады. Осының бәрін мойындаған Ашрафиддин Бурханиддин Қылышты ата шәкірті, өзінің Өзгент қалашығында медресесі болған. Сонымен қатар, Әхмад Өзгенти бір сөзінде: «Бурханиддин Қылышты ата 55 жасында «Мурабба ас-салахин» («Тақуалық алаңы») атты кітап жазады. Бұл кітап Өзгент пен Андижан тұрғындарын әділ болуға шақырады» деген.

Бабамыздың Қылышты ата деген лақап аты қалай пайда болды? Мифология негізінде жазылған және ауызша айтылған сөздерге келсек…

Бірінші, «өткір» сөзімен және тіке қараған көзімен (қылышпен кескендей), құдыретті ісімен халық арасында өзіне лайықты ат қалдырған дейді. Бұл әңгімені Жамалиддин Карши өзінің «Мулхакат ас-сурах» кітабында: «Мен Бурханиддин Қылыштының шәкірті Жамалиддин Иламишибен (Ашрафиддин) сұхбат жасадым, соның сөзі деп жазады».

Екінші, К.Караффа-Корбут өз жазбаларында: «Өзгент халқы 30 жастағы жігіттер мен қыздарды қаламызға тыныштық берсін деп айдаһарға беріп тұрған. Сонда біздің бабамыз айдаһарды жеңіп, Өзгент халқына тыныштық әкелген» дейді.

Үшінші, Н.Лыкошин басқаша жазады: «Бурханиддин Қылыш ағаштан жасалған қылышымен бір баланы байқамай өлтіріп қояды. Сонда жергілікті патша сенбей, бабамыз сол ағаш қылышымен бұқаны өлтіреді. Сенде Алла Тағала берген құдыретті және қасиетті күш бар деп, оны Самарқандқа жібереді. Сол жақтан білім, ілім алып қайта оралады».

Төртінші, «Тазкира-йи хаджаган» кітабында былай дейді: «Өзгент патшасы Ілік Мағзым қайтыс болған соң, қызының баласы Бурханиддин Қылыш иеленеді. Өмірінің соңғы жылдары өз еркімен патшалықты тастап сопылық жолына түседі. Ходжакент қалашығына барып өмір сүреді, өзіне қарсы келген адамдар қайтыс болады екен».

Осы аңызды естіген ғұлама бір кісі бабамыздың үйіне келе берген кезде басына қылыш түсіп есін жия алмай қалады. Есін жинаған соң: «Қылышты екі жаққа сермедім, шыбындар мен қоңыздар құлады, кім кінәлі шыбындар мен қоңыздар ма, әлде менің қылышым ба?» деп сол ғұлама кісіден сұрайды. Халық арасында «Сайид Бурханиддинге қарсы шыққан залым адамдар өткір қылышынан қаза табады» дейді.

Бесінші, «Мәжму ат-таварих» мифологиялық негізінде жазылған. Әмір Темір патшаның түсіне төртінші халифа Әзірет Әли ибн Әбу Талиб кіріп, «мен Бурханиддин Қылышты әулиені қолдаймын және өзімнің Зульфикарды соған тапсырдым» деген екен. Сонда Әмір Темір патша «Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) ұрпағы Сайид Бурханиддиннен тарайтындар ұрпақтарын құрметтеу керек» деген. Олар Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) қылышын бізге сақтап әкелген. Осыдан кейін Сайид Бурханиддин Қылыштың ұрпақтары деп атап кеткен. Осы әңгімені Сайпидин молда мен оның ұлы Новруз Мұхаммедтің XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басындағы «Мәжму ат-таварих» қолжазбасының парсы тіліндегі кітабынан аударып жазған.

Алтыншы, «баба ақ боз атқа мініп, жалт-жұлт еткен қылышын жоғары көтеріп, мың бір бәлеге қылышын сермеп қарсы шыққан, баба өзінің кереметін қылыш арқылы көрсетіп отырған. Көрсеткен кереметіне байланысты бабаға «Қылыш» деген лақап ат берілген» – дейді.

Бұл сөзді бізге бабадан атаға, атадан әкеге, әкеден балаға айтып келе жатқан әңгімелерден алдым (елге белгілі Есқожа көкеміз айтып отыратын).

Жетінші, «Қандия», «Жамеул-махамат» және басқа да көне тарихи кітаптар бойынша Сұлтан Сайид Бурханиддин Қылыш бабаның ашуы өте қатты болған, төбесінен құс ұшырмаған. Әдепсіз сөз сөйлегендер сыртынан ғайбат сөз айтып, тіл тигізгендер қауіп-қатерге ұшырап, тіпті өмірі үзіліп, көз жұмғаны туралы аңыздар мен әфсаналар жеткен. Осылайша көрсеткен кереметтеріне байланысты өз заманының әулиесі атанған.

Низам ад-дин аш-Шамидің «Зафарнама» кітабына сәйкес Ферғанада болған кезде Әмір Темірдің түсіне Сайид Бурханиддин Қылышты ата кіріп, оған үлкен ұлының өлімі туралы ескерткен екен. Әулиеге табынушылық дәл осы Әмір Темір кезінде қалыптасты.

ХІІІ ғасырдың соңғы жылдарынан бері Орта Азия алқабында және қазіргі Қазақстан жерінде ең асыл адамдар төре, содан кейін сайидтер, қожа, т.б. болған. С.Абашин өзінің «Потомки святых в современной Средней Азии» мақаласында былай деп жазады: «ХV ғасыр мен ХХ ғасыр аралығында Қазақстан жерінде ислам діні толықтай монорелигия болып танылды. Әр топтарда, тайпаларда, түркі рулары тұрып жатқан ауылдарда 1-2 үй қожа болса, оларға құрметпен қараған. Сол елдің байлары мен батырлары оларды ақсүйектер, пір деп санаған, ақылдасып отырған, яғни рухани кеңесшісі болған» деп жазады.Сонымен қатар С.Абашин өзінің еңбегінде: «Ақсүйек өкілдері тек дін саласында ғана емес, заң мен сот жүйесін насихаттаушылар ретінде мұсылман қоғамында айрықша маңызды рөлін көрсетті» деп жазады. Ал ұрпақтары жалпы экономикада маңызды функцияларды атқарды, олар ірі жер иелері, қолөнер өндірісін ұйымдастырушылар, кәсіпкерлікпен айналысқан, сауда-саттық жұмыстарын да қолға алған.

А.Чулошников 1924 жылы «Очерки по истории Казак-Киргизского народа в связи с общими историческими судьбами других тюркских племен» атты өзінің мақаласында былай дейді: «Моңғолдардың қысымымен Қыпшақтар басқа аймақтарға қоныс аударды, Наймандар мен Керейттер де сол жаққа кетті. Бұл олардың туған жерінде халықтың азаюына, экономикалық әлеуеттің әлсіреуіне әкелді. Моңғол жаулап алуы, әсіресе Жетісудағы қалыптасқан этносаяси құрылымды қатты бұзды. Қала мен ауыл тұрғындарының бір бөлігі бытырап, басқа жерлерге кетті, бір бөлігі шаруашылық түрін өзгертті». Шығыс және Жетісудағы жергілікті этнотайпалар Қыпшақтар, Наймандар және басқа тайпалар оңтүстікке көше бастайды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің еңбегінде Наймандардың қоныс аударуы туралы былай дейді: «Найман, Жалайыр, Керей сияқты тайпалар Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Сібірді, Батыс және Солтүстік Моңғолияны мекендеген». Осы түркі тайпалары моңғол шапқыншылығынан көшіп қашуға мәжбүр болады, кейбіреулері жерін қимай моңғолдарға тәуелді болып қалады.  Сол заманда Төлегетай баба көш бастаған батыр, елдің қамын ойлайтын беделді де батыл кісі, елге қамқор, өз тайпасының бірлігін ойлаған қайраткер болған. Баба жайлы ең алғашқы қалам тербеген Мұхамеджан Тынышбаев болатын, ол өзінің «Қазақ тарихына қатысты материалдар» атты 1925 жылы кітабында жазған. Ол атамыз туралы біраз тарихи мәліметтер келтірген. Қай деректерді алып қарасақ та, діни сауаты мол, кереметтер жасай алатын қасиетке ие жан екеніне көзіміз жетті. Өмірде Төлегетай баба Сүйінішұлы – аты Алашқа мәлім Найман бабаның (Ақсопының) ұрпағы. Найманнан Белгібай тараса, одан Сүйініш туады.

Бізге бала кезімізде қариялар айтатын «Қылышты ата бабамыз Төлегетай бабамыздың әулиелік құдіреті бар екеніне көзі жетеді. Бір күні сусыз құм ішінде Төлегетай бабамыз аса таяғымен жер сызып, су шығарып, қой суарып жүр екен, осыны көрген Қылышты бабамыз асырап алған қызын беріп, күйеу бала етеді. Қылышты ата бабамыз дүниеден өтерінде, келешек ұрпағына өсиет қалдырады: «Менің жаныма Төлекті қойыңдар, зияратқа келген адам бірінші оның есігін ашып сәлемдесіңдер, сосын маған келсін дұға оқуға» деген екен. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа айтылып келе жатқан шежіре. Аты аңызға айналған Төлегетай баба Сайид Бурханиддин Қылышты атаға өкіл бала болып, сол әулеттің тәрбиесін алады. Міне, Қылышты атаның өкіл қызына үйленген Төлегетай осылайша қалың Найманның түп бабасы болып шығады.

Сайид Бурханиддин Қылышты ата мен Төлегетай бабамыздың ХІІ-XIII ғасырларда Ислам дінінің қалыптасуына және оны сақтап қалуға үлес қосқаны хақ.

Шыңғысбек СҰЛТАНБЕКОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

сарапшы-талдаушы

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<