Тәуелсіздік: 2009-2010 жылдар

857

0

2009 жылы әлемдік дағдарыс жағдайына қарамастан, Қазақстан жан-жақты даму саясаты бойынша алға жылжыды. Республикада Ислам банкинг жүйесін енгізуге бағытталған заң жобалары қабылданып, тиімді қаржы құралдарын қолдануға шарттар жасалды.

Қазақстан екі онжылдық бойы халықаралық аренада сенімге тұрарлық мемлекет құрып келе жатқандығымен сипатталды. Мем­лекет ең күрделі әлемдік дағ­дарыстың экономикаға кері әсерін тигізіп отыр­ған қиын жағдайында батыл шараларды қолға алып, іске асырды. Шағын және орта бизнесті қолдау күшейе бас­тады. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін нығайту және барлау қызметін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылды. Денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жүйелендіруге, оны халықаралық норма мен стан­дарттарға үйлестіруге, ұлттың медициналық мәртебесін, аза­маттарға сапалы медициналық көмек және медициналық қыз­мет көрсету деңгейін арттыру мақ­сатында оңды бастамалар жүзеге асырылды. Мемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жетілдіруге, оның пайда болуына байланысты жауапкершілікті күшейту және алдын алу шаралары маңызды мәселе болды.

Елбасы Н.Назарбаев Астанада ҚР Тұңғыш Президентінің физика-математика бағытындағы бі­рін­ші интеллектуалдық мектебін ашты. Өңірлерде де 20 білім ошағы ашылатынын хабарлады. «Бұл 20 интеллектуалдық мектептен түлеп ұшқан жастар болашақта Қазақ­станның одан әрі өсіп-өркендеуіне, біліміне, ғылымына, саясатына ел басқару ісіне қатысады» деп сенім білдірген ашылу салтанатында. 

2009 жылы облыс бюджетінің орындалуы бойынша алдыңғы қатарға шықты. Тиімді, жүйелі жүргізілген салық саясаты аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берген. Мемлекеттік бюджет кірісін Қызылорда облысы 106,7 процентке орындаған.

Осы жылы аймақта пайдалануға берілген тұрғын үйлердің аумағы 21,5% өсті. «Сырдария» шағын ауданынан 50, 40, 30 пәтерлі көпқабатты үйлер бой көтере бастады. Жаңа мешіт пайдалануға берілді. Ол «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешіті деп аталды.

Аймақта табиғи газ өндіру көлемі артты. Қаланы газдандыру қарқын алды. Жылу-электр орталығындағы бу қазандықтары мен турбогенераторлар газға көшті. «ҚазТрансГаз» акционер­лік қоғамы мен облыс әкімдігі арасында келісім-шартқа қол қойылып, 1000 текше метр газдың бағасы 5613 теңгеден 3595 теңгеге дейін арзандаған.

Экономиканың құбылып, жұмыссыздықтың өсуі инфля­ция­ны, яғни, бағаны тежегенімен, екінші теріс құбылыс − дефля­цияны туғызды. Бұл Қазақстан сияқты негізгі экспорты шикі­затқа тәуелді елдерге әсер етті.  Елбасы тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыра бастады. «Қиын күндері біздің халқымыз қашанда біріге білген, соның арқасында жеңіске жете білген» деді Президент.

Халық санағы басталды. Аймақта 3166 санақ қызметкері іріктеліп алынған. Олар науқан кезінде халықтан сауалнама алу үшін әр пәтерге барып, мәліметтер жинақтап, қа­ғазға түсірді. ҚР Тұңғыш Пре­зиденті Ұлттық халық сана­­ғының басталуына орай Үн­деу жариялады. «Тәуелсіздік ал­ғалы алғаш рет өткізіліп отыр. Еліміздің өсіп-өркендеуі мақ­сатында, болашақты болжап, стратегиялық бағытын тағы да айқындай түсуі үшін, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту, мемлекеттің нығаюы баршамыз үшін ең маңызды» деді Президент. 

Аймақтың мәдени өмірінде де елеулі өзгерістер орын алды. Облыстың 70 жылдығы, қаланың 190 жылдығы аталып өтілді. Дәл осы жылы облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жанынан Қазақстанның ең­бек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетованың жетекшілігімен облыстық балалар студиясы құрылды. Сыр бойының төлтума өнерін, ұлттық фольклорын насихаттау мақсатында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансам­блі құрылды. Ә.Тәжібаев атын­дағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы 400 мың дана кітап қорын сақтауға арналған типтік жобада салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыстық кітапханада болып, зиялы қауыммен және жастармен кездесті.

2010 жыл да тарих бетінде маңызды оқиғаларымен сақ­таулы тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Президентінің ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядро­лық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады.  Дәл осы жылы Қазақстан Еуропаның Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етіп, желтоқсан айында елімізде саммит өтті.

Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов «2010 жылы ұқсас жобаларды Қызылорда облысының суармалы жерлері мен Қазақстан аумағының шөлейттенген жер­лерінде іске асыру жоспарлануда» деп жариялады.

Бұл жылы мәдениет саласында Сыр өңірінде алғаш рет жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі бекітілді. Ата басылым «Сыр бойы» газеті 80 жасқа толды. «Сыр бойы газеті» 80 жылдық бедерлі белесіне барынша кемелденген шағында келіп отыр. Сыр бойы халқының қоғамдық өмірінің барша қызметінен шегендеп сыр шертеді. 70 жылдан астам тарихы бар облыстың шежіресі іспеттес» деді облыс әкімі құттықтауында.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<