Еліміздегі көне ірі қалалардың бірі – Сығанақ кезінде қазақ халқының басын құраған Ақорданың астанасы болған. Мәдениеті, сәулеті, саудасы мен қолөнері дамыған, 15 мұнаралы қорғаны болған қала Ұлы Жібек керуен жолының бойында.
Бүгінде Сығанақ қалашығы «ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында республикамыздың «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген.
Жуырда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Өлке тарихы» ғылыми-зерттеу бөлімі Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары және Жастар жылы аясында жас ұрпақты рухани мәдениетке тарту және тарихи-мәдени мұраны насихаттау мақсатында «Сығанақ – Алтын Орда төрі» тарихи-танымдық экспедициясын ұйымдастырды. Шараға «Рухани жаңғыру» орталығының қызметкерлері, «Жас Ұлан» ББЖ ұйымының мүшелері, тарихшылар мен музей қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Шарада сөз алған Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының экскурсоводы Бақдаулет Хайруллаұлы:
– «Сығанақ ескі дәуірде гүлденген қаланың бірі болған. Бұл шаһардың халқы да көп болғандықтан, қаланың базарында күн сайын 500 түйеге артылған тауар 500 түйе етінен жасалған кәуап, 1000 қой еті, 1500 сиыр еті сатылып кетіп отырған» деп жазған Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр аңыздар» атты еңбегінде. Сығанақ – қыпшақ хандарының құрылтай өткізіп, ақылдасатын ордасына айналған. Ұлы Жібек керуен жолының бойында жатқан сәулетті де сәнді қала қыпшақ даласының қақпасы атанған. Қаншама жау шапқыншылығын көрсе де, дамып отырған. 1219 жылы Сығанақ қаласы моңғол шапқыншылығына ұшырайды. Халқы 7 күн бойы берілмей қарсыласып бағады. Бірақ күші басым Жошы қаланы басып алып, халқын қырып, жойып, күл-талқанын шығарды. ХІІІ ғасырда Сығанақ қайтадан жанданады, көркейеді. Сыр бойындағы саяси және экономикалық орталыққа айналады. Жан-жақтан басып алушылардың аласапыранын басынан өткізгендіктен, құлдырады. Дегенмен, кезінде мәдениеті өркендеп, өнері дамып, білім ордасына айналған, үлкен кітапханасы болған, ғұламалар шыққан. Мәселен, бұл қалашықта ХІІ ғасырдың орта тұсында Хисамеддин Сығанақи дүниеге келген. Оның толық аты – Хусам ад Дин Әл Хусейн бин Әли ас Сығанақи. Мұнда Әли әкесінің аты болса, Сығанақ осы қаладан екенін білдіреді. Кіші күмбез сарайда Әл Сығанақи жерленгендіктен, жергілікті жұрт оны әулие тұтып, басына құрбандық шалған, садаққа берген. Бертін келе ол әулиені Сунақата деп атап кеткен, – деп қалашық жайында кеңінен айтып берді.
Шара барысында «Жас Ұлан» ББЖ ұйымының мүшелері сала мамандарынан көптеген мәліметтер алып, өз ойларын ортаға салды. Оқушылардың тарихқа деген қызығушылығын байқаған тарихшылар да ХІ ғасырда Қыпшақ мемлекетінің саяси әрі мәдени орталығына айналғанын, тұрғындары суармалы егіншілікпен айналысқанын, ауыз су, жерасты құбырлары Сырдария өзенінен келіп тұрғанын айтты. Сондай-ақ, қалашық орнынан табылған жерасты құбырлары (лас суларды айдайтын) сол заманда өмір сүрген адамдардың өркениетке ұмтылғанын білдірді.
Республикалық маңызы бар, мемлекет қорғауына алынған тарихи-мәдени мұраға 2003 жылдан бастап Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Археология және этнология» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор С.Жолдасбаевтың жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. 2004 жылы қаланың шығыс қақпасының алдынан ғалым, ислам дінінің көрнекті өкілі Хиссамидин (XIV ғ) салғызған мешіт-медресе табылып, 2005-2006 жылдары археологиялық қазба жұмыстары жасалды. 2007 жылы мешіт-медресе топырақтан тазартылып, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтірілді.
С.ҮСЕНҚҰЛОВА,
облыстық «Рухани жаңғыру»
орталығының маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<