РУБЛЬ ЖӘНЕ МАРКА немесе соғыс кезінде Кеңес, неміс әскерлері қандай жалақы алды?

594

0

Иә, соғыс – қасірет. Оның шынайы қасіретін басынан өткізбеген адам ешқашан сезіне алмайды. Кешегі соғыс, Кеңес Одағындағылар үшін Ұлы Отан соғысы, басқалар үшін екінші дүниежүзілік соғыс деп аталатын зұлматқа қатысты көп жазылса да көпшілік біле қоймайтын сырлары әлі де толып жатыр. Соғыста да бейбіт өмірдегідей, оның қуанышы, керек десеңіз адамдар арасында шынайы махаббат сезімі де болған.

Осы орайда оқырмандар тарапынан қызығушылық туғызатын тағы бір тақырып — оған қатысушылардың жалақысы, басқаша айтқанда табысы туралы айта кетуді жөн көрдік. Ал өмір мен өлім арпалысқан сол кезеңде жоғары басшылықтың көтермелеу шараларын үнемі күн тәртібінен түсірмей отырғаны да шындық…

Кеңес Одағының неміс-фашист басқыншыларына қарсы Отан соғысы басталған сәттен экономика бірден соғыс жағдайына көшірілді. Алдымен халықтың жинақ кассаларындағы ақшаны алуға шектеу қойылды. Әрбір азамат сол уақытта ай сайын жинақ кітапшасынан 200 сомнан астам ақша ала алмайтын. Бұл сонымен бірге елдің барлығына бірдей салмақ түсіре қоймайтын шектеу болғанын айтқымыз келеді. Себебі ол кезде халықтың тұрмысы жүдеу, негізінен азын аулақ азық-түлік түріндегі нәпақаға өмір сүретін еді. Бірлі-жарымы болмаса жалақы түріндегі табысты білмейтін.

Бүкіл соғыстың өн бойында халықты мемлекеттен облигациялық заемдар сатып алуға міндеттеді. Соғыс кезеңінде олардың жалпы сомасы 72 млрд. сом болды. Ия, соғыс заңы қатал болды. Бірақ одан басқа мүмкіндік те жоқ еді.

Сол қасіреттің тағы бір шындығы бар. Соғыстың 4 жылында мемлекеттік бюджет халықтың табысының үштен бірінен құралды. Осыған қарамастан Сталин өз жауынгерлерін ерліктері үшін ордендермен марапаттап қана қоймай, оларға ынталандыру шараларын да қарастыруды ұмытпайтын. Міне, соғыс басталды. Халық қаралы күндерді бастан кешуде. Сондай ауыр күндердің өзінде халықтар көсемінің бұйрығымен Балтық флотының ұшқыштары әрқайсысы 2 мың сом ынталандыру сыйлығына ие болды. Бұл шындығында таңғаларлық ерлік болатын. 1941 жылдың тамыз айында алысқа ұшатын бірнеше бомбалаушы ұшақ фашистер астанасы Берлинді әуеден соққылады. Бұл кезде неміс әскері Мәскеу түбінде тұрған еді.

Неміс – кеңес майданында 1942 жыл ауыр кезең болды. Соған қарамастан жаудың жойылған әрбір танкісі үшін оның командирі мен көздеушісіне 500 сом, қалғандарына 200 сомнан берілді. Кейін ынталандырудың мөлшері өсті. Курск доғасындағы ұрыстар­да 5 танкіден артық жойғандарға Кеңес Одағының Батыры атағымен бірге едәуір ақшалай сыйақы берілді.

Соғыс кезінде қатардағы жауынгер айына 17 сом, взвод командирі 800 сом, батальон командирі 1100 сом, полк командирі 2000 сом жалақы алды. Ал жоғары дәрежедегі қолбасшылардың жалақысы бірнеше мың­даған соммен есептелетін. Арнайы берілген ақша әдетте солдаттар мен қолбасшылардың жинақ кітапшаларына аударылатын.

Ең ауыр деген жылдары орта статистикалық есеп бойынша полктың ғұмыры бар болғаны бір айға созылатын. Қатардағы солдаттар мен кіші командирлердің өлімі мыңдап, миллиондап есептелген кезде ақшаның керегі не тәйірі деуіңіз де мүмкін. Бірақ өмір мен өлім арасында арпалысып жатқандардың әрқайсысы ертеңгі күнге үмітін жоғалтқан жоқ. Адам жаратылысы сондай, олардың барлығы бейбіт өмір үшін, отбасында қалғандардың тағдыры үшін өмір сүрді. Сондықтан да ерлігі үшін тағайындалған сыйақылар және міндетті жалақы олардың есеп шоттарында сақталды.

Инфляция ышқынды. Осыған орай тұтыну бағалары ондаған есе қымбаттады. Сол кездегі арақтың нарықтағы бағасы 300-800 сом болатын. Ал мемлекеттік дүкендегі баға 30 сом болғанына қарамастан оны табудың мүмкіндігі жоқтың қасы еді. Жоғарыдағы жалақы өлшемі қандай екенін мынадай салыстырмалы цифрлармен бағамдауға болады. Соғыс кезінде бір бөлке нан бағасы 300 сом, картоптың келісі 90 сом еді. Дегенмен мемлекеттік әскери сауда мекемелерінде тапшы деген тауарлар шекті бағамен сатылып жатқаны тағы шындық болатын.

Жау кемесін суға батырғандарға бері­ле­тін сыйақы барынша жоғары болды. Ұшқыш М.Борисовке немістің мыңдаған адамы бар «Шлезиен» линкорын суға батырып жібергені үшін Кеңес Одағы Батыры атағымен бірге 10 мың сом сыйақы берілді. Сол сияқты әрбір десант операциясына қатысқандардың сыйақысы да жоғары болды. Олардың қатардағы жауынгерінің өзі 500 сомға дейін сыйақы алатын. Тіпті партизандарға да мемлекет қазынасынан ақша бөлінетін. Жалпы тылдағы жауынгерлер ол ақшаны қандай мақсатқа және не үшін пайдаланғаны өздеріне ғана мәлім, себебі неміс тылындағы жағдай мүлдем күрделі болатын.

Соғыстан соң кімнің тағдыры қалай болатынын әлбетте, ешкім де болжай алмады. Дегенмен соғыстың алғашқы жылдарында материалдық ынталандыру жағынан алғанда неміс генералитетінің, жоғары шенді офицерлерінің және басқаларының жағдайы кеңес әскеріне қарағанда біршама жақсы болды. Олар тапқан нәпақасына жаулап алған аумақтарда еркін қыдырып, демалды. Неміс маркасы айырбас құралы ретінде біршама құнды болатын. Соғыс кезінде неміс армиясындағы генерал-фельдмаршал 19 мың, генерал-полковник 13 мың, полковник 6 мың, майор 4 мың, лейтенант 1300, солдат 200 марка алатын. Салыстырмалы түрде айтсақ, неміс жұмысшысының жалақысы 190 марка құрайтын. Жалпы Гитлер өзінің жоғары генералитетіне қатысты тым жомарттық танытты. Әсіресе, соғыстың алғашқы жылдарында жеңістің буына еліген ол Эрих Редер, Вильгельм фон Лееб, Кейтель, Клюге, Клейст, Гудериан сияқты жоғары шенді қолбасшыларына арнап кең сарайлар салып беруге пәрмен берді. Бірақ олардың ешқайсысы сол виллаларда рахаттанып, мамыражай өмір сүре алмады. Олардың бірқатарының соғыстан кейінгі тағдыры мүлдем аянышты болды. Мысалы, Эрих Редер американ жағындағы әскерлердің қолына тұтқын болып түскендіктен, соғыстан кейінгі өзіне бұйырған тағдырдың біршама сәтті күндерін өткізгені болмаса, қалғандары үшін барлығы керісінше бағытта өрбіді. Гитлердің ұлы қолбасшысының бірі В.Кейтель 1945 жылы 8 мамырда Г.Жуковтың алдында тізе бүгу туралы пактіге қол қойды. 1946 жылы ол Нюрнберг процесінің шешімі бойынша дарға асылды. Кейтель дарға асылар алдында эшафотқа күзетшілердің көмегінсіз еніп: «Мен аса құдіретті жаратқан Иемнен герман халқына мейірімді болуын сұраймын. Маған дейін 2 миллионнан астам неміс солдаты отан үшін қаза тапты. Германия үшін қаза болған балаларымның соңынан кетіп барамын» деген.

Вильгелм фон Лееб үш жыл американдықтарда тұтқында болып, 1956 жылы өлді. Бұл шын мәнінде тағдырдың оған бұйырған сирек кездесетін мейірім шапағаты еді. Ал Сталин Кеңес аумағында соғысқан немістің жоғары шенді қолбасшыларына тым қатал болды. Себебі олар басқыншы болды және тұтқынға түскен Кеңес генералдарына тым қатал болған еді. Айталық, сол Гитлердің мейіріміне бөленген фон Клейст шығыс майданында алғашқы шайқастарда-ақ ерекше көзге түсті. Украинаны тез жаулап алды. Киев үшін болған ұрыстарда Кеңестің бірнеше армиясын қоршауға алды. Танкпен стратегиялық соғыс әдісін шебер меңгерген қолбасшы 600 мың Қызыл армия солдаты мен офицерін қоршауға алып, олардың көпшілігі неміс тұтқынына түсті.

Клейст соғыстың соңында амери­кан тұтқынына түсті. Ол алдымен Югославия­да сотталды. Кейін Сталинның талабы­мен Кеңес Одағына қайтарылып, әскери трибуналдың сотымен 25 жылға кесілді. Жалпы Сталин бұл жолы өзінің жеке беделінің күштілігін пайдаланып, неміс қолбасшысының Кеңес аумағындағы жауыздығы үшін кек қайтарғандай сыңай танытты. Клейст Кеңес түрмелерінде бірнеше жыл болып, 1954 жылы Владимир абақтысында өлді. Тарихшылардың ай­туын­ша, жерленген жері сол түрменің аумағы көрінеді. Сонымен бірге Клейст Кеңес тұтқынында өлген немістің жалғыз фельдмаршалы болып табылады.

«Қанша қырғын болса да, соғыста ажалды ғана өледі», демекші, неміс тарихшылары лейтенант Шейдербауэрдың өмірінен мынандай қызықты деректер келтіреді. Шейдербауэр 1943 жылы 18 жасында әскери училищені бітіріп майданға аттанған. Лейтенанттың жалақысы 220 марка құрайтын еді. Немістердің табиғатынан ұқыптылығынан шығар, оған банктен арнайы есепшот ашылған. Қырғын соғыстан аман оралған лейтенанттың жинаған қаржысы сол кезде өмірін сәтті жалғастырып кетуге жақсы нәпақа еді дейді зерттеушілер. Бірақ өкінішке орай, соғыстан кейін банк банкротқа ұшырап, жиналған ақшасы құрдымға кеткен көрінеді. Алайда ол тағдырдың өзіне бұйырған бақытына мың мәрте рахмет айтатын көрінеді. Себебі ол қырғын зұлматтан аман қалды, кейін отбасын құрды. Әлбетте ақшадан өмір қымбат екені айтпаса да түсінікті. Бірақ кешегі соғыстан кейін Шейдербауэр сияқты тағдырдың мейірім шуағына бөленгендер өте некен-саяқ болатын. Себебі соңғы соғыс адамзат тарихында қасіреті жағынан бұрынғылармен салыстыруға келмейтін зұлмат еді…

Жолдасбек Ақсақалов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<