«Талайды тамсандырған жырау едім…»

682

0

Сылаңдап аққан Сырдың бойы – небір саңлақтарды тудырып, бесігіне бөлеп, тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Осы өлең өлкесінде туып, түлеген өнер тарланы Тұрымбет Салқынбайұлының туғанына биыл 155 жыл толып отыр.

Тұрымбет жыраудың басқа замандастарынан ерекшелігі сөз құнарын жаңа заманғы үрдістермен байытуынан байқалады. Ақын шығармаларында діни түсініктер мен ескі ұғымдардан ада терең қазақы дүниетанымдық өлшемдер кеңінен қолданылған. Әсіресе өлеңдерінен сол кезеңмен үндестікті аңғаруға болады. Демек, тұтастай толғаулары публицистикалық сарынға құрылған.

Бала жырау атанған Тұрымбет Салқынбайұлы 1868 жылы Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылында дүниеге келген.

Жыраудың әкесі Салқынбай Сыр бойындағы Қарақұм өңірін жайлаған орта дәулетті кісі болған. Қарақұмда «Салқынбай құмы» деп аталатын ақ шағылды, биік жалды төбе бар. Салқынбайдан Жадыра, Тұрымбет, Қолдабек, Молдабек туады. Тұрымбет жырау бала кезінен домбыра тартып, ән айтқан, сөзге жүйрік болған. Ағасы Жадыра да – үлкен шайыр болған кісі. Бірақ, ол інісінің өнері басым екенін байқап «Бір үйден екі жырау шыққанымыз ерсі болар» деп жолын талантты інісі Тұрымбетке беріпті. 

Тұрымбет жырау ескіше оқып, ауыл молдасынан сауат ашады. Одан әрі өз бетінше ізденіп, Шығыс поэзиясының інжу-маржандарымен сусындайды. Жастайынан өлеңді табанда шығарып айтуға шебер болған. Бұған оның Балқы Базар, Дүр Оңғар, Даңмұрын сынды өнер жүйріктерінің соңынан еріп, үлкен сайыстарға қатысуы елеулі септігін тигізеді. Бертін келе бала жырау терме, толғау, т.б. ұзақ жырларды айтумен қатар, Шығыстың қисса-дастандарын мақамына келтіріп орындайды.

Бала жыраудың өнерін Сыр, Ырғыз, Нұрата өңірлеріне белгілі Төребай би Пышанұлы да жоғары бағалаған. Атақты Төребай би Дүр Оңғарды бас ақын деп оң жағына, Тұрымбетті жас ақын деп сол жағына отырғызып, екеуіне де үлкен сый-құрмет жасаған. Алмат би Тобабергенұлының бірде екі араздасқан елді бітістіріп, татуластыру мақсатында халыққа аса әйгілі Дүр Оңғар, Жиенбай, Тұрымбет жырауларды арнайы шақыртып, үшеуіне бір ұйқас, бір ырғақпен өлең айтқызып, сөз салмағын сарапқа салған. Араздасқан ел үш жыраудың сөзінен кейін ақылға келіп, бір-бірімен шұрқырасып көріседі. Сөз құдіретін, киелі өнердің қадір-қасиетін дала билері осылай бағалаған екен.

Тұрымбет жырау кезінде тек Қармақшыда емес, одан тыс Арқаның Ұлытау, Сарысу, батыстағы Ақтөбе, Ырғыз өңірлерін сондай-ақ Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстандағы қазақ ағайындарды жиі аралап жыр айтқан. Сондай сапарларда Сырдың сазын өзіндік ерекше мақаммен орындап, дарынды жырау атанған. Жырау өзінің және Сыр сүлейлерінің терме саздарын кеңінен насихаттаумен бірге, Шығыстың қисса-дастандарын да жалықпай орындайтын шеберлігімен талайды таңдай қақтырған.

«Тұрымбет бала жастан өлең-жырға әуестеніп, оларды жиын-тойда домбыраға қосып, мәпелеп айтатын болғандықтан бала жырау атанған. Содан кейін жиырма жасында-ақ, табанда суырып салып айтатын дарынды жыраудың бірі болған» дейді белгілі әдебиет жанашыры, шежіреші Әлқуат Қайнарбаев. 

Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов «Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері» толғауында:

– Кетеде Шораяқтың Омары өтті,

Өлгенше өлең-жырды жоғары етті.

Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,

Тұрымбет бес Бозғылдан бұлар да өтті, –

деп оны топжарған дүлділдердің алдыңғы қатарында атайды.

Оның көптеген өлең, толғаулары жыраулар поэзиясына тән көркемдік тәсілдер мен айшықты нақыштарға толы болған.

Қай дәуірде өмір сүрсе де ақын-жыраулар өз заманындағы қарапайым халықтың мұңын жырлап, жоғын жоқтайды. Тұрымбет жырау өзі өмір сүрген кезде халықтың басына түскен ауыртпашылықтарды отты жырлары арқылы батыл сынайды. Бұған оның «Айттым сөз серлетпекке соңғы ұлыққа», «Қоштайсың бір-біріңді қулар кілең», «Белсенді келінге», т.б. өлең-жырлары дәлел.

Жырау Жеңіс салтанатына арналып Қызылордада өткен үлкен жиынды ашу құрметіне ие болады. Ұстазының осы жиынға арнаған «Шат көңілден» атты толғауын шәкірті Молдахмет Дабылұлы орындайды.

– Мен келген Қармақшыдан қартың едім,

Қарыштап талай жерді шалқып едім.

Ізінде өлең-жырдың жүрген кезде,

Біреуден кем, біреуден артық едім, –

деп басталатын осы термесі үшін оған алты қанат ақбоз үй сыйға тартылыпты.

Бүгінде Қармақшы ауданында Тұрымбет жырау Салқынбайұлы атындағы музыка мектебі жұмыс істейді. Онда шәкірттер түрлі жанрлар бойынша білім алуда. Осы білім ордасында жыраудың ұрпағы Жарқынбек Тұрымбетов терме, толғау айтып, ата жолын лайықты жалғастырып келеді. Бұл атадан балаға мирас болған өнер құндылығының дәріпті жалғасы еді.

Ол көз жұмар алдында Бозарқаштағы өз үйінің шаңырағына қарап жатып, іні-қарындастарына, туыстарына «Қарақтарым-ау, мына үйдің ішінде өлең өріп жүр ғой, теріп алсаңдаршы» деп соңғы аманатын айтып үлгеріпті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<