Руханияттың бастау бұлағы

251

0

Қызылорда Қазақстан астанасы болған жылдары Қазақ Кеңес ағарту басқармасы (Главполитпросвет) алқасының қаулысына сәйкес, 1925 жылғы қарашадан бастап Қызылорда қаласында мемлекеттік театр ашу жұмыстары жүргізіліп, республиканың түкпір-түкпіріндегі талаптылар астанаға шоғырландырылды. Осылайша қазақ театрының алғашқы труппасының негізі қаланды. Театр шымылдығы 1926 жылдың 13 қаңтарында ашылды. Қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы драма театрдың Сыр бойынан бастау алғанын өңір халқы мақтаныш етеді.

Осы жылы Қызылорда сахнасы қазақ музыкасын әлемдік аренаға шығарып танытты. Парижде КСРО-ның басқа өкілдерімен бірге Әміре Қашаубаев дүниені қазақ әнімен тамсандырып, өнерлі қазақ ұлты бар екенін жат жұртқа таныстырды, ән әуені алтын қорда қалды.

Республиканың жаңа астанасы Қызылордада 17 газет, оның ішінде 11-і қазақ, 5-і орыс тілінде  жарық көрді. «Еңбекші қазақ» («Социалистік Қазақстан», кейін «Егемен Қазақстан»), «Советская степь» («Казахстанская правда») газеттері шығарылды.

Қазақ өлкелік комитеті сауатсыздықты жою жөніндегі комиссияға 63300 адамды оқыту бойынша жоспар ұсынды, бұған қосымша 417860 шала сауатты адамның білім деңгейін көтеру көзделді. Жалпы білім беретін мектептермен қатар, «Рабфак», «Совпартшкол», техникум, Халық ағарту институттары ашылды.

Қазақстанның тұңғыш астанасында Әліби Жангельдин, Алма Оразбаева, Сара Есова, Мағази Масанчи, Сүлеймен Есқараев, Сұлтанбек Қожанов, Бегайдар Аралбаев, Жалау Мыңбаев сынды белгілі қайраткерлермен қатар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров,  Сәбит  Мұқанов  сияқты  қазақ   кеңес  әдебиетінің  негізін  қалаушыларының ізі қалды. Иса Байзақов, Қалмахан Әбдіқадыров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетов сияқты ақын-жазушылардың, Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Серке Қожамқұлов сияқты сахна тарландарының туған халқына талантымен танылуы да осы қаладан басталды.

Облыстық мемлекеттік архивінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<