Туризмді қалай түлетеміз?
Былайғы жұрт Қызылорда облысын құмды және шөлейтті аймақта орналасқан, барсаң желі азынап, құмы суырып тұрады деп ойлайды. Климаты онша қолайлы болмағанына қарамастан, географиялық және транспорттық тұрғыдан Қызылорда облысы өте ыңғайлы орналасқан. Егер картадан байқасаңыздар, Қазақстанның басқа облыстары негізінен горизонтальді жайғасса, Сыр өңірінің вертикальді орналасқанын көресіз. Соның арқасында теміржол да, тасжол да, Сырдария өзенінің арнасы да облыстың бүкіл ауданын өзектеп өтеді. Бұл – туризм саласына да қатысты басымдық. Қызылорда облысында туризмді дамыту мүмкіндігі өте жоғары. Бұл тұрғыда облысты – әлемдік туризмнің басты бағыттарына айналып отырған және шетелдік туристердің аса зор қызығушылығын тудырып отырған Орталық Азияның ортағасырлық қалалар туризмі мен Ұлы Жібек жолы туризмінің маңызды бағытына айналдыруға болады.
Тарихтың өн бойында Сыр бойы қалаларының, әсіресе Сығанақ пен Сауран қалаларының маңызды рөл атқарғанын білеміз. Соның ішінде тарих сахнасында бірнеше мемлекеттің астанасы болған Сығанақтың орны ерекше. Бір өкініштісі Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойындағы қалалар, негізінен күйдірілген емес, саз балшықтан жасалған кірпіштен тұрғызылғандықтан, сонша ғасырды бастан кешіріп, күні бүгінге дейін шыдамай, құлап қалған. Әмір Темір Көрегеннің қазіргі Өзбекстан аумағында салып кеткен орта ғасырлық жауһарлары шығысында Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейімен аяқталады. Сол мавзолейдің арқасында шетелдік туристер Түркістан қаласына арнайы келіп, ортағасырлық ойшылдың басына зиярат етеді.
Міне, осы тұста туризм бағытын Түркістан қаласымен шектемей, оны Сығанаққа дейін, ал мүмкін болса Қорқыт атаға дейін тартуға болады. Ол үшін әйгілі Сығанақ қаласы қалпына келтірілуі тиіс. Егер ортағасырлық Сығанақ қаласы қалпына келер болса, уақыт өте оған жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтайды. Ең алдымен, қайта қалпына келтірілген қала музей рөлін атқарумен қатар, адамдардың қоныстап, өмір сүруіне де қолайлы болуы шарт. Екіншіден, Сығанақ қаласын қайта салуда қаланың орта ғасырлық жоспары бойынша онда цитадель, шахристан және рабад бөліктері болуы шарт. Цитадельде хан сарайы орналасуы тиіс, ал қаланың ауқатты бөлігі тұрған шахристанда әсем архитектуралық ғимараттар салынғаны жөн, ал рабад бөлігінде қолөнер шеберлерінің ұстаханалары мен сауда орындары орналасуы тиіс.
Сонымен бірге, Сығанақ қаласын сумен қамтамасыз еткен ирригациялық жүйені қалпына келтіруге болады. Ол Сырдария сағасында орналасқан «Төменарық» елді мекенінен бастау алған. «Төменарық» пен Сығанақ аралығында ортағасырлық Орта Азияда ерекше архитектуралық үлгіде салынған Көккесене күмбезі бар. Ол туралы саяхатшылар, әсіресе Кастанье есімді зерттеуші өз естеліктерін қалдырып кеткен.
Сығанақ қаласын қалпына келтіруде «Көшпенділер» фильмін түсіруге арнайы салынған Алматы облысы Іле өзені бойындағы қорған-қаланы салу тәжірибесін ескеруге болады. Сол фильмді түсіргеннен кейінгі өткен 20 жыл ішінде қорған-қала декорациясын 70-80 фильм және 200-ден аса музыкалық клип түсіруге пайдаланған екен. Қайта қалпына келтірілген Сығанақ қаласын да кино, клип түсіруге және концерттер мен театрлық қойылымдар өткізуге жалға беруге болады.
Кезінде «Көшпенділер» қалашығын салуға 1 млн доллар жұмсалған екен. Ол қаржы толығымен ақталып, одан кейін де мыңдаған турист сол қалаға арнайы барып, тамашалаған.
Әрине, Сығанақ қаласын туристерге арнап қайта қалпына келтіру жұмыстары ең әуелі Өзбекстан қалаларының тәжірибесін үйренуден басталуы тиіс. Олардың ортағасырлық ғимараттарды қалпына келтіру тәжірибесі үлгі бола алады. Жеткен технологиялық табыстарын да ескеріп барып, қалпына келтіру жұмыстарына Өзбекстан шығарып жатқан құрылыс материалдары пайдаланылып, қала өзбек және тәжік ұсталарының, Түркістан мен Батыс Қазақстан шеберлерінің қатысуымен салынса деймін. Сығанақ қаласына арнайы жол салудың қажеті жоқ, ол онсыз да «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол торабының бойында орналасқан. Жарық пен газ құбыры алыс емес, «Сунақата» каналы арқылы Сырдариядан су тартылған.
Соған қарамастан, Сығанақ қаласына туристер келетіндіктен қазіргі заманға сай инфрақұрылым жасалғаны, жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесімен қамтамасыз етілгені дұрыс.
Керуен-сарай, онда туристер орналасатын қонақүйлер, мейрамханалар мен сауда орындары салынса жөн. Сығанақ қаласында Қызылорда облысының туристік орталығы да орналасса, келген туристерді Сыр елінің басқа да туристік нысандарына – Қорқыт ата мазарына, Қаратау петроглифтеріне, «Байқоңыр» ғарыш айлағына, Арал теңізінің орнына және тағы басқа тарихи-мәдени объектілерге бағыттап отырады. Келген туристер Сыр бойы арқылы Жошы хан мазарына да сапар шеге алады. Бұл тұрғыда, «Қызылорда-Жезқазған» тасжолы мен теміржолының пайдалануға берілуімен бірге Сығанақтың маңызы арта түседі. Себебі сол жолдар арқылы Сыр бойы Астанамен тікелей байланыс орнатады.
Ортағасырлық Сығанақ қаласының туристік нысан ретінде қайта қалпына келтірілуі Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытуына қосар үлесі зор екенін айтқымыз келеді. Бұл ғасырларды жалғайтын қала болмақ. Сығанақ қаласын қайта қалпына келтіру Сыр өңіріне, әсіресе Жаңақорған және Шиелі аудандарының дамуына жаңа серпін берері сөзсіз.
Нұрлан ӘДІЛБЕКОВ,
тарихшы-заңгер.
Алматы қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<