Шевченко үңгіртасы

1778

0

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Өтебай Қанахин: «Жұмақ дегеніміз – өзің жарық дүниеге келген жылы ұяң, ата-қонысың, туған жерің, өскен елің, басқа ештеңе де емес» деген екен.

Мен де:

– Айналдым сенен, киелі Қарабұтағым,

Әр тасың қымбат, сылдырап аққан бұлағың, – деп, туған жерімді жер жәннаты дер едім. Талай дүбірлі оқиғаның куәсы болған киелі жер. Әсіресе, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев сынды қазақ әдебиетінің көрнекті классиктері, көркемсөз зергерлері шыққан жерде дүниеге келгенімді мақтан тұтамын.

Туған жерім – Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ ауданынан, ұмытпасам, 40-60 шақырымдай жерде орналасқан көне Қарабұтақ мекенінде Шевченко үңгіртасы бар. Үлкен тас жолдан шалғайда жатыр. Мектеп бітіретін жылы ұстаздарымызбен сыныптастыр мамыр айында саяхаттап барған едік. Бұрын сабақ барысында ұстазымыз айтқанмен, көрмеген соң мән бермеппіз. Тылсым табиғат, саф ауа, самал жел! Керемет! Бір түп тал өсіп тұр. Жанындағы ескерткіш тақтаға: Жанындағы ескерткіш-тақтаға: «Бұл жерде Украинаның халық ақыны Тарас Григорьевич Шевченко болған» деп жазылған. Жылдары есімде жоқ. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан жерінде алғаш рет табан тіреген жері осы көне Қарабұтақ еді. Ол ақын ғана емес, мықты суретші де болған деседі.

Екі жартас қатар орын тепкен. Соның бірінде адам еңкейіп кіретіндей қуыс үңгір бар. Жоғары қарай өрмелеп шығуың керек. Осы жерді қуғын-сүргін кезінде Т.Г. Шевченко паналаған. Сонау қияндағы Украина жерінен ат тұяғы зорға жететін шалғайдағы қазақ жеріне қалай келген дейсің?!

Үңгірдің ұшар басына шығу мүмкін емес, көтерілген сайын іші тарыла береді екен. (Ұстазымыздың айтқаны есімде қалмапты. Одан бері де қырық жылдан астам уақыт өтті). Әудем жерде, бастауын қайдан алып жатыр, белгісіз, сылдырап бұлақ ағып жатыр. Бәрін көзбен көріп, қатты таң қалдық…

 Шіркін, қазақ халқының пейілі қандай кең болса, байтақ даласының да қойнауы сондай дархан ғой!

Т.Шевченконың құрметіне аудан орталығындағы орыс мектебіне ақынның есімі берілген. Кезіндегі кеңшар кеңсесінің алдындағы алаңға ескерткіші қойылған. Екі халық арасындағы достық жібі үзілмей, жылда Украина елінен қонақтар келіп тұрады екен. Иә, ұрпақ жадында осындай атақты батырлары, ақын-жазушылары өнегелі істерімен қалады емес пе?!

Бибісара Кенжебекова-Омарова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<