Сыр өңірінің тарихи тұлғалары Британия ұлттық архив деректерінде

299

0

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап-армандаған ел егемендігіне қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет мәртебесіне ие болдық.  Елдікке бастаған тарихи құжат – Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толды.

Кейінгі жылдары елімізде ауқымды реформалар жасалды. Саяси-экономикалық өзгерістермен қатар, халықтың таным-түсінігі, болмыс-бітімі, өмірлік қағидалары өзгеріп жатыр. «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген жаңа қоғамдық этика қалыптасып келеді. Тәуелсіз мемлекетте туып, ойы азат, санасы сергек болып өсіп келе жатқан жас ұрпақ халқымыздың терең тарихын жетік білуі керек.

Тарихы жоқ ел болмайды. Елдің ертеңі бүгіннен басталады десек, ол – дау жоқ, ке­шегінің жалғасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес». Рас, тарих біздің сана-сезімімізде, ұлттық болмысымызда ерекше орын алады. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын, Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра ала­тын халық болуға тиіспіз.

Тарихымыздағы ақтаңдақтардың орнын толтырып, ұлтымыздың өткен өмір шын­дығы мен төл болмыс-бітімін жете танып-білуіміз, қасиетті қазынамыз бен асыл мұ­раларымызды бүгінгі және ертеңгі күннің игілігіне айналдыруымыз үшін қажет. Адамзат тарихындағы тоқсан тол­ғаулы тіршілікте ұрпақ және дәстүр сабақтастығы әрқашан алға қарай дамудың қуатты қозғаушы күші ретінде қызмет атқарып келеді. Кешегі күнсіз қазіргі қалпымыздың, ал бүгінгі күнсіз ертеңгі болашағымыздың болмайтыны талассыз өмір шындығы. Міне, сондықтан біз өткенімізге нақ осы тарихи процестердің өзара тығыз байланысы, үйлесімділігі мен біртұтастығы тұрғысынан баға беріп, зейін қойып, зерделеуге тиіспіз.

Әйгілі Тұран ойпатындағы әр замандарда Мәуереннаһр, Түркістан, Сыр елі ата­нып, ата-бабаларымыздың қанымен, те­рімен суарылған киелі топырақ талай тарихи кезеңге куә болды. Сыр өңірі – қазақ халқының рухани, мәдени және саяси тарихында ерекше орын алатын маңызды аймақ. Исі қазақтың басын қосып, ауызбірлігі мен ынтымағын нығайтуға, қайрат-жігерін күшейтіп, дем беруге аянбай атсалысқан ұлтымыздың үш төбе биінің бірі шешен Әй­теке бабамыз осы киелі топырақтан шық­қан. Өз дәуірінің көрнекті саясаткері, көреген қолбасшысы, кемеңгер елбасшысы бола білген Жалаңтөс баһадүр, Есет, Жанқожа, Бұқарбай сынды қамал бұзар батырлардың және түбі бір туысқан барша түркі халықтарының ортақ перзенті, Алаш идеясының жаршысы, қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған қасиетті жері осы.

Егемен ел ретінде әлем қауымдастығы қатарынан орын алып, тәуелсіздікке қол жеткізген өзгерістер заманында өткен та­ри­хымызға деген көзқарас жаңа сипатқа ие болды. Туған жерінің азаттығы мен жар­қын болашағы үшін күрескен тарихи тұлғаларымызға қатысты тың деректер жа­рыққа шықты. Бүгінде Қазақстанның әлем тари­хындағы орнын айқындауды мақ­сат тұтқан елімізде төл тарихымызды то­лықтыра түсуге барынша жағдай жасалып жатыр. Осы орайда, алыс-жақын шет мемлекеттердің архивтері мен кітап­ханаларында сақталған Қазақстан тарихы­на қатысты құнды деректер еліміздің ұлт­тық архив қорларын толықтыруда. Қол­жазбалар және сирек кітаптар ұлттық ор­талық мамандарының Ұлыбританияның Манчестер университетінің Джон Райландс, Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханалары мен Британия Ұлттық архив қорларында жүргізілген ғылыми-ізденіс жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан тарихына қатысты құнды деректер анықталып, көшірмелері елге жеткен болатын. Атап айтар болсақ, Британия ұлттық архив қорынан  Сыр елінің тарихи тұлғалары Мұстафа Шоқай мен Серәлі Мұңайтпасұлы Лапинге қатысты тың құжаттар анықталды.

Ұлыбританияның ұлттық архиві – мың жылдан астам уақыттан бергі маңызды құжаттардың сақтаушысы. 1838 жылы құ­рылған, негізгі мемлекеттік құжаттарды сақ­тауға және олардың зерттеушілерге қол­жетімдігін қамтамасыз етуге арналған. Бри­тан аралдары мен Таяу Шығыс халықта­рының крест жорықтарынан отаршылдық билікке дейінгі кезең тарихын қамтитын 11 миллионға жуық құжат жинағы сақталған. Еуропа тілдеріндегі құжаттардан басқа араб, осман-түрік және парсы тілдеріндегі маңызды құжаттар – архив қорының құнды бөлігі. Жүргізілген нәтижелі ізденістің ар­қасында анықталған «Russian revolution in Turkestan» («Түркістандағы Ресей революциясы» 1919 ж.), «Anti-bolshevik – Shere Ali Mury Aitbas Lapian» («Большевиктерге қарсы  Серәлі Мұңайтпасұлы Лапин ісі», 1919 ж.), «Correspondenсe; Turkestan-Turkey.Vol.44. Date 1920» («Хат алмасулар; Түр­кістан-Түркия», 1920 ж.) атты құжаттар осы кезеңдегі Түркістандағы саяси оқиғалар мен Сыр өңірінен шыққан тарихи тұлғаларға қатысты маңызды мә­ліметтер береді.

«Ел тарихында ерекше орны бар тұл­ғаларға құрмет көрсету дәстүрі елі­міз­дің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді» деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында. Бүкіл түркі әлемінің бір­туар азаматы Мұстафа Шоқайдың биыл 135 жылдығы. Тарихи шындықты тура жет­кізу­дің бірден-бір жолы – өз уақытында халқымыздың болашағы үшін бар ғұмырын күресте өткізген тұлғаларымыздың қызметі мен артында қалдырған рухани мұраларын жарыққа шығарып, болашақ ұрпаққа қал­дыру. М.Шоқайдың қоғамдық-саяси көзқа­расы мен эмиграция жылдарындағы қызметін зерттеу өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Кеңестік дәуірдің соңғы кезеңінде аты аталмайтын, тарихтан өшірілуге тиістілердің қатарында болатын. Ол кеңестік биліктің Түркістандағы, тіпті жалпыұлттық саясаты мен идеологиясына шетелде қарсы тұрған әшкерелеуші оппоненттердің бірі болды. Большевиктер билікті қолына алғаннан кейін елінен кетуге мәжбүр болған ол 1921 жылдан 1941 жылы қайтыс болғанға дейін 20 жыл бойы Францияның астанасы Парижде күресін жалғастырды. Еуропаның әртүрлі елдерінде шыққан баспасөз беттерінде, жаз­­ған мақалаларында Түркістандағы ке­ңес­тік биліктің езгісіне қарсы тиімді интел­лектуалдық күрес жүргізді. Ол неміс, фран­цуз, ағылшын, поляк, орыс және түрік тілдерінде еңбектер мен мақалалар жазды. М.Шоқайдың қалдырған орасан зор шығар­машылық мұрасы жан-жақты зерттеліп, «Яш Түркістан» журналында жарияланған жүзден астам мақаласы қазақ тіліне аударылып, жарық көрді. Қазақстандық Шо­қайтануда архив құжаттарын зерттеу ар­қы­лы атқарған істерін және тарихи, саяси көзқарасын айқындауға үлес қосқан тарих­шылардың еңбегін айрықша атап өткен жөн. Бұл бағытта еңбектері жарық көрген М.Қойгелді, К.Нұрпейісов, К.Есмағамбетов, Ә.Бәкір, Б.Садықова, Түркия ғалымы Ә.Қа­ра, Франция ғалымдары А.Беннигсен, Ш.Ле­мерсье-Келькеже, т.б. зерттеушілерді атау қажет. Олар М.Шоқайдың өмірі мен саяси күресінің көптеген бұрын белгісіз болып келген жақтарын анықтады. Атап айтар болсақ, Мимар Синан Көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қараның «Кеңес одағының Түркі әлемі саясаты» атты еңбегі (Мұстафа Шоқайдың француз тіліндегі таңдаулы ма­қалалары жинағы) әлемнің бірнеше тіл­дерінде жарық көрді.

Мұстафа Шоқай ұлт намысын, ар-ож­данын бәрінен де жоғары қояды. Өз тарапынан да саяси күресте адалдықты жоғары ұстады. Түркістанның тәуелсіздігі үшін кү­ресте оған апаратын жолдың да таза болуын қалайды. Түркістандықтардың тарихында эмиграциялық күрес үрдісінің жоқтығына қарамастан, Түркия, Ауғанстан, Иран, Сауд Арабиясы, Шығыс Түркістан, Еуропа елде­ріндегі түрік-мұсылман мұғажырларын тә­уелсіздік үшін күрес туы астында топтас­тыра білді. Британия ұлттық архивінің Сырт­қы істер министрлігі бөлімі бойынша ағылшын тіліндегі «Correspondenсe; Tur­kestan-Turkey.Vol.44. Date 1920» (Хат алмасулар; Түркістан-Түркия, 1920 ж.) атты 50 томдық құжаттар жинағының «Түркістан-Түркия» деп аталатын 44-томында Түр­кіс­тан автономиясы таратылғаннан ке­йінгі 1919 жылы Грузияның Тифлис (қа­зіргі Тби­лиси) қаласында жарық көрген «Слово» газетінде Түркістандағы соңғы әкім­шілік өзгерістерге қатысты мәселе­лерге тоқ­­талып, большевиктердің жүргізіп отыр­ған саясатының нәтижесіне қатты алаңдай­тынын білдірген. Сонымен қатар, осы құ­жатта, Ресей мұсылмандарының мәселесі бо­йынша жетекші сарапшы­лар­дың бірі ретінде Түркістанда орын ал­ған саяси жағ­дайға түсініктеме бе­реді, болашақ үшін кү­ресте, мұсылман халықтары барлық күш-жігерді біріктіре отырып, әрекет етуі қажет деген ой-пікірін білдіреді.

XX ғасыр басындағы М.Шоқайдың түр­кі бірлігі идеясының басты мақсаты – идея­лық, ұлт-азаттық қозғалыстар негі­зінде ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізу, отар­лықтан құтылу болса, қазіргі кезең­дегі басты мақсат – мемлекетаралық ынты­мақтастықты тереңдету, халықаралық ке­лі­сімдер, бірлескен жобалар, тұрақты интеграция, нақты нәтижелер. Бұл салыстырудан көретініміз – түркі халықтарының ынты­мақтастыққа ұмтылысы тек тарихи мұра ғана емес, заман талабына бейімделген саяси процесс. Мұстафа Шоқай заманындағы идеялар бүгінгі интеграциялық бастамаларға мағына мен мазмұн беріп отыр. Түркі ха­лықтарының өзара ынтымақтастығын ны­ғайтуға бағытталған Түркі Мемлекеттері Ұйымының құрылуы – тек саяси, эконо­микалық және мәдени байланыстардың жү­йеленуі ғана емес, сонымен қатар тарихи-идеялық сабақтастықтың көрінісі. Осы тұр­ғыдан алғанда, М.Шоқайдың біртұтас түр­кілік идеясы мен қазіргі түркі интеграциясы арасындағы байланыстарды ғылыми тұрғыда талдау бүгінгі түркі әлемінің даму траекториясын түсінуге мүмкіндік береді.

2009 жылы 3 қазанда Нахчыван (Әзер­байжан Республикасы) қаласындағы 9-саммитте Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия басшылары арасында Түркі­тіл­дес мемлекеттердің ынтымақтастық ке­ңе­сін құру келісіміне қол қойылды. 2021 жылы ұйымның атауы Түркі Кеңесінен қазіргі «Түркі Мемлекеттері Ұйымына» өзгертілді, бұл оның функционалдық және геосаяси ауқымының кеңейгенін көрсетеді. Ұйымның басты мақсаты – ортақ түркілік тарих, мәдениет, тіл және экономикалық мүд­делер негізінде саяси, әлеуметтік және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту. Бұл мақсаттар М.Шоқай ұсынған мемле­кеттік егемендікті сақтай отырып, өрке­ниеттік бірлікке ұмтылу идеясымен үндес келеді. 1993 жылы Түркі мәдениетін жә­не өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ), 2008 жылы Түркі мемлекеттері Парламент Ассамблеясы, 2010 жылы Түркі Академиясы Астана қаласында құрыл­ды. 2012 жылдың  23 тамызында түркі ха­лық­тарының мәдени-тарихи мұрасын жан­дан­дыру, дамыту және насихаттауға бағыт­талған жобаларды қолдауға арналған Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры өмірге келді.

Қазақстанның бастамасымен құ­ры­л­ған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақ­тас­­тығы кеңесі қазір толық­қанды бедел­ді ха­лық­аралық ұйымға айналды. «Түркі әле­мінің келешегі-2040» атты құжат бекі­тілді. «Ең бастысы, ба­уырлас елдердің бір­лі­гін бекемдей түстік. Ортақ құндылық­тары­мызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ын­тымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақ­сат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі ха­лық­­тарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет». Мемле­кет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түр­кі Мемле­кеттері Ұйымының кезекті X саммитінде сөйлеген сөзін қорытындылай келе, түркі мемлекеттерінің басшыларын бірлікке ша­қырды. Қауіп-қатерлерге қарсы бірігу, өзара көмек көрсетіп, тиім­ді іс-әрекет жасау маңызды екеніне назар аударып, оның бәрі түркі әлемін өр­кендетуге, елдеріміздің ынтымағын арт­тыруға ықпал ететінін айтты. Қорыта кел­генде, бүгінгі таңда М.Шоқай идеялары Түркі Мемлекеттері Ұйымы аясында нақты саяси-институционалдық сипат алып отыр. Түркі кеңістігіндегі елдердің ортақ тарихы, тілі, ділі мен дінін ескере отырып, өзара ынтымақтастықты нығайту – қазіргі жаһандық тәртіптегі стратегиялық маңызды қадамдардың бірі.

Британия ұлттық архив қорларынан анықталып, көшірмелері елге жеткен ма­ңызды құжаттардың бірі – алғашқы қа­зақ шы­ғыстанушысы, ағартушы, қоғам қай­рат­кері Серәлі Мұңайтпасұлы Лапинге қа­тысты деректер. Көшпенді малшы­лықты қойып, заманның ыңғайына  қарай бе­йім­­деліп, керуен тарту кәсібімен табыс­ты шұ­ғылданған Лапы деген кісінің ұлы Мұ­ңайтпас жасынан іскерлігімен танылыпты. Өзіне жетерлік дәулет құрап, көзі ашық адамдарға жақын жүруінің арқасында бел­гілі бір дәрежеде абырой-беделге де ие болған екен. Он тоғыз ұл-қыз өсіріп тәр­бие­лепті. 1869 жылы туған екінші баласы Серәлі оқу-білім қууға айрықша ын­та білдіріп, әуелі ауылда мұсылманша сауат ашқан. Сосын Ақмешіттегі орыс-түзем мектебін, Ташкенттегі Түркістан мұға­лім­дер семинариясын, Ресей астанасында Санкт-Петербург императорлық универ­сите­ті­нің заң факультетін бітірген. 1889-1892 жыл­дары Түркістан семинариясында орыс оқу­шы­ларын жергілікті тілдерге жаттық­тыратын репетитор, 1892 жылдан Самарқан облысы әскери губернаторы жанында ау­дар­машы, 1901 жылдан үзілістермен 1917 жылға дейін адвокат болған. Семинария қа­бырғасында оқып жүрген кезінде түркі­танушылар үйір­месіне қатысып, шығыс тарихы мен мә­дениетін, шығыстың сәулет өнері тарихын зерттеумен шұғылдана бас­таған.  Киелі Сыр өңірінен шыққан ұлт жо­лын­дағы еңбегін аямаған тарихи тұлға  араб, парсы, т.б. шығыс тілдерін білген. Қазақ энциклопедиясы келтірген деректерге қара­ғанда, ол  тұңғыш рет Гур-Эмир, Ре­гис­тан, Шаһи-Зинда кешендеріндегі, Кө­кілташ мед­ресесі және т.б. көне архи­тектуралық ескерт­кіштердегі арабтың көне емлесімен өрнектелген көркем жа­зу­ларды (эпиграфикаларды) оқыды, олар­ды орысшаға аударып ғылыми айна­лымға қосты. Жәдігерлердің тұрғы­зылған уақытын, оларды салдырған сәулет­ші­лердің есімдерін (мысалы, Регистан ан­самб­ліндегі Шер-Дор, Тилля-Кари мед­ре­­селерін әйгілі қазақ қайраткері Жа­лаңтөс баһадүрдің салдырғанын) анық­тады. Серәлі Мұңайтпасұлы сондай-ақ, «Шаһнама», «Туһ­рат әл-Хани» дастан­дары­ның парсы тілін­дегі қолжаз­баларын тауып, шығыстану ілімі айналымына қосты.

Тарихи деректер бойынша, Қоқан автономиясы таратылғаннан кейін, Түркістанның азаттығы үшін күресін шетелде жалғастыру мақсатында 1918 жылы Түркия арқылы Германияға өткені белгілі. Британия ұлттық архив қорларындағы, Әскери операциялар және әскери барлау басқармасы, Хат алмасулар және құжаттар, Түркістан бөлімі бойынша анықталған ағылшын тіліндегі WO 106/60 «Anti– bolshevik – Shere Ali Mury Aitbas Lapian», (Большевиктерге қарсы – Серәлі Мұңайтпасұлы Лапин ісі) атты құнды архив құжаты тарихи тұлғаның қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасын аша түседі. Құжатта; Серәлі Лапин – ұлты түрік, 1917 жылдың қазан айына дейін Ташкенттегі мұсылман ұйымының басшысы қызметін атқарған. Германия үкіметі басшыларымен келіссөз жүргізу мақсатында Германияға келген. Сонымен қатар, аталған құжатта Түркістандағы большевиктермен күресте көмек сұрау жөнінде хат жолдағаны туралы маңызды мәліметтер де келтірілген.

Қорыта келгенде, Британия ұлт­тық архив қорларынан анықталған Мұс­тафа Шоқай мен Серәлі Мұңайт­пас­ұлы Лапинге қатысты деректер – Сыр өңірі перзенттерінің ұлт тағ­дыры жолындағы күресін әлемдік дең­гейде мойындатқан айғақтар. Олар – тә­уел­сіздіктің рухани бастауында тұр­ған, азаттық идеясын жүрегімен се­зінген тұлғалар. Сондықтан бұл мұралар – өткен мен бүгінді жалғай­тын алтын көпір, ұлт жадының мәң­гілік негізі. Сыр елінің тарихы – тә­уелсіз Қазақстанның рухани өзегін ай­қындайтын, бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын шынайы ерлік шежіресі.

Гүлсім БИСЕНОВА,

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент