Шыңдалған достық

995

0

«Желтоқсан оқиғасының батырының бірі, парасатты  азамат Ерлан Бисембаев Қармақшы ауданының Құрметті азаматы атанды» дегенді естігенде қатты қуандым. «Қуаныш бөліссең көбейеді» деген бар. Шоқтығы көп адамнан биік  інімді құттықтауға асыққанмын. Өткен жылы мен Қазалы ауданының дәл осындай атағын иеленгенде  бірінші болып құттықтаған  Ерлан болатын.

Кенет… Ұялы телефоныма қоңырау соғылды. «Кімді айтсаң, сол келеді» демекші, Ерлан қоңырау  шалып тұр. Тұтқаны толқи көтердім. Алатаудай айбарлы бауырым қашанғы дағдысымен маған «ағалап» құрақ ұшып жатыр. Екеуміз телефон арқылы мәре-сәре болып қалдық. Аз-кем тілдескеннен кейін Ерланнан өзі туралы мақала жазуға рұқсат сұрадым.

Ал Ерлан :

– Аға,  мен туралы  жазып жүрсіз, көп рахмет! Алла сыйласын! Өзіңізге ініңіздің айтар бір өтініші болып тұр. Қазалының Қожабақы ауылында  тұратын Дархан Бекжан атты  жігіт бар. Желтоқсан оқиғасында белсенділік танытқан азамат. Алматыда қатар оқып, дос болдық. Желтоқсанда бірге жүрдік.  Біз оны «қазақ» деп атайтынбыз. Орыс тілі үстемдік құрған сол кездің өзінде орысша сөйлеген адамға қазақ тілінде жауап қайтаратын. Сотталмады демесеңіз, Желтоқсанда қайрат қылған азаматтың бірі. Аңқылдаған адам. Мен айдауда жүргенде үзбей хабарласып, тілекші болған адал досымның бірі. Дәкеңнің Желтоқсан оқиғасы кезіндегі қайсарлығы  еленбей жүр. Соны  жарыққа шығарсаңыз дұрыс болар еді. Айтпақшы,  Дарханды сіз де  жақсы танисыз, өзіңіздің құрдасыңыз, – демесі бар ма?!

Міне, қызық! Өзім жақсы сыйлайтын құрдасым Дархан Бекжанның Желтоқсан оқиғасына қатысқанын бұрын естісем де дәл осындай белсенділік танытқанын терең білмеуші едім. Әрі оны Ерлан Бисембаев сияқты  қайсар қазақтың  жоғары бағалауы мен үшін күтпеген жаңалық  болды. Орайы түскенде Қармақшы ауданының су жаңа Құрметті азаматы Ерлан Бисембаев туралы қысқаша дерек келтірсем.

«…Алаңға жиналған жастар теңіз толқынындай тербелді. Осы мезетте  ортаға шыққан ашаң тұлғалы келіншек қолындағы 2-3 жасар сәбиін нұсқап «Мына оңбағандар өзімді таяққа жықты. Баламды да ұрды», – деп ашынды. Ерланның жерлесі Шәріп бет-аузы қан-қан бүлдіршінді жоғары көтеріп, көпшілікке жүзін бұрған. Кенет…шепті кие-жара алға ұмтылған аға лейтенант шеніндегі әскери адам  әйелдің жағынан шапалақпен тартып-тартып жіберсін. Бойын ашу кернеген Ерлан құлаштай ұрып  аға лейтенантты мұрттай ұшырды. Кейін тергеуде осы көрініс пен «Әр ұлттың өз көсемі» деген ұранды көтеріп  тұрған  суреті Ерлан Бисембаевты соттауға басты айғақ болды.

Үкім жарияланды. Жеті жыл түрмеге кесті. Білегін кісен қысқан Ерлан сот залынан асқақ кейіпте шықты. Алғашқыда Алматы, Қызылорда түрмелерінде болды. Кейін Ресейдің Нарышкина поселкесіндегі зонаға этаппен аттандырылды. «Қожайындардың» ондағы  ойлары қайсар қазақтың  жігерін жасыту болса керек. Ерланды  атақты 31-камераға әкеліп қамады. Өңшең көкжалдар жиналыпты. Босағадан кірген бойда ұзын бойлы, шүңірек көзді шикіл сары:

– Сен орыстарды ұнатпайтын көрінесің, – деп тістенген-ді.

Ерланның алысса қарсыласына күші еркін жететіні мәлім.  Оның үстіне грек-рим күресінің тәсілдерін шебер меңгергені бар. Ерлан нық дауыспен:

– Мен орыстың емес, екеумізді қапасқа салғандардың жауымын, – деп қысқа жауап қайтарды. Камерадағы тыныштықты бұзған шекесінде тыртығы білеуленген дәу бұны бастан-аяқ шолып өтіп:

– Жарайсың, жігіт! Сені Пугачев деп білемін, – деп суық жымиды…

Ерлан мақтаған Дархан Бекжанмен тілдесуге асықтым. Жүздесіп, біраз сырға қанықтым. Достары «қазақ» деп әспеттеген Дарханнан  естіген әңгімені өзгертпей, сол қалпында оқырман назарына ұсынып отырмын.

– 1986 жылдың 16 желтоқсаны күні түстен кейін сабақта отырғанымызда Дінмұхамед Қонаевтың орнына Колбин деген біреу Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары болып тағайындалғанын естідік. Аудиторияны көңілсіздік жайлады. Рас екен. 17 желтоқсан күні сабаққа ерте бардым. Факультет деканының орынбасары Əнуар Дəуренбеков ағай алдымнан кездесіп «Дархан, жастар алаңға жиналып жатыр  екен» деді. Сөзге келместен «мен кеттім, ағай»  дедім. Бардым.  Брежнев атындағы алаңда Мир-Сəтпаев көшелерінің қиылысында 50 шақты қазақтың ұл-қызы жиналып тұр екен.  Көп ұзамай қолдарына ұран сөздер, плакаттар ұстаған жақын жердегі оқу орындарының студенттері келіп қосылып, көбейіп кетті. Арада қаншама уақыт өтсе де сол көріністі еске түсіру қиын.

Трибунада ең бірінші болып қазақтың қарапайым қызы Гүлнара Нұркенова сөз сөйледі. «Көрген қорлығымыз аз емес. Қайтпаңдар бауырларым!» деп ашынды. Айтпақшы, қолында кішкентай баласы бар.

Мінберге жақындап келген Бюро, Пленум мүшелеріне көпшілік тарапынан Қазақстанды қазақ басқарсын, қазақ өз жерінде неге өгейдің күйін кешеді,  жабылған қазақ мектептері қайта ашылсын деген т.б  әртүрлі талаптар қойылды.

Күн еңкейе қарулы əскер тарпа бас салды. Бастарында каска, бір қолында дубинка, екінші қолында қалқан. Жастар бейбіт түрде тұрған. Билік қазақ жастарымен санаспай мәселені  күшпен шешкісі келді. Текке кім өлгісі келеді дейсіз?! Аласапыран басталды.

Түннің бір уағында курстас достарым Машарап Шоқбаров, Нұртай Сабильянов және мен үшеуміз жатақханаға бірге қайттық. Соңғы автобусқа мінген екенбіз. Жолда төбелесіп, жатақханаға зорға  жеттік.  Кірер ауызда факультет деканы Кəкім  Дүйсембаев пен декан орынбасары Олег Михайлович Елистратов тұр екен.

18 желтоқсан күні артқы есіктен (черный ход)  ерте шығып, Брежнев атындағы алаңға тағы бардық. Нағыз қантөгіс сол күні болды. Бір солдаттың дубинкасы тиіп, есімнен танып қалыппын.  Айта кетерлігі, сол тұста қаракөз қарындастардың табандылығы ер-азаматтардан кем болған жоқ. Екінші рет таяқ жеп, есімнен танып қалғанда Жарас Тəппетов  деген, қазір марқұм болған біздің ауылдың  баласы көмектесті.

Аяқ киімімді əкеліп беріп, қармен беті-қолымды жуып есімді жидырды.

Сол қасіретті күндердегі достарым Машарап Шоқбаров, Болат Шонықов, Ұлан Өмірсеріков, Нұртай Сабильянов, Арынғазы Қайырбаев, Батырхан Сүттіхожанов, Хазбулат Кенжеғұлов, Серік Сермағамбетов, Мұрат Ергешбаев, Нұрлан Садырбаев, Ержан Исабеков, Мейрамбек Сағымбаев, Әбілғазы Томаев, Шапан Кенжебаев, Каден Дармаханов, өзге де көптеген азаматтарға  (марқұм болғандары да бар) құрметпен басымды иемін, – дейді Дархан тебіреніп.

Желтоқсанда шыңдалған достық деген осы шығар.

Жұмабек Табынбаев,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<