Сыр бойындағы Алтын Орда іздері

2092

0

Жошының екінші ұлы Орда Ежен ұлысының билеу­шісі Баян ханның баласы Сасы Бұқаның тұсында Жошы ұлысының орталығы Ертіс­тен  Сығанаққа аударылды. Осы кезден бастап Сығанақтың қайта өрлеу дәуірі басталды. Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю жолға қойылды. Ерзен ханның ұлы Мүбәрәк Қожаның есімі көрсетілген, хиджра бойынша 768 жылы Сығанақта соғылған 5 тиын Петербургтағы Эрмитажда сақтаулы. Ол кезде хандарының атында ақша соғу деген биліктің дербес­тігін көрсетеді.

Ерзен хан 25 жыл билік құрып дүние салған соң, Сығанақта жерленді. Осыдан бастап Сығанақ Жошы хан – Орда Ежен әулетінен тараған ақ ордалық ақсүйектерін жерлейтін ата қорыққа айналды. Ақ Орданың билеушілері көш­пелілер мен отырықшы халықтың экономикалық байланыстарын қалпына келтіруге ұмтылып, Сығанақ қаласын өзінің астанасы етті. Сол кезде, әсіресе Ерзен хан тұсында Сығанақта құрылыс жеделдете жүргізілді. 

Осы жылдары Сыр өңірінде мал шаруашылығы мен егіншілік жақсы дамыды. Сырдария мен оның Қаратаудың күнгей беткейінен ағып келіп құятын көптеген салаларының алқаптарында отырықшы немесе бағымдағы тебіндеп жайылатын мал шаруашылығы дамыды. Қыстақтар мен қалалардың тұрғындары бұл жерде мал шаруашылығын суармалы және телімді егіншілікпен, ішінара балық аулаумен де ұштастырды. Мал өсірушілер жыл бойына жайылымнан жайылымға үздіксіз көшіп жүретін. Мұнда отырықшы және жартылай көшпелі мал шаруашылығы ұштас­тыра жүргізілді.

Ақ Орда билеушілері Ерзен хан, Мүбәрәк хан, Ақ­нияз Ұрыс хан, Тоқтақия хан, Темір Мелік хан, Құйыр­шақ хан, Барақ хан мемлекеттің оңтүстігінде егін шаруашылығының ошақтары мен қалаларды қалпына келтіруге тырысты. Сауда керуендерін ұйымдастырып қалаларды Темір ұрпақтары мен шағатайлықтардан тәуелсіз етуге күш салды. Сыр бойынан шыққан Ұрыс хан Алтын Орданың ханы болса, оның баласы Құйыр­шақ хан Алтын Орданың 32-ханы болады.

Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды, ханның атында ақша соғылды.  Қазақтың алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығын» жасақтап, ақ қара ала ту алып жауға шапты. Сығанақ жайлы аса құнды дерек қалдырған авторларының бірі – Мұхаммед Шайбани ханның жылнамашысы Фазлалах ибн Рузбихан Исфахани. Ол өзінің «Михман-наме Бұқар» («Бұқара қонағының жазбалары») атты еңбегінде «Дешті қыпшақты жер жұмағы» деп атап, Сығанақтың орналасу жайы аса қолайлы, ол Дешті Қыпшақтың шекарасы, Түркістанның орталық шебі, онда «күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайтын» деп жазған еді. Дештінің атақты хандарының мәйіті міндетті түрде Сығанаққа жерленіп, қабірінің үстіне кесене  тұрғызылатыны туралы деректі жазып қалдырған Рузбихан.

Сығанақты иеленген Ақ Орда билеушілері ХІV ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасына қарай Әмір Темірдің қолдауымен Тоқтамыс Орыс ханның ұлы Темір Мәлікті жеңіп, Ақ Орданың билеушісі атанады. Ол өзінің атынан Сығанақтың теңгеханасында теңге шығарған. Алайда Әмір-Темір Тоқтамысты тал­қандап, Сы­ғанақты қиратады. Осы кезден бастап Сыр бойы қалалары Темір әулетінің қолына көшеді. Сығанақ ХV ғасырда Ұрыс ханның ұрпағы Барақ хан мен Әмір-Темірдің ұрпағы Ұлықбек арасындағы талас-тартыстың көзі болған. Барақ хан өзінің Ұлықбекке жолдаған хатында «Менің атам Ұрыс хан Сығанақта тұрып, онда құрылыс орындарын салғандықтан, Сығанақ жайылымдықтары заң бойынша да, әдеттік құқық бойынша да маған тиісті» деп оны қайтаруға барынша тырысты.

1428 жыл Орда Ежен әулетінен шыққан Барақ қайтыс болғаннан кейін, осыған дейін Қазақстанның оңтүстік-батыс территория­сын иемденген Ақ Орда, Темір әулетінің толассыз шабуылдарынан мейлінше әлсіреп, ондағы билік Жошы ханның Шибан ұрпағынан шыққан Әбілхайыр ханның қолына өтеді. Іс жүзінде Ақ Орда өмір сүруін тоқтатып, оның орнына Әбілхайыр хандығы немесе көшпелі өзбектер мемлекеті пайда болады. «Көшпелі өзбектер» терминін 1958 жылы ойлап тапқан өзбек ғалымы Бөрібай Ахметов. Қазір академик Бүркітбай Аяған Әбілқайыр хан Дәулетұлын қазаққа қатысы барын, Атырау өңірінде дүниеге келгенін, өмірінің соңғы жылдарында Сыр бойындағы Сығанақта өмір сүрген Дешті Қыпшақтың соңғы ханы деп  келеді.

ХV ғасырдың басына дейін Ұлықбек Сығанақты уақытша иеленеді, ал Сығанақ Әбілхайыр ханның  иелігіне көшіп, оны ол өз билігінде өмірінің соңына дейін ұстады және ХVІ ғасырдың басына дейін Сыр бойы сау­да орталықтары Шибан әулетінің еншілігінде болды.

ХV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығы құрылады. Әбілхайыр ханның озбыр саясатына налыған Ақ Орда билеушісі болған Барақ ханның ұрпақтары, ағайынды Керей мен Жәнібек Көшпелі өзбек мемлекетінен бөлініп шығып, Моғолстан ханы Есен Бұға мемлекетінің батыс шекараларындағы Шу мен Талас өзендерінің арасындағы Қозыбасы жерінде Қазақ хандығының негізін салады.

Сыр өңірінің бұл кезеңдегі этникалық тарихы туралы мәліметтер тарихи деректерде көп емес. Сығанақ және оның маңайындағы қалаларда қыпшақтар басым болған деген ақпаратты Рузбиханнан кездестіреміз.

Сыр бойындағы Алтын Орданың іздері сайрап жатыр. Алтын Орда мен Ақ Орда хандарының пантеоны осында орналасқан. Әйгілі Сасы Бұқа хан Сауранда жерленеді, ал ұрпақтары  Ерзен хан, Тыныбек хан, Шымтай хан (1344-1361 жылдары билеген), Ұрыс хан, Тоқтақия хан, Темір-Мелік хан, Құ­йыршақ хан, Болат хан Сығанақтағы қорымға жерленген. Барақ хан Сарайшықта қаза болады. Менің ойымша, Ұрыс ханның ұрпақтары Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар да Сығанақ қаласында жерленуі мүмкін. 

Бақытжан Ахметбек,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<