Смағұл Сәдуақасұлының қоғамдық-саяси көзқарастары

3567

0

С.Садуақасұлының қоғамдық көзқарастары 1916 жылы «Бірлік» ұйымына мүше болғаннан басталады. С.Садуақасұлының саяси өмірбаяны мен жолына үңілгенде Омбылық кезеңнің алатын орны ерекше. 1917 жылы    1-4 қазан аралығында «бірліктің» кеңейтілген жиылысы өтеді. Оған Ақмоладан «Жас қазақ», Спасскіден «Жас дәурен» және басқа жастар ұйымынан шамамен 100-ге жуық өкілдер қатысады. Жиылыс қаулы қабылдап, ұйымның басшылық органын сайлайды. Оның құрамына М.Саматов, А.М.Сейіповтар, О.Темірбеков, М.Бейсенов, Ә.Байділдин, Д.Әділов, Ғ.Садуақасов және басқа жастар кіреді. Ал жиылыстың төрағалығына және «Бірліктің» үні «Балапан» журналының редакторлығына М.Жұмабаев сайланады.

Жиналыс қаулысында мынадай сөздер жазылған еді: «Жиылыс Орынборда өткен жалпы съезінің қаулысын қуаттайды… Жиылыс қазақ саяси партиясы «Алашты» заман талабына сай және көздеген мақсатқа тез қол жеткізе алатын партия санайды. Сондықтан да қолдайды, халық арасында оның пікірлерін тарауды өз міндетіне алады».

1918 жылы «Бірлік» ұйымының мүшелері «ұлт мүддесіне бірігіп қызмет ету» мақсатында жалпы қазақ жастар съезін өткізуге ұмтылыс жасайды. Тіпті оған қатысатын делегаттарды  анықтайды. Олардың арасында С.Садуақасұлы да бар еді. Қазан төңкерісінен кейін екі бағытқа бөлініп кеткен ұйым мүшелері бастапқы кезеңде өзара жалпы демократиялық платформа негізінде біріккені, ал олардың көзқарастарында ағартушылық, ұлт азаттық мүдденің үстемдік алғаны да тарихи шындық болатын. Және оған өмірлік себептерде жеткілікті еді.

Ол туралы С.Садуақасұлы 1821 жылы жарық көрген «Жастарға жаңа жол» деген кітапшасында қазақ жастарының ұлт жандылық жолға түсуін объективтік себептерін, яғни отарлық езгідегі қазақ қоғамының жағдайы алдыңғы қатарлы саналы жастарды ұлт намысын қорғауға итермелегенін нанымды баяндап береді.

С.Садуақасұлының ауыл шаруашылық, экономика саласында атқарған қызметі көп. Соның дәлелі ретінде алатын еңбегі – «Кооперация һәм – қазақ шаруасы». Кооперация – Смағұл аса жетік меңгерген саласы. Ол мұны арнайы оқыды, қазақ шаруасына ыңғайлы жерін сол шәкірт күнінде-ақ басына тоқыды. Бұл туралы әжептәуір мақалалар жазды. Мына еңбек солардың қорытындысы секілді. Кітапшаның алғы сөзінде Смағұл «алты жыл ұдайымен арпалысқан заманның» зардаптарын айта келе «Қазақ шаруасының қазіргі халін тексеріп, … кооперация ашу керек» деген тақтан жасағанын мәлімдеді.

Қаламгер алғашқы бөлімінде кооперацияның мән-мағынасын, оның түрі мен саласы қайдан шығып, жұрты қалай көркейткені жөнінде түсіндіреді. Бұл ретте ол кооперацияның кіндігін кескен Англиядан бастап, Германия, Дания, Голландия, Швеция, Ресейге дейінгі елдердің бой тәжірибесін тілге тиек етіп, олардың қазақ тұрмысына жанасатын жерлерін межелейді және саяси сапырылыстарының алдында Омбы, Орынбор жеріндегі ауылдарда құрылған шаруа дүкендері мен ұяттық дәстүрде ертеден бар дәстүрді жандандырудың, жетілдірудің жолын қарастырады.

Еңбектің күре тамыры – қазақтың шаруа түрлерінен тыңғылықты статистикалық мағлұмат берген бөлімдер. Мұнда экономист Смағұл қазақ жеріндегі мал, егін шаруашылығының 1913-1922 жылдар аралығындағы көрсеткіштеріне талдау жасайды.

Бұл туындыға С.Садуақасұлының ұстаған бағыты-қазақ шаруасының негізін сақтай отырып, жаңа түр тұрпат беру. Оның ойынша, тұралаған шаруаға сан сипат берілмесе, ол мүлде құлдырайды. Мұны Смағұл: Шаруаның өзгерісі – тарихтың сыны. Мұндай өзгерісте халық не жер жүзінде жоғалып кетеді, не екінші рет қайта дәуірлегенде шаруасы бұрынғыдан орнықты тәртіпке түседі, – деп орынды түсіндіреді.

С.Садуақасұлы қазақ ішінде бұрын да бар, енді тағы құрылғалы отырған кооперация халық тұрмысының бауырын бұрынғыдан бүтіндейтін үш нәрсе іске асырады деп жасайды. Екінші қазақта әзірше зауыт-фабрика жоқ болғандықтан, шет жұрттың өндіріс бұйымдарын тек айырбас негізінде ауылға жеткізеді. Үшінші, нашарлардың әл-ауқатын түзерту үшін несие қаржы береді.

Қайраткердің пікірінше, осы түрдегі кооперация ұйымдары бойы келе, бірігіп, орталарынан банк ашып оның қаржысымен фабрика-зауыт сала алады.

Тарихтан белгілі, Қазақстанда шаруаны оңдау С.Садуақасұлының «Кооперация һәм қазақ шаруасы» атты еңбегінде көрсетілген жолмен жүрмеді.

Әкімшіл-әміршіл жолмен жүре берді. Смағұл бұл ойды 1921 жылғы аштықтың қайталанбауы үшін айтқан болатын. Алайда қазақ елі кеңес үкіметінің кінәсінен 1932 жылы ашаршылыққа тағы ұрынып, сансыз малы мен жанынан бірдей айрылды.

Осы ауыл шаруашылық училищесінде оқып жүріп қазақ жастарының алғашқы жасырын ұйымына қатысады. Бұл ұйым «Бірлік» деп аталып,  1914 жылы құрылған екен. Оның негізін қалаушылардың және жұмысын ілгері бастырушылардың арасында Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Қошмұхамед Кеменгеровтар болды.

1920 жылы жиырма жасар С.Садуақасұлы үлкен сайысқа келеді. Омбыда Сібір РСМ-ның қазақ-татар секциясында қызмет жасап жүргенде Қазақстан басшылары оны қазақ жастарының көшбасшысы болуға шақырады. Сол жылдың қазан айында өткен Қазақстан кеңестерінің І съезі оны республика атқару комитетінің хатшылығына сайлады.

20 жылдардағы қазақ халқы ұғымында айтсақ, ол – «Қазақстан кіндік қызметінің орынбасары».

1921 жылы бұған дейін Сібір төңкеріс комитетіне қарап келген Ақмола, Семей губернияларын қазақ автономиялы республикаға қосуды тездету жөнінде комиссия құрылады.

Мамыр айында С.Садуақасұлы Семейге басшы болып барады. Қой терісін жамылып, губерниялық атқару комитеті басшылығын қолынан жібермей отырған отаршыл пиғылдарды қызметтен аластау, ондағы саяси ахуалды түзеу С.Саудақсұлы оңай тиген жоқ. Сондай кеңейтілген бір жиын 21 мамырда өтеді. С.Садуақасұлы бұл бас қосуда ұзақ баяндама жасайды. Баяндаманың үлкен бір бөлігі: Қазақ қандай ұлт? Тарихы қандай? Орыс пен қазақ арасы неткен күрделі? – дейтін сұрақтарға берілген жауаптан тұрады.

1923 жылы С.Садуақасұлы республикалық жоспарлы комитетінің жерді аудандастыру бөлімін басқарады. Осы жылы «Совесткая Киргизия» журналына «Қазақ өлкесін аудандастыру кезінде туындаған негізгі проблемалар» атты еңбегін жариялай бастады. Мақалада қаламгер қазақ жерін аудандастыру мәселесін көтереді. Кеңес билігі тұсында аса нәзік территориялық айырым мәселесі туралы салиқалы пікірді С.Садуақасұлы санды санаулы қайраткерлер айта алғаны белгілі. Жер мәселесі С.Садуақасұлының осы жобасынан  Петропавл, Көкшетау, Ақбасар, Ақмола, Қарқаралы, Зайсан, Өскемен, Семей, Павлодар қалаларының дүниеге келу тарихын біле аламыз.

С.Садуақасұлы Қазақстанда жаңа өмірін арнағаннан бастап, оның нығайып беки түсуіне бар қажыр-қайратынмен ат салысқан. Дегенмен С.Садуақасұлының бүкіл қайраткерлік азаматтық потенциалы толық ашылған кезең 1925-1927 жылдар еді. Яғни оның халық ағарту комиссары, әрі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі болған кезі. Бұл кезең сонымен бірге Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетінің жауапты секретары болып істей бастаған кезімен дәлме-дәл келеді.

Бұл екі қайраткердің қарым-қатынасы туралы айрықша айтып өткен жөн сияқты. Өйткені республика өміріндегі белгілі оқиғалар кезінде бұл екеуінің қарым-қатынасы шешуші роль атқарады. С.Садуақасұлы мен Голощекиннің қатты ұстанған төрт мәселесі болған. Олар: 1. Мекемелерді қазақыландыру. 2. Оқығандарға көзқарас. 3. Байларға көзқарас. 4. Өнеркәсіпті дамыту.

20 жылдардың бас кезінен республикада жүргізілген жұмыстардың бірі мекемелерді қазақыландыру, яғни мекемелердегі іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу және онда келген адамдармен қызметкерлердің ұлт тілінде сөйлесе білу мәселесі. Әрбір конференция не болмаса съезд сайын осы мәселе көтерілмей қоймайды. Соның бәрін қазақыландыруды қай бағытта жүргізу керек деген мәселені үнемі айтып отырған Голощекин: «Қазақыландыру жұмысы партиядан басқа мекемелердің бәрінде жүру керек, партия қазақыландырудың қажеті жоқ, өйткені партия Россиянікі, оның тілі орысша болса да жетеді», дейді. Ал Смағұл болса былай дейді: «Партия қазақ жұршылығымен жұмыс істейді, қазақ коммунистерімен қарым-қатынаста болады, ол неге өз жұмысын қазақ тілінде жүргізе алмайды».

Осы кездегі аса күшті дискуссия тудырған мәселелердің бірі оқығандар проблемасы. Оқығандар болғанда төңкеріске дейін ұлт-азаттық қозғалысына ол революция кезінде «Алашорда» қозғалысына қатысқандар туралы, оларға кеңес үкіметінің қандай көзқараста болуға тиіс деген мәселе.

С.Садуақасұлы «Партияда жоқ болғандар туралы бір ғана саясат ұстауға тиіспіз: Олардың білімін пайдалануымыз керек. Бізде кеңес үкіметі тұсында білім алып жоғарғы оқу орнын бітіргендер әлі аз, оқу орнында сабақ беретіндер, оқу жазатындар жоқтың  қасы. Сондықтан өз мамандарымыз өсіп жетілгенше біз оқығандардан бас тарта алмаймыз».

Голощекин бұл көз қарасқа мүлдем қарсы болады, ол былай дейді: «Қазақстанда жоғарғы оқу орнын ашудың қажеті жоқ, оқимын дейтіндер Москва, Ленинградқа барып оқысын. Оқығандар жастарды бұзады, ұлттар алауыздығын қоздырады». С.Садуақасұлы үшін Қазақстандағы мемлекет партиялық жергіліктендіру ғасырлар бойы отарлық езгімен кіріптарлық болып ұлттық мемлекеттілігінен айырылған қазақ еліне, оның аяқ асты болған ұлттық мүддесін қорғайтын, яғни жоғын жоқтап, құлдыраған шаруашылығы мен қамқоршысы жоқ мәдениетіне сүйеніш, қорғап қала алатын мүлдем жаңа сападағы ұлттық мемлекет құру еді.

Жиырмасыншы жылдардың орта шенінде байларға көзқарас қалай болуы керек деген мәселе қайта-қайта күн тәртібіне қойылды. Әсіресе Голощекин Қазақстанға келгеннен кейін бұл мәселеге айрықша көңіл бөле бастады. Мәселенің өте күрделі болуының тағы бір себебі: Голощекин орыс поселкесіндегі кулак пен қазақ ауылдарындағы байлардың үлкен айырмашылығы бар екенін айтады.

«Кулак өз шаруасын мәдениетті жүргізеді, соқа – сайманы бар, ол бай болса біреуді қанайды, кеңес өкіметін мойындамайды», деген пікірге келіп, орыс кулактарына тимей-ақ қояйық, ал қазақ байларын тақымдап отыру керек деген ұсыныс енгізеді.

Бұл мәселеде де С.Садуақасұлы қарсы шығады: «Ауыл – поселкде» жүргізілуге тиісті біздің саясатымыз бірдей болуы керек. Қазақ ауылында әр-түрлі, орыс поселкесінде басқаша саясат жүргізуіміз дұрыс емес, Қазақстан байы мен қатар орыстың да жуан жұдырықтарын (кулактарын) тақымдап отыруымыз керек». Бұл екі ұштылықтан ада, оның айтылған пікірінен қандай пікірлер жасауға болады? Біріншіден марксизмнің теориялық негізінен жақсы хабардар С.Садуақасұлы тап күресіне қарсы емес, басқаша айтқанда партия мүшесі ретінде қазақ байлары мен күрес жүргізу қажеттігін мәтіндеп қана қоймай, өзі соған ат салысуға даяр екендігін білдіреді. Ол бұл бағытын саяси қайраткер ретінде іс жүзінде дәлелдеді де.

Қазақтардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған  мақалалар жиі жарық көрді. «Еңбекші қазақтың» 1925 жылғы 8 қаңтардағы 275 саны С.Садуақасұлының қолымен шықты. Құжаттардың көрсетуіне қарағанда газеттің беделі бұл уақытқа дейін жоғары болмаған. Тартымсыздығынан оның тиражы барған сайын төмендей түкен. С.Садуақасұлы келген бетте республикалық орталық газеті қалың бұқараның үніне және оның белсенді қоғамдық санының қалыптасуына пәрменді ықпал жасай алатын қуатты құралға айналдырды. С.Садуақасұлының кезінде сынға ұшыраған» оқу ісінің кемшіліктері», оларға қарсы  шаралар», «ойланатын уақыт жетті» және тағы басқа  материалдары ой еркіндігімен, батылдығымен ерекшеленеді.

1925 жылы сәуірде, Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылордаға ауысқаннан кейін Қазақстан кеңестерін  V съезінде ол халық ағарту комиссары болып тағайындалады, ал РКП (б) Қазақстан Өлкелік V партия конференциясында ол партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланады. С.Садуқасұлы енді бүкіл Қазақстан тағдыры үшін жауап беретін биік дәрежеге ие болады.

1927 жылдың қарашасына дейінгі екі жарым жыл оның өміріндегі ең күрделі де жауапты кезеңі болып табылады.

Кенжегүл Құлбараққызы,

облыстық тарихи-өлкетану

музейі Ақмешіт филиалының меңгерушісі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<