Сыр руханиятының тарихи бастаулары мен қалыптасу жолдары

1337

0

Әлем тарихы бүгінгі таңда бұрын­ғыдай батыс елдерінің мүдделері тұр­­­ғысынан ғана емес, ғаламдық өр­­ке­­ниеттер ошағы болған шығыс халық­­тарының тарихтағы орны мен рөлін қаперге ала отырып, қайта зер­деленуде.

Бүгінде тарих қойнауынан тамыр тартқан төл мәдениеті, бай әдебиеті мен өнері өрлеу дәуіріне ұласқан Сыр елінің рухани мұрасы халықтың баға жетпес асыл қазынасына айналып отыр.

Бұл ретте түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы, артында мол мұра қалған тарихи тұлға Қорқыт атаның орны бөлек. 

Әлем философиясы тарихында Қор­қыт ата – ел бірлігін нығайтқан ке­меңгер қайраткер, түркі дүние­таны­мының негізін қалаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде танылған.

2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тап­сыр­ма­сымен Қорқыт ата мемориалды ке­ше­ніне көркемдік деңгейі жоғары, тарихи-мифологиялық мән-мазмұны терең, архитектуралық шешімі заманауи та­лап­тарға сай соңғы үлгіде жасалған берік құрылыс материалдарынан қайта жаң­ғырту жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде кешеннің маңызды ны­сандары мұражай, қылует, амфи­театр, стелла, қошқар мүсіні қайта жаң­ғыртылды.

Қазіргі кезде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей басшылығымен Қорқыт мұрасын зерттеу мен зерделеу, насихаттау, соның ішінде әлемдік дең­гейде насихаттау ісіне үлкен кө­ңіл бөлініп отыр. Осындай ізгілікті істің жарқын көрінісі ЮНЕСКО-ның мате­риал­дық емес мәдени мұралар тізіміне бірнеше мемлекетпен біріге отырып, Қорқыт мұраларының ұсы­ны­луы дер едік.

2018 жылы 28 қарашада Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт атаның рухани мұраларының  Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енуі мәдениет саласы бойынша оқиғалардың ең маңыздысы болып саналады.   

Оғыз-қыпшақ дәуірінің жазба мұ­расы, қаһармандық эпос – «Қорқыт Ата кітабында» қазақ эпосына  тән көркемдік кестелермен қатар, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты деректер де мол. Сондай-ақ, жырда оғыз тайпаларының этникалық тегі, этнографиясы, мекені, әлеуметтік жағдайы, т.б. мәліметтер көп сақталған. 

Қорқыт Ата кітабы Сыр елінің руханият тарихының бастау бұлағында тұруымен қатар, әлемдік өркениеттің негізін қалаған туындыларының бірі болып саналады.

Қорқыт Ата кітабынан кейін Х ғасырдағы эпостық шығарма, Парижде бір данасы сақтаулы тұрған «Оғызнама», ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Алтын орда қыпшақтарының тілін­де жазылған лирикалық поэма – «Махаббатнама» сондай-ақ, ХV ғасыр­дағы «Хұсрау-Шы­рын» мен Ахмет Иүгінекидің қара­қанид түрік­терінің тілінде жа­зыл­ған, бір данасы Парижде сақ­талған атақты «Ақиқат сыйы» атты дастаны – бұлар әлемдік әдебиеттің інжу-маржандары бол­уымен қатар, Сыр жерінде дүниеге келгендіктен,  өңір руха­ния­тының да бастау бұлақтары болып саналады. 

Оғызнама – түркі халықтарының ежелгі шежіресін генеалогиялық аңыз­дар негізінде баяндайтын эпостық дастан. Шығарма алғаш ауызша туын­дап, бертін келе қағазға түсірілген. 

«Оғызнаманың» екі нұсқасы бар: бірі – көне ұйғыр әрпімен 13-14 ғасыр­ларда көшірілген, Париждің Ұлт­тық кітапханасында сақтаулы тұрған,  көлемі небәрі 42 бет, әр беті 9 жолдан ғана тұратын нұсқа. Бұл нұсқаны алғаш В.В.Радлов орыс тіліне аударған. Екіншісі – араб әрпімен жазылған, тарихшы, Хиуа ханы Әбілғазы нұсқасы. Әбілғазыдан мұраға қалған екі еңбек бар, бірі – «Шежіре-и тарахима», («Түрікмен шежіресі» 1661), екіншісі – «Шежіре-и түрк» («Түркі шежіресі»). Екі шығарма да Оғыз батырдың ерлік жорықтары, ұрпақтарының игілікті істері, оғыз тайпаларының шығу тегі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, т.б. жайлы жазылған. «Оғызнамада» ба­тыр ұйықтап жатқанда шатырына көк­тен нұр сәулесінің түсуі, сәуле ішінен көкжал қасқыр шығып, оның қалың қолды бастап жүруі, аспаннан түскен сәуледен сұлу қыздың шығуы секілді діни-мифологиялық көріністер орын алған. «Оғызнаманы» ақиқат пен аңызға бірдей негізделген шығарма деп қарастыруға болады. Мұнда алғашқы қауымдық құрылыс кезінде, сақтар мен ғұндар дәуірінде, орта ғасырларда орын алған сан қилы тарихи оқиғалар өзара жалғаса мазмұндалған. Оғыз қағанды белгілі бір адам бейнесіне телу, яғни тарихтағы нақты тұлғасын тану мүмкін емес. Бірақ Оғыздың әдеби бейнесі белгілі тарихи тұлғалар іс-әрекетінің жиынтығы деуге негіз бар, себебі дастан тарихи оқиғалар желісі бойынша жазылған. Оғыз қағанның анасы Ай­қаған бейнесін ғалымдар отбасы қам­қоршысы Ұмай-ана бейнесімен бай­ланыста қарайды. 

Дастан қырықтан астам хикаядан тұрады. Әрбір хикаяда Оғыз қаған туралы белгілі бір оқиғалар баян­да­лады. Олар: Айқаған атты анадан Оғыздың ерекше көркем болып тууы; сол ба­ла­ның күн сайын алып болып өсуі; Оғыз батырдың аң аулау­дағы ерліктері; Оғыздың ерекше жағдайларда үйленуі; екі әйелінен алты бала сүйгені Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз; Оғыз қағанның дүниенің төрт бұрышына жеңімпаз жорықтары; Еділді, Тибетті, Сирияны және т.б. жерлерді жаулап алғаны; қартайған шағында қасына ілесіп жүретін Ұлы Түрік деген данагөйдің ақылымен ел-жұртын жинап той жасап, жерін алты ұлына бөліп бергені және т.б. Бұлар жырдың негізгі мазмұнын құрайды.   

«Оғызнаманың» басты идеясы – бүкіл түркі елін бірлікке шақыру, достық пен адамгершілікке үндеу, сыртқы жауға қарсы күрес болып табылады. Елін, Отанын сүю, оны нығайту үшін жан аямау, халық бостандығы, бақыты үшін болған жорықтарды дәріптеу.

«Оғызнама» – көркем туынды болу­мен қатар, қазіргі түркітілдес халықтардың ежелгі тарихынан едәуір мағлұмат беретін де шығарма. Онда аңыз күйінде болғанмен, Оғыз батыр мен оның ұрпақтары жасаған әскери жорықтар, оғыз тайпаларының қоныс іздеп көшіп-қонуы, оғыз елінің ішкі қоғамдық-әлеуметтік өмірі, олардың көрші тайпалармен  қарым-қатынасы, жер-су аттары туралы тарихи шындыққа жақын деректер бар. Бұл жағынан  «Оғызнама» сияқты туындыларды  қа­зіргі тарихи тақырыпқа жазылып жүр­ген шығармалардың бастапқы үлгі­лері деп қарауға да болады. Сөйтіп, ежелгі дәуір әдебиеті қазіргі мәде­ние­тіміздің, әдебиетіміздің ертеден келе жатқан үзілмеген желі екенін дәйектей түседі. Зерттеушілер арасында «Оғыз­нама» Сыр бойында жазылған деген деректер бар.   

Махаббатнама. «Махаббатнама» – ерте дәуірдегі ескерткіштердің ең көр­нек­тілерінің бірі. Дастанның екі көшірмесі бар. Бірі ұйғыр әрпімен, екіншісі араб әрпімен жазылған. Ұйғыр әрпімен жазылғаны ең ерте көшірмесі (1432), араб көшірмесі кейінірек жазылған (1503-1509). Екеуі де ғылымда та­ныл­ған, транскрипцияланып, белгілі дәрежеде зерттелген. Түркі тілдерінің ішінде өзбек тіліне толық аударылған.    

Қазақ ССР Ғылым Академиясының қолжазба қорында Ташкенттегі тіл-әдебиет институтында сақтаулы фото­суретінен көшірілген қолжазба бар (п,1937). Кітапханаға ғалым Ә.Қоңыратбаев тапсырған.   

«Махаббатнаманың» жан-жақты та­нылып, халық мұрасына айналуы жолында қазақ зерттеушілері де азды-көпті үлес қосты. С.Аманжолов «Қазақ тілінің тарихы мен диалек­то­логиясының мәселелері» деген кітабында, Р.Бер­дібаев 1966 жылы шыққан «Ежелгі мәдениет куәларында» бұл поэманың әдеби-тілдік мәні аса құнды шығарма екендігін, болашақта зерттеу мәселесін кең қолға алу керек­тігін айтты.  

Шығарманың идеялық бағытына, тарихи мәніне белгілі ғалымдар Б.Кенжебаев (Қазақ әдебиеті тари­хының мәселелері, А.1973) пен Х.Сүйін­шәлиев те (Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері, А.1967) кезінде дұрыс баға берді.

Поэманың авторы – Хорезми. Ақын­­ның толық аты-жөні, туған, өлген жыл­дары белгісіз. Ол Сыр бойындағы қала-кенттердің бірінен шыққан (А.Қы­раубаева «Хорезми», А: Жалын. 1985).

«Махаббатнама» дастаны 946 жол, яғни 473 бәйіттен тұрады. Барлығы он бір арнау өлең.

Хұсырау – Шырын. ХІV ғасырда түркі тілінде жазылған «Хұсрау уа Шырын» («Хұсрау мен Шырын») дастаныныӊ авторы Құтба деп есеп­теледі. Құтба Низамидіӊ парсы тілінде жазылған осы аттас шығар­масын өзінше қайта жырлап, жаӊа нұсқасын жасаған. Әзер­байжанныӊ ұлы ақыны Низами «Хұсрау уа Шырында» Арыстан шахты мақтаса, ал Құтба бұл шығармада Алтын Орда ханы Өзбек ханныӊ (1312-1342) баласы Тыныбек пен оныӊ әйелі Мәликені мақтайды. Ал Тыныбектіӊ бұл кезде Ақ Орданыӊ ханы болып, Сыр бойындағы Сығанақ қаласында билік құрып тұрған кезі екен. Дастанныӊ негізгі сюжеті Шырын мен Хұсраудыӊ адал махаббатын үлгі ете отырып, Құтба өзінше Тыныбек пен Мәликеніӊ арасындағы оқиғаларды қосып, олар­дыӊ да махаббаттарын мадақтайды. Демек, Құтбаныӊ «Хұсырау уа Шы­рын» дастаны Сығанақта жазылған шы­ғарма екендігінде дау жоқ. Бұл дастанныӊ қыпшақ Берке Факих көшір­ген жалғыз ғана қолжазбасы Париждіӊ кітапханасында сақтаулы екен. Оны поляк ғалымы А.З.Чуковский Вар­ша­вада бастырады. Кейін 1958-1969 ж.ж. Қазанда, 1946 жылы Ташкентте, 1974 жылы Алматыда басылып, зерттеулер жүргізіле бастады.

«Ақиқат сыйы» – тарихи-әдеби шығарма. Түпнұсқасы сақталмаған. 14-15 ғ-да жасалған 3 түрлі көшірмесі бар. Оның ішінде ең ескісі –1444 жылы Самарқанда Арсылан Қожа тархан Әмірдің жазу шебері Зәйнүл Әбідін бин Сұлтан Бақыт Журжани Құсайынның көшіріп жазған нұсқасы. Хатқа түскен нұсқасының жалпы көлемі – 508 жол. Бұл мұра қазір Стамбұлдағы Айя-София кітапханасы қорында сақтаулы; екінші нұсқасы Стамбұлда 1480 жылы Шайх зада Абд ар-Раззақтың ұйғыр және араб жазуымен көшірген, 506 жолдан тұратын үлгісі. Парсыша, тәжікше түсініктемелері бар, Стамбұлдағы Айя-София кітапханасында сақтаулы бұл жәдігерлікті Н.Әсім 1915 жылы, ал Қ.Махмудов 1972 жылы жариялаған. «Ақиқат сыйының» үшінші арабша нұсқасы 14 ғасырдың аяғында немесе 15 ғасырдың басында 524 жол өлең көлемінде көшірілген. Ол Стамбұлдағы Топ-Қапы сарайында сақтаулы. Бел­гілі филологтар Ә.Құрышжанов, Б.Сағын­дықов «Ақиқат сыйының» қазақша тәр­жімасын жасаған.  

Сыр сүлейлері шығармаларының қазақ әдебиеті мен өнерінің тари­хын­дағы орны ерекше. Қорқыт дәстүрінен бастау алған сүлейлер шығар­ма­шылығы төл әдебиетіміздегі жеке авторлық толғау үлгілі ақындық поэ­зия­мыздың туындылары болуымен ерекшеленеді. Олардың шы­ғар­­машылығында әдебиетімізге жұмбақ, айтыс, қисса сынды жанр­лық түрлер келсе, бұрыннан бар дастан, толғау, жыр, т.б. түрлері әрі қарай дамытылды. Ең бастысы, ескіше сауатты Сыр сүлейлері қазақ әдебиетін Шығыс халықтарының әдебиеті мен өнеріне бауырластырып, жа­қын­дас­тырып кетті.

«Сырдария кітапханасының» ая­сында Сыр сүлейлерінен Базар жы­рау, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Нұртуған Кенжеғұлұлы (2 том), Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (2 том), Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Таубайдың Жүсібі, Тұрымбет Салқынбаев, Мұз­арап Жүсіпұлы, Нұрмағамбет Қос­жанұлы, Сәрсенбай Бөртебайұлы, Бұдабай Қабылұлы, Шегебай Бек­тас­ұлы, Оң­ғар Дырқайұлы, Жо­рық­бай Табын­байұлы, Молдахмет Дабылұлы, Сейітжан Бекшентайұлы, Қуаныш Бай­мағамбетов, Әлібек Бәйкенов, т.б. шығармалары берілді.

Жасампаздық пен ізде­нім­паз­дық­тары болашаққа көз жіберуге ұласқан жы­раулар мен жыршылар, шайырлар өз шығармаларымен қазақ руханиятын жасаушылар болып тарихта қалды.   

ХVІ-ХІХ ғасырлардан басталып, қазақ елін түгел жайлаған діни-ағартушылық ой-сананың орнығып, қоғамды ілгерілетуге қозғаушы күш болған жерлерінің бірі Сыр өңірі болғаны тарихтан белгілі. Қазақ елінің Қазан төңкерісіне дейінгі жағдайында діни-ағартушылық ой-сананың өмір­ден, ұлттық сана мен тұрмыстан берік орын алуына қызмет еткендер өз заманының білімді, зиялы қауымы болып саналатын ишандар мен ахундар болды. Х-ХХ ғасырлар аралығында өмір сүрген, Мекке, Мәдина, Бағдат, Шам, Ыстамбул, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқанд, Бұхара қалаларында оқып, білім алған олар Орта Азия мен Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік қыз­мет атқарды. «Менің Отаным – Қа­зақстан» сериясымен шыққан «Сыр­­­дария» атты ғылыми, тарихи-та­ным­дық кітабымыздың (авторлары Б.Кәрібозұлы, А.Әбілов, Н.Мыңжасов, С.Тайманов, Ғ.Тұяқбаев) жазған бөлі­мінде Сырдария ауданы аумағында дүниеге келіп, діни-ағартушылық бағытта қызмет жасаған 30-ға жуық ахун мен ишандардың өмірбаяндық деректеріне тоқталғанбыз және олар­дың өздері өмір сүрген уақыттағы елге, халыққа жасаған қыз­мет­терін саралағанбыз. Егер бұл тізімді облыс, республика көлемінде алып қарастырар болсақ,  ел үшін, ұлт үшін қызмет еткен діни-ағартушылық бағыт өкілдерінің аты-жөнін тізіп шығудың өзі том-том кітаптар болар еді. Демек, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоға­мының дүниетанымдық, білім беру, денсаулық сақтау, ел тәуелсіздігі мен бостандығы, дін, мәдениет сынды сын­дарлы мәселелерінің осы діни-ағартушылық ой-санаға тәуелді бол­ғанын айтуымыз керек. Олай болса, тұғырлы тәуелсіздігімізді бекіте түсіп, ақиқат тарихты бүгінгі және келер ұрпаққа ұғындыра түсу үшін егемен еліміздің ғылымы халқымыздың өткен ғасырлардағы рухани өмірін түгел жайлаған бұл ілімді, құбылысты егжей-тегжейлі зерттеуі, зерделеуі қажет деп ойлаймыз.

Соңғы уақыттарда бұл бағытта сүбелі зерттеулер мен мақалалардың, салмақты әрі салиқалы ой айтатын  ғылыми еңбектердің жарияланып жатуы – көңіл қуантарлық жағдай. Со­лардың бірі – Әбсаттар қажы Дер­бісәлінің «Қазақстан мешіттері мен медреселері – рухани шамшырақтар (ІХ-ХХ ғ.ғ.)» (Алматы, «Аруна» 2009) деп аталатын еңбегі. Осы кітапта Қазақстан жерінде революцияға дейін шәкірттер тәрбиелеп оқытқан 2000-ға жуық медресе мен мешіт болғаны жайында жазылады.

Біз білетінде Сыр өңірінде де ХVІІ-ХХ ғасырлар аралығында өмір сүрген, шәкірттер тәрбиелеп оқытқан 100-ге тарта мешіт пен медресе болған. Солардың негізгілері Өзкент мешіті, Айтбай  мешіті 1878 жылы, Ақтас мешіті 1884 жылы, Қазалы мешіті 1888 жылы бой көтерген. Бабай ишан мешіті 1892 жылы салынған, Қожаназар мешіті, Мырзабай ахун мешіті, Қазалыдағы Ноғай мешіті, Әзілхан ишан мешіті, Сайғондыдағы Тілеулес мешіті, Бөгендегі Тәжімбет мешіті, Ақкөлдегі Алтай мешіті, Иманқұл мешіті, Бәлдік мешіті, Оқшы ата мешіті, Базар қожа мешіті, Қырық мешіт, Алдашбай ахун мешіті, Қызылтамдағы Алтынқожа мешіті, Оразай ишан мешіті, Ахмет ишан мешіті, Жармұхаммед ишан мешіті, Қалқай ишан мешіті, Қарамолда мешіті, Қожан қожа мешіті, Құлболды ишан мешіті, Қалжан ахун мешіті, Мақтұм Сейіт бабаның 20-ға жуық ишан болған ұрпақтарының мешіттері болған. Сонымен қатар, Марал ишан­ның «Қарабөгет», «Байбол»,  «Ишан ауылы», «Қырғы», «Қолаңтөбе», «Қыш», «Қамыр төбе» мешіттері, Жа­ңа­­­қорғандағы Махмұт ишан мешіті, Қаналы мешіті, Кеңтоғайдағы  Базар­ұлы Жүсіп қажының мешіті, Сайып­назар ахун мешіті, Ораз-Мұхаммед ахун мешіті, Алтайбек ахун мешіті, Бәймен ахун мешіті, Сейітпенбет әулие, Мүсірәлі әулие, Қармақшы әулие, Тапал ахун мешіті, Мақсұт ишан мешіті, Ақ­мырза ишан мешіті, Сүлеймен ишан мешіті, Садық ахун мешіті, Қызыл­ордадағы Ақмешіт мешіті, Алдаберген ишан мешіті, Басапа ишан мешіті, Дәу­летназар ахун мешіті секілді иман­дылық үйлері болған.

Біз бұл жерде қазір орындары ғана қалған Х-ХVІІ ғасырларда жоғарыда аталғандардың алдында болған мешіт­терді атап отырғанымыз жоқ.

Бұлардан шығатын қорытынды: Кеңес дәуіріне  дейін еліміз аумағында 2000-ның үстінде мешіт, медресе болса, оларда жергілікті халық өкіл­дері тіл сындырса, сауат ашса не ауыл молдасынан алған сауатын әрі қарай білім алумен жалғастырса, Кеңес үкіметіне дейінгі қазақтардың 2-ақ проценті сауатты болған деген деректің жалғандығы өз-өзінен дәлелденбей ме? Басқаны былай қойғанда, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтардың бі­раз бөлігінің хат танығаны, сауатты болғаны жөніндегі деректерді Сыр елінің өмірінен де көптеп табуға болар еді.  Біздің қолымызда араб харпімен, төте жазумен жазылған, жастардың бір-біріне сүйіспеншілік сезімдерін білдіретін хаттарының үлгілері бар. Бұндай Құсни хаттар жазу дәстүрі бүкіл қазақ елінде болғанына С.Торай­ғыровтың «Қамар сұлу», Б.Май­линнің «Шұғаның белгісі» шы­ғармаларындағы мысалдар дәлел бола алады. Қазақ әдебиетінде жазба айтыс дәстүрінің Сыр сүлейлері шығар­машы­лығында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында пайда болғанын қайда қоямыз?! Сауаттылықтың, білім­діліктің деңгейі көркем әдебиетте дәстүрлі мазмұнды түр – жанр қалып­тас­тыруға дейін көтеріліп жатса, бұрын қазақтар сауатсыз болған делінетін әдейі, саясатпен бұрмаланып айтылған деректің жалғандығы өз-өзінен дәлел­денбей ме?!

Жоғарыда айтқанымыздай мешіт, медреселерде ұстаздық еткен Орта Азия, Түркия, Ауғанстан, Мысыр, Үнді, т.б. елдерде оқыған, жоғары дәрежедегі білім алған ишандар мен ахундар – қоғамдағы діни-ағартушылық ағымның өкілдері болды.

Діни ағартушылық ағымның бүкіл Шығыста, Орта Азия елдерінде түгел орнағаны, оның осындай терең тарихы барлығы қазақ халқының кешегі, бүгінгі өмірінде үлкен маңызға ие. Шынтуайтына келгенде, Қазан төң­ке­рісіне дейін рулық-патриархалдық, феодалдық қоғамды басынан өткерген қазақ елінің алғашқы уақытта больше­вик­тік жүйеге, Кеңестік саясатқа мойын­сынбаушылығының бірден-бір себебі де қоғамда берік орнаған мұ­сылман дінінің қағидаттарының, осыған негізделген діни-ағартушылық ағымның әсер-ықпалында жатыр. Бүкіл қазақ елін түгел жайлаған ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық көтерілістердің басына дінбасылардың келуі кездейсоқтық емес, әрине. Сыр өңірінің мысалымен айтқанның өзінде Марал ишан, Ақмырза ишан бастаған көтерілістерді айтсақ жетіп жатыр.

Тарихымыздың ақтаңдақ беттерін парақтағанда ата-бабамыздың қаны төгілген, өздері шейіт болған, ұлт-азаттық көтерілістерімізді қалай айт­­паймыз. Осы көтерілістердің ба­сында батырлармен бірге, діни-ағар­ту­шыларымыздың жүргенін мойын­дасақ, олардың әрқайсысының өмірін, атқарған қызметін анықтап, оларды ұлықтауымыз тарихқа жасаған әділетті қадам болатыны талассыз ғой..

Ел тәуелсіздігі төңірегінде ойлаға­нымызда да қазақ қоғамындағы діни-ағартушылық ілімнен, ой-санадан аттап кете алмасымыз анық. Қазақ елінің Қазан төңкерісіне дейінгі тарихында білім беру саласында ғана емес, қоғам­дық, ұлттық ой-сананың барлық сала­ларында жетекшілік роль атқарған діни-ағартушылық ілім­нің бүгінгі еркіндіктің бізге оңай кел­мегенін дәлел­деуге келгендегі мән-маңы­зын әлі де болса толық айта алмай келеміз.

Сыр елі руханиятының қалып­тасуында Сыр сүлейлері шығар­машы­лығынан кейін осы діни-ағартушылық ой-сана, оның өкілдері – ахундар мен ишан­дардың ағартушылық қызметі тұрады.

Рухы мықты ел ғана мәңгілік ел болуға ұмтылады. Рух мықты болу үшін ұлттың руханият дүниесі кең де кемел болуы тиіс.

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<