Екінші дүниежүзілік соғыста оққа ұшқан мыңдаған жауынгердің өмірін жалғастырып, дүниеге келген біз сияқты «соғыс балаларының» айтары да, еске алатын естеліктері де баршылық. Бұл – біздің халқымыздың өмір жолы мен тарихы. Мұны бүгінгі жастарымыз білуге тиіс. Балалық бал дәуренді, әкенің аялы алақанын, асқар таудай тұлғасын көрмей, «жетім қозы маңырайды да, отығады» деп өмір кешкен, есейіп, ер жеткен азаматтардың әкеге деген бала махаббаты, сағынышы олардың арманы болып қалды. Оны бастан кешкендер ғана біледі.
Сондай азаматтардың бірі, үш жыл әскерде Литва елінде бірге қызмет атқарған қостанайлық Мұрат Есенов еді. Бүгінгі күнге тәубе деп отырғанда, есте қаларлық оқиғалар мен азаматтардың тұлғалары ойға оралады.
Біз ол кезде жас едік. Қоғамда, ортамызда болып жатқан саяси оқиғалардан аулақ болдық. Бірақ болашаққа деген үмітіміз зор-тұғын. Сексенінші жылдары коммунизмде өмір сүреміз, достық, еркіндік, теңдік, бейбітшілік, бостандық, коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексін жатқа айтып өстік. Бұл тек менің ғана емес, сол замандағы миллиондаған Кеңес Одағы азаматтарының саяси идеологиялық ұстанымы болды.
Ал Отанына адал қызмет ету, елін жаудан көздің қарашығындай қорғау әрбір Кеңес азаматының міндетті борышы еді. Ел қорғау борышымды 1962-1965 жылдары Литва КСР, Каунас-Клайпеда, бұрынғы «Кайзер жолы» деп аталып кеткен жолдан 5 шақырым қашықтықтағы орман арасында орналасқан Қарулы Күштер айбыны болған, он мың шақырым қашықтықтағы қарсыластың нысанын санаулы уақытта тас-талқанын шығаратын ядролық тіктұмсықтардан тұратын стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінде атқардым. Сол кездің талабы бойынша бұл құрамада қатардағы жауынгерден жоғары шенді қолбасшыларға дейін қызмет атқару үлкен сенім мен мақтаныш болатын. Ал қатардағы жауынгерлер білімі, қабілеті, саяси сауаттылығына, моральдық ұстанымына қарай таңдалып алынатын. Мен осы құрамаға педагогикалық институттың бірінші курсынан алындым.
Бұл кез халықаралық жағдайдың шиеленісіп, Батыс пен Шығыстың текетірес қауырт соғыс саясатының өршіп тұрған уақыты еді. «Кариб дағдарысы», Кубадағы жағдай жаңа соғыс отын тұтатудың сәл алдында тұрды. Оқ-дәрісін құрғақ ұстаған кеңестік Қарулы күштерден Батыс сескенді, біз осы жағдайлардың куәсі болдық. Олар екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің айбынынан қорықты.
Кезінде алып елді аласапыранға түсірген, волюнтаризм саясатын жүргізген Н.Хрущев Жеңістің буына мастанып, Біріккен Ұлттар Ұйымының трибунасын бәтеңкемен ұрғылауы олардың мысын басқан еді. Осы кезеңде айбынды қаруды игеріп жатқандар сақадай сай дайындықта болдық. Ату, ұшу алаңында ұйқысыз, демалыссыз, көз ілмей күн өткізіп жаттық. Өзіме көрсетілген сенімнен шығып, тез арада әскери техникалар мен дайындықты игеріп, бірінші сыныпты монтажшы, екінші сыныпты «МАЗ-502» қондырғы көлігінің жүргізуші мамандығын игердім.
Мұрат Есенов – орыс мектебін бітіріп, зауытта жұмыс істеген, саяси сауатты, қызуқанды жігіт. Дайындық, саяси сабақтарда командирлермен де айтысып, өзінің көзқарасын дәлелдеуге батыл баратын еді. Белсенділігімен ортада беделге ие болып, бөлімше командирінің орынбасары болып қызмет атқарды. Елде қалған жалғыз шешесін көп еске алатын. Әкесі соғысқа кеткенде шешесінің ішінде қалғанын, ол 1944 жылы сәуірде осы Литваның Шауляй қаласын азат етуде қайтыс болып, «қара қағаз» алғанын айтып жүретін.
1965 жаңа жылды көтеріңкі көңіл- күйде қарсы алдық. Бұл – біз үшін әскердегі қызметіміз аяқталып, елге қайтатын жыл, өзіміз де сақа солдат болып жүрген кезіміз. Бір күні Мұрат өзінің бірбеткей тіке мінезіне салынып: «Мен әкемнің жатқан жерін іздеймін. Осы елде жүріп неге осы мүмкіндікті пайдаланбаймын» деп ойын ашық айтты. Әскерде еңбегіміз бағаланып, Коммунистік партия қатарына өтіп, бедел жинаған біз оны құптадық. Ойымызды полк командиріне айтуға бел байладық. Полк командиріміз соғысқа қатысқан, білімді, мәдениетті әскери адамнан гөрі ұстазға ұқсаған полковник А.Горкин, замполитіміз парасатты подполковник Н.Федорович деген кісілер еді. Олар жауынгерінің бұл тілегін қолдады. Елден, әскери комиссариаттан әкесінің қайтыс болғаны жайлы «қара қағаз» алдырды. Шауляй әскери комиссариатымен хабарласып, іздеу салып, жауабын беруді сұрады.
Сол жылдың сәуір айында Шауляйдың әскери комиссариатынан командиріміздің атына «Ахметов Есен 1910 жылы туған, 1944 жылдың 4 сәуірінде жаудан Шауляй қаласын азат етуде ерлікпен қаза тапқан. Денесі Шауляй қаласының орталығындағы «Бауырластар зиратында» жерленген» деген хабар келді. Мұраттың қуанышына ортақ болған командирлеріміз бұл хатты бүкіл жауынгерлердің алдында оқып, қолына тапсырды. Өсиетті, ұлағатты сөздерін жауды жеңудегі көпұлтты, оның ішінде қазақ жауынгерлерінің өздері куә болған ерліктерін, олардың ұрпақтары – біздің аттарымызға жылы сөздер айтты.
Мерейіміз тасып, көңіліміз босады. Себебі, сол сапта тұрғандардың барлығының да әкелері сұм соғысқа қатысқан, соғыс мүгедектері мен құрбандарының балалары еді.
Кейіннен Шауляйдан келетін жақсы хабарлар жалғаса берді. Ұлы Жеңістің 20 жылдық құрметіне өтетін қалалық мерекеге әкесінің зиратының басына келіп тағзым етуге Мұраттың атына шақыру қағазы келді. Шауляй қалалық партия комитеті бұл шараны өздерінің мерекелік бағдарламасына енгізгенін білдік. Біздің қуанышымызда шек болған жоқ. 1965 жылдың 9 мамыр күнін асыға күттік. Мерекелік күнге де жеттік. Шауляй – сол елдегі ірі әрі өндірісті, өнеркәсіпті қала. Батыстың озық технологиясын игерген бұл қалада сол кездері телевизор, тоңазытқыштар, электр тауарлары шығып жататын.
Соғыстың бірінші күні Шауляй жау қолында болып, неміс дивизиялары осы біз жүріп жүрген тас жолмен шығысқа жорығын бастаған. Полк командирі салтанатты мерекеге қатысуға замполит Н.Федоровичті, Мұратты, оның қасына мені қосты. Майдангер, полк командирі соғыста қарамағындағы қарулас жолдастары оққа ұшқанда, оларды жерлегенде, қалыптасқан қағиданы ескеріп, марқұмдармен соңғы қоштасу ретінде аспанға үш дүркін оқ ататынына байланысты өзінің бұйрығымен Мұратқа зират басында әкесіне тағзым етіп автоматтан бір қорап аспанға оқ атуға рұқсат берді. Бұл операцияны орындауды орынбасары подполковник Федоровичке жүктеді.
Литва – шағын ел. Бір күнде аралап шығуға болады. Қаланың орталық алаңына халық көп жиналыпты. Бізді мектеп оқушылары гүл шоқтарымен қарсы алды. Соғыстың аяқталғанына жиырма-ақ жыл. Ардагерлер, генералдар мен үлкен шендегі офицерлер, омырауы толы орден-медальдар. Мерекелік салтанатты қала басшысы құттықтау сөзбен ашты. Қалалық әскери комиссариаттың бастығы, полковник Жеңістің 20 жылдығына арнап баяндама жасады. Трибунада ардагерлер мен генералдар, жастар мен жұмысшы өкілдері шығып өз тілектерін айтып жатты.
Жиынды жүргізуші диктор: «Құрметті салтанатты мерекеге қатысушылар, қонақтар! Қаламызды неміс фашизмінен азат етудегі шайқаста ерлікпен қаза тапқан «Бауырластар бейітіне» жерленген жауынгер қазақ Ахметов Есеннің баласы Есенов Мұрат біздің қаланың қызыл ізшілері арқылы іздеп тауып, әкесінің зиратына келіп тұр. Ол біздің республикамызда Отан алдындағы әскери қызметін атқарып жүр. Әскери, саяси дайындықтың озаты. Құттықтау сөз сол әскери бөлімнің командирінің саяси жұмыстары жөніндегі орынбасары, майдангер подполковник Н.Федоровичке беріледі» деді. Ол қасына Мұратты ертіп, трибунаға көтерілді. Сөзге шешен саяси жетекші жүрекжарды құттықтау сөзімен Мұраттың әкесін іздестіріп табудағы бауырлас елдердің азаматтарына рахметін айтты. Алдын ала дайындалып қойылған гүл шоғын ардагерлер мен қала басшылығы, ішінде біз де бармыз «Славянканың қоштасуы» маршымен «Бауырластар бейітіне» қойып, бір минут үнсіздік жарияланды. Мұрат бірінші тақтадағы алғашқылардың қатарында ойылып жазылған әкесінің есімін оқып, құшақтап жылағанда соғыс тауқыметін тартқан, жиналғандардың да кеуілдері босаған еді.
Салтанатты шараның екінші жартысы нағыз әскери жаттығу полигонындағыдай болды. Қала әскери горнизонының бастығы Жеңістің құрметіне, қаланы жаудан азат етуде қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға оқ атылатынын, бұл құрамда әкесінің есімін тапқан қатардағы жауынгер, әскери, саяси дайындықтың озаты Есенов Мұраттың бар екенін хабарлап, аспанға автоматтарын кезеніп тұрған жауынгерлерге «Еліміздің азаттығы мен бостандығы үшін соғыста қаза болған жауынгерлерді еске алу үшін!», «Ұлы Жеңістің 20 жылдық құрметіне!», «Кеңестік Қарулы Күштерінің даңқы арта берсін!», «пли» деген команда берді. Оқтар үш дүркін бөлініп атылды. Біз осы сәттерде үлкен мақтаныш сезімде болдық. Бөлімге кештетіп, мерекелік көңіл-күйде оралдық.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<