Сәрке батырдың босмойын шоқпары

144

0

Сыр өңірінде Сәрке батырдың босмойын шоқпары сақтаулы. Сәрке батыр – Табын руынан тараған Өмірқұл байдың бел баласы. Жастайынан ержүрек болып өскен Сәркенің алғырлығын байқаған әкесі арнайы адам жалдап, ұрыстың әдіс-тәсілдерін үйретіп, бес қаруын сай қылған. Жаугершілік заманда батырлар босмойын шоқпарды жиі қолданған.

Шоқпардың сабы жиде ағашынан, басы емен ағашының өзегінен сопақша формада жасалған. Басы сабына металл шынжыр арқылы бекітілген, бүлдіргінің орны сақталған. Ұрыста білекке іліп, соққы беру үшін ыңғайына қарай бүлдіргі бау  тағылған. Босмойын шоқпар  ортасындағы шынжырымен ерекшеленеді. Шынжыр – сап пен басты жалғайтын бөлігі. Шоқпардың босмойын аталуы да сондықтан. Батыр босмойынды айналдырып келіп соққы бергенде еменнің мықты өзегінен жасалған басы жауын ойсырата құлатқан.  Ұзындығы – 78 см, сабының ұзындығы – 52 см, ұрма бас ұзындығы – 20 см, жалғау шынжыр ұзындығы – 6 см.

Шоқпары қазір Жалағаш ауданы «Ақсу» ауылының тұрғыны, батырдың ұрпағы Жақанов Қобланбек Оңласынұлының  төрінде ілулі. Қобланбек – Сәрке батырдың  жетінші ұрпағы, тарқатып айтатын болсақ, Сәркеден – Бекайдар мен Ақайдар, Бекайдардан – Сүттінген, Қашқынбай, Қуат, Медет, Медеттен – Асықбай, Махан, Баймен, Маханнан – Еспан, Орман, Доспан, Еспаннан – Жақан, Жақаннан – Оңласын, Оңласыннан – Алтынбек, Қобланбек, Еркін тараған.

Босмойынның осы күнге дейін жету тарихы белгісіз. Уақыттың небір тезінен өткен әулеттің есінде қалмаған. Жақанның қызы  Еспанова Кеншім қару әке шаңырағында ес білгелі бар екенін, Өмірқұл аталығынан тараған ұрпақтың бауырмалдығы мен жанашырлығының арқасында құнды жәдігердің сақталғанын айтып отырады.

Кеншім Жақанқызының естелігінде: «Еспан атамыздың бауыры Орманның баласы Мәди  өз баласы Сауданды Жақан әкеміздің орнына екінші дүниежүзілік соғысқа жіберген. Еспаннан тараған жалғыз ұлды, яғни менің әкемді ұрпақсыз қалмасын деген ниетпен соғыстан аман алып қалған екен. Кейін әкем Жақанды шешем  Балаймен бірге «Қарақұмға» елсізге мал бағуға  жіберіпті-міс. Ағайынның бірлігінің арқасында Жақан мен Балайдан Оңласын, Оңдаскүл және мен дүниеге келдік. Талай заманның аласапыранынан өткен Сәрке батырдың босмойын шоқпары менің әкем  Жақанның қолына сол кезде өтіп, «Қарақұм» жерінде ешкімге сырын білдірмей сақталып келген деп ойлаймын» делінген.

Оңласын атамның ең алғаш қуанышы, жиені ретінде мен нағашы атам мен әжемнің үйінде жиі болатынмын. Босмойын шоқпардың үй төрінде ілулі тұрғаны есімде. Балалықпен ұстауға талпынғанымызда, нағашы әжем Патшагүлдің: «тәйт, ұстама, бұл – Ұранды ата шоқпары» деп тоқтатып отыратын. Бала күнімізде сырқаттанып қалсақ, осы шоқпармен ұшықтап жататын. Ішкі сенімнің жігері ме әлде батыр баба қасиетінің құдіреті ме, әйтеуір дәрі-дәрмексіз ойнап кететінбіз. Бірде жоғары сыныпқа келген кезімде, әжемнің кіші қызына ота жасайтынын естіп, ота алдында «осы шоқпармен аластайын» деп жанталасқанын көргенім бар. «Батырдың шоқпары болса неге ем -шараға алып бара жатыр?» деген ой маза бермей, оны тануға деген қызығушылығымды оятты. Сәрке бабамыз батырлығымен қоса бойында емшілік қасиеті болғаны көп жағдайда айтыла бермейді. Алла берген тылсым қасиеті болған, емшілікті түбегейлі ұстанбаса да, қасындағы жауынгерлердің сынған аяқ-қолын салып отырған деседі.

Қорқыт ата атындағы университеттің бірінші курсында оқып жүрген кезімде Кереев Мәди Құрманұлы еркін тақырыпта реферат жазуымызды тапсырған болатын, ойыма бірден Сәрке батырды зерттеу түсе кетті. Жалағаш аудандық  музейінің сол кездегі басшысы Ахмет Тілеулиевке келіп, тың деректермен қоса Жайық Есіркеповтің «Сәрке батыр» кітабын сыйға алып, батыр туралы ой-танымымды кеңейттім. Жайық Есіркеповтың кітапшасында келтірілген мәліметтерде құдды шоқпар сипаттала айтылғандай дерек бар: «Сәрке батыр Бәйтен батырымен бірге талай шайқаста болған. Бәйтен батырдың киелі жолбарысы мен бүркіті болған көрінеді. Бірде қарсы келе жатқан қалмақтардың ту ұстаушысының қасында бес қаруы сай келе жатқан дәуді көреді. Сәрке батыр оза шауып алдына жетіп барғанда, қалмақтың дәуі шалт қимылдап найзасын Сәрке батыр мінген шұбардың шылауына қарай ұсына бергенде, емен ағашының безінен жасалған сұр шоқпармен салып жібереді. Найзасы қолдан ұшқан дәу ақ боз атынан құлап бара жатады. «Әй, қазақ, жастығыңа шалттығың сәйкес келді-ау, әттең» деп, Аю батыр екі бөлінген оң қолын ұстап, аунай бергенде Сәрке батыр ақ сапты найзасымен түйреп өткен» деп суреттелген.

Сәрке батырдың босмойын шоқпары алғаш рет Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығы аясында Астана қаласындағы Ұлттық музейдегі көрмеде қойылып, ғылыми айналымға шықты.

Ләззат ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің 

«Өлке тарихы» ғылыми-зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<