Су шаруашылығының шежіресі

778

0

Қызылорда облысын өзге аймаққа ұқсамайтын, ерекше өңір ретінде айғақтайтын маңызды қазына. Өнегелі еңбек үлгісін көрсетіп кеткен шоқтығы биік тұлғаларымыз негізін қалаған саланың өзіндік терең тарихы бар.


Өңірімізде ғана емес, еліміз бойынша бірегей мәдени нысан – Тасбөгет кентіндегі облыстық су шаруашылығы музейі. Онда аймақтың су жүйесі тарихы туралы құнды деректер сақталған. 2002 жылы «Қызылорда» су торабы мекемесі негізінде құрылған музей материалдарын инженер-гидротехник Мәделхан Нәлібаев жинаған. Өмір бойы салада еңбек еткен құрметті гидротехник 1994 жылы зейнетке шыққаннан кейін, еліміздің ешбір аймағында бұрын-соңды болмаған су шаруашылығы музейін жа­сақтауға біржола кіріскен.


Мұндағы ең құнды жәдігер мұрағаттық фото­суреттері бар альбом – Қызылорда плотинасы құрылысының ше­жіресі. Алып құрылыс 1945 жылы басталып, 1956 жылы аяқталған. М.Нәлібаев сол кезден-ақ тарихи маңызға ие нысан құрылысының құжаттары мен фото­суреттерін жинауды бас­таған. Негізгі материалдарды плотина құ­ры­лысы туралы күнделік жаз­баларын құрылыстың ал­ғашқы күнінен соңғы кү­ніне дейін жұмыс жасаған Алексей Николаевич Киселев қалдырған.


– Үлкен құрылыс ала­ңы ашылған жылы құры­­лысшылар болмады, құ­рылыс материалдарын, ке­­ректі механизмдерді табу да қиын болды. Қиындықтан шығу үшін асар жасап, барлық аудандардан жас­тар қалаға жіберілді, олар үшін құрылыс мектептері ашылды. 1946 жылы КСРО үкіметі плотинаны салуға 1200 әскери тұтқынды жұмылдыру туралы шешім қабылдады. Бір жылда олар он тұрғынжай, монша, асханалар мен қоймалардан тұратын лагерь құрылысын аяқтады. Бірақ олардың негізгі жүктемесі жер қазу жұмыстары болды. 1946-1947 жылдың қы­сында қатты аязда әскери тұт­қын­дар себетпен су бұру қондырғысынан 60 мың текше метр топырақ шы­ғарды. 1947 жылы Кеңес үкіметі құрылыс алаңына көмек көрсету туралы қаулы шығарды. Жүзге жуық көлік, жылжымалы электр станциялары мен дизельді генераторлар әкелінді, – дейді музей қызметкері Жұмагүл Кұрымбекова.


Сол кездегі еңбек құрал­дары – кетпен, күрек, қара­пайым инженерлік құ­рылғылар да бар. Плотина құрылысының соңғы жылы маусым айына дейін бетон жұмыстары аяқталды, қақпалар мен гидравликалық көтеру құрылғысы орнатылды. 1956 жылы 5 маусымда қабылдау комиссиясы су жіберіп, қақпаларды сынап көруге рұқсат берді. Құрылысшылар сы­нақ кезінде анықталған ақауларды жоюды 23 маусымда аяқтап, сол күні су жаңа арнамен өтті. Плотина пайдалануға берілгеннен кейін аймақ тарихындағы жаңа кезең – күріш өсіру саласын дамыту қарқын алды.


Бүгінде сол құрылыстың көптеген фотосуреттері сақ­­талған. М.Нәлібаев қы­рық жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңіріне арналған суару жүйесін құру бо­йынша баға жетпес деректер жинаған. Атап айтсақ, Сырдария бассейнінде су қоймаларын салу мақ­са­тында 1908 жылы аймақта жүргізілген алғашқы зерт­теу құжаттарының түп­нұсқаларына дейін сақ­таулы. Бұл құжаттардың 1915 жылы басылып шық­қан жинағы да осында.


Сонымен қатар, ай­мақ­тың су шар­уашы­лы­ғының даму шежіресі бар. Мысалы, өт­кен ғасырдың басында жасал­ған құжаттар ішінде орыс және араб тілдерінде жа­зыл­ған облыстың мұ­рап­тары үшін жасалған ережелер. Бір сөзбен айтқанда, мұнда облыстың су шаруа­шылығының 1917 жылдан 2003 жылға дейінгі дамуы­на байланысты құжаттар жи­нақталған.


Деректерге сүйенсек, өңір­де алғашқылардың бірі болып жер-су реформаларын жүргізіп, жаңа арналар тартуға және ескі арналарды қалпына келтіруге қатысқан сала ардагері – Серікбай Бедебеков. Ол кезде арнайы техника, тракторлар болмаған соң, барлық каналдар кәдімгі кетпен-күрекпен қазылған.

С.Бедебеков бас­шылығымен Сырдария, Жа­лағаш және Шиелі аудандарына каналдар тартылды. 1928 жылы Сырдария бойында Қызылордадан «Қаракеткен» станциясына дейін жалпы ұзындығы жүз шақырымнан асатын тасқын судан қорғану бөгеттері салынды. Сол жиырмасыншы жылдары суару картасы алғаш рет қолданылды.
Музей фотосуреттері, альбомдар мен стендтерде жобалау және құрылыс ұйымдарының командалары, жетекші инженерлер, құрылыс алаңдары, су қондырғылары, бөгеттер, көпірлер көрініс тапқан. Баспасөзде жарық көрген түрлі каналдардағы бригадалар қызметі туралы репортаждар, очерк­тер, гидротехникалық құ­­­­­­рылыстар модельдері, сумен жабдықтау тақырыбына ар­­­налған кітаптар, карталар, ғылыми еңбектер қойылған.


Құнды деректер қата­рында Кіші Аралды қалпына келтіру жұмыстары, теңіз табанынан ежелгі кесене қирандыларының қалай та­былғаны туралы мәлі­мет­тер бар. Сондай-ақ, өзен­дер, аймақтың табиғи су айналымы диаграммалар арқылы көрсетілген. Мұнан бөлек, гидротехниктер өз жұмыстарында қолданатын барлық құрылғылар, егін алқаптарын суарудың ескі механизмдерінің бірі – шығыр макеті төрден орын алған. Жәдігерлер қоры әлі де толығуда.


Б.САҒЫНДЫҚҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<