«Қызылорда» атауы қалай пайда болды?

719

0

Осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын, яғни 1925 жылдың сәуір айында Қоңырқожа Қожықов Ақмешіт қаласында өткен Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің бес күнге созылған V съезіне қатысып, Ақмешітқаласының атауын Қызылорда деп өзгертуге тікелей ықпал жасады.

Бұл деректі тарихшы-ғалым Х.Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» атты еңбегінде Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабынан алады. Онда «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келіп Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан неге бұлай атағанын сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезд төралқасынан кезектен тыс сөз алып, ұсыныс жасады. Бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек десе, екіншісі Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» дейді.

Қоңырқожа Қожықов 1880 жылы Сырдария облысы Перовск уезі Кеңтүп болысы «Хан ағашы» деген жерде дүниеге келген. «Хан ағашы» – қазіргі Сырдария ауданы «Қоғалыкөл» ауылының аумағы. Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, Қоңырқожаның анасы – Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ұрпағы, ал әйелі Ләтипа – атақты Мұңайтпас би Лапыұлының қызы.

Қоңырқожа алғашқыда ауыл молдасынан діни білім алып, кейін Ақмешіттегі 4 сыныптық орыс-қазақ түземдік мектебін тәмамдайды. Одан кейін оқуын Ташкент қаласындағы мұғалімдер семинариясында жалғастырып, 1904 жылы елге оралады.

«Хан ағашы» деген жерде ашылған алғашқы мектепке сол жылы Тұяқбаев орыс тілінен, Асан Османов қазақ тілінен сабақ берген. Тұяқбаев әрі директорлық қызмет атқарған. Ол 1904 жылы қайтыс болып, оның орнына директор әрі орыс тілінің мұғалімі Бабабек Есенов келген. Бабабек 1905 жылға дейін осы қызметте болып, сол жылы Ташкент қаласында шешек ауруынан қайтыс болды. Содан бастап орыс тілінің мұғалімі және мектеп директорының орнына Ташкенттегі мұғалімдер семинариясының түлегі Қоңырқожа Қожықов тағайындалды.

Ол 1912 жылы Орынборда Түркістан өлкесіндегі түземдік мектептердегі қазақ балаларына арналған алғашқы «Әліппені» құрастырды. Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыста жұмыс жасап, Шәді төре Жәңгірұлы және Қалиасқар Қасымовпен бірігіп «Русие патшалығында Романов нәсілінен хукимранлик қылған патшалардың тарихлары» атты еңбегі жарық көрді. 1925-1929 жылдар аралығында Қазақстандағы саяси-мәдени өмірге белсене араласты. Жетісу, Түркістан өңірлеріндегі бірнеше экспедицияларға қатысып, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Келіншектас», «Ақтас» мазарлары туралы мақалалары ғылыми айналымға енді.

Ресейдегі ақпан және қазан төңкерісінен кейін Кеңес билігі орныққан тұста Түркістан Орталық атқару комитеті басшылығы 20-жылдардың басында республиканың ұлттық мектептері үшін білікті мұғалім кадрлар даярлайтын педагогикалық оқу орнын (Қазақ халық ағарту институты) ұйымдастыру шараларын қолға алды. Осы кезеңде Қоңырқожа Қожықов Алаш қайраткерлерімен бірлесе жұмыс атқара бастайды.

1920 жылы 15 тамызда уақытша комитеттің алғашқы мәжілісі өтіп, онда Қ.Қожықовтың «Қазақ халық ағарту институтының ережесіне сәйкес қайта құрылатын Қазақ педучилищесі мен оның жанындағы еңбек мектептерін тарату мерзімі мен тәртібі туралы» баяндамасы тыңдалады. Баяндаманы талқылағаннан кейін оқу орны жұмысын жақсарту мен күшейту туралы қаулы қабылданды. Қ.Қожықовтың төрағалығымен өткен осы мәжілісте комитет мүшесі Х.Досмұхамедовтің Қазақ педагогикалық училищесі ғимаратының санитарлық жағдайы бойынша жасаған баяндамасы тыңдалды. Ағарту комиссариатының алқасы 21 тамызда Ағарту институтын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің құрамын өзгертіп, төрағалыққа И.Тоқтыбаевты бекітеді. Ал оның орынбасарлығына Есенов, мүшелігіне Халел Досмұхамедов, Қоңырқожа Қожықов тағайындалды. 1920 жылы 20 тамызда Қоңырқожа Қожықов, Халел Досмұхамедов сынды зиялылардың бас қосуымен болған ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысында институттың оқу бағдарламасы туралы мәселе талқыланады. Нәтижесінде 1920 жылы 1 қазанда Ташкент қаласында Қазақ халық ағарту институты ашылды.

Міне, Қоңырқожа Қожықов осы институтта тарих, география пәндерінен дәріс берумен қатар, өлкелік Халық ағарту комиссариаты құрған Мемлекеттік ғылыми комиссияның жанындағы «Талап» қоғамының мүшесі ретінде халық ағарту ісіне белсене араласады.

Қ.Қожықов 1938 жылы атылып, 1957 жылы 23 желтоқсанда толықтай ақталды. Ал Қоңырқожаның жары Ләтипа, ұлдары Қожахмет, Нұрахмет, Құлахмет, Сұлтанахмет қазақ мәдениеті мен өнерінде өшпестей із қалдырған.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,

өлкетанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<