«Құтадғу білікті» ел басқаруда қолданған билеушілер кімдер?

1152

0

«Құтадғу білікті» ел басқаруда қолданған билеушілер кімдер? «Құтадғу білік» қазақ оқырманына дидактикалық мазмұндағы шығарма ретінде жақсы таныс. Кеңес тұсында жазылған зерттеулерде ондағы адамгершілік, ізгілік идеялары кеңінен қарастырылды. Алайда, кейінгі зерттеулерде оның ел билеу ісіне қатысты да мықты саяси концепция екені там-тұмдап айтыла бастады.

Шындығында, «Құтадғу білік» – мәңгілік ел болудың жолын көрсететін және оны басқару туралы баяндалған көркем шығарма. Онда оқырманын әртүрлі күйге бөлейтін оқиғалы, қызықты сюжет өрбіп отырады да, арасында мемлекеттің заңдары баяндалады. Енді мына қызықты қараңыз, Стамбұлды жаулап алған әйгілі Фатих Сұлтан Мехмет пен Мысырда билік құрған Мәмлүктердің қолында да осы кітап болған екен. Олардың бұл кітапты оқығандығына үлкен бір айғақ:  кітап мұқабасына немесе кейбір парақтарына өздерінің есімдерін жазып, мөрін басып қалдырған. Мысалы, ХІV ғасырда «Құтадғу білікті» оқыған мәмлүк билеушілерінің бірі өзінің «қазақтан» шыққанын кітаптың бір емес, жеті парағына да жазған екен. Бұл құнды деректі біреу білсе, біреу білмес.

Жә, оған қайта айналып соғармыз, әуелі «Құтадғу біліктің» жазылу тарихына тоқталып, мәселені әріден бастасақ. Негізгі ойымызды кеңірек тарқату үшін түрік ғалымы Р.Р.Арат пен еуропа түркологы Г.Вамберидің еңбектерін негізге алып отырмыз. Сонымен «Құтадғу біліктің» алғы сөзіне жүгінсек, Жүсіп әйгілі еңбегін Баласағұн қаласында жүріп бастап, Қашқар шаһарында аяқтаған екен. Бас аяғы бір жарым жылда жазып бітіріп, оны сол кездегі Қарахан мемлекетінің билеушісі Бұғра ханға тарту етеді. Ханның бұл кітапты ерекше бағалағаны сондай, Жүсіпті өзінің бас уәзірі етіп сайлап, оған «Хас хажып» деген лауазым береді. Жалпы жұртқа аян қысқаша мәлімет осы.

«Құтадғу білікпен» өз заманында әлемнің көптеген билеушілері танысқан. Бұл кітап мемлекет басқару мен бейбіт қоғам құрудың мықты концепциясы ғана емес, мемлекет қызметкерлерінің жата жастанып оқитын рухани қазынасы болғанға ұқсайды. Сол себепті шығар, әрбір ел оған өздерінше атау берген. Мәселен, Шын елі «Әдәбул Мүлік» яғни, «Билеушілердің әдеп-қағидалары» деп атаса, Машын билеушілері «Айинул мемлекет», яғни «Мемлекеттің дәстүрі» дейді. Ал, иран билеушілері арасында ол «Пәнднәма-ли мүлік» яғни «Падишаларға насихат» деген атпен тарайды. Осының өзі-ақ кітаптың өз заманындағы құнын айғақтайды деп білемін.

Содан, кітап елден елге, қолдан қолға тарап, әсіресе ел билеушілері оқитын құнды мұраға айналды. Сол кезде қанша дана көшірмесі жасалғаны бір Аллаға мәлім. Ең бастысы, қазірге дейін «Құтадғу біліктің» кітап күйінде үш қолжазбасы жетіп отыр. Олар Вена, Каир және Ферғана қалаларында сақтаулы. Сонымен қатар, Анкара мен көне Сарайшық қалаларынан кейбір бәйіттері жазылған екі ескерткіш табылған.

Аталмыш үш кітапты қолға алған кезімде оған оны оқығандар тарапынан (кітап беттеріне) жазылған мәліметтер еріксіз назарымды аудартты. Айталық, Венадан табылған қолжазбада «Құтадғу білік кітабы сегіз жүз қырық үште, қой жылында Мұхаррам айының төртінде Гератта аяқталды» деген сөз бар. Ол 1439 жылдың 17-маусымымен сәйкес келеді. Оны Хасан Қара Сағил деген кісі көшірген. Кейін бұл кітап Османлының Тоқат деген қаласына жеткізілген. Тағы бір бетінде «сегіз жүз жетпіс тоғызда жылан жылы бұл Құтадғу білік кітабын Әбдіразақ Шейх-Зада Бақшы үшін Фенариұлы Қазы Әли Стамбұлдан хат жіберіп, Тоқаттан әкелдірді. Мүбәрак болсын, бақ-дәулет әкелсін және қиындық кетсін» деп жазылған. Ең маңызды деректің бірі осы. Түркия ғалымы Р.Р.Арат мұндағы «Әбдіразақ Шейх-Заданың» Стамбұлды жаулап алушы Фатих Сұлтан Мехмет заманында билікте қызмет еткен жоғары лауазымды кісі екенін жазады. Енді оның есіміне жалғанған «Бақшы» сөзіне келер болсақ, ол түркі халықтарында «жырау» деген мағынада қолданылғаны белгілі. Бұл сөз қарақалпақ тілінде әлі де бар. Жыраулардың ханның кеңесшісі болғанын ескерсек, Әбдіразақтың билік адамы екені ап-айқын көрініп тұр емес пе?!

Кітапқа қатысты тағы бір тарихи сәтті еске түсіретін мәлімет: ол кітап беттерінде Фатих Сұлтан Мехметтің ұстазы Хайретдиннің атының аталуы. Демек, «Құтадғу біліктен» әйгілі сұлтанның да хабары болған деуге негіз бар. Бұларды қолжазбадағы мәліметтердің бір парасы деңіз. Өйткені, келесі деректер қазақ қоғамы үшін тіпті құнды десек болады.

«Құтадғу біліктің» Мысырдан табылған қолжазбасында Мәмлүк билеушілерінің аттары және олардың бірінің қазақтан шыққаны тайға басқан таңбадай анық көрініс тапқан. Мәселен, сол кітаптың мұқабасында үлкен әріппен «әл-эмириетил эже Хиетил кәбириетил иззиетил иззеддин Айдемірүд дауадарун Насри» деп жазылған. Бұл тұста біз тағы да Р.Р.Араттың зерттеуіне жүгінеміз. Оның айтуынша, Иззетдин Айдемірдің (1293-1341) шыққан тегі мәмлүктерден. Ол әуелі билік ісінде хатшылық (дауадарлық) лауазымға дейін көтеріліпті. Содан соң Алеппо мен Триполи қалаларында әкімнің орынбасары қызметін атқарып, кейін Мысырда Бас қолбасшы болады. Яғни, осындай жоғары лауазымды кісі кітаптың мұқабасына өз есімін қалдыруды ұмытпапты.

Бізді таң қалдырған келесі дерек, онда қазақ атауының кездесуі. Мысырлық нұсқада жеті мәрте «Илбұға әл-қасаки-л черкеси» деген сөз араб қарпімен жазылған. Түрік ғалымы Р.Р Арат та өзінің ғылыми еңбегінде араб графикасындағы бұл жазуға тоқталып, оны «İlbuğa el-Hasaki’l-Çerkesi» деп латын әрпімен береді.

«Елбұға» – қазақы есім. «Құтадғу білік» кітабы қолына тиген Елбұға өзінің есімін «қазақ» сөзімен байланыстыра отырып жазғанын мұқабадан өз бетімше оқып тұрып бұл деректі назардан тыс қалдырғым келмеді. Мысырлық нұсқаның бастан-аяқ әр парағында басылған Елбұғаның мөрін сіздерге сурет арқылы көрсетіп отырмын. Енді осы тұста Елбұға кім деген сұрақ тууы заңды. Ол 1347-1361 жылдар арасында билік жүргізген Хасан Насырдың заманында мыңбасы және мәжіліс әмірі болып қызмет еткен мәмлүктен шыққан тұлға. Кейін оның сұлтанның қорғаушысы ретінде де аты аталады.

Мысырда билік жүргізген мәмлүктер Орталық Азиядан барған қыпшақ ұлысының өкілдері әрі бүгінгі қазаққа тікелей қатысы бар екені бұған дейін сан мәрте айтылып жүр. Олардың басында Бейбарыс Сұлтанның аталатыны тарихи шындық. Демек, Ұлы далада жазылған баға жетпес рухани қазына әлемнің қай түкпіріне барса да, өз перзентінің жан азығы болған.

Кітап күйіндегі қолжазбаның үшіншісі Ферғана нұсқасының алғашқы және соңғы парақтарының жоқ болуына байланысты онда ешқандай мәлімет сақталмаған. Сол себепті, оны кімдердің оқығаны әзірге беймәлім.

Аталған үш кітаптан бөлек жекелеген бәйіттер жазылған ескерткіштер де бар екенін айтқанбыз. Солардың бірі Анкара кітапханаларының біріне тиесілі. Р.Р.Араттың айтуынша, «Құтадғу біліктің» кейбір бәйіттері жазылған ол парақта Османлы сұлтандарының есімдері бар. Сондай-ақ, Жүйнектік (Йүгнектік) Ахметтің «Хибатул Хақайық» еңбегінен де үзінділер келтіріліпті. Ал, екінші ескерткіш Алтын Орда мемлекетінің астанасы Сарайшық қаласынан табылған. 1909 жылы жүргізілген қазба жұмыстары кезінде күбінің сынықтары табылып, оны құрастырғанда сыртында «Құтадғу біліктің» бір бәйіті шығады. Шығыстанушы А.Самойлович оның Алтын Орда хандарына тікелей қатысы бар екенін айтады.

Жоғарыда келтірілген мәліметтерді саралай келе, «Құтадғу білік» ертеден мемлекет қызметкерлерінің рухани азығы, ел басқару ісінде көмекші құралы болған деуге толық негіз бар. Оның сыры неде? Оның сыры Жүсіп Баласағұн өз еңбегін жазғанда Қарахан мемлекетіне дейінгі түркі қағанаттарының ел басқару заңдылықтарын, қағандардың өсиет сөздерін негізге алуында деп ойлаймын. Енді сол хандықтардың қандай заңдылықтарға сүйенгенін бұйырса келесі мақаламызда жалғастырамыз.

Жалғасы бар…

Мақала aikyn.kz сайтынан алынды (https://aikyn.kz/2019/01/26/78424.html)

Бекарыс НҰРИМАН

PhD докторант, Қызылорда облыстық «рухани жаңғыру»

орталығы «Атамекен» бөлімінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<