Тәуелсіздік: 2015-2016 жылдар

764

0

Ендігі кезек 2015-2016 жылдардың еншісінде. Қазақстан мен Сыр өңірінде осы жылдары қандай айтулы оқиғалар болды? Тоқталайық.

Алдымен 2015 жылдың төңірегін еске алсақ. Осы жыл басында Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығының ашылуына арналған салтанатты рәсім өтті. Бұл шара Сыр өңірін де қамтыды. Осы орайда біздің аймақта мәдени-қоғамдық өмірде өзіндік орны бар 11 ұлттық-мәдени орталық жұмыс істейтінін айтуымыз керек. Олардың негізгі мақсаты – салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, өнер мен мәдениетті қалыптастыра отырып, бірге дамыту.

2015 жылдың басты жаңалығы – 25 ақпанда Елбасы Н.Назарбаев «ҚР Президентін кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Сайлау сол жылдың 26 сәуіріне белгіленді. Оған дейін 12 наурызда «Nur Otan» партиясының ХVІ съезі өтті. Президенттікке үш үміткер болды. Нәтижесінде Н.Назарбаев сайлаушылардың 97,7 процент дауысына қол жеткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жеткені белгілі.

2015 жылдың және бір ерекшелігі – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кеңінен аталып өтті. Нұр-Сұлтанда (сол кезгі атауы – Астана) мерейтойға арналған әскери парад ел есінде ерекше қалды десек болады.

Жер кіндігі – «Байқоңырдың» біздің өлкеде екенін ескерсек, дәл осы жылы қазақтың үшінші ұлы ғарышқа ұшыпты. Айдын Айымбетов халықаралық экипаж құрамында ғарыш стансасына аттанды. Аспан әлеміне бортинженер ретінде сапар шеккен Айдын Арал теңізі суын, Каспий теңізінің мұнай өндірісі кезіндегі бүліну деңгейін зерттеп қайтты.

Ал енді облысқа оралсақ. 2014 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталып, облысты газдандыруға бағытталған кең көлемді жұмыстар басталған еді. Нәтижесінде, облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында жасалған меморандум шеңберінде 2015 жылы төрт аудан орталығы – Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттерінде газдандыру жұмыстары аяқталды. Мұнда 130 мыңнан астам адам тұрады.

45 әлеуметтік нысан құрылысы жүргізіліп, 460 мың шаршы метр болатын 4227 пәтер салынды. 17 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, Байқоңыр қаласындағы 6 мектеп Қазақстан қарамағына қайтарылды. Басты дақыл – күріштен мол өнім жиналды. Нәтижесінде 423 мың тонна күріш қамбаға құйылды. Облыста жетімдер үйі жойылды. «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылы ашылды. Қарт Қаратаудың етегінде тұңғыш рет Малшылар слеті қайта жаңғырды.  Сондай-ақ ат спортын дамыту мақсатында озық үлгідегі қалалық ипподром ашылды.

2016 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толды.  Арнайы декларация қабылданып, Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен аталған мерекеге орай Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» атты фестивалі өтті.

Сыр елі басты мерекеден қалыс қалмады. Көптеген іс-шаралар қамтылды. Тәуелсіздік құрдастарының аға буынмен кездесуі, «Біз – Ұлы Даланың ұрпағымыз!» атты жастар флешмобы өтті. Қазақ күресінен халықаралық турнир, облыстық олимпиадалар, «25 игі іс» тұрмысы төмен халықты әлеуметтік қолдау бойынша акциялар өткізілді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Сыр топырағында алғаш рет осы мерекеге орай халықаралық ақындар айтысы болғанын баса айтуымыз керек. Тәуелсіздікке тарту ретінде  «Тәуелсіздік» даңғылы пайдалануға берілді.

Осы жылдың наурыз айында Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Бұл Қазақстан тарихындағы жетінші парламенттік сайлау еді.

Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан қатысты. Төртжылдықтың басты додасында ел намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады. Жерлесіміз Александр Зайчиков ауыр атлетикадан қола жүлдегер атанды.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қызылорда облысына аз табыс әкелмеді. Диқандар ел қамбасын толтырды, теңіз төскейіндегі балықшы ағайын несібесін арттырды. Өңірде мал саны өсті. Мысалы, САРАТС-1 жобасын жүзеге асыру нәтижесінде балық аулау 65 процентке көбейген. 2016 жылы облыс бойынша ауланған балық көлемі – 7883 тонна.

Сыр диқандары мұның алдындағы жылдары да рекордтық көрсеткішге қол жеткізген еді. 2016 жылы күріштің әр гектарынан 54,9 центнер өнім алынып, 440 мың тоннаға жуық дән жиналды. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнім сапасын арттыруға жергілікті бюджеттен 2 млрд 709 млн теңге бөлініп, 520 шаруашылық мемлекеттік қолдауға ие болды.

Дәл осы жылы Қызылорда қаласында 80 үй құрылысы жүрді. Барлық қаржы көздерінен 543,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 16,1 процентке артық. 1864 отбасы жаңа баспанада қоныс тойын тойлады. Осы жылы облыс орталығындағы 980 гектар алаңда «Бәйтерек» шағын ауданы құрылды.

Сол жағалауда бой көтерген жаңа қалаға апаратын үлкен көпір пайдалануға берілді. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар толықты. Арал, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласының елді мекендерінде 11 дәрігерлік амбулатория салынса, қала орталығынан 200 төсектік облыстық балалар ауруханасы өз жұмысын бастады.

Тағы бір айтар жайт, 2016 жылдың қорытындысымен 260 ауылдың 194-і (75%) немесе облыс халқының 95 проценті ауызсумен қамтылған.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<