Сөнбес сана сәулесі

293

0

Тарихта 1808-1864 жылдар аралығында билік құрған Қоқан хандығы туралы деректер таптаурын, тар көлемде белгілі. Сол хандық тұсында датқалық құрып, халқына қызмет еткен тұлғалардың бірі – Балаби Есенәліұлы.

Датқалар билігі – біразымыз ойлағандай ханға қызмет ету емес, кемеңгерлікке, кісілікке құрылған билік.

Шиелі өңіріндегі Тұрсынбай датқа, Досбол датқа, Балаби датқа секілді тұлғалар ел-жұртына талғанда тіреу, сасқанда сүйеу болған шешен-билер еді. Олар қазақ жерінде әділдіктің салтанат құруы үшін һәм қиянат пен зұлымдыққа тосқауыл қою жолында ұшан-теңіз қажыр-қайрат жұмсаған.

Балабидің азан шақырып қойған аты – Бименбет, ол әкесінен он үш жасында жетім қалып, əкесінің інісі Арғынбайдың атын ерттеп, қасына ерген. «Алтын босағалы Бұлтыңның биі» атанған сөзге бай Арғынбай малға кедей болған, оның үстіне бір перзентке де зар екен. Ол Бименбетті жасынан өз баласындай көріп, билікке, шешендікке баулыған. Арғынбайдың алдына түсіп ешкім сөйлемеген.  

Бір алқалы жиында жұрттың өзінен емес, Арғынбайдың сөз бастауын сұрап отырғанын аңдаған Жайынбай деген бай:

– Сөйле, құлағы жоқ шұнақ биім, құйрығы жоқ шолақ биім, – депті.

Бұл оның кедейлігі мен баласының жоқтығын меңзеген сөз болатын. Сонда Арғынбай:

– Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады, Жайынбай. Сен малыңмен босқа мақтанба. Байлық түбі – тақыл, қазына түбі – ақыл. Ешкі егіз тауып қойдан көп болмайды, ит сегіз тауып, малдан көп болмайды. Құлағым шұнақ болса, сұңқар шығармын, құйрығым шолақ болса, тұлпар шығармын. Құдайым маған берейін десе, баласы жоқ па, саған берейін десе бәлесі жоқ па? – деген екен.

Жайынбай жұмған аузын аша алмаса керек.

Осындай от ауызды, орақ тілді шешеннен тәрбие алған Балабидің бірде-бір билігі зая кетпеген дейді ел аузы.

Тарих парақтары Қоқан хандығы кезіндегі датқалар қызметін нақты көрсетпей келе жатыр. Дегенмен, сол датқалардың бірі Балаби есімі оның шешендік өнерімен өміршеңдігін дәлелдеді. Балабидің мемлекеттік қызметінің көрінбей, тек сөздерінің ғана сақталуында осындай сыр жатыр. Алайда, көптеген зерттеушілер сол кезеңдердің шындығы – Орынбор, Ташкент, Санкт-Петербург секілді ірі қалалардың мұрағаттарында жатыр дегенді айтады.

Архивтер құжатында: «Қоқан хандығындағы датқа дәрежесін иеленгендер әкімшілік қызметпен қатар, әскери қызмет те атқарған. Датқалар хандық билікке өз ықпалын тигізіп, хан сайлауда, хандықты басқаруда үлкен рөл атқарған» деген деректер кездеседі. Қоқан билігі кезінде датқа атағын алған қазақтар ішіндегі тұлғалар саны жүзге жуықтаған. Орыс зерттеушілері датқа дәрежесіндегі адамдарды генералға, генерал-губернатор лауазымына тең дәрежеде санаған. Осыған қарағанда Балаби тұлғасын тек ел ішіндегі шешендік сөздерімен ғана өлшеп, оның мемлекеттік деңгейдегі қызметіне баға бермеу үлкен қателігіміз. 

Сонымен қатар, Балабиді зерттеуші әдебиетшілер мен ғалымдардың да үстірт кеткен тұстары көп.

«Досбол қартайып жасы сексенге келгенде Балабиге батасын беріпті» деген әңгімелер кездеседі. Сондай бір әңгіме «Жұлдыз» журналының 1985 жылғы 5-санында (201-бет) жарық көрген. Негізі Шиелі өңіріндегі кәріқұлақ, көнекөздердің бәрі Балабидің Досболдан үлкен екенін айтып кеткен. Бұған ел аузында сақталған есті сөздер де дәлел бола алады. Мысалы мына әңгіме:

 Досбол мен Балаби көбіне ел ішіндегі дау-шарды шешуге бірге барған. Кейде Балаби  уәж табуға тосылып қалса, «Досбол, жарғағыңды берші» дейтін болған. Мұнысы «сөзді әрі қарай сен жалғап әкет» деген ымырасы екен.

Балаби осындай бір алқалы отырыста сөзді Досбол жалғасын деген ниетпен:

– Досбол, жарғағыңды берші, – дейді. Бірақ, Досбол үнсіз отыра беріпті. Екінші рет сұрапты, оған да үндемепті. Сонда Балаби ашу шақырып: – Әй, Досбол, құлағың естімей ме, жарғағыңды таста деймін! – деп жекіріңкіреп сөйлепті. Досбол сонда жарғағын тастап, Балабидің дәлелді, жүйелі сөзден ауытқып бара жатқанын сезіп, ол насыбайды ерніне сала бергенде, дауға айтылар уәжді тізбелей жөнеледі.

Елге қайтып келе жатқанда, Досбол Балабиге:

– Бағым артық дейсіз, осы жолы мен болмағанда, көк тігіле жаздады-ау, би аға, – деген екен. Сонда Балаби Досболға:

– Менің жанымда сен сықылды ақылды, от ауызды, орақ тілді, шешен де данышпан інімнің еріп жүргені бақыт емес пе? Сол себепті менің бағым артық, сенің тілің артық дейтінім. Сен ол сөзге түсінбеген екенсің ғой. Сен болмағанда, мен Түркістан мен Ақмешіттің аралығындағы елге «Кімсің, Балаби» болар ма едім, сенің тапқырлығың, білгірлігің, өткір жүрегің, орамды тілің маған таусылмас бақ қой, – депті.

Осы сөзден кімнің аға, кімнің іні екені ап-анық көрініп тұрған жоқ па?

Бұл әңгімеге байланысты мына нәрсені де қаперге алуға болады. Балаби жаңағы Досболмен арадағы әңгімеде айтылғандай, жөпелдемеде жол таппай, қысылтаяңда сөз таппай қалатын адам емес. Он жасында кісі өліміне байланысты шешім айтып, уәжін мақұлдатқан баланың даналық жасында сөз таппай қалуы түсінікке томпақ. Асылында, Балабидің сөздері өте бейнелі және талай әңгімеде аяқасты тауып сөйлейтін тездігі де көрінеді.

Балабидің Досболға «бәрі сенің арқаң ғой» деп сөйлеуі – оның қарапайымдығы һәм кішіні ірі көрсетіп, қолпаштай білуі. Сонымен бірге Балаби Досболмен өзара татулықтарын көрсету арқылы ағайын арасындағы татулықтың да беріктігін ойлаған. Сондықтан Балабидің «жарғағыңды берші» деуі оның сөз таппай қалуы деп ойлауымыз қате. Ол – оның жол табуы, бір дауда екі бидің бірауыздан сөйлейтінін былайғы жұртқа да көрсете білуі. Ал ауызша әңгіме жеткізушілер «Балаби мүдіріп қалғанда, сөзден тосылып қалғанда…» деген пайымдарды өз жанынан қосып жіберген, тіпті сондай сөзді Балабидің өз аузына да салған.

Жалпы, алғанда Балаби жайында дерек жинауға осыған дейін олақ қарап келгендігіміз өзінен-өзі көрініп қала береді.

Бұған қоса, мына нәрсені айтпақпыз. 2020 жылы облыс әкімдігі бюджет есебінен мерейтойларды атап өту тізіміне Досбол Қорлыбайұлының 220 жылдығын да қосты. Демек, Досбол биді 1800 жылы туған деп есептейді. Себебі, дереккөздерде осылай жазылған. Ол дереккөзді кім жазды, қандай нақтылыққа сүйенді, бұл жағы беймәлім. Біздің білетініміз Досболдың Балабиден кіші екендігі, ал, Балабидің туған жылы – 1811 жыл.

Досбол биді 1800 жылы өмірге келген деп, кейінгі зерттеулер үшін Балабидің туған жылын да амалсыз кейін шегеруге тура келеді. Бұл тарихқа қиянат сияқты емес пе?

Міне, балабитанудың осындай мәселелерін көре тұра айтпай кетуге болмас, дегенмен, бүгінгі сөз ауаны басқа.

Тарихи тұлғаның төртінші ұрпағы, белгілі кәсіпкер-меценат Темірхан Әлімқұлов бастаған ағайындар 2000 жылдың жазында Оқшы ата пантеоны ауласынан аруақты Балабиге арнап кесене-ескерткіш тұрғызып, ас берді.

Жомарт жан биыл осы сауапты ісін жалғастырып отыр. Алдағы күндері «Бәйгеқұм» ауылында өтетін аста ат бәйгесі беріліп, республика палуандары күреске түседі. Ақындар айтысы, мүшәйра, театрландырылған көрініс тамашаланады. Жеңімпаздардың бәрі ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болады. «Қарға басып жейді, сұңқар шашып жейді» деген аталарымыз, мұны табысты кәсіпкердің халыққа таратқан шүлені дегеніміз дұрыс болар.

Қоғам қашанда дарынды, қабілетті адамдарға мұқтаж. Қай заманда да мемлекет қайраткерлері, қолбасылар мен басшылар ойға шебер, тілге шешен болған. Болашақ түзу ойлы, елшіл адамдар дарындылар қатарынан шығады. Сондықтан да қазіргі ұрпақтың сөйлеу тілі және танымын дамытуды қоғам басты міндетке айналдырып келе жатыр. Даналыққа құрылған қанатты сөздерді, мақал-мәтелдерді, шешендік өнерді жас ұрпақ бойына қалыптастырып, сол арқылы рухани байлығын арттыру – басты міндет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәңгілік мұра иесі Абай күнін белгілеп, мерекеге айналдыруы да осы міндетті көздейді.

«Атаға тартып ұл тусын» дегендей, бидің ұрпағы, Қызылорда қаласының және Шиелі ауданының Құрметті азаматы Темірхан Әлімқұлов 2020 жылы Балаби өміріне қатысты жергілікті баспадан «Мыңжылдық мирас» атты кітап бастырып шығарды. Кітапта жастарды біз айтып отырған даналық пен шешендікке тәрбиелейтін мазмұн бар. Бұл – Балабидің өзі өмірден өтсе де, ұрпағына сана сәулесін шашып жатқанының тағы бір айғағы.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<