Сақтардан қалған сарқыт

1547

0

Қазақ әйелдерінің бас киімдері жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Олар ˗˗ бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, орамал, сәукеле, тақия, шәлі, бүркеніш, шылауыш және т.б. Бұл бас киімдердің өзіндік ерекшеліктері бар. Солардың ішінде тарихы тереңде жатқан, аса маңыздысы сәукеле деп айтсам, қателеспеген болар едім.

Сәукеле – ұзатылған қызға арнайы дайындалатын, аса бағалы, биік төбелі салтанатты бас киім. Пішіні жағынан сақ заманындағы биік әрі сүйір төбелі салтанаттық, ғұрыптық бас киімге ұқсайды. Кереге, милық, төбе, тәж, құлақбау және артқыбау тәрізді бөліктерден тұрады. Алтынмен аптап, күміспен қаптап, аса бағалы болғанын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «XIX ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін құдасы Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағалаған екен» деген дерегінен байқаймыз.

Сақтардан қалған сарқыт дейтін тұсы да осы жерде. Біздің заманымыздан бұрынғы V-VII ғасырларда. Ұлы даланы мекендеген сақ бабаларымыздың қалдырған мұраларына қарап, сол заманда қоғамдағы әйел адамның орны ерекше болғанын байқаймыз. Сақтар кісіні жерлеу ғұрпына мән берген. Еліміздің түкпір-түкпірінен табылып жатқан «Алтын адам» аталып кеткен алтын жапсырмалар тігілген киіммен жерленген жәдігерлер халқымыздың салт-дәстүрінің бай, тарихы терең екенін көрсетіп отыр.

Жайық жағасынан табылған «Тақсайлық сұлу» сақтардың үрдісін жалғаған сарматтардың біздің заманымыздың II-IV ғасырларындағы қыздардың киім үлгісін беріп отыр. Оюмен өрнектелген көйлегі, мыңдаған аңдық стильді алтын жапсырмалар тігілген қамзолы, алтын алқасы мен білезігі, алтын сырғалары, алтын сабы бар күміс айнасы, күймеге мінген жауынгерлер бейнеленген тарағы, түйе пошымдас қола қазаны, алтынмен қапталған кеселері, қыштан жасалған ыдыстары, сүйек сабы бар пышағы және ұшында алтын тауешкі басы бары сәукелесі сол заманның бай қыз жасауын аңғартады. Осындай сәукелесімен жерленген сақ әйелдерінің обалары еліміздің шығысы мен солтүстігі аймағынан, Алтай өлкесінен көптеп табылып отыр.

Халқымыз ислам дінін қабылдағаннан кейін тамыры терең салтымызды ұмытқан жоқ. Шариғат тыйым салған салтымыздың кейбір тұстарын қайта исламға бейімдеп, жаңғырта білген.

Сақтар салтанатты жағдайда киген (мүмкін ұзатылған кезде) сәукелесімен қайтыс болғанда жерлеген болса, қазақ қызы сәукелемен ұзатылды. Қазақта «Қыз ˗˗ жат жұрттық», «Қыз ˗˗ мұраты кету» деген сияқты мақалдар бар. Сәукелемен ұзатылуы «өз жұртыңа енді жоқсың (өлгенмен тең), басқа елге келін болып, қайта туасың» дегені болуы керек. Сәукеленің бетін жауып, беташар жасап, елді таныстыру дәстүрі сақтардың салтын жаңғырту емес пе?!

Ұзатылып келе жатқан келіншек (елдің келешегі деген де баламасы бар) ауылға жақындағанда әйелдер алдынан шығып, шашу шашып қарсы алады. Басына орамал салып, алдына шымылдық құрып, ауылға алып кіреді. Жаңа түскен келін шамамен бір жылға дейін, кейде одан да ұзағырақ, балалы болғанға дейін салтанатты күндері киген, басқа уақыттарда желек жамылып жүрген. Желекке ауыстырғанда сәукелені сандыққа сақтап қойған.

Этнографиялық деректер бойынша, ұзатылған қызға жасатқан сәукеле мұрагерлікке өтіп отырған. Қайтыс болған келіннің артынан ұл қалса, жасаудан ештеңе қайтарылмаған, ал қыз қалса жасаудың жартысы қайтарылған. Ел ішіндегі көнекөз ақсақалдардың айтуынша, жасау даулау қазақта болмаған, алайда дүниеден өткен қыздарының белгісі ретінде сәукелені төркініне қайтару әдеті болған.

Кейбір ауызша деректер бойынша ертеректе ұзатылып келе жатқан қыз кенеттен қайтыс болса, шариғатқа қайшы болғанымен жасауымен жерленген дейді. Алыстан көрінетін бас киімді «келіншек аман-есен, сау келе жатыр» деп елге сүйінші жіберген. 

Міне, бұл – қасиетті халқымыздың қыздарға, келіншекке және аналарға көрсеткен үлкен сыйының негізінде қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы. Мысалы, өзіміздің Жалағаш ауданының Қызылқұм жағында сақтардың Ұйғарақ қорымында сол заманның 80 обасы үш топқа ˗˗ шығыс, орталық және батыс болып шоғырланған. Жерлеу құрылыстарының осындай әртүрлі болуы, шамасы, отбасылық қатынастар жүйесін ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік кұрылымды, рулық қауымның эволюциясын да көрсетсе керек. Бұл, әсіресе, Ұйғарақ қорымындағы әртүрлі обалар топтарының үлгісінде ерекше айқын байқалады. Абыз әйелдер көп жерленген шығыс топтың молаларында кейінгі қола дәуірінен келе жатқан ғұрып-дәстүрлер айқынырақ байқалады.

Дана халқымыз қоғамдағы әйелдің орнын айрықша бағалап, құрметін аямаған.

Әзілхан Тәжекеев,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<