1997 жылы Қызылорда қаласында арнайы экономикалық аймақ кұрылды. Осы тұста қала басшылығы арнайы аймақтың өз алдына газеті мен телеарнасы және баспаханасы болу керек деп ұйғарды. Қоғамдық телекомпанияның тарихы «Қала ТV» деген атпен осылай басталды. Білімді журналистер көп болғанымен, телеарнаның қыр-сырын білетіні некен-саяқ кез еді. Бастапқыда басшы табу қиындық тудырды. Экономикалық аймақтың басшысы, қала әкімі болған Бақберген Досманбетов естелік жазбасында былай дейді:
– Сондықтан бар салмақты әріптестерін жақсы танитын Бауыржан Омаровтың өзіне салдым. «Мына Байқоңырдың телекомпаниясы жабылайын деп жатқанын естіп отырмыз. Сонда Шаһизада Әбдікәрімов деген іскер жігіт бар көрінеді. Телекомпания төрағасының басшылығымен және Шаһизаданың тікелей қатысуымен «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы әрбір ұшырылым жайлы республикалық «Қазақстан», «Хабар» телеарналары эфирлерінен тікелей хабарлар топтамасы беріліп тұрады екен. Өздеріңіз білесіздер, газетіміздің редакторлығына қаншама адам ұсыныс білдірді. Ал қалалық телеарна басшылығына лайықты кандидатура болмай жатыр. Сақа журналистер көп, бірақ телеарна жұмысынан бейхабар. Тірелгеніміз жалғыз осы Шаһизада болып тұр. Егер келісетін болса, Байқоңыр телеарнасының техникалары өте күшті. Жылжымалы екі телестудиясының өзі неге тұрады?! Өзімен бірге ала келеді» деді ол. Жарайды, мен қарсы емеспін, шақыр, сөйлесіп көрейік, – дедім.
Лайықты таңдалған басшы Шаһизада Әбдікәрімовтің телеарнаның құрылуы, қалыптасуы, жаңа кезеңге аяқ басуында еңбегі зор болды. Кілең сайдың тасындай жалындап тұрған жастардың басын қосқан ұжымның ауызбіршілігі мықты еді. Жаңадан құрылған соң, жетіспейтін жақтары көп болса да, сыр білдірмей биікке ұмтылды. Қала өмірінің жақсы жағын жарқырата көрсетті, көлеңкелі тұсын да көлденең тартты. Көпшіліктің көңілінен шығып, сан мыңдаған көрерменнің көзайымына айналды. Қарқынды жұмыс істеген «Қала ТV» жұртшылықтың арқасүйер тірегі болды. Алғашқы кезде эфирге бір сағат шығатын. Санаулы құраммен сол бір сағат ішінде қала тіршілігін ақпараттандырып қана қоймай, түрлі хабарлар да түсірді. Танымдық тұрғыдан қызықты хабарларды көрермен асыға күтті. Олардың қатарында «Шарайна», «Уақыт геометриясы», «Жаңғырық», «Бізбен бірге болыңыздар», «Болашақ», «Біздің қаланың адамдары» хабары болды.
Қызылордадан 1999 жылы экономикалық аймақ статусы алынып тасталды. Тағы да Б.Досманбетовтің жазбасына сүйенсек, былай дейді:
– Сен басқарып отырған телеарна өз жұмысын тоқтатуы қажет. Қазірдің өзінде қатынас қағазы келіп тұр. Сондықтан өзің ізденіп, телеарнаны меншіктеп ал. Қолда бар дүниеңді жоғалтқанымыз жарамас десек, Шаһизада: «Ой аға, ол менің қолымнан келе қоймас. Қалтасы қалың қаламгер көріп пе едіңіз?» демесі бар ма?! Сөзді қой, қолыңа ал» дедім рухтандыра, қайрай түсіп. Көмектесемін, түсінсең бұнда менің де еңбегім бар. Сол кезде барып Шәки інім «Жарайды, аға» деп зорға келісті!
Қазіргі кезде «Qogam TV» атауымен ауданнан бөлек, «Отау» спутнигі арқылы республикаға 14 сағат бойы эфир тарататын телеарнаның тарихы осылай басталған еді. Республикалық телеарналармен қатар компьютерлік монтаждау әдісін ең алғаш болып бастады. Бұған сол уақытта атқарушы директор болған Бақытжан Шөкенов пен Мұрат Шалабаевтың еңбегі зор. Қазіргі атқарушы директор Мұрат Шалабаевтың айтуынша, бұл салада жұмыс істеу үшін телеарнаны жан-тәніңмен сүйе білуің керек.
– Егер телеарнаны сүйе білмесең, онда ұзақ жұмыс істей алмайсың. Уақытша жұмыс істеп кетемін деп келетіндер сондықтан да көп тұрақтамайды. Өйткені, олар бұнымен «ауырмайды». Алғаш телеарна құрылған кезде ленталық кассетамен түсіреміз, монтаждауда аналогтық құрал болатын. ВХС камералармен түсіріп, таспамен жазатынбыз. Ол уақытта мамандар да қат. Тіпті журналистер, операторлар дайындайтын оқу орны жоқ-тұғын. Айналдырған бір сағат эфир үшін бір күн тер төгеміз. Қазіргідей түсіріп келе сала, эфирге шығармайды. Оны көшіріп, таспаға қайта басамыз, монтаждаймыз. Ал бүгінде компьютер арқылы жылдам монтаждап, оны эфирге таратамыз. Екі жылдан бері облысқа да шығып келеміз. Спутник арқылы еліміздің кез келген қаласынан қосылуға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Ширек ғасыр көрермен көзайымына айналған телеарна тарихында Тілеген Бекарыстанов, Жеткерген Жүсіпов, Баян Құлтанова, Райхан Тәжібаева, Нұрлан Соңғыбайұлы, Жанар Жанасылова, Ғалымжан Бәйімбет, Нұрсәуле Қоңырбаева, Ізмұрат Құрбанбаев, Сахитжан Бермағанбетов, Нұргүл Ұзақбаева, Гүлнұр Бүркітбаева, Нұрлан Жақыпбек, Елена Рыбина, Болат Жұмабаевтың қолтаңбасы бар.
Телеарнаның іргесін қаласқан шеф-редактор Баян Құлтанова алғаш құрылған кезде қиындықтар болғанын айтады.
– Бос тұрған ғимараттың ішінде тіпті үстел мен орындық та болмады. Біріміз сюжеттің мәтінін жазып отырсақ, басқаларымыз терезенің алдында тізіліп кезек күтіп тұратынбыз. Студиямыз да бір бұрышта орналасқан. Ал бүгінде заманға сай барлық қызметкердің жұмыс бөлмесі бар. Қазір «Qogam TV» – үлкен ұжым. Осы 25 жыл ішінде қаншама жас журналист пен оператор маман қанаттанып ұшып шығыпты. Олардың көбі шетелде, республикалық арналарда, облыстық телеарналарда қызмет етіп жүр. «Qogam TV» – жастарды тәрбиелейтін ұстахана іспетті. Жыл сайын бізде өндірістік тәжірибеден студенттер өтеді. Қорқыт ата атындағы, «Болашақ» университеттерінен бөлек, Мәскеу, Чехияда білім алып жатқан жастар келеді. Бізде бір ерекшелігі – келген студентті бірден қызу жұмысқа салып жібереміз. Келген күні танысып, ертесіне түсірілімге барып, эфирге сюжетін дайындайды. Бірыңғай байланыс жүйесі болғандықтан, олардың жазған дүниесін оператор да, монтажер де бір уақытта көріп отырады. Жастардың ішінде өндірістік тәжірибеге қызығып келетіндер көп. Тіпті бірінші курстан бастап, бітіргенше осында жүретіндер бар. Әрбіріне маман ретінде қарап, үлкен жауапкершілік жүктейміз. Жастар да сол сенімнен шығып, өздерін жақсы жағынан көрсетеді. Студенттер дайын маман болып келмейді. Телеарнаның қазанында қайнап, пісіп, бірде журналист, бірде жүргізуші, бірде диктор, нәтижесінде әмбебап маман болып шығады. Журналистикаға деген махаббатын алтын қазық еткен жігерлі жастар барда телеарна жұмысы жандана түсері сөзсіз, – дейді Баян апай.
Бастапқыда небәрі 7 адаммен жұмысын бастаған ұжымда қазір 42 қызметкер бар. Әдепкі уақыттан бері саланың ыстық-суығына бірге төзген Гүлмира Ерманова, Мұрат Шалабаев, Баян Құлтанова, Ғалима Керейтбаева осы ұжымда. Ал бүгінде Нұрдәулет Қалабаев, Олжас Дәуіт, Назгүл Қажытаева, Мәдина Ералиева, Айдана Қауленова, Арайлым Кенжебекқызы, Шапағат Торғай есімді журналистер ақпарат таратып, тынымсыз еңбек етіп жүр. Операторлардан Асылбек Құлпайыстанов, Ерлан Жұмабаев және басқа да техникалық қызметкерлердің еңбегі зор.
Ұжымдағы журналистер мен техникалық қызметкерлердің біліктілігін арттыруға барынша көңіл бөлінеді. Шетелдік мамандар өткізген семинар-тренингтерге қатысып, кәсіби шеберлігін шыңдап отыру күн тәртібінен түскен емес. Мамандар әр кезеңде Париждегі «5-канал», Красноярскідегі «Афонтово Тв», Ташкенттегі электронды ақпарат құралдары ассоциациясы, Германияның «Неміс толқыны» станциясы базаларында тәжірибе алмасып қайтты. Бүгінде барлық техника цифрлық жүйеге көшкен.
Сыр халқы өзінің күнделікті сырласына айналған телеарнаны Шаһизаданың «Қоғамы» деп атап кеткен. Бұл айтулы ақын, облыстың Құрметті азаматы, белгілі журналистке жергілікті жұртшылықтың шынайы ілтипаты болса керек. Өйткені, алғашқы күннен бастап халықтың тіршілік түйткілдерін толассыз да тоқтаусыз толғап келетін «Qogam TV» өз биігіне осылай көтерілді.
Алғашқы қоғамдық телеарна жайында Шаһизада Әбдікәрімовтің өзі былай дейді:
– Иә, бұл – алғашқы қоғамдық телеарна. Телеарна тәуелсіз болғандықтан қоғамдағы барлық пікірге еркін орын береміз. Биліктің не оппозицияның сөзін сөйлеп, біржақты кетпейміз. Хал-қадірімізше мәселені жан-жақты көтереміз.
2000 жылдардан бері «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС басқарушысы болған Тұрсынкүл Желдербаеваның да сіңірген еңбегі зор. Сол уақытта телеарна Қазақстан Ұлттық хабарларын таратушылар қауымдастығының мүшелігіне өтті. 2002 жылы «Жарнама-2002» республикалық конкурсының жеңімпазы болса, 2003 жылы инвестициялық тендерде жеңімпаз атанып, қалалық әкімшіліктің бұрынғы қосымша ғимаратын сатып алды. Ал 2005 жылы республикалық «Жаңалықтар уақыты» конкурсында «Ең үздік ақпараттық бейнесюжет», «Ең үздік телерепортаж», «Ең үздік операторлық жұмыс» номинацияларының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар жыл сайынғы өткізілетін байқауларда топ жарып, үздік ақпарат таратушы атанып келеді.
Облыстағы ақпарат саласында ширек ғасыр жаңалық таратып келе жатқан телеарнада «Рауан», «Аптаның алты ауызы», «Көзбе-көз», «Әкім сағаты», «Мезгіл мәселесі», «Жастар», «Прокурор сағаты» хабарлары тұрақты көрсетіліп тұрады. Ұжым өңір халқын облыста орын алған саяси, әлеуметтік және экономикалық маңызды оқиғалардан хабардар етіп, жалпы ел өміріне қатысты басты жаңалықтарды көпшілік назарына жедел әрі сапалы тұрғыда таратуда тынымсыз тіршілік етуде.
Телевизия – аламан. Шабандозы – журналист. Ал оның ар жағында тақым қысқан қаншама қызметкер бар. Қызығы мен шыжығы көп таңғажайып әлемде бір минуттық сапалы дүние ұсыну үшін бір сағат, тіпті бір күн аздық етуі мүмкін. Десе де бұл саланың мамандары табанынан сыз өтіп, желдің өтінде жүрсе де шығармашылықпен шабыттанып, қаламмен қаруланған қағілез сарбазға айналады.
Төл тарихтың айнасындай айқын, бағдаршамындай бағалы телеарна осынау 25 жыл ішінде аймақтың әлеуметтік мәселелерін қаузады. Көрерменге етене жақын болып, Сыр руханиятының, мәдениетінің көкжиегін кеңейтті. Иә, бұл қастерлі құт мекеннің қабырғасы – талай мықтының алғашқы қадамын бағамдаған, ел мен жерге сүйініп қызмет етуіне мұрындық болған, жақсылықтың, жаңалықтың бастауындай!
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<