Тәуелсіздік: 2005-2006 жылдар

743

0

2005 жылы Тәуелсіз Қазақстанның ішкі экономикалық-әлеуметтік дамуы қалыпқа түсіп, сыртқы сауда байланысы жандана бастады.

Шетелдермен сауда-саттық қана емес, саяси ықпалдастық пен ынтымақтастық мәселелерінде де көпвекторлы қазақстандық дипломатия өзінің білгірлігін танытты. Әсіресе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айқындаған жолы, ұстанған бағыты бойынша Орталық Азия елдерінің ынтымағына қатысты қадамдар ерекше жаңғырды. Өз бастамасымен дүркін-дүркін кездесулерге ұмтылған Елбасы Орталық Азия елдерінің тұтастығына, бірлігіне баса мән беріп келген болатын. Сондықтан да, Орталық Азия елдерінің одағын құру ұсынысы бірнеше мәрте көтерілді. Дегенмен, көршілес елдер тарапынан нақты нәтиже, батыл қадам болмағандықтан басталған істің баяндылығы байқалмады. Бірақ дәл осы мәселенің уақытылы әрі өзекті болғанын көптеген саясаткерлер мойындап та жүр.

 Өткен ғасырдың ортасынан бастап жаһан жұртын Арал экологиясы алаңдатты. Көз алдымызда аңқасы кепкен теңіз барша адамзатқа алапат қиындық алып келді. Десек те, бұл тығырықтан шығатын жол ретінде Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу және Сырдария арнасын реттеу жобасы ұсынылды.

Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еселі еңбегін айрықша айтып кеткеніміз абзал. Бұған байланысты мемлекет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 86 млн АҚШ долларын бөлді. Жобаның алғашқы кезеңінде теңізді бөліп тұратын 14 шақырым «Көкарал» бөгеті бой көтеріп, «Ақлақ» су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, «Қараөзек», «Әйтек» тоспалары қайта жаңғыртылды. Кіші Арал суы бұрынғы жағалауына жетіп, теңіз акваториясы бес есеге ұлғайды. Мұндай игілікті істер Сыр өңірінің климаттық жағдайына оң әсер етті. Бұрынғы жылдары жиі айтылып жүрген теңіздің тұздылығы төмендеді.  Кіші Арал айдынына балықтың 20-дан астам түрі қайта оралды. Қазір онда ауқымды көлемде балық ауланады. Аймақта 8 балық зауыты жұмыс істейді. Сала өнімдерінің тең жартысына жуығы Еуропа және ТМД елдеріне экспортталып отыр.

Жергілікті жұртшылық Үлкен Арал мен Солтүстік Арал теңізін бөліп тұрған «Көкарал» бөгетіне үлкен үмітпен қараған еді. Бұл жоба 2005 жылы Кіші Арал теңізінің су деңгейін сақтап қалу мақсатында қолға алынған. Нәтижесінде бөгет бұрынғы «Көкарал» түбегі мен «Берг» бұғазы аралығында бой көтерді. Бұл әлем жұртшылығы үшін де жағымды жаңалықтың біріне айналды.

2005 жылы 2 маусымда  Байқоңырдың  50 жылдығы аталып өтті. Бұл орын адамзат тарихында тұңғыш рет алып ғарыш кемесі көкке көтерілген арнайы аймақ ретінде ерекшеленді. Сыр өңірінің Қармақшы ауданы аумағында орналасқан ғарыш айлағының іргесі 1955 жылы қаланған. Мамандардың Байқоңырды таңдап алу себебі бар. Ол елді мекендерден қашықта қоныс тепкен. Оған қоса ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық нысандар үшін қолайлы қону аймақтары бар.

Тарихқа көз салсақ, 1957 жылдың 4 қазанында «Байқоңыр» ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Сол арқылы әлемде алғаш рет Жердің жасанды серігі көкке самғады. Ал, 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Гагарин ғарыш кемесімен аспан әлеміне бет түзеді.

2005 жылы елорда көптеген жаһандық саяси шаралардың орталығы болды. Бас қалада Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлері Кеңесінің отырысы өтті. Аталған шара аясында Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерін қабылдады. Президентпен кездесуде Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстаннан министрлер болды.

Сол жылдың 9 маусымында Н.Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты кітабының тұсаукесері жасалды. Елбасы: «Жиырмасыншы ғасырдың табалдырығын аттай, еліміздің ұлттық мүддесін ескере отырып, тарихымызда тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстанымыздың елордасы қай жерде орналасатындығы туралы шешім қабылдадық, оның саяси және ұрпақтар үшін өнегелік мәні зор. Бұл таңдау арқылы салынған Астана еркін және тәуелсіз болған егеменді елдің ерік-жігерін сипаттай алды» деді.

Сол кезеңдегі саяси маңызды оқиғаның бірі – Президент сайлауы. Бұл маңызды шарада Нұрсұлтан Назарбаев 91,01 процент дауыс жинап, айқын басымдықпен халық сеніміне ие болды.

2006 жылдың қаңтарында мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Шәмші Қалдаяқовтың 1950-жылдары шығарған «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Президент Н.Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады.

Егемендік жылдарында Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Алғашқысына 1992 жылы байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР Әнұранының музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Әнұранының музыка авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

11 қаңтарда Ақорда резиденциясында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми түрде қызметіне кірісуіне арналған салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Қазақстан Президентін ұлықтау рәсіміне қатысу үшін елордаға әлемнің 70-тен аса елінен өкілдер келді.

2006 жылғы 28 қаңтарда Елбасы «Самұрық» Ұлттық холдингтік компаниясы» акционерлік қоғамын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Президент холдинг басшылығы алдына корпоративтік басқаруды жақсарту арқылы ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігін арттыру міндетін қойған еді.

Еліміздің Ұлттық Банкі 2006 жылы айналымға жаңа дизайнды 200 теңгеден 10000 теңгеге дейінгі банкноттарды шығарды. Аталған  банкноттардың келбетіне өзгерістер енгізді. Онда қорғаныс қабілетінің жоғары болуы көзделді.

«Ақлақ» тоспасы Кіші Арал теңізін толтыру мақсатында 2006 жылы іске қосылды. Тоспаға баратын жолдың ұзындығы 19,5 шақырымды құраса, ені 12, биіктігі 5,5 метрді шамалады. Қазіргі таңда су тоспасы Сырдария өзенінен келіп жатқан суды «Ақлақ» су тоспасына дейінгі орналасқан көлдерге, шабындықтарға, каналдар арқылы жіберу үшін пайдаланылуда.

2006 жылы облыс тұрғындары 618 249 адамға жетті. Өңір халқы 30-35 жылдың ішінде 127 мыңнан астам адамға көбейген. Қазір облыс тұрғындары 800 мыңнан асады.

Сол жылы «Петро Қазақстан» компаниясы Қытай Мұнай университетімен мамандар даярлау және жұмысшы персоналының біліктілігін арттыру саласында ынтымақтастық орнатты. Бұл достық қатынас айтарлықтай жемісті болды. Жыл сайын «ПетроҚазақстан» бағдарламасының он стипендиаты университет қабырғасында білім алса, компанияның мыңға жуық жұмыскері біліктілік арттыру курстарынан өтті. Басым бөлігі Бейжің қаласындағы Қытай Мұнай университетінде оқыды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<