Сексен жыл бұрынғы сергелдең

583

0

Биыл Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға қоныстанғанына 80 жыл толды. Осы уақыт аралығында олардың Қазақ елін өзімнің туған Отаным деп санайтын бір емес, бірнеше ұрпағы өсіп-өнді. Тарихқа зер салсақ. ХХ ғасырдың 30-50 жылдары КСРО-да адамдарды, тіпті тұтас халықты күштеп жер аударды. Тарихи деректерге сүйенсек, жекелеген ұлттарды күштеп атамекенінен көшіру жоспарлы және құпия түрде іске асырылды.

Ұлы Отан соғысы басталысымен халықтарды депортациялаудың жаңа кезеңі басталды. 1944 жылдың ақпан-наурыз айларында Солтүстік Кавказ халықтарын күшпен қоныс аудару басталып, Қазақстанға және Қырғызстанға барлығы 602193 адам көшірілді. Оның 496460-ы  – шешендер мен ингуштер, 68327-сі – қарашайлар, 37406-сы – балқарлар.

1944 жылдың қарашасында Месхетияның 220 елді мекенінен 110 мыңнан астам түрік Орта  Азия республикалары мен Қазақстанға көшірілді. Депортациялаудың ауыр зұлматы Солтүстік Кавказ халықтарын қиын жағдайға душар етті.

Сондай күштеп көшірілген ұлттар Қызылорда облысына да жер аударылды. Облыс тұрғындары жер аударылып келген ұлттарды өздерінің қиын жағдайына қарамастан қамқорлыққа алды. Ол кезде қоныстанушылардың жағдайы өте ауыр болады. Материалдық жағдайдың қиындығына қоса, олардың арасында ауру-сырқау, өлім-жітім көп болды. Олардан қазақ халқы қолынан келген жәрдемін аянып қалмады. Баспана, азық-түлік, киім-кешекпен көмектесті.

Екінші дүниежүзілік соғыс бір ғана қазақ халқына емес, барлық ұлттың басына қасірет әкелгені белгілі.  Соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған  этникалық топ өкілдері шаруашылықтың барлық саласында еңбек етіп, елдің өркендеуіне өз үлесін қосты. Жеңісті жақындатуға бар күшін салды. Қандай жағдай болса да,  мемлекет тарапынан депортацияланған ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігіне мүмкіндігінше материалдық қолдау көрсетілді. Мәселен, балаларға арналып өз тілдерінде оқытатын мектеп, балалар үйін ашу, азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары ұдайы жүріп отырды. Тарихқа көз жүгіртсек, Солтүстік Кавказдан жер аударылғандарға 1945 жылы мал бөліп берілді. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарына қоныстанған ұлттар үшін 2350 бас ірі қара, баспана салуға 300 мың рубль бөлінген. Сондай-ақ 1944 жылы Арал, Қармақшы, Тереңөзек, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарына 315 центнер астық бөлу туралы қаулы шыққан. Осылайша қуғынға ұшыраған халықтардың өмірін, тыныс-тіршілігін жеңілдетуге барынша  қолдау көрсетілді.

Қазір ол заманды көзімен көрген тірі куәгер жоқ десе де болады. Әйтсе де бүгінгі ұрпақтары сол уақыттағы қазақ халқының қамқорлығын ұмытпады.

− Шешен халқына  қазақтардың құрметі, сыйластығы зор болды.

Ұлтымыздың жүрегіне өшпес жара салған, кіндік қаны тамған жерінен жас пен жасамысты, ана мен баланы еш аяусыз жер аудартқан ызғарлы күн ешқашан естен кетпейді. Тарихқа зер салсақ, 1944 жылдың 23 ақпанында, қыстың суық күнінде шешен халқының жер аударылуы басталды. Менің ата-анам солардың қатарында болды. Соғыс басталған тұста атам майданға аттанып, содан хабарсыз кеткен. Ал әжеміз 8 баласымен ас-сусыз, қыстың қақаған суық күнінде беймәлім мекенге айдалып кете барады. Жол бойы қаншама қарт кісі, сәби көз жұмған. Оның ішінде әкемнің бес бауыры да бар. Көп ұзамай әжеміз көз жұмды. Ал әкемізді 2 бауырымен балалар үйіне өткізіпті. Не қазақ, не орыс тілін білмейтін шешен жұрты үшін алғашқыда жергілікті халықпен тілдесу оңай болмайды. Дегенмен уақыт өте келе қазақ халқының қайырымдылығының арқасында тіршілік ағымына ілесіп кеткен бауырларымыз бүгінге дейін кең байтақ қазақ жерінде тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Қазақстанның қалайша біздің екінші үйімiзге айналғанын ұмытпаймыз! Жергілікті халыққа осындай кеңпейілділiгi үшін алғысымыз шексіз, – деді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі басшысының орынбасары Лайла Пашаева.

Айта кетейік, облыстық «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігі 1995 жылдың 30 наурызында құрылды. Этномәдени бірлестік төрағасы − Мовлади Исаев. 2016 жылы 31 наурызда «Беркат» шешен этномәдени бірлестігі болып қайта құрылды. Облыстық комиссия отырысының шешімімен қоғамдық аккредиттеуден өтіп «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі болып қайта тіркелді.

Шешен диаспорасының өкілдері көбіне Қызылорда қаласында және Сырдария, Жалағаш аудандарында тұрады.

Бірлестіктің басты мақсаты − ұлттық және этносаралық қатынастарды дамытуға қолдау көрсету, қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы демократиялық түбегейлі өзгерістер процесіне этнос өкілдерін белсенді түрде қатыстыру, халықтың мәдениеті мен тілін, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап қалу және дамыту.

Бірлестік шешен халқының мәдениеті күнін, депортация құрбандарын еске алу кештерін тұрақты өткізіп тұрады. Сонымен қатар өңір шараларына белсене қатысып, елдің дамуына үлес қосуда. Бірлестікте 60 мүше мен 16 белсенді бар.

М.ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<