Тәуелсіздік: 2003-2004 жылдар

1217

0

Тәуелсіздіктің бір белесі – 2003 жыл тарихта қандай оқиғалармен, жаңалықтармен есте қалды десек,  әр саладағы түбегейлі өзгерістер ойға оралады. Қазақстан экономикалық, саяси реформаларды сәтті жүзеге асырып, алдағы үш жыл, яғни 2003-2005 «Ауылды қолдау жылдары»  болып белгіленді.

Елдің ішкі жағдайында экономикалық өрлеу байқалды. Жалақы артып, ауылға ерекше назар аударыла бастады. Сондай-ақ мәдени мұраны түгендеуге түбегейлі бетбұрыс жасалды. Демография­ны қолдаудың белгісі ретінде бала тууына байланысты бірреттік жәрдемақылар алғаш рет беріле бастағанын айтсақ болады.

Сыртқы саясаттағы, халықаралық аренадағы жетістіктер бір төбе. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайы өтті. Бұған дейін әр бағыттағы дінбасыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің бірінен саналады. Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Тарихи аса қысқа мерзiмнiң iшiнде бiз ең шұғыл экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырдық. Бiздiң өзiмiз де өзгердiк, бiздiң пайы­мымыз да, дүниетанымымыз да өзгердi. Бiз ешкiмнiң де айрықша бiр ақыл айтуынсыз-ақ өз еңбегiмiз өз игiлiгiмiздiң кiлтiне айналатынын, ал мемлекеттiң осыған қажеттi жағдайлар туғызуға тиiс екенiн түсiне бiлдiк. Бүгiн мен берген уәдемдi орындап жатырмын деп ағымнан жарылып айта аламын. Қазақстан экономикасының өсуi бiздiң басты мұратымыз –  халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етiп жатыр. Менiң айтқаным да осы уақыт едi, мiне, сол уақыт та келдi. Бүгiн мен бiздiң ең жаңа тарихымызда әлеуметтiк шығыстарды барынша ұлғайтқанымыз жайында жариялау абыройына ие болдым, бiз бұл iстi көп ұзамай қолға аламыз, әрi оның игiлiгi әрбiр қазақстандыққа және әр отбасына тиетiн болады» деді.

«Ауыл жылдарының» жариялануын Сыр өңірі асқан қуанышпен қабылдады. Аймақтық «Ауыл» бағдарламасы қабылданып, оны жүзеге асырудың тетіктері іске қосылды. Сол кездегі облыс басшысы С.Нұрғисаев Қызылорда топырағынан түлеген білім, ғылым, саясат, мәдениет және өнер қайраткерлеріне үндеу жолдап, онда «Сыртта жүрген сіздердің атақ-даңқтарыңызды көңілге медеу қылып, тілектеріңізді тілеп жүрген ауыл өздеріңізден рухани демеу дәметеді. Сондықтан Сыр бойына келіп, туып-өскен ауылдарыңызға барып, олардың тыныс-тіршілігімен танысып, қалам қуатымен де, ой-өрнектерімен де, болып жатса материалдық жағынан да көмектесуге шақырамын» деді.

2003 жылы тұсаукесері өткен Жосалы терминалы «қара алтын» өндірудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Сол кезде мұнай көлемі тасымал қиындығына байланысты біршама төмендегендіктен, осы жобаның тез арада іске қосылуына түрткі болды.  Сондай-ақ осы жылы Сыр өңіріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы сапармен келіп, «Шапағат ЛТД» ЖШС-да, Қалжан ахун ауылында болып, агросала мамандарымен кездесті.      

«Ауыл жылдары» аясында облыста жас мамандарға арнап 1000 үй салу бастамасы көтеріліп, оның алғашқы тұрғындары қоныс тойын тойлады. Қызылордада өткен «Ғасырлар үні» республикалық жыраулар байқауына тек елімізден ғана емес, Башқұртстан мен Тувадан өнерпаздар келді. Сондай-ақ 2003 жылы Арал қаласының іргесі қаланғанына 100 жыл толып, ғасырлық мерейтой Аралдың төл перзенттері мен тілеулестерінің қатысуымен өтті. Қызылорда қаласының орталығында «Қазақтың Қалтайы» атанған Қалтай Мұхамеджановтың, «Құрыш қазақ» Зейнолла Шүкіровтің және «Білем сені, сүйем сені, Сырдың сұлу, қарт анам» деп жырлаған Әбділдә Тәжібаевтің кеңес құрып, әңгіме шертіп отырған бейнелері ескерткішке айналды.

Сондай-ақ 2003 жылы «Қараөзек» арнасының су өткізгіш тоспасы пайдалануға берілді. «Қараөзек» арнасы 1975 жылдан бастап аймақтың ауыл шаруашылығы саласына қызмет жасады. Ол кездегі жоба бойынша гидротехникалық құрылыстың су өткізу мүмкіндігі секундына 50 текше метр еді. Уақыт өткен сайын ескіріп, оны жөндеу мәселесі туындады. Қытайдың геоинженерлік корпорациясы құрылысты халықаралық стандарттарға сай етіп салды.

Ал 2003 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс жұртшылығы Қызылорда қаласы тұсынан Сырдария өзеніне салынған көпірдің ашылғанына куә болды. Бұл жаңалықты «Сыр бойы» газеті «Көптен күткен қуаныш» деп сүйіншілеп жариялапты. Расында, көпір сол кездегі «Самара-Шымкент» трассасындағы тоғыз жолдың торабына түскен маңызды стратегиялық нысан еді.    

Тәуелсіздікке бір мүшел толған 2004 жыл мемлекеттің әлеуметтік саланы оңалтуға қатысты реформаларымен ел есінде қалды. Қазақ елі әлемдік экономиканың бөлінбес бөлігіне айналып, жаһандық бәсекелестік арнасына еркін енуге ұмтылды. Елбасы 2004 жылғы 19 сәуірдегі Жолдауында «Ендiгi жерде күн тәртiбiндегi мәселе әлемдiк қоғамдастықта Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы болмақ» деп атап көрсетті.

Сол жылы Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келіп, екі ел басшылары «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды. Осы 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Қаулыға қол қойылып, халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның iшiнде осы заманғы ұлттық мәдениетiн, фольклорын, дәстүрлерi мен салттарын зерделеудiң бiртұтас жүйесiн жасау міндеті айқындалды. Елордада еліміздің басты ғимараты  –  «Ақорда» атауына ие болған Президент резиденциясының ашылу салтанаты болды. Ғимараттың жалпы ауданы 36 720 шаршы метр. Ол қазақстандық ақ мәрмәр мен малтатасты пайдаланып, озық құрылыс әдістерімен соғылған. Нұрсұлтан Әбішұлы ғимараттың ашылу салтанатында елімізді басқару елорданың жаңа орталығынан жүзеге асырылатынын атап өтті. Сонымен қатар, 2004 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонат бар.

2004 жылдың басында Сырдария өзеніндегі су тасқыны халықты әжептәуір әбігерге ұшыратты. Сол кездегі облыс басшысы «Бүгін де бізге тағы бір сын сағаты туды. Облыс халқы табиғаттың стихиялық құбылысына – су тасқыны қасіретіне душар болды» дей келіп, су қаупінің сейілмеуіне, су алып кеткен саяжайларды қалпына келтіруге байланысты «Ағайынды демеген – ынтымақтың белгісі» атты қайырымдылық акциясы басталғанын жариялады. Акцияға тұтас ел жұмылып, қаржы кұйды.

Сол жылдың сәуір айында Елбасы Сыр еліне сапармен келіп, облыс әкімі С.Нұрғисаевтың орнына И.Адырбековті тағайындады. 29 сәуірде «ҚазГермұнай» БК «Ақшабұлақ» кенішінен «Ақшабұлақ-Қызылорда» газ құбырын жүргізу басталды. Сыр елі тарихындағы айтулы оқиға – құбыр төсеу рәсімі туралы «Сыр бойында» жарияланған.

Сонымен қатар 2004 жылы Қызылорда қаласындағы бұрынғы «Бумажник» мәдениет үйіне қазақтың Ақбаяны Мәдина Ералиеваның аты берілді. Ал Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылорданың тұрғын үйлері алғаш рет «көгілдір отынға» қосылды. «Сыр бойында» жарық көрген «Міне, талайдан түсімізге енген ілеспе газдың нақты игілігін көзімізбен де көрдік. «Мерей» шағын ауданындағы №19 үйге қосылған газды тұрғындар қуанышпен қабыл алды» деген  хабар ұзақ жылдан бері айтылған мәселенің оңтайлы шешімін тапқандағы қуанышты сәтті бейнелейді. 

Үш онжылдықтың ішіндегі Тәуелсіздік бесігінде тербелген он екінші және он үшінші жылдардың ең маңызды деген оқиғалары мен жаңалықтары осылар еді.   

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<