Тәуелсіздік: 2017-2018 жылдар

1005

0

2017 жылы елімізде 28-қысқы Универсиада, expo-2017 халықаралық көрмесі, Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті сынды ірі шаралар өтті.

Бұл жылы Сыр өңірі дамудың оң динамикасына қол жеткізді. Кейбір салалардың көрсеткіштері республика бойынша көш басында тұрды. Өңірде апатты үйлер мен мектептер мәселесі толық шешімін тапты.

Одан бөлек, Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланың алғашқы нысандарының құрылысы басталды. Атап айтқанда, 18 көпқабатты тұрғын үй, 320 орындық балабақша және «Болашақ» университетінің студенттер қалашығының іргетасы қаланды.  Сондай-ақ, Байқоңыр қаласын газдандыру жұмыстары басталып, Қызылорда қаласы маңындағы Белкөл кентіне «көгілдір отын» берілді.

Сыр диқандары рекордтық өнім жинап, ел қамбасына 500 мың тоннадан астам күріш құйылды. Осы жылы қараша айында «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумы аясында Иран Ислам Республикасына Қызылорда облысынан күріш жеткізу туралы келісімге қол қойылды.  Сыр өңірінен алғашқы ет өнімдері Иран мен БАӘ-ге экспортталды. Ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 42 %, оның ішінде күріш экспорты 45%  өсті.

Білім саласындағы жетістіктер де айтарлықтай. Мәселен, Ресей Федерациясының техникалық ЖОО-дарымен серіктестік орнатудың нәтижесінде 452 қызылордалық түлек Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында білім алды.  Қызылорда облысы – өз түлектерін Ресей Федерациясы Үкіметінің гранттары есебінен оқытқан бірден-бір өңір.

Ресей Федерациясының Челябинск қаласында Ресей және Қазақстан басшыларының қатысуымен өткен ХІV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында облыс үшін өте маңызды мәселе шешімін тапты. Соның нәтижесінде 12 мың гектарға жуық жер Ресей Федерациясының арендасынан шығарылып, Қазақстан Республикасына шағын және орта бизнесті дамыту үшін қайтарылып берілді.

2017 жылдың басында «Астана EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру мақсатында «Ақпараттық ресурстық орталық» ашылды. Көрме шеңберінде Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде «Этно ауыл» жобасы ұйымдастырылды.  Оған 13 мың турист  пен қонақ келген.

«Сыр бойы» газетінің 2018 жылғы тігіндісін парақтағанда осыдан үш жыл бұрынғы облыстағы елеулі оқиғалар көз алдымызға тізбектеле кетті. Бұл уақытта да құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет және басқа салаларда ауыз толтырып айтарлықтай игі істер баршылық. Қызылорда қаласының 200 жылдығы әсерлі сәттерімен сырбойылықтардың есінде қалыпты.

Сырдарияның сол жағалауында құрылыс қызу жүргізіле бастады. Астанаға қарап бой түзеп жатқан жаңа қаланың алғашқы нысаны, яғни «Рухани жаңғыру» орталығының ғимараты қазан айында салтанатты түрде ашылды. Бұл ғимарат 1925 жылы бұған дейін «қырғыз» атанып келген ұлтымызға «Қазақ» атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған.

Өзеннің сол жағалауындағы жаңа қалада бірінші шағын аудан бой көтерді. Мұнда 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы салынды. Осы жылы сол жағалауға  тұрғындар қоныстана бастады.

2018 жыл Сыр өңірінде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» ретінде жарияланған болатын. Облыстағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесінің маңыздылығын есепке ала отырып, мерзімі 3 жылға дейін ұзартылды. Жүйелі жұмыстың нәтижесі жақсы және оң бағаға ие болды. Қызылорда облысы шағын және орта бизнес субъектілерінің өсуі бойынша республикада көшбасшы болды. ЕХРО Конгресс-орталығында өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын табыстады.

Тәуелсіз Қазақстанның, соның ішінде Сыр өңірінің мәртебесін көтерген елеулі оқиғаның бірі – 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешімінің қабылдануы. Бұл Қорқыт ата мұраларын халықаралық дәрежеде насихаттауға, маңызды жиындар мен тың зерттеулердің жасалуына жол ашты.

Қызылорда қаласына көрік беріп тұрған ғимараттардың бірі – «Aray sity mall» ойын-сауық сауда орталығы қызылордалықтарға есігін айқара ашты. Орталық белгілі брендтер мен сауда нүктелерінің басын біріктірді. Алып ғимараттың алаңы 30 мың шаршы метрді құрайды. Орталықта алғаш болып «Magnum» супермаркеті жұмысын бастады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<