Тәуелсіздік: 1997-1998 жылдар

2470

0

Тәуелсіздік тарихында 1997 жылдың да алар орны ерекше болды. Осы жылды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялаған болатын.

Жалпы 1997 жыл – егемендіктің алғашқы бесжылдығы аяқталып қана қоймай, сонымен бірге Қазақстанның жаңа сападағы алғашқы серпіліске бел буатын кезеңі. Бұның алдындағы 1996 жылы кеңес қирандысынан айтарлықтай жапа шеккен ұлттық экономика сәл-пәл қозғалыс алып, бойына қан жүгірткен, жыл соңында 0,5 пайыздық өсім білінген. Дәл осы жылы алдағы 30-40 жыл ішінде өндіруге мүмкіндік беретін еліміздегі мұнай қорының көлемі, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық бассейнінде шетелдік инвесторлар белсенділігі мұнайдан түсетін кірістің жылдан-жылға елеулі түрде өсетіні белгілі бола бастаған.

Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ, 1997 жылы «өртті сөндіру» кезеңі аяқталып, еліміздің он, жиырма және отыз жылдан кейін қандай болатынын көз алдымызға елестетерлік уақыт пайда болды. Сол кездің ресми дерегі мынаны көрсетеді: 1997 жылы Үкіметтің зейнетақы және бюджет ұйымдарына жалақы жөніндегі барлық қарызы өтелді. Республика бойынша орташа жалақы 26,8 пайызға өсті. 1997 жылдың басында елімізде 52 мыңнан астам шаруашылық кұрылымдары, оның ішінде 3960 түрлі серіктестік, 453 акционерлік қоғам, 2900 өндірістік кооператив және 44 мыңнан жоғары шаруа қожалықтары жұмыс істеді.

1997 жекешелендіруді, әсіресе энергетика және өндіру салаларында жеделдете жүргізу жылы болды. Барлығы 5641 жылжымайтын мүлік объектісі, 608 кәсіпорын акцияларының мемлекеттік пакеті жекешелендіріліп, денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет салаларының нысандары мемлекет иелігінен алынды. Жекешелендірудің сатылған және сатып алынған нысандарынан түскен қаржы сомасы 54,5 млрд теңге болды. Сөйтіп, осы жылда экономикалық оңалудың ұшқыны байқалып, елдің жағдайы түзеле бастайтыны анық сезілді.

Сыртқы саясатта Қазақстан әлемнің алпауыт елдерімен байланысты жандандырып, тығыз қарым-қатынас орнатуға барын сала білді. Ең ақыры елдің шикізаттық байлығының мол қоры анықталуы арқылы Ұлт Көшбасшысының болашақ дамуға серпін беретін ұзақмерзімді жоспары жарияланды. 1997 жылғы Президенттің халыққа жасаған тұңғыш Жолдауы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясына арналып, бұның өзі ұлтымыздың болашаққа деген сенімін нығайта түсті. «Қазақстан-2030» стратегиясы – шын мәнісінде тарихи оқиға, тарихи меже болып қалыптасты.

2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде ресми түрде жарияланды Жалпы «Қазақстан-2030» стратегиясы төрт кезеңге бөлінді: 1997-2000 жылдар – дайындық кезеңі, 2000-2010 жылдар – бірінші кезең, 2010-2020 жылдар – екінші кезең және 2020-2030 жылдар – үшінші кезең. Осы кезеңдер аяқталған кезде Қазақстан дамыған елдер санатына енуі керек. Сондай-ақ, дәл 1997 жылы ел астанасын Алматыдан Арқа төсіне  көшіру  туралы қаулы қабылданды. Қазақстанның Мемлекеттік нышандары: Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді. Бұл қазақ халқының келешек қарқынды дамуға қарай қанатын қомдаған жылдардың бірі еді.

1997 жылы өңір өмірінде де айтулы оқиғалар орын алды. Сол жылы 1 қаңтарда ҚР Президенті Жарлығымен Қызылорда арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл Қазақстандағы төртінші экономикалық аймақ еді. Оған дейін тек Лисаковск, Қостанай және Ақмола қалаларында құрылған болатын. Сондай-ақ, өңірде ауылдағы экономикалық реформаларды тереңдету нәтижесінде 212 жеке шаруашылық босағасын бекітті. 19 наурызда Қызылордада Еуропа үлгісіндегі жаңа қалааралық байланыс жүйесі іске қосылды. Стансаның ерекшелігі сол, әрбір қызылордалық әлемнің кез келген түкпірімен сөйлесе алады. Оған «ОңтүстікМұнайГаз» акционерлік қоғамы 1250 мың АҚШ долларын бөліп, демеушілік жасаған.

22 наурызда Қызылорда арнайы экономикалық аймақ басылымы «Ақмешіт ақшамы» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. 31 мамырда «Сабалаққұмда» жерленген қуғын-сүргін құрбандарына арналып ескерткіш-мемориал бой көтерді. Оның авторлары – суретшілер М.Сапарғалиев пен Е.Ыбраймов.

27 маусымда ТМД елдері арасында бірінші рет ұйымдастырылған облыс тұсаукесері болды. Оған БҰҰ мен дүниежүзілік банк өкілдері, отызға тарта шетел елшілері, көптеген беделді ұйымдардың, қорлардың басшылары, фирма жетекшілері, бизнесмендер мен кәсіпкерлер республика министрліктерінің жауапты қызметкерлері, ғалымдар, әлемнің 12 елінен бұқаралық ақпарат агенттіктерінің тілшілері қатысты.

ҚР Президенті Жарлығымен Сырдария ауданы таратылды. Кейіннен Тереңөзек ауданы Сырдария атауын алды. Қасиетті Қорқыт ата кешенін көруге түркітілдес халықтар мен мемлекеттердің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінің және Ресей Федерациясының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді.

3 қазанда Корей диаспорасының Қазақстанға қоныс аударғанына 60 жыл толуына арналған салтанат болды. Содан 60 жыл бұрын Қиыр Шығыстан келген ағайындар қазақ жерінен бақыт тапты, бауырмал халықтың қамқорлығына бөленді.  8 қазанда Республика Парламенті Сенатына депутат сайлауы өтіп, Сыр өңіріне белгілі азамат Оңалбек Сәпиев таңдаушылар сеніміне ие болды.

Әлемдік медицинаға есімі танымал академик Мұхтар Әлиев өзінің кіндік қаны тамған Жаңақорған өңірінің Кеңес ауылында Құрбан ата мешітін салдырып, аруақтарға ас берді.

18-19 қазан күндері облыстық «Алтын дән – 97» мерекесі өткізілді. Облыс диқандары 65528 гектарға күріш егіп, оның әр гектарынан 41,1 центнерден өнім жинап, 270 мың тонна сапалы дәнді қамбаға құйды. Елбасы Сыр диқандарының ерен еңбегіне ризашылық білдіріп, құттықтау жолдады. 12 қарашада Қызылорда қаласында «Қорқыт ата және Түркі әлемі» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Оған әлемнің әр түкпірінен ғалымдар қатысты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетіне 60 жыл толды. Жылдар белесінде сол кезге дейін 40 мың маман әзірлеген оқу орнында 18 ғылым докторы, 132 ғылым кандидаты, 363 оқытушы дәріс беретін. Облыс тұсаукесері Сыр елі балаларына шапағатын тигізді. Қырғыз елшісі «Ыстықкөл – 97» фестиваліне Сыр өңірінен үш өнерпаздың қатысуына қолдау көрсетті. Байқауға 14 елден келген 350 өнерпаздың ішінен Сырдың жас әншілері Айсәуле Бабатова, Нәби Аймұратов пен термеші Алмас Кішкенбаев көрермендер ықыласына бөленді.

24-29 қарашада Германияға ҚР Президенті Н.Назарбаев бастап барған делегация құрамында Қызылорда облысының әкімі Б.Сапарбаев та болған еді. Осы сапарда немістер Қазақстанға 30 миллион доллар көмек беретін болды. Оның 15 миллион доллары Арал өңіріндегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ал 5 миллион доллары қайтарымсыз берілді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасы еңсесін көтере алмай, жұмыссыздықтан бастап тұрақсыздыққа дейін үлкен қауіп төнген еді. Қаржы саясаты да тығырыққа тіреліп, кейін төл теңгеміз айналымға енгеннен кейін ғана құлдырау ауыздықтала бастады. Теңгеден кейінгі кезеңде Қазақстанның кен байлығы барланып, өз тізгініміз өз қолымызға тие бастады. Бұл кезеңді Елбасы өзінің бір сөзінде «отты өшіру кезеңі» деп бағалаған еді. Осылайша, құлдырау мен күйзеліс ауыздықталғаннан бастап халықтың рухани дүниелеріне кеңінен көңіл бөліне бастады.

1998 жыл – «Халық тұтастығы мен ұлттық тарих жылы» ретінде аталды. Тәуелсіз жаңғырудың, еркін ел болудың осы жылдарында ҚР Президенті Н.Назарбаев өз Жарлығымен тарихи танымға айрықша көңіл бөлу қажеттігіне пәрмен бергендей еді.

Расында да, сол рухани арпалыс кезеңдердің өзінде тындырылған істердің өзі бір төбе. Әсіресе, тарих танымына қатысты қыруар шаралар атқарылды. Арғы-бергі тарихи тұлғалар қайта жаңғырып, оларды ұлықтау жүзеге асты. Ұлттық тарихқа қатысты ізденістер өрістеліп, археологиялық, археографиялық, этнологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, Ғылым Академиясының сессиясы, көптеген ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Халықтың тарихи санасын тереңдетуге, жаңаша қалыптастыруға жағдайлар жасалып, мәдени ізденістерге кең жол ашылды.

Тәуелсіздіктің жетінші жылының жетістігі де жаңа мемлекет үшін ауыз толтырып айтарлықтай болатын. Ел іргесі бүтінделді, халықаралық қатынасымыз дамып, шет мемлекеттермен байланыс күшейді. Экономикалық серпіліске жан бітіп, рухани жаңғыруға да жол ашылды. 1998 жылы Бас қаламызға айналған Ақмолаға Астана аты берілді. Қазақстанның жаңа астанасын абаттандыру ісі аса қарқын алды.

Осы жылы атқарылған басты шаралардың бірі – жыл соңына таман елдегі зейнетақы реформасына тың қадамдар басталды. Бұл ретте елімізде 1998 жылға дейін қолданыста болған ынтымақтық зейнетақы жүйесін сол күйінде сақтап қалу, экономикадағы және соған сәйкес республиканың әлеуметтік саласындағы дағдарыстық құбылыстардың шиеленісуіне әкелуі мүмкін еді. Бұл ретте ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып жоспарлы түрде зейнетақымен қамтамасыз етудің жинақ жүйесіне өтуді бастады. Зейнетақы реформасын іске асырудың негізгі мақсаты, зейнетақы жарнамаларының дербестендірілген есебі арқылы, еңбек үлесінің зейнетақыға сәйкес, сай келетін қаржылық жағынан тұрақты және әділетті жүйесін қалыптастыру болды.

Сонымен қатар, 88 үміткерге ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиясы тағайындалды. Ал сол жылдың мамыр айында еліміздегі шаруашылық субъектілерінің жалақы қарызы 55 млрд теңгені құрады. Республикада 544 кәсіпорын жұмысын толық тоқтатып, 327 жартылай жұмыс кестесіне көшкен. 1998 жылы елімізге 2 млрд долларға жуық шетел инвестициясы келсе, желтоқсан айында еліміз валюталық резервтерді қолдау үшін Халықаралық валюта қорынан 154,7 млн доллар несие алды.

Қызылорда облысының рухани өмірінде де елеулі оқиғалар болды. 1998 жылы сол кездегі Үкімет басшысы Н.Ө.Балғымбаев Қызылордада болды. Шиеліде Оқшы ата мешіт-медресесі пайдалануға берілді. Қазақстанның Халық қаһарманы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы Мұхтар Әлиев облыстық ауруханада үш операция жасады. Операциялар жаңа лапароскоп құралының көмегімен жүзеге асырылды.

Халық жазушысы, академик Зейнолла Қабдолов «Сыр бойы» газетінің редакциясына келіп, кейінгі сапарын бұқарамен жүздесуге арнады. Қызылордада қазақ киносының тың туындысы «Жамбылдың жастық шағы» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Оны облыс халқына фильмнің сценарийін жазған көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, қоюшы режиссер Ұ.Қасымбеков пен басты рөлдерді орындаушылардың бірі Н.Ықтымбаев алып келді.

Шиелі кентінде қазақ халқының азаттығы жолында күрескен көсемдердің бірі Мұстафа Шоқайға ескерткіш ашылды. Кореяның Қазақстандағы елшісі өз үкіметі атынан Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қорға жылжымалы шағын лабораторияны сыйға тартты. Лаборатория судың химиялық құрамын анықтайды. Облыстық кеңес беру және диагностика орталығында компьютерлік томографтық аппаратты іске қосудың тексерістері өтті. Облыстық Н.Бекежанов музыкалық-драма театрында тұңғыш рет жыраулар байқауы өткізілді.

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы тарихи оқиғалардың түп негізінде ертеңге сенім ұғымы тұрды. Еңсе тіктеп келе жатқан еліміздің осы сындарлы шақтардан бірлігі мен ынтымағы мызғымай өткені анық.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<