1961 жылдың басында Қазақстан Жазушылар одағының Қарағандыдағы онкүндігі өтеді. Білуімізше, бұл шараға Сәбит Мұқанов, Сәйділ Талжанов, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев бастаған қырықтай ақын-жазушы қатысқан. Әлбетте, араларында Бауыржан Момышұлы да бар.
Алматыдан келген делегацияны қарсы алуға облыстағы лауазымды тұлғармен бірге әйгілі ұшқыш, Совет Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің анасы Бағжан апай да шыққан екен. Ол кісі шығармашылық адамдармен есендескен соң Бауыржанмен арнайы амандасып:
– Бармысың, Бауыржан қайным! Соғыс алапатынан жауды жеңіп қайтқан даңқың әлі күнге дүңкілдесіп естіліп тұр. Абыройың артсын! Тек сол майдан даласында менің Нұркенім көзіңе түспеді ме? Қайтарыңда неге өзіңмен бірге ерте қайтпадың ініңді? Қияпат өрт ішіне неге тастап кеттіңдер баламды?! – деп көңілі қамығады.
Бір мезет не дерін білмей тосылған Баукең жеңгесін дереу құшақтай алып, маңдайынан сүйіп, көзі жасаурап: – Сенің қыран ұлың оралады әлі, жеңеше! Ол өлген жоқ. Ол мәңгі жасайды. Күдеріңді үзбе. Ұлың келеді әлі, – деп жұбатады.
Сол сәт осынау тосын көрініске куә болған жұрт түгел тебіренген көрінеді.
Шахтерлер сарайында Баукең баяндама жасайды. Бірақ о тұстағы жағдай белгілі ғой, орысша сөйлеуге тура келгендей…
Керемет сөйлепті. Ертесіне қонақүйдегі нөмерінде жатса, батырға облыстық «Советтік Қарағанды» газетінің редакторы Бейсенғали Тайкіманов хабарласып, бұйымтай айтады.
Мән-жайды түсініп, келісім берген соң Бауыржан жатқан бөлмеге қонақшылап ақындар Мұзафар Әлімбаев пен Тұманбай Молдағалиев барады. Батыр бұларға:
– Жігіттер, «Қарағанды» газеті менің кешегі сөзімнің қазақша нұсқасын баспақ ниетте. Редактор аудармасын оқып беріп еді, кейбір селкеуліктерін аңдап қалдым. Қазір бір тілші жігіт газет гранкасын әкелмекші. Соны үшеулеп қарап, кейбір тұстарын жөндеп тастайық, – дейді.
Сөйтіп «қарт» офицерлер Мұзағаң екеуі үстел үстінде тұрған спиртті ортаға алып, енді отыра бергендерінде, версткасын ұстап журналист те келіп кіреді. Жас Тұманбай есік ашып, өзі құралпылас тілшіні құшақ жая қарсы алады.
Баукең жөн сұрасқан сон спирттен екі жүз грамдық қырлы стаканға әлгі жігітке де құйып беріп:
– Ал бауырым, ниеттеріңе рақмет. Мақала жақсы шықсын. Кәне, кел, таныстығымыз үшін, тартып жібер мынаны! – дейді.
Анау дереу ішіп салады да, тұншығып, көзі аларып, бүктеліп барып, қылжиып құлай кетіпті. 96 градус реактификат оңай ма?!
Оның мүшкіл халіне үрейленіп қалған Баукең су жұтқызып, арқасынан қағып, қатты әбігерленеді. Сөйтсе, әлгі өмірінде спирт түгілі, арақ татып көрмеген жан екен. Тек қаймығып, онысын айта алмай, қорыққанынан батырдың айтқанын қалай орындағанын өзі де аңғармай қалған. Сөйтіп, жедел жәрдем машинасымен ауруханадан бір-ақ шыққан.
Баукең ыңғайсызданып:
– Өй, бұл өзі қызық жігіт екен ғой. Ішпейтін едім десе, аузына құям ба! Жөні түзу біреулеріңді жібермедіңдер ме… Журналиспін дегенге… Мен мұның шикіөкпе екенінін қайдан білейін, – депті ошарылып (Осы әңгімені қарағандылық қаламгерлер күлкі қылып бертінге дейін айтып жүрді. Мұндағылар Баукеңнің алғашқы қосағы Бибіжамал апай Қарқаралының қызы болғандықтан, батырды жезде деп жақын тұтатын еді).
***
Спирт дегенде, әлдебір жазушылардың Бауыржан ағайларынан кейбір жекелеген ақындар туралы пікірін сұрағаны еске түседі.
– Аға, қалай ойлайсыз, сіздіңше бәленше ақынның деңгейі қандай? – дейді ғой. Баукең айтыпты:
– Е-е, ол шалап қой, әшейін!
– Түгенше ақынды қалай бағалар едіңіз?
– Дау жоқ, мойындауымыз керек, ол – шарап.
– Ал Қасым Аманжолов туралы пікіріңіз қандай?
– О-о-о! Ол туралы сөз басқа. Спирт қой ол! Спирт! – дейді батыр сұқ саусағымен көкті нұсқап.
Өзі де аса ұшқыр мінезді, «өлеңі өртке тиген дауылдай» сұрапыл екпінді, майдангер Қасым ақын да Бауыржанды әрдайым хан көтере құрметтеген. Жыр жолдарын арнаған.
Мамытбек Қалдыбайдың жазбаларынан
әзірлеген Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<