Былтыр жазда Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауынан тоналмай, бүтін күйінде сақталған Алтын адам табылған еді. Енді, міне, тура бір жыл өтер-өтпес уақытта, нақтырақ айтсақ, 9 маусымда облыс орталығы – Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданы аумағындағы қола дәуіріне жататын Ақбауыр үңгірінің жанынан сақтардың қонысы табылды.З.Самашевтің сөзіне сенсек, көлемі шамамен 3084 шаршы метр аумақты алып жатқан сақ қонысының табылуына облыс әкімі Даниал Ахметов себепкер болыпты. Аймақ басшысы былтыр археологқа «осы жерді қазып, тексеріп көрші, астында бірдеңе бар секілді» деп өтініш білдірген екен. «Қазсақ, сақтардың қонысы болып шықты. Ғажап» деп таңданады археолог.
Қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтан Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы мемлекеттік институтының археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері (Санкт-Петербург қаласы) Николай Боковенконы да кездестірдік. «Менің пайымдауымша, б.э.д. 1 мыңжылдықта сақ мәдениеті осы жерде пайда болған. Кейін Моңғолияға, Солтүстік Қытайға, Байкалға, батыста Каспийге дейін жайылған. Бұл – үш мың жыл бұрынғы қоныс. Шығыс Қазақстан аумағында алғаш рет ежелгі сақ қонысы ашылды, бұны қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген артефактілер растайды. Әсіресе, ерте сақтардың көшпенді шаруашылығын көрсететін қайрақты тастарды ерекше атап өткен жөн. Қола және ерте темір дәуірінің қабаттарын бөлу үшін керамика сипаттамаларын мұқият қарау керек. Сақтар бұл жерді тұрақты қоныстанып, шаруашылықпен кешенді түрде шұғылданған. Теріні де, матаны да, ағашты да, сүйекті де өңдеген», дейді археолог.
Қазба жұмыстарына Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары мен студенттері де атсалысты. «Ғылыми экспедицияға жоғары курс студенттері қатысты. Еліміздің аумағында бір кезеңнен екінші кезеңге ауысу кезеңіндегі ескерткіштер өте аз. Жоқтың қасы деуге болады. Бұл ескерткіш сондай сирек, өзгеше ескерткіштердің бірі. Осы маңдағы ықтау жерлердің бәрі қоныс болуы мүмкін. Бұл жерде жерлеу ескерткіштері де бар. Келесі жылы соны зерттемек ойымыз бар», дейді осы оқу орнының Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, археолог Елдос Қариев.
Орайы келгенде айта кетейік, өңірде бірнеше жылдан бері облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен археологияны дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Сенсациялық жаңалыққа баланып отырған бұл қоныс алдағы жылдары осы бағдарлама аясында кешенді түрде зерттелетін болады.





