Сырға толы Сыр бойына сапарлар

1032

0

«Сыр – Aлaштың aнaсы» деген Елбaсы сөзі бүгінде сырбойылықтардың ғана емес, дүйім елдің аузындағы сөз маржанына айналғаны белгілі.  Қызылорда жайлы әңгіме қозғала қалса, ең алдымен осы тіркестің тілге оралатыны да сондықтан. Тәуелсіздік алғалы бері қалтқысыз қамқорлыққа бөленген өңір жұртшылығы берекелі тіршілік тінін жалғап, алдыңғы қатардағы аймақтардың сапына енді. Елбасының Сыр еліне келген әр жұмыс сапары өз ерекшелігімен есте қалды. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ.

Тәуелсіздік тарихына көз салсақ,  алғашқы жылдардағы жағдай тым ауыр еді. Тұңғыш Президенттің жұмыс үстелінде экологиялық апат аймағына айналған Қызылорда облысының тағдырына қатысты тарихи құжат жатты. Бірақ Елбасы сақтардың ордасы, бертін келе оғыз-қыпшақ бірлестіктерінің орталығы, Алтын Орда мен Ақ Орда хандарының туын тіккен қасиетті топырақтың, 1925 жылы Қазақ Республикасының алғашқы астанасы болып, ұлтымыздың тарихи қазақ атауы қайтарылған қасиетті жердің мәртебесін сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Осылайша 1992 жылы 30 маусымда «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң күшіне енді. Бүгінде бұл заң Арал маңы халқының әлеуметтік мәселелерін жақсартуға айтарлықтай үлес қосып келеді.

1993 жылдың 26 наурызында Қызылорда қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының тарихи саммиті өтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен Арал мәселесін көтеріп, әлем назарын аударды. Сөйтіп жер бетінен жоғалғалы тұрған теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалу туралы шешім қабылданды.

Елбасының Қызылорда облысына, оның ішінде аралдықтарға деген қамқорлығы мұнымен шектелген жоқ. Мәселен, 2005 жылғы кезекті жұмыс сапарында Арал ауданына арнайы келіп, көптеген түйткілді мәселелер оң шешімін тапты. Соның бірі – талай жылдан бері халықтың мұңына айналған таза ауызсу. Нұрсұлтан Әбішұлы осы сапарында таза ауызсу желісін іске қосты. Арал халқы бүгінде оның рахатын көріп отыр. Сонымен қатар, облыс аумағынан өтіп жатқан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралінің игілігі аудан орталықтарына да жетті.

Елбасының 2011 жылғы өңірге жасаған кезекті жұмыс сапары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзит дәлізі жобасының барысымен танысудан басталғаны әлі есте. Қазір бұл автодәлізді тәуелсіздігіміздің Сыр еліне тарту еткен ірі сыйларының бірі деп мақтанышпен айта аламыз. Осы сапарда сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Сырдария ауданының Н.Ілиясов атындағы ауылында болып, «Нағи ауылында сексен жылда істелмеген шаруа атқарылыпты» деп ризалық білдірген еді. Бұл, әрине, ауылға қаржы құйып, ел жағдайын көтерген «Абзал и К» серіктестігінің серпінді еңбегі болатын. Кейін  «Nur Otan» партиясының кезекті съезінде Елбасы «Тәуелсіздік жылдарынан бері еске алатын болсақ, барлық жағдайымызды Қызылорда өңірімен-ақ салыстырып білуге болады. Кеңес одағы күйреген 90-жылдардың басында менің алдымда бүткіл Қызылорда халқын көшіру турасында мәселе тұрған болатын. Дала қаңырап қалды, жер сортаңданды. Арал аймағында жұмыс қалмай, Сырдың өзінде бірде су тапшы болса, енді бірде асып-тасып жатты. Сонда ақсақалдармен ақылдасып, бәрін қолға алып, жағдай жасауды бастадық. Кіші Аралға халық қайта келіп, балық кәсібіне ден қоя бастады. Қызылорда арқылы өтетін автокөлік желісі салынды. Газ құбыры да батыстан оңтүстікке келді. Сырдың үстінен көпір салынды. Қызылорданың өзі де көркейіп, әлемнің 20 елінде ғана жүрекке жасалатын операция осында жасалатын болды» деді.

Нұрсұлтан Әбішұлы 2013, 2015 және 2017 жылы да  Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген. Әр сапары жаңалыққа, жақсылыққа толы болды. Мәселен, 2017 жылғы кезекті сапарында Ұлт көшбасшысы алдымен жер кіндігі болған Байқоңырға табан тіреді. Сапардың ғарыш кешенінен басталуы жайдан-жай емес. Ғарыш қақпасының ел бірлігінің ерен үлгісі екенін айта кеткен абзал. Мұнда  Тұңғыш Президент Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысын барлап, «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Әлем көз тіккен ғарыш кешенін өнеркәсіп пен жоғары технологияға бағыттаған орталық ретінде дамыту, жаңа зымыран кешенін салу екі ел үшін де ерекше жоба екенін айтып өтті.

– Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлестіруде. Нақты шаралар қабылданып жатыр. Осылайша қаланы өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту көзделіп отыр. Ал «Бәйтерек» жобасына келетін болсақ, оны іске асыруды жеделдету және жаңа зымыранды іске қосу мерзімі 2025 жылдан 2022 жылға дейін ауысты. Біз Ресеймен бірлесіп ғарыштық державаға айналуымыз керек, – деді сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Байқоңырдан кейін Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне келді. Қорқыт бабамыздың құрметіне қойылған ескерткіш 1980 жылы бой көтерген еді. Ал 2014 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасы бойынша мемориалдық кешен қайта жаңғыртылып, оның жанынан қосымша зиярат ету орталығы салынды. Мәдени кешен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан. Бұл туристер ағымының, әсіресе «EXPО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде шетелдік қонақтар қатарының артуына ықпал жасады. Сонымен қатар Тұңғыш Президент Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қала жобасымен танысты. Сырдарияның арғы беті мен бергі бетін байланыстыратын жаңа көпірде құрылысшылармен жүздесті. Сонымен бірге «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылар да Елбасымен жүздесуге облыс аудандарынан арнайы келді. Сол кезде 2 сыныпта оқитын аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев.

– Мен болашақта ұшқыш болғым келеді. Әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші балаларды самолетпен қыдыртқым келеді. Әсіресе, Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды, – деп балалық арманын айтқаны әлі есімізде.
Тәуелсіз елдің азат ойлы өренінің асқақ арманын тыңдаған Елбасы кішкентай аттасының басынан сипап, ата-анасымен бірге бас қалаға қыдырып қайтуға шақырды. Балғын Нұрсұлтанның арманын назарға алған облыс басшылығы оның әсем елордаға сапарлап қайтуына қолғабыс көрсетті.
Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр елі тұрғындарының болашаққа ұмтылысына, іргелі істерді жүзеге асырудағы әр бастамасына  Елбасы үзбей қолдау көрсетті. Соның арқасында халықтың табысы артты, тұрмысы жақсарды, ең бастысы, ертеңге деген сенімі нығайды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<